Тұрмағамбет Ізтілеуұлының қолжазбасы табылды

СӨЗДІҢ АТАСЫ
1544

Тұрмағамбет шығармаларының негізгі бөлігі бұрынғы ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстология бөлімінің қорында сақталған. Атақты шайырдың қолжазба мұрасын 1981 жылы ақынның ұлы Әбдірауық Тұрмағамбетұлы өткізіп, тиісті қаламақысын алғаны туралы аталған қордың тіркеу кітапшасында тіркеліп, «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көптомдық сериясының 5-томына енген.

Атап айтқанда, 875-папкада Тұр­мағам­бет парсы тілінен аударған Ә.Фир­дауси «Шаһнамасының» 35 дәп­тері және 878-папкада Сыр сүлейінің көлемі 6 дәптерден тұратын өлең-тол­ғау, тер­мелері мен хикая, дастандары сақ­тал­ған. Әйтсе де 90-жылдары Тұрма­ғам­бет жырлаған «Шаһнаманың» 35 дәп­терін аталған институттың аға ғы­лы­­ми қыз­меткері, ақынның жерлесі әрі оның шы­ғар­машылығын зерттеумен шұ­­ғыл­данған Мардан Байділдаев ака­­де­мия жанындағы өз үйінде ұстап кел­ген. Марқұмның мақсаты – 1961 жы­лы жарыққа шыққан Тұрекеңнің «Рүс­тем-Дастан» кітабын түпнұсқамен салыс­тыра зерттеу және «Шаһнаманың» то­лық нұсқасын баспаға әзірлеу болған көрі­неді. Мардан аға қайтыс болған соң атал­ған қол­жазбалар белгілі себептермен Сыр бойы­ның тағы бір талантты тумасы, жыршы Алмас Алматовтың жеке қорына өтеді. Өкінішке қарай, шығыстанушы һәм тұрмағамбеттанушы ғалымдардың іргелі ізденістеріне ғылыми нысан болу­ға тиісті қымбат мұраның кейінгі тағ­ды­ры көп­шілікке беймәлім. Кеңестің кең за­ма­­нында қолжазба мұраның зерт­теу­шілер қолында жүруі – қалыпты жағ­дайға айналған. Көшіру құралдары қолжетімсіз уақытта ғалымдар кейде түпнұсқа материалдармен жұмыс істеу үшін қолжазбаны өзімен бірге алып жүр­ген. Мына бір оқиға да соның айқын дәле­лі. 2008 жылы М.О.Әуезовтің музей-үйін­де «Бабалар сөзі» 100 томдық фольк­лор сериясын баспаға әзірлеп отыр­ған кезі­міз еді. Бір күні ақмо­ла­лық журналист Тортай Сәд­уақа­сов деген ағамыз «70-жылдар соңын­да инс­титуттағы жігіттер­дің бірінен алып едім» деп көлемді қолжазба әкеліп өткізді. Сыртында академик Ә.Марғұланның қолы қойылған бұл қолжазбадағы мәтін­дердің мәні зор болып шықты. Өз тара­пымнан зерттей келе, аталмыш қол­жазба мұраның авторы Абайдың нақ өзі деген қорытындыға келген едім. Нәтижесінде, 2015 жылы ақынның 170 жылдығына орай Семейде өткен ғылыми конференцияда жасаған баяндамамыз абайтанушылардың оң бағасын алды.

