Жәркен Бөдешұлы. Бостандықтың басы (поэма)

ӘДЕБИЕТ
5786

Шабыттың көптен бері оты жанбай,
Жүр едім көркем сөзге отыға алмай. 
Жүргенде көркем сөзге отыға алмай, 
Өртеліп көлге айналған Отырардай.

Рухы Мағжанның аян берді:
«Бойыңда жаның болса аянба енді».
Шын ақын алмағайып осы тұста,
Өлеңнен Алатаудай қояр белгі.

Десең де бұл заманның ақыны арық.
Сыртыңнан жүрген жоқсың бақыланып.
Қаймықпай қайығың сал иірімге,
Өзені бостандықтың жатыр ағып.

Иірімдер,
Көгілдір иірімдер,
Сен маған ойдың көкжал үйірін бер.
Өлеңім теңіз болып үйірілгенде,
Бүлкілдеп жатсын туған бүйірімде ел.

Иірімдер,
Көгілдір иірімдер,
Көгілдір толқынды үйіріңдер.
Көгілдір сәуле үйіріліп көкірегіне,
Бір басып алсын мынау күйігін жер.

Тәуекел, 
Жырға бұрдым бетімді бұл.
Тартпа енді етегімнен жетім ғұмыр
Арқасы қозып кетер аруақ десе,
Ақын да көзсіз батыр секілді бір

1.

...Жолға шықты Ол.
Еместі зеріккеннен,
Қашанда намысым бір бөрікті ермен. 
«Ұлтыңның жоғалтқанын тауып кел» деп,
Еркін ел бөрісіне ерік берген.

Жамылып Азияның шар аспанын,
Бетке алып зеңгір-зеңгір Манас тауын,
Сол бөрі жортуылдап бара жатыр, 
Тілеймін, аусай басып, адаспауын.

Тілеймін, 
Тілегендей құдайдан бақ, 
Тілеймін,
Күйкі тірлік былай қалмақ.
Көкжалдың шоқтай жанған жанарында.
Дүние бір айналмай шыр айналмақ.
Тілеймін,
Дуалы ауыз абыз болып, 
Тілеймін,
Маңдайыма тамыз қонып,
Алаштың бар мен жоғын түгендейтін,
Бұл жорық – Қайталанбас нағыз жорық.
Тілеймін,
Бер, сәттілік,
Бер, несібе.
Жаратқаннан сен де тіле!
Бұл жорық тарихқа жыр боп еніп,
Қалтырар өз соқпағын жер бетіне. 
Кәусарын Ана жерге тегін беріп,
Көкектің күркірейді көгінде бұлт.
Заулайды жылдамдықты бітеу жұтып,
Терліксіз,
Тебінгісіз,
Темір көлік...

Жауынмен жусан бөртіп, 
Тал қабынып.
Жапалақ жабысады жарға бұып.
Жауқазын қар астынан мойнын созып,
Бейтаныс жолаушыға қалды аңырып.

Ниеті сүттен аппақ,
Судан жаңа,
Бөрідей азулы боп туған дара,
Бішкек пен Алматының ортасында,
Келеді ойға шомып Думан бала:
«Еске алу өткен істі салтта бар-ды,
Әнеки, Аңырақай артта қалды.
Сол тауда ата жауын аңыратқан,
Қалайша ұмытайын мәрт бабамды...

Сырымды көрінгенге түсіндірмен,
Басар ем, түсіндірсем, мысыңды мен, 
«Жаралған ет-сүйектен мен де адаммын».
Қанатты құс емеспін ұшып жүрген. 

Қанатты құс емеспін ұшып-қонған,
Маңдайға әжім ерте түсіп болған.
Демек, мен азаматпын, пендемін де,
Тағдырдың талқысында пісіп-толған.

Бай да емен,
Кедей де емен кемсеңдеген, 
Шүкірлік,
Қу емеспін ел сенбеген.
Бар менде қоңыр тірлік, 
Қоңыр мінез.
Елімнің жоғын тауып берсем деп ем.

Шындықтың үңілгенде келбетіне,
Сөзімді іркіп қалам мен несіне.
Құндылық Һәм құнсыздық деген ұғым,
Кедей деп, бай деп жұртты бөлді екіге.

