немесеКөкбай ақынның әншілік өнері жайындаКөкбай Жанатаев (1861–1925) – Абайдың ең талан...
Біржан салдың балалары
ТЕМІРТАС ПЕН ҚАЛКЕН
Көкшенің шығыс жақ етегінде, Бурабай көлінің жағасында, шамасы, 1901-1904 жылдары ағылшынның Боргул деген капиталисі консерв заводын ашып, сол маңның еңбекке жараған адамдары заводтың жұмысын істеді. Біз де көп жыл сол заводта жұмыс істедік. Біржанның баласы Теміртас 1916 жыл осы заводқа жұмысқа түсті. 1918 жылдан бастап осында милиционер болып істеді. Теміртас келісімен елмен танысып, араласып кетті. Жастардың ойын-сауық тойынан қалмайтын, сүйікті адам болып алды.
Теміртас ұзын бойлы, сида, ашық өңді, кең маңдай, қара қасты, қыр қабақты, мойыны ұзын, жарау қара торы жігіт еді. Теміртастың мінезі сыпайы, сөзге шорқақтау, сөйлегенде орысшаны араластырып отырушы еді.
Теміртасты құрметтеп, бір күні біздің үй қонаққа шақырды, ол қасына екі жолдасын ертіп келді, сонда менің әкем Теміртасқа: «Кешегі жақсының баласы екенсің, әкең Біржан әкемізбен дос еді, жыл сайын келіп, өлең айтып, ән салып, думан қылып кетуші еді, мына төр әкең отырған орын, енді сен отырсың. «Атадан ұл туса еді, ата жолын қуса еді» деген сөз бар, атаңа тартып жақсы бол, талабың қайырлы болсын»,— деді. Теміртас бұл жерде салмақты, сыпайы сөйлесіп отырды. Бір кезде: «Салдың баласы қонақ қаде айтсын!»—деген ұсыныс болды. Сол-ақ екен, отырғандар Біржанның әндерін сөз етіп кетті. «Сал әнін төмен бастап, көтеретін жеріне келгенде, әнімен бірге өзі де көтеріліп, дөңгеленіп, өлеңі біткен соң орнына қайта келіп отырушы еді» десті. Даусының күштілігі сонша, терезе әйнегі зіркілдеп, ілулі тұрған поднос, от басындағы құман-легендер бірге күңіреңіп тұрушы еді» дегенді де айтысып жатыр. Біреулер: «Біржанның шырқаған даусы естілгенде, мал сауып отырғандар сауынын қоя қойып, малдарын исіндіріп алушы еді»,— деді. Біржанның «Аққайын,», «Бурылтай», «Көлбай—Жанбай», «Ләйлім шырақ», «Көкей кесті» әндері сөз болып, әңгіменің өзі думанға айналды.
Теміртасқа өлең айттыру деген сөз қайта басталды. Бір кезде, Теміртас қысылып, көптің тілегінен құтыла алмайтын болған соң:
— Менің елеңмен зауқым жоқ еді, алайда, бірдеңе айтайын,— деп, жаңа әнмен жаңаша бірнеше ауыз өлең айтты, оның бұл өлеңі бұрын біз естімеген, оны біз қызығып жазып үйреніп алып, елге таратып та жібердік.
Теміртас бұл қызметінде екі-үш жыл істеп, сонда жүріп, бізге жақын Сатай деген кісінің Күлжәмила деген қызын алып, еліне көшіп кетіп еді. Содан кейін 1924 жылы, қызмет бабымен сол елге барып, жатар үйім Теміртастың үйі болды.
Мен үш жылдай осы елде қызметте тұрып қалдым. Бұл кезде сауатымыз ашылып, сана сезіміміз көтеріле бастаған кез еді, мен Біржанның өмірі, балалары, басқа туыстарымен таныса бастадым...
Теміртас әйелімен 1935-36 жылдары қайтыс болды. Біз Теміртаспен өмірінің ақырғы кезіне дейін дос болып, байланысып жүрдік. Теміртастан үш ұл: Шәріп, Мұхамметқали, Мұхаметжан, бір қыз: Жамал болды. Қазір Мұхамметқали мен Жамал үйлі-баранды болып отыр.
Біржанның сүт кенжесі — Қалкен. Біреулер Біржан өлеңдерінде Қалкенді қоспау себебі не екен деген сұрау қояды. Сол елде Қалкеннің туғанын білетін адамдар былай дейді. Қалкен Біржан барында туып қалды, бірақ Қалкенді Біржанға көрсетпепті, өйткені ол кезде Біржанның сырқатқа ұшыраған шағы екен. Қалкеннің түсін көрген қарттар: «Япырай, салдың аузынан түсіп қалған, маңдайы, ерні, көзі, көз қарасы, нағыз Біржан»,— деп таңырқап отырушы еді.