Тағы бір мысал: Тұрмағамбеттің өз қолы­мен 5 дәптерге көшірілген төлтума өлеңдері мен 1 дәптер мақал-мәтелдері де «ғылыми мақсат үшін» деген желеу­мен филология ғылымдарының докторы О.Нұрмағамбетованың жеке қо­рын­да сақталыпты. Оразгүл апай зей­нет­ке шыққанымен, институттың Ғы­лы­ми кеңесінің мүшесі ретінде арагі­дік жұмысқа келіп тұратын-ды. Мен ол уақытта Сыр шайырларының шығар­машылығын зерттеумен айналысып жүрген едім. 1999 жылы профессор менің өтінішімді ескеріп, Тұрекең шы­ғар­маларының қолжазбасын институт қорына қайтарды. 2007 жылы ақынның туғанына 125 жыл толуына орай фольк­лор­танушы Б.Жүсіпов бастаған ғалым­дар тобы баспаға әзірлеген көлем­ді шы­ғар­малар жинағы дәл осы түпнұсқасы бо­йын­ша жарық көрген болатын. Сон­дай-ақ Қолжазба және текстология бөлі­мінің меңгерушісі қызметін атқа­рып жүргенімде, ұмытпасам, 2008 жылы болуы керек, ф.ғ.д., профессор Тыныс­бек Қоңыратбаев кезінде өз әкесі, бел­гі­лі ұстаз-ғалым Ә.Қоңыратбаевтың жеке қорында сақталған «Шаһнама» дастаны­ның 3 томдық көлемді қолжазбасын әке­ліп өткізген болатын. Бұл қолжазбалар дастанның Тұрмағамбет аударып, өзі хатқа түсірген қадіми араб қарпіндегі қол­жазбадан кирилл және латын әліпбиіне түсірілген нұсқалары болып шық­ты. Ғасыр басында қасиетті Бұхара шәрін­дегі «Көкелташ», «Мір-араб» медре­се­лерінде рухани терең білім алған Сыр сүлейінің ескі араб әліпбиіндегі қол­жаз­басын оқу – оңай шаруа емес. Олар­ды арабша сауаты бар екінің бірі ежіктей алмайтыны көрініп тұр. Тұрекең Шығыс қағазын үнемді пайдалану үшін барынша майда әріптермен жазғанды жөн көрген. Оның үстіне ақын Мәшһүр Жүсіп сияқты хұсни-хат жазуын емес, араб каллиграфиясының ерекше қиын түрін пайдаланған. Содан болар «Шаһнаманы» қазақ әліпбиіне көшіру жұмысына заманында Тұрекеңнің мек­тебінен тәлім алған, бірнеше қармақ­шы­лық азаматтар атсалысады. Бір ғажа­бы, қолжазба мәтіндерін қадім жазуынан хатқа түсірушілердің арасында Сыр сүлейлерінің сарқыты, ата-сойы көпке мәлім Кете Жүсіптей даңқты шайырдың ұрпағы – Мұзарап Жүсіпұлы да бар. Біздің ойымызша, Тұрмағамбет аудар­ған «Шаһнама» дастанының қай­та көшірілген, әр жылдары хатқа түскен қолжазбаларын түпнұсқасымен сал­ғас­тыра зерттеу – ендігі ғылыми ізденіс­тер­дің маңызды бағытына айналса абзал. Мұндай қызықты жұмыстарды жетек­ші университеттердің шығыстану факуль­т­ет­терінде оқитын магистрант жас­тар мен докторанттарға ғылыми тақы­рып ретінде ұсынса, кешікпей-ақ өз нәти­жесін көруімізге шүбә жоқ.

