Шуақты Наурыз мейрамы «Астана Операда» кеңінен атап өтіледі. Халықтық мереке күндері теа...
Бір көргеннен ғашық болу: грузиялық көрермен «Астана Операға» қошемет көрсетті
«Астана Операның» Грузияға тұңғыш гастрольдік сапары жоғары эмоционалды деңгейде өтті. Ш.Руставели атындағы Ұлттық мемлекеттік академиялық театр сахнасындағы «Тбилисидегі дала үні» концерті зор табыспен өтті. Қазақстандық авторлардың туындылары мен әлемдік музыкалық жауһарлар енген бағдарламаның әрбір нөмірінен кейін көрермендер ұзақ қол шапалақтады.
Ұлттық музыка – елдің мәдениетімен танысудың тамаша тәсілі. Сондықтан бағдарлама авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин отандық композиторлардың туындыларына айрықша көңіл бөлді. Алғаш рет «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен опера труппасының орындауында М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан үзінділер, Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы» сюитасынан «Қыз қуу» симфониялық скерцосы, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серке каватинасы Тбилисиде шырқалды.
Дәл осы отандық музыка, бейнелі қазақ әуендері мен «Құрмет» орденінің иегері, дирижер Руслан Баймурзиннің қолындағы домбыраның үні кеш қонақтарына ұмытылмайтын әсер сыйлағанын айта кетуіміз керек.
- Мен таң қалып тұрмын, өйткені мен бүгін қазақ музыкасымен таныстым. Кейбір нөмірлердің костюмдерін грузиялық суретші тіккенін үлкен мақтанышпен айтамын. Жалпы, труппаның әсіресе грузин әнін өзінің асқан шеберлігімен шырқағаны мені таң қалдырды. Сіздердің солистеріңіз, хорыңыз, оркестріңіз өте керемет. Осы музыкалық кештен кейін олар мендей жалындаған көрерменге ие болды. Сіздер біздің жаққа жиі келеді деген сенімдеміз, өйткені мен осы музыканы менің отбасым, достарым естісе екен деймін. Қай жерде өнер көрсетсе де, «Астана Опера» театрының шығармашылық тобын міндетті түрде бақылайтын боламын, - деді грузин телевизиясының журналисі Нино Рамишвили.
Қазақстандық ұжымның көрсеткен өнері талғампаз көрерменнің таңданысын туғызды. - Бала күнімнен бастап мен телевизиядан алуан түрлі халықтың концерттерін көруді ұнататынмын. Әрине, қазақ әртістерінің өнері де жадымда жақсы сақталып қалыпты. Бүгінгі кеште мен жастық шағыма қайта оралғандаймын, бала кезімде құлағымда қалып қойған дауыстарды осы сахнада қайта естігенім үшін қуаныштымын, сол үшін достарымызға үлкен рақметімді айтамын. Жүрегіме жылу берген осынау тамаша концерт өмір бойы жақсы әсер қалдырған жағымды тосын сыйға ұқсайды. Домбыраның жанды дауысы ерекше әсер берді. Залда отырғандардың көпшілігі осы аспаптың дауысын алғаш рет естіп отыр. Сіздердің әртістеріңіз біліктілігі зор кәсіби мамандар. Бәрекелді! - деді концерттен кейін өз әсерімен бөліскен Давид Бисеишвили.
«Астана Опера» ұлттық музыкамен қатар, Дж.Пуччинидің «Тоска» және «Турандот», Ж.Бизенің «Кармен», Дж.Россинидің «Жібек саты», Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері», Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операларынан және тағы басқаларынан танымал әрі көпшілік ұнататын ариялар мен дуэттер ұсынды. Қазақстандық әртістер мен музыканттардың грузин ұлттық классикасы саналатын В.Долидзенің «Кето мен Котэ» операсынан Биді және З.Палиашвилидің «Даиси» операсынан дуэтті орындауы тбилисилік тыңдармандар үшін керемет тосын сый болды.
Көрермендер «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Жанат Шыбықбаев, Медет Чотабаев, Мейір Байнешке, сондай-ақ халықаралық және ұлттық байқаулардың лауреаттары Гүлжанат Сапақова, Татьяна Вицинская, Евгений Чайников, Ержан Саипов, Артур Габдиевке қошемет көрсетті. Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» рухты әнін барлық әртістің орындауы кештің жарқын қорытындысы болды. Концерттің режиссері ретінде Еренбақ Тойкенов тер төкті.
Ш.Руставели атындағы Ұлттық мемлекеттік академиялық театрының тарихи сахнасындағы «Тбилисидегі дала үні» концерті «Астана Операның» XI театр маусымындағы алғашқы гастрольдік өнер көрсетуі болды. Еліміздің бас театрының әртістері мен музыканттарын алда отандық және шетелдік классикалық өнер жанкүйерлерімен жаңа кездесулер күтеді.
Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Грузиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен өтті.