Заманауи хореографиядағы ең әсерлі балеттердің бірі – Иржи Килианның «Кіші өлім» б...
Қуыршақ театрының қоржыны «Ұр, тоқпақ» ертегісімен толықпақ
Ертегі – адам жанын тазалыққа, пәктікке, ғажайып пен сиқырға бөлейтін ұлы тәрбие құралы. Әрбір ертегінің қойнауында үлгі алатын түрлі оқиғалар, кейіпкерлер мен астарлы мысалдар кездеседі.
Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келген халықтық қазынаны, оның таңдаулы үлгілерін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу құралына айналдыру, нақтырақ айтқанда, олардың көркемдік, музыкалық, эстетикалық талғамы мен мәдени деңгейін жоғарылату – басты міндет. Кіші жастан белсенді шығармашылық процеске әдеттеніп, өз ойын өнердің әр қыры мен түрі арқылы қызығушылығымен танытса ғана бала белсенді шығармашылыққа қалыптаса бастайды. Ерте жастан баланың өнерге қызығушылығы өздігінен туылмайды, оған көптеген факторлар әсер етеді. Солардың бірі әрі бірегейі – Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарындағы балаларға арналған ертегілер қатары. Ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасының репертуары Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен «Ұр, тоқпақ» халық ертегісімен толықпақ.
Қойылымның премьерасы үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 7-8, 18 күндері, сағат 14:00-де көрермен назарына ұсынылады. Театр ұжымы ертегіні бүгінгі заманға сай интерпретациялап, жас бүлдіршіндерге үлкен сый ұсынбақ. Қойылымның авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов, қоюшы режиссері – Еркебұлан Қабдыл. Суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі, балетмейстері – Гүлсая Тәуірханова, композиторлары – Бақберген Байшығаш, Аршын Жолдасхан.
«Ұр тоқпақ» – халық ауыз әдебиетіндегі кең тараған ертегілердің бірі. Оқиға желісі егде тартқан қария аңшылық құрып қазды құрықтайды. Аңшылықпен күнелтіп жүрген қарт құрыққа түскен қазды бәйбішесіне апармақ болған сәтте қаз адам кейіпіне айналып, тіл бітіп, құрығынан босатса арманын орындауға серт береді. Күн көрістің қамымен жүрген аңшыға қаз ханзадасы өз сарайына апарып қонақ қылып, өздігінен түрлі тамақ пісіретін сиқырлы қазан сыйға тартады. Сый-сияпатқа бөленген ол ауылына келе жатып жолай шаршау басу үшін көрші ауылға тоқтайды. Сол ауылдың сотқар ұлдары қарияның қарайлай тұрыңдар деп қалдырып кеткен қазанын сиқырлы қазанның сырын ұққандықтан алмастырып қояды. Шаршауын басып, ауылға жеткен қария үйіне келген соң қазанның сиқырлығы жоқ екенін аңғарып қайта қазға барады. Қарттың көңілін қайтармай қаз ханзадасы алтын құсатын сиқырлы есек береді. Бастапқы қазаннан алданғандай қария бұл жолы да есектен айырылады. Үшінші рет келген қариядан мән жайды анықтап білген қаз сиқырлы тоқпақ береді. Жолдағы сотқарлар сиқырлы тоқпақтан сыбағаларын алып, қариядан кешірім сұрап барлық сыйды қайтарып береді.
Адамгершілік биік ұғымдарды насихаттаушы, рухани тазалыққа үндеуші Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры әрқашан көрермендеріне сапалы қызмет, салмақты қойылымдар, жаңаша мүмкіндіктер ұсынуға әркез дайын. Өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін өнер ордасындағы қойылымдарды бірге тамашалауға шақырамыз!
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