(Новелла)Былайғы кезде ондай әдеті жоқ еді, акушердің «2-3 күнде босанасыз, қобалжымаңыз, бәрі...
жұлдыз молдағалиева. құрметті өлгендер!
Өткен ғасырда Америкада ғаламат ақын өмір сүрген. Есім-сойы - эдвард эстлин каммингс. каммингс өзінің поэтикалық шығармаларында форма, пунктуация, синтаксис және емле бойынша радикалды эксперименттер жүргізді. Оның тіпті өлеңдерінде бас әріптер қолданылмады, Тек өлеңдерінде ғана емес есімін де кіші әріппен жазды. Ең қызығы, каммингстің өлеңдеріндегі жолдар, сөз тіркестері және тіпті жеке сөздер жиі күтпеген жерлерде үзіліп қалды және бұл үшін өзін кінәлі санамады, бұрыс деп те білмеді. Оның көптеген туындыларын тек көру арқылы түсінуге болады, бірақ құлақпен емес. жұлдыздың өлеңдерін көзіміз шалған сәтте ойымызға каммингс сап ете қалды. олардың тіпті өлеңдері де ұқсас. Олай болса, "Мәдениет порталы" қазақ ақыны, жұлдыз молдағалиеваның бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!
***
бұл - біздің жанымыз алданыш етіп жүрген жалғыз алматы.
ал анау - сіздің армандарыңыз тәрізді көрінген алатау.
қазақ қоғамында отбасыны асырап отырған - көп ана...
арзандап кеткен сезімдер...
қымбаттап кеткен бағалар...
және газет бетінде ғана жүзеге асып жатқан жобалар...
мысалы,
маған телефоныңыздағы сөйлескіңіз келетін нөмірдің иесі туралы айтуыңызға болады.
...кешіріңіз,
сізді бірге жылауға шақырсам бола ма?!
...бах.
месса си минор.
мынау сізге ұнайтын ән ырғақ.
«алпыс екі қан тамырыңмен қабылдап.
көз жасыңды көлдетіп ал да бір жыми
себебі біреу
еркіндікті сүйеді сенің жаның да.
еркіндікке мүмкін емес қой табынбау!»
...ұйықтауға 10 минут уақыт қалғанда
бір ой мазаламай ма, мысалы:
сіз қашаннан барсыз тобырда?!
сіз қашан шығасыз тобырдан...
өкініш пен сағыныштың арасы неге тұрады алшақ?!
есіңізде ме
бозбалаға бойжеткен боп ұнаған шақ?!
есіңізде ме
бойжеткенге бозбала боп ұнаған шақ?!
...сіз алматы қаласында тұрасыз?
есіңізде ме еңсе езіліп құлаған сәт?
жасалды күнә қанша?!!
біз осының бәрін ойлап егілдік, біраз егілдік -
адамға сол ғой керегі
адамға сол ғой керегі...
...мені жұбату үшін әрдайым шақыруыңызға болады, адам!
...келесі жылағанша!
келесі жылағанша!
***
мен сүт қосылған шай ішіп отырамын.
мысалы,
өмірменен өлімнің ортасында.
далада қар.
тұман.
аяз. бұрқасындар...
... сен де мендей өзіңнен қашасың ба?!
сен де мендей өзіңнен қорқасың ба?!
(көшедегі
әркім боп табынғаны,
қайыршы отыр.
жаралы жарым жаны...)
...мен де сендей өмірді сүре алмадым,
мен де сендей ешкімді сағынбадым...
өткен қыс та
көңілді жаз етпеді...
(сәл мұңайып алыңыз,
наз-өкпелім!)
... екеуміз де күрсіндік...
екеуміз де...
қазақстанды сүйеміз
газеттегі...
жеңіс болып
жүргенің жай ғана аман...
күн аппақ па?
түн жарық?
ай қара ма?!
...сағыныштың музейі қай көшеде?!
махаббаттың моласы қай қалада...
мен жалғыздық қосылған кофе ішіп отырамын.
мысалы,
іші күңгірт кеңсенің бұрышында.
жамау жүрек.
тарылған тынысым бар...
... өмір жайлы ештеңе айтпаңдаршы!
және
жалғыз болуға тырысыңдар...
***
күндер бар
қорек түспеген асқазаныңа
ас батпайтын да... (түк ішпей.)
...тұрғың келмейтін төсектен...
бәрін де құдай біліп отыр ғой.
(жаңылыспайды ол есептен)
...біздің өлкеде екі ұстаным:
1. талантсыздарға табыну.
2. ажырасқандарды өсектеу...
сендік ойлар да тапталды
бүгін.
мендік ойлар да
тапталды...
(ардың құны ма?!)
ақпанда жауған
қадірі қайсы ақ қардың...
қылмысың - бәрі...
(айна алдындағы)
ар сотын айтшы...
ар сотын...
...өзіңе не деп ақталдың?!
(өзіме не деп ақталдым...)
кеңсе мен жатақ.
дүкен арасы - өтеді
солай әр күнің...
(тағдырдың заңын
құртқың келеді.
жыртқың келеді
жарлығын.)
кейде сен осы
шаршамайсың ба
жалықпайсың ба сөз етіп
ештеңелердің барлығын?!
