Махаббат үшiн бiр екен ессiз, естiң де, Шын ғашықтарда болмайды екен ес мүлде.Дәл мендей сенi с...
Майкл Джексонның арманы
Кешегі Арыс апаты да қару-жарақ бар жерде тек бейбіт халық зардап шегетінін дәлелдеді. Көрдік. Әсіресе, күнәсіз балақайларға қиын. Өнері арқылы соғыс пен зұлымдыққа қарсы болған, өнері арқылы бейбітшілік пен тыныштық үшін күрескен балалардың жанашыры, әлемге әйгілі поп-музыка королі Майкл Джексон тура он жыл бұрын, яғни 2009 жылдың 25 маусымында 50 жасында бұл дүниеден озған еді. Оны қайталанбас құбылыс деуге болар. Дүние жүзі мойындаған дара дарын иесінің өмірі секілді өлімі де дауға ұласады. Соның кесірінен мәйіті 70 күннен кейін жер қойнауына тапсырылады. Мен өткен дауларға тоқталмаймын, оның ұлы арманы жайлы толғаймын.
Майкл өмірінің соңына дейін өзінің ішкі жан дүниесінде мәңгі бейкүнә бала бейнесін сақтап қалды. Және балаларды өте жақсы көрді. Керемет әке де болды. Кезінде болмаған балалық шағын өзіне қайтарғысы келді. Өзге балаларға да балалық шақ сыйлағысы келді. Қуанышты, бақытты, махаббатты бөліскісі келді. Олармен бірге ойнады, тойлады. "Нені ұнатсаң соның азабын тартасың" дегендей, талай қиындыққа да тап болды. Жара мен жаладан арылмады. Бірақ мойымады. Оның балаларға жасаған жақсылықтарын тізіп айту мүмкін емес. Ол бар болғаны ән мен би арқылы арманын жүзеге асырушы ғана. Арманы - әлемді өзгерту болатын. Атақ пен даңқ үшін ғұмыр кешкен жоқ. Тазалықты сүйе білді. Ең бастысы өзінің ғажайып әлемін жасай білді. Питер Пэн сияқты бола білді. Арманы орындалды деп ойлаймын.
"Есейген" шығында, яғни өмірінің соңында Хақты таныды. Алланы тапты. Өзін Мәкәйіл деп атады. Бұл - періштенің аты. Бірақ исламға бет бұрғаны туралы мәлімдеме жасамады. Жасырын күйінде қалды. Сайтан ойлы біреулер, әлде сайқал билік сол әрекетінен қорыққан болар, көп ұзамай "жұмбақ" жағдайда көз жұмды. Сол жылы Лондон қаласында өтуі тиіс соңғы концерттік турын жоспарлап қойған еді. Өз-өзін өлтіруі мүмкін емес. Өйткені оның арманы әлі де көп болатын.
Оны көпшілік әнші, биші, филантроп деп таниды. Ал ақын екенін біле бермейді. 1992 жылы шығарған "Арманмен билеу" атты кітабына жиырма шақты өлеңі енген. Қаншама марапатқа ие болса да, қаншама рекорд орнатса да, миллиондардың жүрегін жауласа да, ол өзін өмір бойы жалғыз сезінді. Сол жалғыздық жазуға алып келді. Сондағы бір жырын аударған едім.
Оқып көріңіз.
БЕЙКҮНӘ БАЛАҚАЙ
Ей, бейкүнә балақай, сол күндерді сағындым,
Қатар ойнап өсіп ем, қоштасуға бағындым.
Сен кеткенде өмірдің сахнасынан әйгілі,
Босап қалды көшелер - қатыгез һәм қайғылы.
Ей, бейкүнә балақай, қайта оралшы тезірек,
Ашық-жарқын күлкіңсіз әрең жүрмін мезі боп.
Мына дүние өзіңмен беттеседі тағы да,
Ырғақ берші биіңмен бойымдағы қаныма.
Ей, бейкүнә балақай, сұлулығың, сымбатың
Мені арбайды алыстан шақырғандай жұмбақ үн.
Көк аспанда бірге ұшып, биік самғап кетеміз,
Таудан асып, махаббат мекеніне жетеміз.
Ей, бейкүнә балақай, хабаршысы шаттықтың,
Жүрегімді тербеттің нұрын төгіп бақ-құттың.
Менің жаным маздап тұр, алаулатып таңдарым,
Бұл әлемді өзгерту - ең керемет арманым.
Асылбек Жаңбырбай