Жастарға жыл берді, жол берген жоқ.... Ақмола облысы жастар театрының жұмысына кім кедергі?

ТЕАТР
2677

Көкшетауда ашылған "El jastar" театрына өнер көрсететін орын жоқ, деп хабарлайды "Көкшетау-Азия" ақпараттық агенттігі.

Өзімізді өзіміз алдағанды қашан қоямыз? Биылғы жылды Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп бекіткен болатын. Оны қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жоққа шығарған жоқ. Ал, бір емес екі президентіміздің бұл игі бастамаларының дұрыс жүзеге аспауына кім кінәлі?! Неге әуел баста айтып алып, кейін көзбояушылық жасап, ел алдында өтірік ұпай жинаумен ғана шектелеміз?! 

«El Jastar» театры кімге кедергі? 

Биыл жыл басында Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Гүлжанар Шөкеева Көкшетаудағы озық ойлы жастарды жиып, «Жастар жылы» не істейміз деп жастар тарапынан түскен ұсыныстарды қолдауға ынталы екенін айтты. Осы жиында Хәкім Хасанбай облысымызға жастар театры керек деді. Бұл ұсынысты басында барынша қолдағанымен, кейін театрдың жұмысы алға баспай қалды. Неге? Гүлжанар Шөкеева қызметінен кетті. Сонда бұл театр тек сол кісіге ғана керек болып, өзгерелерге кедергі болған ба? Әкім берген 1 миллион қайда жұмсалды? Алғашқы премьерасынан соң облыстың бұрынғы әкімі Мәлік Мырзалин «El Jastar» театрына көмек деп 1 млн теңгенің сертификатын бергенімен, ол ақша екі айға созылып, бөлініп-жарылып қолға әрең тиді. Ол қаражатқа театр жаңа ертегі қою үшін костюмдар тіктірді. 

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай өткен Халықаралық «Balausa» эксперименталды театрлар фестиваліне барып келді. Ол жерден бір наминация мен Ақтөбе қаласы әкімінің арнайы сыйлығына ие болды. Ашылғанына үш ай болған театр үшін бұл үлкен жетістік еді. Әттең, осымен, Қазақстан, Ресей, Башқұртстан телеарналарын шулатып, жер-көкке атой салып ашқан театрдың саудасы бітті. 

Жас актерлердің жұмысына қатысты сыни мақалаға тапсырыс берген кім? 

Әрине осы үш айдың ішінде бұл жастарды қолдаған адамдар да, аяқтан шалғысы келгендер де болды. Мысалы, Шахмет Құсайынов театрының көркемдік жетекшісі Төлеубек Көңбай мен актер Жарас Қалдаров алғашқы премьераның алдында жас актерлердің гримдеу бөлмесіне келіп, әрқайсысын құшақтап, сәттілік тілесе, енді біреулер (аттарын атамай-ақ қояйын) премьераны сынап, актерлерді кекетіп-мұқатқысы келіп, тырнақ астынан кір іздеді. Тіпті, бір үлкен ағаларымыз сыни мақалаға тапсырыс беріп, ол мақала облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясына дейін жеткен. Жастардың жігерін жасытпайын деген Жабал Ерғалиев мақаланы жарыққа шығартқызбапты. 

Театрдың екінші премьерасы неге өтпей қалды? 

Ал, театрдың Ақтөбе сапарынан кейінгі шығармашылық өмірі жайында арт директор Хәкім Хасанбай былай дейді: – Екінші қойылымы (ертегі) дайын болғанымен, оны жоғары дәрежеде үлкен сахнада премьерасын жасауға ешкім көмектеспеді. Көкшетаудағы екі мәдениет сарайы мен екі аға театр жас інілеріне сахнасын қимады. Ақан сері мәдениет колледжінің студенттерінен құрылған театр труппасы мен режиссеры Фархадбек Канафин өз ақшаларына реквизиттарын сүйреп, бір-екі мектеп пен балабақшаға барып «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сахналанған «Асық пен Асқар» атты ертегісін екі қатар аншлагпен өткізді. Әрине, Ішкі саясат басқармасы көмектескендей болып бір-екі жерге хат та жазды. Одан түк те шықпады. Ақыры мен бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімоваға айттым. Себебі, өзіміз айғайлатып ашқан театр үн-түнсіз жоғалып кетсе, ұяты бізге келеді. Оның үстіне «Жастар жылында» бар ерік-жігерлерін жұмсап, көрерменнің көңілінен шықсақ деп тегін жұмыс жасап жүрген студенттерді ойладым. Солардың еңбегі бағаланса екен дедім. Айна Ермекқызы бұл театрдың тағдырын енді мәдениет басқармасының басшысы Рустам Бикеневке тапсырды. Бірақ, ол кісінің басқа да шаруалары көп болса керек, әзірге ұстатпай жүр. 

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың күзінде Мәдениет порталына театр сыншысы Нұрислам Әбділдің мақаласы шыққан болатын. Онда Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов театрының мүшкіл хәлі, жұмысының нашарлығы, шығармашылық өсудің жоқтығы, актерлердің аз жалақысы жайлы жазылған. Рустам Бикенев ол кезде де құйрығын ұстатпай, сұрақтан жалтарған еді. Өз қотырын өзі қаси алмай жүрген Мәдениет басқармасына тағы бір театрды жүктеудің не керегі бар? 

P.S Бізге қолдау болмаса, жұмыс жасауымызға жағдай жасалмаса, Көкшетаудан кетеміз дейді театр актерлары мен арт директоры Хәкім Хасанбай. Биылғы «Жастар жылында» жастарымыз қаламыздан кетіп жатса, «Жастар жылы» жоғары деңгейде өтті деп қалай айтамыз?! 


Мерген Тоқсанбай


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...