Банкирдің іші дыт-дыт,
Сырты майлы, 
Аяғы сүрінсе де, 
Сылтымайды.
Доллардың ыстығы күрт көтерілсе,
Теңгенің сай сүйегі сықырлайды...

Балалар базарға сап қу асықты,
Атызға қауын еккен жуа шықты.
Асауды қазақ қалай жуасытса
Қазақты – Нарық солай жетелеп жүр.

Болғасын Нарық – Базар,
Базар – Нарық.
Ымыртта ораласың азан барып,
Ұлардай шу-шу еткен саудагер жұрт,
Жүйкеңді тоздырады мазаңды алып.

Мойында, мойындама, 
Нарық күшті.
Көзіңе елестетер алып құсты.
Заманның шеңгелі екен бұл жайытың, 
Құрсағын семіздің де жарып түсті.

Шарасын шалқар көлдің сортаң жапты,
Құтырған тұз борасын қолқам қапты.
Әлжуаз, аяғы ұзын, қолы қысқа – 
Басы жоқ бостандықтан қорқам қатты. 

Құдай-ау, бостандықтың басы қайда,
Жігерім оны айтқанда тасымай ма.
Таулар да таңырқасып ойланып тұр,
Биіктен домалатып тасын ойға...

.........................................................................

...Қазаққа, қырғызға да тасы мұра,
Қордайдың келіп қаппын асуына.
Жарықтық, ұқсайды екен, ұқсайды екен –
Құлжаның шіге түскен асығына.

Асудың кіндігінде тұман қалың,
Қарашы жолдың сонша бұрандауын 
Дариға, кім түсінер осы жолдай,
Менің де көңілімде күмән барын...

2.

Ылғалын топыраққа тегін беріп,
Көкектің күркірейді көгінде бұлт.
Күн бата Елші үйіне кілт бұрылды,
Екпінін баяулатқан темір көлік.

...Сол бала Елшіліктің үйінде отыр.
Қойырқай, бәз-баяғы күйінде отыр.
– Датым бар, айтар сізге Елші ағасы,
Қазаққа, қырғызға да тиімді өкіл.

Тоспады құжат сұрап көршім жолдан,
Ел-елде жақсы екен ғой Елшің болған. 
Жақсы екен ғой,
жақсы екен, 
жақсы екен ғой,
Елшіңе еркін кіріп, еркін қонған.

Білесіз, ерікті елде,
Ерікті ұлмын.
Келмейді желең сөзбен желіктіргім,
Ақынның ақ батасын алайын деп,
Алдыңа, Мұхтар аға, келіп тұрмын.

Тұлпардың тұқымы едім тағасы нән,
Жол көрсем,
Дүрмек көрсем аласұрам.
Хан Кене сар сүйегін іздеп келдім,
Қырғыздың тауларының арасынан.

Алдынан тау шыққандай асқаралы,
Елшінің күрт өзгерді қас-қабағы.
– Бауырым, біздің халық, біздің дала,
Көрді ғой, небір сұмдық, масқараны.

Алдырған қанжарменен «қарын шашын»,
Бәрекелді,
Ей менің «барымташым».
Аруағы желеп-жебеп атамыздың,
«Құлым!» деп Құдай сені жарылқасын.

Тау күйі,
Бізге мәлім дала күйі, 
Алғайсың оны есіңе, бала, жиі.
«Ұялап сары шіркей самайыңа»,
Балалар қолтығыңа қара бүйі.

Інішек, бұл сөзіме қайран қалма,
Олжасын тегін берер майдан бар ма?!
Тағасы тұлпарыңның тозып түсер,
Тасына қара жолдың қайралғанда.

Дей көрме жүре берем көсе болып,
Жел ойнар сақалыңмен өсе беріп.
Алуан ой,
Алуан қиял,
Алуан соқпақ,
Кигізер бір басыңа неше бөрік.

Демеңіз жолаушыға бәрі дайын,
Жарық күн, 
Күңгірт тартар жарық айың.
Торығу,
Күмән,
Күдік,
бұлттай қаптап,
Сарғайтар санаңды да сары уайым.

Таулардың шатқалында қасқыр ұлып,
Ұшырар үрейіңді тасқын ұрып.
Құлағың шың-шың етер, жүрек шаншып,
Кетердей екі көзің тас жұмылып.