Қалкен орта бойлы, аш өңді, жұқа ерінді, қара қасты, келте мұрын, қыр қабақты, ақ құба жігіт еді. Қалкенмен замандас болып, кей кезде ойнағанда: «Салдың сүт кенжесі, салдың бар асылы сенде қалған болар, қане өлең айт, ән сал»,— деуші едік. Қалкеннің ойын-сауықпен әуестігі жоқ еді де, ол жағына келгенде, азарда-безер болып қашушы еді. Қалкен отырғанда шынтақтап, бүйірін таянып салдарша отыратын еді. Оның ол отырысына да біз салдың өзі болдың деп қалжыңдайтынбыз.
Қалкен, шамасы, 1896—97 жылдары туған болар деп шамалаймын.
Қалкеннің мінезі өте сыпайы, қырмызы жібектей қырық оралушы еді, Қалкеннің өмірі жетімдік, жоқшылық, жетіспегендікпен өтті. 1923-24 жылдардан бастап ол «Степняк» алтын заводының «Ермовка» деген бөлімінде смотритель болып істеді. Ол кезде өндіріс жағдайы жақсы емес, алтын жуатын жері шаң-тозаң болып, алтын жуған кезде, кислотаның көк жалыны тұман болып тұратын. Басқа уақытта су-дымқыл болып жататын. Сондай жағдайда Қалкен сырқатқа шалдығып қайтыс болды. Одан тұқым қалмады.
БІРЖАН МЕН БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ КЕЗДЕСУІ
Атақты Балуан Шолақтың баласы Құдайберген Шолақов Біржан мен өз әкесі туралы (1964 ж.) мынадай әңгіме айтты:
— Сырқаттанып жатыр деп естіп әкем әдейі барған соң, Біржан разы болып көңілденіп, масайрай бастапты. Әкем сол елде қасына Біржанды ертіп қыдырып тоғыз күн жүріпті. Ауырды-шалықты деген Біржан бір сыр білдірмей, кезегі келген жерде өлең айтып, ән де салыпты.
Әкеме қайтарда:
— Әй, қарағым Шолақ-ай, келгенің өте жақсы болды-ау. Шіркін-ай, жұрттың бәрі сендей болмады-ау!— деп разы болып аттандырып қала беріпті.
Бұлар аттанып кетіп бір жерге қонып отырғанда, артынан шапқын келіпті «Біржан қайта сырқаттанды, сізді шақыра жіберді»— деп.
Әкем: «Алдымда барайын деген жұмысым бар еді, екі-үш күннен кейін барам»,— деп қайырыпты.
Біржанның сырқаты содан меңдей ауырлай беріпті, оны әкем сырттан есітіп, меңдеп кеткен сырқат қой, енді болмас деп, қайыра оралмапты.
БІРЖАННЫҢ ЖҰБАЙЫ ӘПІШ ТУРАЛЫ
Біржанның Нұржан деген туған ағасының Сыздық деген баласына қосылған Рахия деген келіні (қазірде Павлодар да тұрады) мына әңгімені есіне алып маған жазып жіберді.
«Мен 1914 жылы Сыздыққа қосылдым. Сонда біздің үйлердің үлкені Әпіш шешеміз бен өз шешем (Нұржанның әйелі) болатын. Әпіш шешеміз ұзын бойлы, сұңғақты, ат жақты, қыр қабақты қара торы адам еді. Теміртастың бойы, өңі, қас-қабағы шешесіне тартқан болатын. Шешеміз ақыл иесі, терең ойлы адам еді, оның ондай қасиетін бертін келгенде үлкен адамдар қадірлеп айтып отыратын: «Осы Әпіштің ақыл-ойы адамнан артық, шыққан тегі жаман адам емес, осы төркінінің жоғына қарағанда, перінің заты болар», дейтін. Осы шешеміздің айтқаны бойынша мына бір оқиғалар есімде қалыпты.
Атамыз Біржан серілік — салдықпен ел кезіп, «Қыр» еліне барыпты. Бір жерде өлең айтып, ән салып, тыңдаған халықтың құлақ құршын, мерейін қандырып, ойын тарқар кезінде, шешемізді көріп қалады. Ол бой жетіп отырған қыз екен. Екеуі ымменен сырласыпты. Ауызба-ауыз сөйлесуге көптен қаймығып тарасыпты. Сол кезде бір ауылда ойын болып, бұлар сонда барыпты. Сол жерде сөйлесіп бірін-бірі сүйетінін айтыпты. Солай бола тұрса да, қалың елдің ішінен жалғыз жүрген әнші қалай қыз әкетеді, соның ебін таба алмай дағдарысып қалған кезде Әпіш шешеміз ойлап ақыл тауыпты:
— Сері, мына ел кешеді. Бұл жерден ұзайды. Сен де бұл елден кет те, бір жұмада мені мына моладан тап, мен сонда келем, тірі болсам сенімен кетем, сенімен кетпесем, өлсем осы молада өлем. Менің орным осы мола болып қалсын,— депті.