ұмтыласың ба
көктегі айға
ұмтыласың ба от, шамға...
бөлісіңдерші әлемнен
титтей,
титтей мейірім тапсаңдар!!!
...біздің өлкеде...
жөнелтілмеген
жып-жылы хабарламалар,
және ешқашан терілмейтін
телефондағы
көөөп сандар...
күндер бар
қорек түспеген асқазаныңа
ас батпайтын да... (түк ішпей)
...тұрғым келмейді төсектен...
бәрін де құдай білетін шығар
(жаңылыспайтын есептен...)
...біздің өлкеде екі ұстаным:
1. таланттыларды түсінбеу.
2. ажырасқандарды өсектеу.
***
құрметті өлгендер!
сендердің
мейірімі жоқ
күні түнге
түні түнекке айналып кеткен
осы бір сұрықсыз әлемді енді көрмейтіндерің -
қандай бақ!
қариясынан қасиет кеткен аймақтан
шай үстінде де ақша туралы айтатын кездесулерден
тек өтініш айту үшін ғана шалынатын қоңыраулардан
сендерді сақтап қалған ғой...
(құдай да адам таңдайды,ә?!)
біздің жақтарда
ауа райы да қолайсыз.
қар аралас жаңбыр бар...
жұлдыз да жиі жанбайды...
(сәл бақытты болуыңа болады...
құмарың тіптен қанбай қап...)
біздің жақтарда
ешкімді сағынып көрмеген жүрек көп...
ең жылы сөздерді айтып көрмеген таңдай да...
...және сценарийі қызықсыз жазылған маңдай бар...
біздің жақтарда
адамдар да
жануарлар да қорғансыз...
періштелер от ішінде қалып кете береді...
...және көктен қаншама ұшақ құлады...
(сұмдықтың барлығын көруге болады,
сұмдықтың барлығын естуге болады,
айтуға болмайды тек қана!
...келе ме жылағың?!)
біздің жақтарда
шеңберден шығуға болмайды,
сол күйбең тірліктің болуға тиіссің құрбаны
(екіжүзді пікірлес досың бар...
табанмен таптағың келетін дүние көп...
...аттауға қорқады ол бір адым...)
...құрметті өлгендер!
біз сендерді ұмытпаймыз
оқылып дұғасы
бағыштап құранын...
шама жеткенше ұлықтаймыз.
...ал біздің жақта...
адамның құны әрі кетсе
алты жүз теңге тұрады...
құрметті өлгендер!
тіршілік деп жүргеніміздің
мәні жоқ бірдеңе екенін айта алсаңдар ғой
бізге кеп...
(күнделігіне күрсініс жазып қыз отыр,
сендердей ол да
өмірдің мәнін іздемек...)
...бәрін де қойшы
менің жай ғана өмір жазғым келеді...
айта ала ма көктем ән,
жаза ала ма жаз жара,
бере ала ма күз көмек?!
***
ертең махаббаттың жаназасын шығарамыз...
ертең күн суық болады...
автобус іші...
трамвайдың... мекеменің де...
жаураймын ба екен?
мұздап қап... жөтелемін бе...
ыстық шайды ұрттап ап, отырамын ба
бозбалаға бір кезгі еркелегім кеп...
ол да мені сағынып жүретін шығар...
қайтеді көргісі келсе...
хат жазар мүмкін?!
қоңырау шала ма екен?
қаңғырып жүрген тағдырым
қалаға бөтен...
мен уақытты өтеді деп ойлаған жоқпын.
мен бақытты мәәәңгі деп санаған екем...
шарасыздық па төзімді сынай беретін...
ең мұңлы ән қосулы.
ең мұңлы адам шырқап тұр оны да бәлкім...
- көзіңіздегі от сөніп қалыпты...
- жылаған жоқпын...
(жыладың ба деп ол тіпті сұраған жоқ-ты...)
мен нені жасырғым келеді өзімнен?!
бір адам жерді қимайды...
аңсап жүр бір адам көкті...
құдай жөнінде ойларым қырық құбылып...
сәттерден неге естелік қалмай барады?
біреудің сенімін ақтағым келеді...
біреуге сенгім де...
мен ауыр ойларды...
қатені... күнәні... кінәні...
көтеріп жүремін...
мені де көтеріп жүреді жер күнде...
мен осы ғаламға
өзімді тануға келдім бе?
өзімді табуға келдім бе...
күз өтіп кеткендей. қыс та ертең өтеді....
о, тағы алданыш етеміз біз нені?!
о, тағы қаламыз келетін күндерге
үүүп-үлкен арманды мақсат қып...
көшкен бұлт. көшкен мұң. көшкен ел.
өзінен қорқатын өзімнен сескенем...
бәрі де баяғыдай
баяғыдай көрпенің астында көзіңнің жасына булығып жатасың...
өмірдің заңы екенін барлығы
құдайдың жарлығы екенін барлығы
шамаң жоқ ескерер..
шамам жоқ ескерер...
(мысалы, жұмыстан кеш келем...)
күз өтті ештеңе өзгертпей.
өтеді дәл солай қыс та осы.
жаздан да жоқ қайран...
күтпеймін сондықтан көктемнен ештеңе...