Жоқ іздеу сондай қиын,
Сондай қиын.
Ашиды ашудастай ойдан миың.
Жоқ іздеп, сен жүргенде айлап-жылдап.
Сағынып бала-шағаң,
Сорлайды үйің.

Іздеу қиын,
Онан да табу қиын
Бұл жолдың нар көтерер ауыр күйін.
Бас құсап домалайды қара қаңбақ,
Ұйытқыса орай, борай дауыл, құйын.

Қаламдас, соның бәрін сен көресің,
Олжаңды құрбыңмен тең бөлесің.
Тасындай диірменнің шыр айналып, 
Тарих дөңгелесе, денгелесін.

Қойнауы миуалы толған баққа,
Мұнартты Кекілік тау оң қол жақта.
Елші ақын екі иығын қомдай берді,
Қағылез қара бала қонғанда атқа.

3.

Қарасаң етегіне басынан кеп,
Баурайы ағынды су, жасыл өрнек.
Тау көрдім Кекілік деп аталатын,
Өргізетін кекілігі тасынан көп.

Таулардың сөйлегені – жаңғырғаны,
Тау тілін түсіне ме жанның бәрі.
Үңілсең сора-сора тас бетіне,
Білінер жаңбыр-дағы,
Қанның дағы...

Сөйлеші,
Сөйлеші тау, күңіреніп,
Қалғандай батыр Манас бүгін өліп.
Сөйлеші,
Сөйлеші тау,
Тау сөйлеші,
Шертілген шежіреңе жүгінелік.

Тау ғана таудай сырды айта алады,
(Сөзімді жартас құптап, қайталады)
– Хан Кене елімаенен қоштасқан жер,
Әнеки, анау жалпақ сай табаны.

Қас қыран тау жайлаған қонды сорға,
Сор емес, жаңылысып қонды торға.
Сай сала, бұта-бүрген қарауытып,
Шыққан күн тұтылғандай болды сонда.

Іркілді долы өзендер,
Оппай жарды,
Тамыры тас бұлақтың соқпай қалды.
Қызғалдақ бұршақ ұрған шоқтай сөніп,
Тек қана қыран көзі оттай жанды.

Жаңғыртып ат тұяғы тау, даланы,
Тұс-тұстан қалың жасақ қаумалады.
Түрілген жең-етегі түмен тобыр,
Көңілін бір батырға аударды.

Қып қызыл таудың дүлей өртін кешіп,
Манаптар дауырғады керкілдесіп.
«Көкжалы Сарыарқаның азу алмас,
Дізерлеп алдымызға келсін» десіп.

Келмеді.
Тапжылмады,
Хас батырың,
Алса да арқасынан таспа тіліп.
Имеді асқар ұстап алтын басын,
Бүкпеді тізесін де тас батырып...

Тапталып табанында жасыл желек,
Бас манап шолақ сайдай тасынды ерек.
«Айт, кәне, датың болса, Кенесары,
Патшаға тізең емес,
Басың керек!»

Қырғыздың қарт жырауы былай деді:
«Кешірсін жаратушы Құдай мені,
Жігіттер, бас алуға асықпаңдар,
Қазақтың маған мынау – 
Ұнайды ері.

Тарих ойға салды қарт бабамды,
Сарғайып талай заман артта қалды.
Болғанда қырғыз – айдын,
Қазақ – аққу,
Аққуды атпау ата салтта бар-ды.

Тұрса да тасып қаның,
Асып бағың,
Шырағым, асықпағын, асықпағын.
Қырғыздың қасиетті топырағына,
Бауырымның төкпеңіздер қасық қанын».

Бас манап «Оттама!» деп тебінді атын,
Амалсыз шырт түкіріп шегінді ақын.
«Айт жылдам, датың болса Кенесары,
Өмірден енді саған кебін жақын».

Туып едім кеше мен,
Кіндігі жұпар әкеден.
Жатыры алтын шешеден.
Сарбаз едім тым қатал
Ақ орданың ошағын – 
Ат үстінде қылышымен көсеген.
Секілденген селеуі,
Сарыарқа деген жер еді
Қара құмын сапырса – 
Алтынға бөгіп қалатын, қайран біздің қазақтың,
Қолдағы жез елегі.
Сарыарқа үшін саз кештім
Қазақ үшін қар кештім
Ниеті бұзық кәпірдің, қорлығына шыдамай,
Сасық қара қан кештім.
Есіней, есіней ес кірді,
Көш үстінен көш жүрді
Ақ патша өз қолымен басымды кессе жөн еді,
Құлға неге кестірді?
Хош, Сарыарқа саңлағым, 
Хош, Алашым, аңлағым
Хош, Манастың таулары,
Хош, Манастың ұрпағы
Өзің ойлан ар жағын...

