Жазушыдан драматургке айналу қиын

ӘДЕБИЕТ
632

Айдана Аламан – жас драматург. 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының драматургия факультетін Сұлтанәлі Балғабаевтың шеберханасы бойынша бітірген. Бүгінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титуты «Театр және кино» бөлімінде қызмет ететін талантты драматургтің 2017 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында «Жүрегімнің иесі» атты пьесасы сахналанып, содан бері аншлагпен жүріп келеді. Сондай-ақ Айдана кеңестік драматург Н.Эрдманның «Самоубийца» пьесасын ауда­рып, әкемтеатрдың сахнасында «Жанқимақ» деген атаумен 2018 жылдың қараша айында алғашқы премьерасын өткізген.

Назарларыңызға «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған сухбатты ұсынамыз. 

– Айдана, драматург пен сценаристің айырмашылығы қандай? Себебі біз танитын жас драматургтердің көпшілігі те­левизияның төңірегінде жүреді.

 – Сценарист негізінен бей­неөнімдерге, яғни фильмдер мен телевизиялық сериалдарға сценарий жазады. Ал драматургтің жұмысы таза театрға негізделеді. Бірақ жалпылама қарағанда екі кәсіп те өзара жиі тоғысып жатады. Сондықтан драматургтер де телевизия саласында жұмыс істей береді

. – Мысалы, сіз сияқты ма?

 – Иә, мен сияқты. Бірақ өзім осы әрекетті онша құптамаймын. Себебі ТВ инкубатор әлде зауыт­тың конвейері сияқты, күн сайы­н эфир, таусылып бітпейтін түсірілім, жұмырына жұқ болмайтын еңбегің жұтыла береді. Уақытымды көп алады. Кейде тіпті өзімді сарқыла бастағандай сезінемін. Дегенмен жастық шақта материалдық жағдайды да түзеп алу керек. Себебі нан болмаса, ән қайдан болсын?! 

 – Сонда драматургиямен баюға бола ма?

 – Дәл осы кәсіппен баю мүм­кін емес-ау... Егер сценарий жазуды қатар алып жүрмесең... 

 – Драматург бір пьесаны қан­ша уақытта жазуы мүмкін? 

 – Әзірге білетінім Шымкент теа­трында Сая Қасымбек деген драматург апам бар, «миымда пісіп тұрса, 2-3 күнде бір пьеса жа­зып тас­таймын» дегені бар еді. Ал қал­ғандары жылына мық­тағанда 3-4 пьеса жазатын шы­ғар.

  – Өзіңіз жазған пьеса бойын­ша қойылған спектакльді кө­руге қаншалықты жиі барасыз?

 – Өз жұмысымды сахна­дан көргенді ұнатпаймын. Премье­рада иненің үстінде отырғандай күй кешемін. Себебі пьеса жазып отырғанда аршып алған жараларыма, актерлер ойын барысында тұз себеді. Өте түсініксіз сезім, осы жайсыздықты қайта-қай­та басымнан өткергім кел­мейді. Қойылымның дайындығы барысында екі-үш рет қадаға­лағаным, сосын премье­раға келіп сын көзбен қарағаным болмаса, басқа кезде мүлдем бармаймын. 

 – Заманауи театр өнерінде кім бірінші тұру керек? Режис­сер ме, әлде драматург пе?

 – Осыған дейін драматург бірінші болып келген. Заманауи театр талабы бойынша қазір режиссер бірінші тұруы керек. Кейбір аға буын драматургтеріміз осыны қабылдай алмағандықтан, «ертең премьера» деген күнгі дайындықты көріп, премьераға рұқсат бермей, труппаға, бүкіл театрға ренжіп жатады. Түсі­немін, әрине, пьесадағы әр сөз автордың жанын, жүрегін жарып шығады. Дегенмен бүгінде сөз қуаласатын емес, негізінен әрекетке бағытталған, қысқа-нұс­қа жинақылықты талап ете­тін заман туды. Ұзын-сонар шұба­ланған мәтінді ешкім тыңдап отырмайды, заманауи мессенд­жер тілі айналымға енді. Екі қойылымда да режиссер жағынан жолым болған драматургпін. Себебі режиссер Әридаш Оспан­баева екеуміз бір дәуірдің, интернет тәрбиелеген ғасырдың ұрпа­ғымыз. Бір-бірімізді қашан да айтқызбай түсінеміз... 