Жалпы, ерте замандардан ХХ ға­сыр басына дейінгі өмір сүрген қазақ ақын­дары­ның арасында шығармалары өз қолымен хатқа түскен, яғни авторлық төл қолтаңбасы сақталғандары саусақпен санарлықтай екендігі мәлім. Арғы-бергі ақын-жыраулардың ішінде кейінгі ұрпаққа өз қолтаңбасымен қауышқан тек қана Жаяу Мұса, Шәді, Сұлтанмахмұт, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет сынды санаулы дарындарды атауға болады. Тіпті, бай кітапханасы болған, терең сауат­т­ы ұлтымыздың маңдайалды ақын­дары Абай мен Шәкәрімнің де Алаш ар­да­герлері – А.Байтұрсынұлы, М.Ду­латов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б. жүзд­еген қаламгерлеріміздің төл қол­жа­збалары жоғалып кеткен. Мұндай өрес­кел өкінішті жағдайға озбыр қоғам мен саясат қана емес, тиісті мекемелерде қызмет атқарған жеке азаматтар да кінәлі екендігі айтпаса да түсінікті. Ал түпнұсқаның болмауы шығармашылық өкілінің мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуде елеулі кедергі келтіретіндігі екібастан белгілі. Өркениетті елдерде өткен заманда өмір сүрген дарын иелері­нің шығармашылық қолтаңбасын ғана емес, әрбір тұтынған затын ат басындай алтынға балап, жан баласының қолына ұстатпай, ұлттық әдебиет пен мәдениет мұражайларының төріндегі әйнектелген арнайы текше астына кілттеп қояр еді. Осы орайда «Шығыстың тірі сөздігі» атан­ған, шайырлық даңқы қазақ жерінен асып, қоңсылас өзбек, қарақалпақ, тәжік ел­деріне танылған жыр сүлейі Тұр­мағам­бет қолжазбаларының түпнұсқада жетуі – Сырдағы ақын жерлестері үшін де мәні зор оқиға, үлкен мақтаныш деп білеміз!

Бұрынғы ҰҒА Орталық ғылыми кі­тап­ханасының Сирек кітаптар мен қол­жаз­балар қорында да Т.Ізтілеуұлы өз қолы­мен жазған, қағазға көшірген бірнеше қол­жаз­балары сақталған. Мұнда Сыр өңірі мәдениеті мен әдебиетіне қатысты түрлі фольклорлық-этнографиялық экспедиция материалдарының мол қоры бар. Сонау ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Ә.Диваев, Ә.Қайнарбаев, Ф.Ғабитова, М.Маратов, С.Толыбеков, Ү.Аяпұлы, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаев, т.б. фольклор жанашырлары мен ел азаматтары жинаған қолжазба мұ­ралардың арасында Сыр сүлей­лері­нің шығармалары жиі ұшырасады. Сол қатарда Тұрекеңнің есімін де құр­мет­пен атау ләзім. Өткен ғасырдың 90-жыл­дары осы мекемеде ғылыми ізденіс­термен шұғылданып жүрген кезімде Тұрекең­нің 1936 жылы өз қолымен бас­­паға дайындаған «Назым» атты шы­ғар­­малар жинағын көрген едім. Кейін көшіп-қонып жүргенде шифрын ұмы­тып, көз жазып қалыппын. Жақында шайыр­дың сол уақытта көзіме түскен тағы бір төлтума қолжазбасын қайта кезік­тіріп, түпнұсқаның электронды-сан­дық көшірмесін алудың сәті түсті. Т.Ізтілеу­ұлының бұл қолжазбасы мазмұны жағы­нан бұрынғы аталған мұраларынан елеулі ерекшелігі бар аса бағалы жинақ.

Көлемі – 139 парақтан, 278 беттен құ­рал­ған қолжазба «Ізтілеуов Тұр­мағам­беттің жинаған материалдары» деп ата­лады (ОҒК, Қолжазба қоры: 1169-бума). Шығыста жасалып, Бұхара мәде­ниетінің стилінде өңделген гүлді кар­дон қағазбен тысталып, түптелген қол­жаз­баның биіктігі – 35 см, ені – 12 см ша­масында. Библиографтар қол­жаз­ба­ның титуль бетіне қосымша ақ парақ жапсырып, оған жинақтың маз­мұ­нын толтыр­ған. Десе де ондағы тізім мен қолжаз­баның соңында Тұрекең­нің өзі арабша әріптермен жазған маз­мұны­ның арасында едәуір айырма бар. Мы­са­лы, қол­жазба авторының жазуынша: 1) Омар сөзі, 2) Тұрмұхаммед, 3) Ыбырай Бал­қожаұлы, 4) Серәліқожа сөзі. Ал кейін­гі тізім жасаушылар Омар мен Тұр­­­мұхаммед есімдерін ескермей, Ыбы­рай Балқожаұлынан бастап кете бер­ген. (Тұрмұхаммед – ақын есімінің араб­ша жазылуы; Ыбырай Балқожаұлы – яғни, Ы.Алтынсариннің жастайынан атасы­ның қолында өскендігі мәлім. – С.Қ.) Мұндай сәйкессіздік жинақтың соңына дейін жалғасады. Атап айтсақ, осы қолжазбадағы атақты Махамбет ақын­ның толғаулары, Сахардың, Дарақ­тың, Жүсіптің, Досқожаның, т.б. туындылары соңғы тізімде көрсетілмеген. Сонымен бірге осы материалдар арасында Тұрмағамбеттің өзі атамаған шығар­малар да кезігіп отырады. Олар­дың бірсыпырасы шайырдың өз өлең­дері болса, енді кейбіреулері Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Міржақып Дулат­ұлы­ның бізге белгісіз туындылары секілді көрінді. Әрине, мұның бәріне арнайы ғылыми-зерттеулер мен мәтіндік талдау­лар жүргізілуі қажет.