Жиырылып туым көктен түсті менің,
Талайды алып соққан күштің едім.
Ей, манап, ей, халық, тыңдасаңыз
Бар еді үш арманым,
Үш тілегім,
Тұрғанда бас – иықта,
Бойда – жаным,
Боларын тап осылай ойламадым.
Қол жиып қырғыз-қазақ баласынан,
Екпіндеп Еділ-жайық бойламадым.

Таланып алтын кені, 
Қалың малы
Сарыарқам жауларынан арылмады.
Артымда ұзатылмай апам қалды,
Сақталған май секілді қарындағы.

Көңілдің айтар ақтық базынасын,
Арқаның желі тыңдап, азынасын.
Халқыма кетіп барам табыстамай,
Көмілген ақ ордамның қазынасын.

Суырып алғанымда қанжарымды,
Жайратып тастаушы едім жан-жағымды.
Қанжарымды ордама тапсырыңыз,
Сыпырып алсаңыз да мал-жанымды.

Ей менің есіл жұртым,
Есіл елім, 
Келмейді естен танып есінегім.
Тот басып қалмасыншы сол шіркінді,
Жауымның түкті басын ксіп едім.

Тағдырдың басым түсіп күш, наласы,
Асқынып бара жатыр іш жарасы.
Батырдың қолындағы өткір қанжар – 
Пақырдың мұртын басар ұстарасы...

Тапсырдым ұрпағыма ұлы ісімді
Демеңдер бұл батырдың қыры сынды.
Басымды екі шаппай, бір-ақ шапсын,
Қайраңдар жетілдіріп қылышымды.

Шоқ түсіп қапияда өзегіме,
Ажалдың тұрғандаймын кезегіне.
Бар еді алтын қасты қайың ерім,
Оны да табыстаңдар өз еліме.

Секілді жамыраған дала гүлі
Қазақтың ірге жаяр бар ауылы.
Батырдың атқа салар ер-тоқымы – 
Бесіктің ең сенімді қарауылы.

Басынып желдей ескен еркін жанды
Басымнан біреу келіп бөркімді алды.
Алса алсын, бассыз бөрік керек болса
Артымда лапылдаған өртім қалды».

Күмбірлеп ағып жатқан бұлақ-сынды,
Батырдың күрсінгені құлаққа үрді.
Маңдайын оң қолымен сүйемелеп,
Кемсеңдеп Кейуана жылап тұрды.

Жай ойнап Орта Азия аспанында,
Жарқ етті алмас қылыш қас-қағымда.
Жер қозғалып, бұрқ етті топырағы,
Қақ айырылып түскендей тас қабырға.

Маңайын үлде менен бүлдеге орап,
Кірпігін қансыраған гүлге қадап, 
Кесілген Кене ханның басындай боп, 
Құзардан батты қызыл күн домалап.

Тау солай таудай сырды айта алады,
Сөзімді жартас құптап, қайталады.
Жас қанындай батырдың шашыраған,
Үлбіреген қызғалдақ сай тағаны.

Байға да пана болмай жарлыға да,
Күңіреніп тау мен тасы қалды дала.
Қаһарлы қарақандай ханның басы,
Байланып кете барды қанжығада

Жапанды жалпағынан басып өтіп,
Толғанда қырық беске жасы жетіп,
Қапталын қайың ердің қанға бояп,
Барады бостандықтың басы кетіп...

Біреудің темір құсын жалға мініп,
Жаратқан тәңіріме жалбарынып.
Тағы да жоғымды іздеп сорлап келем,
Мазасыз ойдан басым қақ жарылып.

Жо, жо, жоқ,
«Сорым» демей, бақыт дейін,
Айтарын айта жатар уақыт кейін,
Жер түгіл, алты қабат аспанға да,
Бір түйір меңдей болып батыпты ойым. 

Ой – бақыт,
Қона қалған маңдайыңа,
Ой – шарбат,
Тамшылаған таңдайыңа
Ой деген – таптырмайтын ұшқыр күлік,
Ұшырып, қондыратын шалғайыңа.

