«Жайық» атауы қайдан шыққан?

ТАНЫМ
26247

Еліміздегі жер – су аттарының тарихы әлі күнге дейін әрқилы пікірдің шеңберінен шыға алмай жүр. Топонимиканың бір саласы – гидронимға жататын, суын ішіп, тұнық ауасын жұтқан Жайық атауы қайдан шыққан?

«Жайық» сөзінің түп негізі «дайх» сөзінен тарайды деген пікір бар. «Дайх» сөзін біздің тілмен сүзгілеп қарасақ, асыраушы өзен деген мағынаны білдіреді. Алтайлық түркілердің диалектісінде «Дайық» деп атайды.

X ғасырда араб саяхатшысы Ибн Фадлан «Бұлғар мемлекетіне саяхат» деген жазбасында: «Жайықтай зор, ағыны қатты өзенді алғаш көріп отырмын»,-деп жазады. 921 – 922 жылдары халиф елшісімен бірге Бұлғар мемлекетінде болып, Жайық өзені бойымен жүріп өткен. Бұл туралы шығыстанушы А.П.Ковалевскийдің еңбектерінде кездестіруге болады. Ибн Фадлан өз жазбасында: « ... Потом мы прибыли к печенегам.Они стояли у воды, напоминающий настоящее море», - деп Шалқар көлі туралы жазады. Жазбаларын сараптап қарасақ: « ... У печенегов мы стояли один день. Потом отправились в путь и сделали остановку у реки Джайх. Через много дней пути нам пришлось переправляться через реку Джаха». Бұл жердегі «Джаха» атауы «Шаған» өзені болып саналады. Бұл туралы академик И.Ю.Крачковскийдің еңбектерінен байқауымызға болады.

Ақын – жыраулардың поэзиясында Жайық атауы жиі қолданылады. Мысалы, Доспамбет жырау:

«Айналайын, Ақ жайық!

Ат салмай өтер күн қайда?

Еңісі биік боз орда,

Еңкейе кірер күн қайда?», - деп Жайыққа деген перзенттік сезімін білдіреді.

Ақберен ақын Махамбет Өтемісұлы:

«Еділімді көрім емсеген,

Жайықты көріп жемсеген.

Таудағы тарлан шұбар біз едік» , - деп елге деген сағынышын жеткізеді. 

«Емсеген» сөзі – аңсау,«жемсеген» сөзі – қалау, тілеу деген мағынаны білдіреді.

Жерұйық іздеген Асан Қайғы бабамыз:

«Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа,

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп тұрыспа»,-деп патриоттық рух береді.

Жұмбақ ақын Жұмекен өз жырларында:

Мен – Жайықпын, тумаңмын,

Жоқ шығар – ау таласың,

Тазартып қаннан жуғанмын,

Махамбет ердің жарасын, - деп перзенттік махаббатың, сағынышын білдіреді.

1249 жылы Карпини, 1253 жылы Рубрук Жайық бойына саяхат жасады. Карпини Моңғолия сапары туралы жазған «История монголов» атты еңбегінде Жайық өзенін «Яик» деп атайды. Ал, Коволевскийдің «Монголо – русско – французский словарь» атты еңбегіне назар аударсақ, «Яй» немесе «Джай» - орын, кеңістік ұғымдарын білдірсе, «ийк» - ерекше ескі қорған деген мағынаны білдіреді. Ал, Ә.Әбдірахмановтың зерттеулеріне сүйенсек, «Жайық» сөзінің көне формасы «жазық» деген ұғымды білдіреді. Жалпы, - ақ, - ық, - ұқ, - үк жұрнақтары түркі тілдерінде өте өнімді қолданыс табатындығын Э.В.Севортянның еңбектерінен аңғарамыз. В.В.Радловтың еңбектерінде «йайықта» сөзінің түп тамыры – «тасқындау», «толығу» деген мағынаны білдіреді. 1775 жылы II Екатерина патшайымның Жарлығымен Жайық өзені «Урал» деп аталды. 

Түйіндеп қарасақ, Жайық ұғымының шығу тегі шамамен, II ғасырда Оңтүстік Орал бойы, қазіргі Орынбор, Орал облыстары территориясын мекендеген Алтай түркілерінің тіліне барып тіреледі. Әрине, «Жайық» атауының түп төркіні қайдан шыққан?, - деген өзекті сұрақ күн тәртібінен түспейді. Жаңа көзқарастар мен тұжырымдар әлі де жарыққа шығады.

Әділбек Өмірзақов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Журналистер Одағының мүшесі.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...