Тұрекеңнің бұл қолжазбасы шамамен, 20-жылдардың бедерінде хатқа түсе бастаған сияқты. Оның бір дәлелі, қолжазбаның 195 бетінде «Прези­дум КазЦик КССР. 1927 г.» деген тақы­рып­пен үкімет мүшелерінің тізімі беріл­ген. Ондағы 15 азаматтың арасында ҚазАтком төрағасы – Е.Ерназаров, ҚазХалком Кеңесінің төрағасы – Н.Нұр­мақов, АуылШаруабанк бастығы – Ұ.Құ­лымбетов, Мембанк төрағасы – А.Мыр­зағалиев, Халкомжер төрағасы – Сұл­танбеков, Ішкі сауда төрағасы – А.Кен­жин, Халкомденсаулық төрағасы – Шамов, Халком Ішкі істер төрағасы – А.Ес­қараев, ХалкомЕңбек төрағасы – Тә­тімов, ХалкомАуылшаруашылық төрағасы – И.Тоқтыбаев, т.б. сол тұс­тағы белгілі тарихи тұлғалардың есім­дері аталған. Осы беттің төменгі жағын­да басқа біреудің: «Қызылорда ауданы, 50-ші ауыл азаматы Қазыбек Қошжан­ұлының кітабы деп білесіздер, жолдас­тар. Мұны жазған Тәжібайұлы Өсер» деген қыстырма сөздері ұшырасады. Кешегі астананың «ауданға» айналуы – өткен ғасырдың 30-жылдары. Демек, сол тұста Тұрмағамбет шайыр біраз қудаланып, қолжазбасы кісі қолы­на түскен болуы да мүмкін. 1927 жы­лы Қызыл­­о­рда ел астанасы болып тұр­ған­ды­ғын ескерсек, үкімет тарапынан да дамолла Тұрмағамбетке бақылау қойылып, өлең­дері жазылған қолжазбасын «жауап­ты мекеме» адамдары алып оқып, тек­серіп тұрса керек. Бұл ойымызды 200-бет­тегі өлеңнің астына бұрыштама түрін­де жазылған мына ескертпе де аңғар­татындай: «Выписка из газета Аул тили от 16/ІҮ27 г – орган Казкрайкома ВКП(б) КазЦик Сырдаринского губкома и губисполкома». Осыдан кейін белгісіз тұлғаның қолы қойылып, сол күнгі уақыт мерзімі қойылыпты (30.ІV27).