Ой деген – бір елгезек қолқанатың,
Шығарар шырқау көкке ол қанатың.
Ой деген – сүйген жарың,
Сүйген балаң,
Сен үшін масайрайтын, қорланатын.

Ой деген – баққан малың,
Жиған мүлкің.
Ойланып арың үшін қиған күлкің.
Ой деген – ақ аралас самай шашың,
Ой деген – әдемілеп қиған мұртың.

Ой, бірақ, сыңсып тұрған орман емес,
Ой, бірақ, алдырмайтын қорған емес.
Ой деген – шыңға біткен жалғыз шынар,
Ал, шынар жапырақсыз болған емес.

Мінетін тұлпар болса, қамшы дайын,
Тұлпарсыз ашылмайды жан шырайым.
Самолет қонды, міне, Мәскеуге де,
Бұлттан сорғып түскен тамшыдайын...

О, Мәскеу,
Қоймайсың-ау, тіл қатқызбай,
Көкшіл көз,
Ақсары жүз,
Сұңғақ қыздай.
Кел бермен, мұңдасалық, сырласалық,
Көңілдің көк терегін ырғап, бұзбай. 

Сұлуға қарамайтын көзін сүзіп,
Қазақтың баласы едім сөзім сылық.
Бойжеткен, мені мүмкін түсінерсің,
Сырымды айтып тұрмын өзімсініп.

Бұл жақта сана түлеп,
Ой жаңарған, 
Қалса екен орындалып ойдағы арман.
Келіп ем хан Кененің басын іздеп,
Мұндағы музейлер мен қоймалардан.

Қарт тарих жарға талай тұйықталды,
Жүректе содан қалған күйік бар-ды.
Хандардың қанжығада басы кетіп
Орнында салбыраған сүйек қалды,
Айырылып тіл-жиек қалды.
Кесілген қу бастарды патшаға,
Арбалап, қанжығалап тиеп барды.

Салынған кілең асыл тастан өріп,
Неліктен музей біткен басқа жерік.
Біз көрдік өрттің небір сұрапылын,
Кетердей жалынынан аспан еріп.

Жоғалған басы осында қырғыздың да,
Жоғалған басы осында қазақтың да, 
Жоғалған басы осында шешеннің де,
Жоғалған басы осында тәжіктің де,
Жоғалған басы осында өзбектің де...

Жазылған заң-жосығы мүлде бөлек,
Табылар мұражайдан күнде дерек.
Теңдікке,
Еркіндікке талпынбаса,
Қу бастар болар дейсің кімге керек?!

Жымиды түсінгендей ару қала,
Қуанды жылы сөзге зәру бала.
Самсаған мұражайдың тізімі тұр,
Қаланған граниттен қабырғада.

Тырнадай қатар-қатар тізілген бас,
Маржандай су түбінен сүзілген бас.
Қылышпен желкесінен қиылған бас,
Санайсың бір сөреден жүзін жалғас.

Бір келген мұражайға талай келіп,
Санынан жаңыласың санай беріп,
Домалап көз алдында түмен бастар,
Иесіз жалбырайды талай бөрік...

Қалардай естен танып есі бар жан,
Сөзімнің солай десем, несі жалған.
Бастардың көгені екен бұл мұражай,
Қабырдан қазып алған,
Кесіп алған...
Кештері-ай,
Москваның шулы көп,
Құлаққа естілмейді су үні кеп.
Әлдене жарқылдаса селт етесің, 
Алғандай жанарыңнан суырып от.

Кештері-ай,
Москваның сауығы көп,
Құрғақ жел гуілдейді, жауыны жоқ.
Талықсып таңға жақын қалғып кетсең,
Шақырар құлағыңа тауығы кеп.

Есінеп бір бұрышта Думан отыр,
Бөрідей қос құлағы шулап отыр,
Жүдеген, 
Тымауратқан,
Қалжыраған,
Салғандай түні бойы суға көпір.

Тағыда тереңірек ойлан, бала,
Архивтің тозаңына тойған, бала.
Киелі атасының басын іздеп,
Күлкіні, ойынды да қойған бала.

