Ағыны арна бұзған...(Ілияс Жансүргіровке)Білмеймін, не керемет теңдеседі,Білмеймін, не ғажайып шенде...
Жазушы Бақытбек Қадыр. Ал ертеңім – уайым...
– Бақытбек, «Қазақ әдебиетіне» шыққан «Жасыл шатырлар» әңгімең жақсы оқылды, құтты болсын! Жазылған шығарма туралы оқырман пікірі қалай?
– Рақмет, Анар ханым. Жазылған шығармаға айтылар пікірдің мәні –алғаш жарияланған кезде ғана қызық. Одан кейінгі пікірдің әсері онша болмайды. Өйткені, ол кезде өзің жазған шығармаңа сырттай қарай аласың. Кейбір шығарма көп уақыттан кейін бағаланып жатады. Шығарма да адам секілді, тағдыры әртүрлі. Кейбір жақсы шығармалар кейбір жақсы адамдар секілді қор елде жазылып, тартпада қалып қор болады. «Жасыл шатырлар» туралы әдеби ортаның пікірі оң болды десем де болады. Ал жалпы көпшілік оқырманға бұл әңгіме жеткен жоқ. Менің бұл әңгімемді инженер яки бір дәрігер оқыды дегенге күмәнім бар. Ал әдеби ортадан хабарласып, хат жазып жақсы пікірлерін айтқандар көп. Соның ішінде Алматыдан бір футурологияға қызығатын оқырман хабарласып, болашақта фантастикалық элементтері мол шығарма жазсаң деген пікірін айтты.
– Сюжет қалай туды?
– Әңгімелерімнің сюжеті көбінде бірінші түсімде құралады. Оянған соң жарты жерін еске түсіре алмай, ойланып жүремін. Ал жалпы шығарма деген автордың айналасында өтіп жатқан құбылыстардың әсерінен туындаса керек. Саналы түрде ойластырған сюжеттеріңде бейсаналы түрде кірісіп кеткен сөйлемдерді көптен кейін білетін де кез де болады. «Жасыл шатырлар» деген әңгіменің сюжеті – сонау шыр етіп өмірге келгеннен бері пешенеме жазылған жазулардың бір парасы секілді. Өйткені, мен бұл шығармада кішкентай кезден сезіне бастаған сегрегация, расизм жайлы айтқым келген тәріздімін. Адамдар бір-бірін неге жатырқауы мүмкін? Ал жатырқау сезімі – адамзат арасындағы алапат соғыс өртін тұтандырған факторлардың бірі деп ойласам керек.
– Бас кейіпкер Бектегін мен «аспаннан түсетін» аққұба қыздың еркіндікке ұмтылысының соңы үмітсіздікке ұласып кететінін қалай түсінсек болады, жалпы, ертеңді қалай болжар едің?
– Жақсы байқапсыз. Аққұбаша қыз еркіндікке ұмтылудан гөрі айналадан жылу іздеді ме, әлде жатырқаудан жалықты ма екен? Әр оқырман әртүрлі көреді. Ал менің бұған дәл жауабым жоқ. Кей детальдар туралы өзім де ойланамын. Мысалы, адамдар арасында жатырқау сезімінің болуы – махаббатты сезінбегендіктен орын алады деп есептеймін. Бір-біріне жат екі адамның арасын ұстап тұрған нәзік жіп – әлсіздеу сезім болатын. «Соңы үмітсіздікке ұласып кетуінің» себебі, үлкен махаббатқа ұласпағандығынан шығар, бәлкім. Ал ертеңім – уайым...
– Тұманға сіңіп жоғалатын «аспаннан түскен» аққұба қыздың тағдыры ақжаймаларды жайып жүріп, аспанға ұшып кететін Маркестің әсем Ремедиосымен ұқсас екен. Тынбай жауатын нөсер, басқа да таныс детальдар байқалды, өзіңнің Маркес шығармашылығына жақындығың бар ма?