Атамыз елден аттанып кетіп қалған болады да, ана ел көшіп екі-үш күндік жерге кеткенде, төрт күннен кейін оралып келсе, анамыз Әпіш сол молада отыр екен. Бұл жерге келгеніме екі күн болды депті. Сол бойда екеуі түнделетіп жол жүріп, күндіз жапан түзді паналап ел шетіне жетіпті. Шешеміз содан кейін ел-жұртын көрмепті, оны іздеп ешкім келмепті. Ол: «Менің елі-жұртым, туған-туысқаным осы сері ғой. Бір деп білегінен, екі деп етегінен ұстап келдім ғой, мені жұрт не десе о десін!»— деп отыратын. Шешеміздің көңіліне қарап, елі-жұртын біз сұрамайтынбыз, осыдан басқаны ол кісі айтпайтын.
Біржан атамыз бертін келе Сараны екінші рет тағы іздеп бармақшы болыпты. «Мына әйеліңді, көрінген балаларды қайтесің, бір жерде қаңғырып жүріп өліп қаласың»,— деп Нұржан атамыз разылық бермепті. Сонда Әпіш шешеміз ақылға жеңдіріп, рұқсат әперіпті. Атамызға: «Мен Салдың атағын күтіп, жас бөбектерді бағып отырам. Сал өлең-әнге бола жаралған адам ғой, жолы болсын»— депті. Бірақ, жолдың ұзақтығынан, қолының қысқалығынан Біржан атамыз елден ұзап шыға алмапты.
БІРЖАННЫҢ ҮНІ, ДАУСЫ ТУРАЛЫ
Біржанның үні, даусы туралы ел ішінде мынадай аңыздар көп айтылады.
Біржанды он бес-жиырма жасында көрген. 92 жастағы Айтжан Қонды баласы былай дейді:
Бір жылы ел жаз Шағала көліне көшіп шығып, төл аяқтандырып отырған маусым еді. Бір күні кешке кенеттен бір үн, аңыз естілді. Мал сауып отырған сауыншы сауынын қоя қойып, отын ұсақтап отырған адамдар, балтасын көтерген күйі тұра қалып, мал қайырған адамдар да тоқтап тыңдай қалыпты. Бұрыннан даусына, үніне таныс адамдар: «Мынау Біржанның даусы, әнді қайда салып тұр екен? Мұнда келе жатыр ма екен?»—деп, жорамалдап жатты. Біраздан кейін, дауыс алыстай бастады, оның үні әркімнің құлағында қалғандай болды. Сол түні кәрі-жастың, барлық ауылдың әңгімесі «Біржан қай ауылда, кімнің үйінде ән салып отыр екен» деумен болды. Осы жоғарыда айтылған Шағала келінін, күн батысында Қотыр, Сейтен, Жабағы, Қатық, Қонды, Көшербай ауылдары деген орманды жағалай аралары төрт-бес шақырымдай қашықтықта отыратын ауылдар болатын. Біржанның осы салған әні осылардың бәріне естіліпті. Бәрі таңырқапты. Артынан сұрастырсақ, сол күні Біржан үлкен қара жолмен Жабағы ауылына өтіп бара жатып ән салған екен. Сол жолдан мына айтылған ауылдар он-он бес шақырымдай болады.
1925 жылы, сексеннің ішіне мол кірген Бейсеннің Қорқытбайы деген адам былай деді:
Қазіргі Қонды жұрты мен Көшербайдың ауылының, екі арасы қалың орман еді. Иса ауылында бір жұмысымыз болып, жанымда Шайтім деген інім бар, келе жатыр едік. «Жол қысқарсын, Шайтім, өлең айт»,— дедім. Шайтім сол күнде жаңа шығып жүрген Біржанның «Қаудырлеттім»2деген әнін айтып келе жатты. Кенеттен, екінші жақтан, алдымызда екі атты адам көрініп, бізді тосып тұрды. Біз жақындап келіп, сәлем бердік, біздің сәлемімізді алды. Бірі — Біржан екен, ол басқа сөзге келмей: «Әй, «Қаудырлетке» басып келе жатқан қайсың?»— деді. Мен:
— «Мынау менің інім еді»,— дедім. Сонда Біржан: Әй, сенің қаракөкті жылқыңда менің не жұмысым бар, ал енді менің «Қаудірлеттімде» сенің не жұмысың бар? «Қаудірлетке» бассаң, былай бас»,— деп, шырқап кеп жіберіп еді, қалың орман, сыңсыған тоғай жаңғырып кетті.