Бұзылып көңілімнің күй, ырғағы,
Таптырмай іздегенің қиындады.
Кетер-ау архив шаңы жағаңдағы
Кетер ме ойдың табы миыңдағы.

***
«Қала екен,
Күндізінен түні жарық,
Шіркін-ай,
Жатар ма едім тыным алып.
Секілді менің басым аквариум
Ойларым қыбырлаған тірі балық,
Мазалайды миыма кіріп алып...

Салдырған Петр патша,
Питер қала,
Маужырап ұйықтап жатқан секілді ана.
Ақ түнмен шымқап алған тұла бойын,
Көрерсің ақ самайдың шетін ғана...

Оранып ақ сәулеге толқындары, 
Жосылып, Нева өзені жортуда әлі.
Ұқсайды үкілеген ақ ботаға,
Ақ бұйра өркеш-өркеш солқым жалы.

Көлеңке көрінбейді қараңдаған,
Болмайды көңілің де,
Санаң да алаң.
Жүрсе де қай бұрышта, қай көшеде,
Көреді айдан анық адамды адам.

Алдына жан салмастай мың ғасырда,
Ақ түнмен аршыл ақын сырласуда.
Шіркін-ай, бақытты-еді Пушкин қандай,
Бұрқырап бұйра щашы тұр басында.

Болғасын басы бүтін,
Шашы бүтін,
Маңдайы, қос жанары,
Қасы бүтін.
Не жесін бүтіндікке о, дариға-ай
Ешкімге жібермеген асыл ырқын».

Ақ түнді жамылып-ап Думан отыр,
Жүрегі ақ толқындай тулап отыр.
Шоршиды ақ шортандар айдындарда,
Салғандай ақ иірім суға көпір,

«Нұрланып ақсары әйел кереді қас,
Мөлтілдеп жанарына келеді жас.
Мына бас Кейкі атаның басы дейді,
«Бір жоқты бір жоқ табар» деген рас.

Қарт Нева ағылады, ағылады,
Ақ түннен ине түссе табылады.
Кененің ғазиз басы табылмаса,
Ақ түннің керегі не дабыралы.

Бұл күнде мейірімге адам қасаң,
Көңілім алаңдай бер, алаңдасаң.
Көрінем туған елге қай бетіммен, 
Жоғымды айлап іздеп таба алмасам.
Кеудені қалжыратып, қайғы қысса,
Ет жүрек езілгіш те, айнығыш та.
Құдай-ау, Кенекемнің жұмыр басын,
Қай музей жасырды екен, қай қуысқа.

Жан едім жалған жанып, тасымаған,
Сырымды достан қайтіп жасыра алам.
Жоғалса іздеп табу қиын екен,
Болсыншы, ағаларым басың аман.

Білгіштер дүниені жалған дейді
Талайдың көңілі одан қалған дейді.
Жалған ғана емес-ау, жауыз екен,
Барыңды алдап-арбап, жалмап жейді.

Көтерген көркем сөздің жүгін бөлек,
Қаламдас кеше жүрген бүгінде жоқ.
Кетесің деп түбінде сен де осылай,
Дұғасын жел құлаққа күбірлемек.

Кеш туып, неге ақындар
Ерте өледі.
Жүрегім соны ойласам, өртенеді.
Отыз бенен қырықтың арасында
Алаштың кетті талай еркелері.

Суық хабар жеткенде, «елшіліктен»,
Жұматай бірге кетті Кеңшілікпен,
Жүмекен, Сағи сынды ағаларың,
Сүйегін әлде қашан жер шіріткен.

Жауынмен, көкірегін дауылға ашып,
Бел асты Мұқағали ауыр басып...
Көз жұмды кеше ғана Нүкеш ағам,
Ақындар кетіп жатыр қауымдасып.

Төніп тұр ақындарға қауіп әлі,
Кетті Сейсен, Тынышбай, Дәуітәлі.
Бес қаруын асынған сұм ажалдың,
Үстінен шешінген жоқ сауыт әлі.

Ақындарға, ей, заман, қабағыңды аш,
Мешкейлердің оларға жаны ауырмас.
Қабағыңды аш,
Ей, заман қабағыңды аш.
Көңіл күпті,
Ой алаң,
Жанарым жас.

Сиқырлы саз,
Асыл жыр,
Асыл аңыз.
Ақындарға бал беріп асыраңыз.
Ақындарды бал беріп асырасаң,
Өмір бойы қатпайды басыңа мұз.