 – Таптаурын болса да, та­ғы да сұрауымызға тура келе­ді: қазіргі қазақ театрына не жетіс­пейді? Себебі жас драма­тург­тің бұл тұрғыдағы пікірі бөлек болуы керек...

 – Бізде шүкір, талантты актер­лер де, режиссерлер де жетер­лік. Тіпті түкке тұрғысыз кей пье­саларға жанын беріп ойнап жатқан актерлерді көргенде аяп кетемін. Драматург ретінде ол кісілерге сүбелі дүние қарыз екенім есіме түскенде, қатты ұяламын. Қазақ театрына өткір әлеуметтік мәселені көтеретін пьесалар жетіспейді. Сахна ерекше сүйетін классика да, тарихи тақырыптағы немесе аударма спектакльдер де, әрине керек. Дегенмен әркім өз дәуірін жырласа, сол кезеңнің мұң-мұқтажын түгендесе, ұлт болашағы үшін сол көбірек пайдалы бола ма деп ойлаймын. Сондай-ақ театрдың техникалық мүмкіндіктеріне көп күш салу керек. Шетелде әлде­қай­да ескіріп кеткен тәсіл болса да, сахнадан жаңбыр жаудыра алға­нымызға біз әлі мәз болып жүрміз.

 – Қандай жас драматургтер бар? Неге үндеріңіз баяу шы­ғып жатыр?

 – Бүгінде 60-70 жасты еңсер­ген драматургтерден кейін біраз тыныштық орнағаны белгілі. Дегенмен қазір кәсіби жас драматургтер жоқ емес. Әннас Бағдат бастаған, Әлібек Байбол, Мұрат Қолғанат, Мерей Қосын, Әлішер Айтуар, Мадина Төле, Ақмоншақ Ахмет сынды пьесаға сан қырлы шеберліктерін салып жүрген драматургтер бар. Ра­сында үніміз ақырын шығып жа­тыр, себебі драматургия кез кел­­генге жалынан сипата бе­ретін жанр емес, екінші жағы­нан, Қазақстандағы 60-қа жуық театрға айналдырған бес-алты жас маман жете бермейді. Сосын, аз­даған жалқаулығымыз тағы бар.

 – Алдыңғы буын драматург­тердің барлығы драматургияға жазушылықтан ауысып еді. Сіздер бірден драматургияға ма­мандандыңыздар. Артық­шы­лығы мен кемшілігі неде?

 – Жоғарыда аталған жас дра­матургтердің барлығы дерлік қосымша проза, поэзия жанрын қатар алып жүргендер. Менен басқасы. Мен негізінен өнертану ғылымына қарай ойысып кеткен­діктен, жазушылық ауылына ат шалдырмадым. Жа­зушыдан драматургке айналу қиын, оңай болса, Жазу­шылар одағындағы 800 жазушы ендігі 800 драматургке айналып кетер еді ғой. Ал драматургтен жазушыға айналу жеңілірек. Бұл өзі мамандықтың спецификасына байланысты дүние. Бірден драматургияны меңгерудің артықшылығы, пье­саң кейін ұжымдық өнерге айналатындықтан, оқиғаны арнайы техника бойынша жұмыр құрастыруды, белгіленген тәр­тіпке бағынуды үйренесің. Өзіңді жердегі кішігірім жаратушы сезінесің. Әрине, бұл сөзім үшін Құдай өзі кешірсін...

 – Қазір қандай пьеса жазып жатырсыз?

  – Миымда идея да, сюжеттік желі де көп. Қайнап, пісіп жатыр... Тек олар қағаз бетіне тү­су­ге асықпай жүр. Соған қара­ғанда толық пісіп үлгермеген сияқты. Дегенмен бір актрисаға арналған жұмысымды бастадым, бұйыртса, бітіремін деп отыр­мын. Бір қуантарлығы, мем­лекет тарапынан драматургтер­ге арналған көптеген конкурстар ұйымдастырып жатыр, «Жа­замын, сахналанамын, таныламын» деген адамға мүмкіндік өте көп. Тек жатпай-тұрмай еңбек­тенсек болғаны...

 – Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, 

«Egemen Qazaqstan»


Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...