– Маркестің өзі де, сөзі де – магия. Сондықтан оның әсері болмай қоймайды. Ал Маркеске Фолкнердің әсері бар. Марқұм Таласбек аға бір мақаласында «өнер, мәдениет ауысады, яғни жұғысты болады» деген сыңайда айтқан ойы бар еді. Алайда, мен осы шығармамды жазып болған соң Маркесте «Жел адамы» деген әңгімесі бар екенін көріп таң қалдым. Былай қарасаң, менің «Жасыл шатырлардағы» кейбір детальдардың ұқсастығы барын көрдім. Бірақ екі шығарманың айтар ойы екі бөлек деген ойдамын.
– Заңы әлсіз, тәртібі жоқ қоғамдағы хаосты суреттейсің, зұлымдықтың күш алып, әділет іздеген қарапайым адамдардың үміті тасқа шағылып жатқанын көрсетесің, сеніңше, «Жасыл шатырлар» тектес шығармалар айналамызда болып жатқан жағдайларға «көзімізді ашып» бере ала ма?
– Өте зілмауыр сұрақ қойдыңыз ғой. Бұған дейін адамзат тарихында адамдардың бар болмысын ашып беретін, содан сабақ алуға тұрарлық нешеме романдар жазылды деп ойлаймын. Соның бірін жоғарда атап өткен Маркес жазды. Кнут Гамсун жазды. «Ағайынды Карамазовтар»... Алайда адамның бір аты – мұтылған. Яғни, инсаният...
Бірақ қазір бізге өзгеру керек. Егер біз осы орынан алға жылжымасақ осы күйі қалып кетміз бе деп қорқамын. Тәуелсіздігін алғанына бір ғасырға жуық уақыт болған Латын Америкасындағы елдерге қараңыз, сол баяғы күйінде қалды. Ал Азия құрлығы әлі империалистік санадан арылған жоқ. Басқасын айтпағанда мына тұрған қырғыздардың өзі империя болғысы бар. Егер Құдайдан сондай бір мүмкіндік берілсе (егер ондай мүмкіндік болса) қазір-ақ империя бола салғысы келеді. Осындай өктем көршілердің арасында отырып, демокаратияға, өркениетке, мәдениетке, баяшат өмірге жете алмай, осы жағдайда қалу қаупі басым. Сондықтан өзгеріске, талпынысқа, уайымға, қозғалысқа, жігерлендіруге, ойландыруға жетелейтін романдар жазылып, ол жалпы көпшілікке кең таралу қажет.
– Жазушылық жолына біржолата түстің бе, әлде өмірде басқа жоспарларың бар ма?
– Біз өзі өмірдің өзіне жоспарсыз келген жоқпыз ба? Жазушылық егер сіз айтқандай жол болса оған кімнің түсіп, кімнің шығып жүргенін ешкім білмейді. Ал жазушылықты кәсіп деп қарасақ, онда мол еңбек пен төзім қажет.
– Қатарлас қаламгерлерден кімдерді айырықша атап өтер едің?
– Ешкімге білдірмей оқып жүретін бір журналым бар еді. Франциядан шығатын «Еditions jentayu» журналы. Әдеби басылымның әр санын веб-сайтынан (тыраштанып жүріп) оқып тұрамын. Әр санында бір елдің қазіргі ақын-жазушыларына арнайды. Көбі Тоқтарәлі Таңжарық ағаның қатарластары. Оған да әр елдің пысықтары өтіп кете ме, әлде қазір әлемдегі әдеби ахуал осындай ма білмеймін, соларға қарап отырсам қазіргі Қазақстандағы қатарлас қаламгерлер олардан бір кем емес екенін көремін. Тіптен олардан асып түсетіндері де бар. Әдебиеттің басқа бағыттарын қалай бағалау керектігін білмеймін, ал проза мол ізденіс пен еңбекті қажет етеді. Бұл ретте Есбол Нұрахмет пен Әлішер Рахатты айырықша атауға болады.
– Рахмет, Бақытбек, жазарың көп болсын!
Әңгімелескен Анар Қабдуллина