Түсінемін,
Ақ тілек бата сырын.
Мүмкін емес, ақылдан шатасуым.
Ақындардың жүрегі қуансын деп,
Басын іздеп келемін атасының...

Ақындардың өлгені ашынғаны,
Қуаң тартып жасыл тау,
Жасыл бағы.
Құл қожадай зынданға өзі түсіп,
Дамылдайды ғарышта жасын жаны.
Ойран салса заманның ақымағы,
Сол жасындар аспаннан атылады.

Атылып кеп түскенде төбесінен,
Жауыздықтың қарасын батырады.
Болмаса да көл көсір сый, табағым,
Күмбірлете шертемін күй табағын.
Шонжарлардың арқасынан қаси бермей,
Ақындардың маңдайын сипаладым.

Ақ самалдай аңқылдап ағаларым,
Жүрегіңде білемін жара барын.
Ақшалының мінгеспей арқасына,
Ақындарды келеді жағалағым.

Мәңгүрттіктен болсын деп басым аман,
Ақындарды ылғи да қасыма алам.
Рухы мен санасын ашықтырмай,
Қара өлең ғой қазақты асыраған.


Ей ажал,
Қылымсынбай, аш, бетіңді,
Көзімнен талай ащы жас секірді.
Інісін ағасынан айырмақшы,
Айырылған иығынан бас секілді...


Жүрген кезде жұмыр бас ойдан қатып, 
Ауық-ауық түс көріп қойған бақыт.
Шырын ұйқы шырғалап Думанжанды,
Аунақшиды төсегін «ойбайлатып»,


Жатыр екен түс көріп қандай ғана,
Түлкі қуып жүр ме екен талды айлана.
Құр ат мініп шықты әлде қыз қуарға,
Оянса екен көңілге салмай жара.


«Шүйінші елім,
Шүйінші,
Сүйін халқым.
Шүйінші Отан,
Алдыңда күйім жарқын.
Шүйінші аға,
Тең құрбы, замандасым, 
Жеңіп шықтым заманның қиын нарқын.
Шүйінші дос,
Сүйініп жарқылдашы.
Шүйінші бер,
Заманның нар тұлғасы.
Шүйінші,
Шүйінші бер, Үкіметім,
Хан Кененің табылды алтын басы.


Шүйінші бер,
Сен-дағы – Қос Палата.
Шүйінші бер,
Бәйгеге қосқан ата.
Дұшпаным, сен де маған шүйінші бер,
Көңіліміз жүрейік қош жараса


Ел екенмін,
Тәуелсіз Ел екенмін. 
Елдігімді әлемге елетермін
Шапағатты,
Шуақты күн секілді,
Иығында басы тұр Кенекемнің...


Ноқта,
Бұғау,
Сыпырдық жүгенді енді,
Қасіреттен арылттық шүлен жерді.
Аяғы бар,
Қолы бар,
Басы да бар,
Бостандығым мінеки түгенделді.


Түгенделдім.
Алақай түгенделдім.
Азаттықтың келбетін түгел көрдім.
Енді менің келмейді бұғауланғым,
Енді менің келмейді жүгенделгім.


Бүлінгенім алақай, бүтінделді,
Бүтіндіктің ел жұртым құтын көрді.
Қара ошақтың үш бұты тастай берік,
Бүлдірем деп қас жауым құтырма енді.


Кептер түстес қолыма жалауымды ап,
Еркіндікті,
Елдікті,
Қалауым нақ.
Басы бүтін осынау бостандықты,
Күзетуге дайынмын қарауылдап.


Ұзағынан сүйіндір жаратқаным,
Күн шыққанын,
Һәм көрдім таң атқанын.
Көп іздеген жоғымды тауып келіп,
Тарихымның толтырдым парақтарын».


Жүрек тулап,
Көңілім құрақ ұшты,
Құрақ ұшып,
Болжадым тым алысты.
Думанжанның өңі деп түсінемін.
Түсіндегі ақ жарқын қуанышты.


Ой салған бүгінге де,
Кешеге де.
Ой салған әке, бала,
Шешеге де
«Бостандықтың басы» атты бұл дастанды, 
Алланың өзі жазды пешенеме.

Жәркен Бөдешұлы
author

Жәркен Бөдешұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...