Ақын қолжазбасында бөгде біреулер­дің қолтаңбасы қайдан жүр? Бұл сауал да алдағы уақытта зерттелуі тиісті мәселенің бірі. Тұрмағамбет шығармаларының түп­нұсқасы М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ қорына қалай өткендігі туралы ілгеріде жазып өттік. Ендеше ҚР БҒМ Орта­лық ғылыми кітапханасынан табылып отыр­ған соңғы қолжазба «ол жаққа қалай барды, кім өткізді?» деген сұраққа да жауап іздеу – зерттеушілерге тағы бір уә­жіп. Осы орайда мына бір жағдай ерік­сіз еске түседі. 1936 жылы ел үкіметі ша­йырды өзінің үміт күткен шәкірті әрі сол тұстағы Қазақстанның Ағарту комис­сары Т.Жүргеновтің ұсынысымен Ал­матыға алдырғаны белгілі. Тұрекең астанада екі жылдай өмір сүріп, әлемге мәшһүр «Шаһнаманы» ескі парсы тілінен қазақшаға тәржімелейді. Ә.Фирдаусидің 1000 жылдық мерейтойына орай арнайы тапсырыс алған ақын парсы тіліндегі аса ірі эпикалық шығарманы 10 айда бітіріп, «партияға тарту» етеді. «Еңбегіңе 500 сом зейнетақы береміз» деп уәделескен компартия ақырында ақынды «ескішіл, діншіл ақын» ретінде кінәлап, абақтыға жабады. Тұрмағамбеттің жастан жиған қолжазба мұрасы аса қомақты болған­дығын ескерсек, солардың көбі қуғын-сүргін жылдарында тәркіленіп, әркімнің қолында кетуі – таңданарлық нәрсе емес. Тапқыр тілімен қазақты қойып, көр­ші өзбек пен тәжік оқығандарын тамсан­дырған шайырдың аңызға айналған бірқақпайлары қазақ зиялыларын да, түрме бастықтарын да қызықтырмай қоймасы анық еді.

Көшіп-қонып жүрген Тұрекең өзінің кейбір қолжазбаларын Т.Жүргенов сынды жақын інілеріне, Қалмақан, Өтебай секілді хатшыларына сеніп қалдыруы бек мүмкін. Ал солардың қайсыбірі аталған азаматтардың қолымен кітапхана қоймаларына өткен шығар. 30-жылдары Алматыда «Ағарту, мәдениет қоғам­дары» ашылып, онда көптеген қалам­герлер қызмет атқарды. Ел-жерден тілші­лер тартылып, халық ауыз әдебиеті үлгі­лерінің бай қоры жинақталды. Сөз болып отырған қолжазбаны аталған мекеме өкілдеріне Тұрмағамбеттің өзі өт­кізуі мүмкін-ау деген де ой келеді.

Ендігі мәселе – Сыр сүлейінің осы қол­жазба жинағын кітап етіп шығару жайы. Бүгінгі күнге дейін бірқатар ел азаматтарына «сауын» айтқанымызбен, әзірге ұсынысымызды қолдай қоятындай азамат табылмай тұр. Әлбетте, биыл дү­ниеден өткеніне 80 жыл толған Тұре­кеңнің мұрасына Сырбойлық жерлестері мұрын шиырып отыр деуден аулақпыз. Ойлаған адамға Тұрмағамбет ақын әлемі Сыр өңірімен ғана шектелмейді. Ұлы шайырдың соңында қалған мол әдеби мұрасы Қазақстан, қала берді Орталық Азия руханиятының шеңберінен шығып күллі адамзат мәдениетімен үндесіп жатқан қым­бат қазына. Сыр сүлейлерінің көш­басшысы саналатын Тұрмағамбет Ізті­леуұлы Абайдан соңғы әдебиет тарихында есімі Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Шәді төре, Майлықожа, Шораяқтың Омары сынды ойшыл, оқымысты, дас­таншыл шайырлардың алдыңғы қатарында аталатын айтулы қалам иесі. Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» стра­те­гиялық мақаласында атап көр­сетіл­­ген «Ұлы дала есімдері» арнайы жобасы аясында Тұрекеңнің жаңадан табыл­ған қолжазбасын жарыққа шығару – Сыр бойы халқының рухани санасын жаңғырту бағытындағы қайырлы қадам.

Серікбай ҚОСАН, түркітанушы, ф.ғ.к.

author

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...