Содан соң Біржан: «Ал қош болыңдар!»— деп жүріп кетті.
Шайтімге қарасам, қара терге түсіп, қарадай булығып тұр екен, «уһ» деп демін алды.
«ЛӘЙЛІМ ШЫРАҚ» ӘНІ ТУРАЛЫ
Аңыз
Өзі өлсе де, сөзі өлмей, қазақ халқының әнінің атасы болған Біржан жөнінде талайлар қалам тартып, оның асқақ әндерін, жан дүниесіне нәрлі азық бергені жөнінде аз айтылған жоқ. Сондықтан да ескерусіз әлде елеусіз келе жатқан бір ғана нәрсені оқырмандар есіне салғанмын.
Атақты Абай:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй!—
деп еді ау! Дәл осы Абайша сүйген Ләйлі туралы бір аңыз әңгімені 1946 жылы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданындағы алтын кені Степняк тұрғыны қарт Мұқаннан естідім. Бұл жер әнші Біржанның кіндік кесіп, кірін жуған жер. Оның топырағы да сол жерде. Қабірін көріп, қатты ойда тұрған маған қарт Мұқан:—Балам, жасым 87-де, марқұм Біржанның қырық шақты әнін де білем, бірақ бәрінен маған қымбатты да, қасиеттісі де — «Ләйлім шырақ» әні, бұл әнді Біржан бозбала күнінде Жолдыөзек бойындағы Қарауыл елінде салдық құрып жүрген жас шағында бір қызға ғашық болып шығарған екен. Сол қызбен көңіл қосқан Біржан қолға түсіп, аяқ-қолы байлаулы байдың ас-суы тұратын қараша үйіне қамалады. Кеше ғана оның айналасын қоршаған жігіт-желең, қыз-келіншектерден қадірменді құрбысына жан тартқан біреулері қолын шешіп, босатып жібергенде атына барса, бұрынғы шідері жоқ, атының аяғы тұсаулы екен. Қара түнде ауылдың сыртында атын ерттеп, шылбырынан ұстап отырып, осы әнге басқан екен.
Ән шыққан жаққа жүгірген жастар Біржанды көріп, ауылға шақырады. Ол сол ауылдағы қадірлі бір адамдарына, қыздың жақын ағалары Көлбай мен Жанбайға апаруын өтінеді. Есіктен кіргенде «дәт» дейді.
— Айт, не дәтін, бар?— дейді Көлбай.
Сонда Біржан: атымның аяғынан алтын шідерім ұрланды, оны сенің қарындасың Ләйлі алды. Шідерім қымбат еді, ең кем қойғанда қырық қысырақ еді — деп тұспалдайды.
Шіркін ғашықтық-ай десеңізші! Ол тосқауыл, тоқырау дегенді елеген бе? «Ғашықтықпен ойнама» атты пьеса жазған Испан халқының атақты драматургі Де Ла Барка Кальдерон (1600—1681) өзінің досына қиыншылықтан қорқып, ғашықтықтан тартынған бір фактіні сен айта алмайсың, кедергіні кесіп өткен, немесе өтпекші болған мына мен айта аламын — деген екен. Солай бола тұрса да қазақ қоғамының өткен өмірінде ғашықтық деген шығыс халықтарында болған дәрменсіз күйреуік, жылап-сықтау арқылы аяушылық, қайыр-қайырым іздеу, алласының атымен арыз айту сияқты нәрсе кемде-кем болған.
Патриархал-феодалдық дәуірдің өзінде ғашық болған қазақ жастары әрекетсіз қалған емес, жалынды жарып, түнектің тұнығын шайқап, үстінде ойнаған ажал оғын серпіп тастап, мақсатына ұмтылғанда Біржанның:
Жайлаған Жолдыөзекті көп қарауыл,
Қызды ауыл, қымызды ауыл, қызықты ауыл.
Талпынған ғашығына от жүректің
Жалынын сөндіре алмас соқса дауыл,—
дегені (Мұқанның айтуынша) де осыған дәлел бола алады.
Сондағы Ләйліге арналған ән осылай басталады екен. Мұны қарауылдың атақты әншісі Жүсіпбек Қасымұлының ауызынан да естігенім бар-ды (ол 1924 жылы жетпістен асып өлген әнші).
Көлбай, Жанбай дегенге, Көлбай, Жанбай,
Шідерімді кім алды, Ләйлім алмай?!
Шідерімнің балағы алтын еді-ау,
Барамын сол себептен шыдай алмай!
хәләлім Ләйлім-ай-ай!
Ләйлім шырақ дегенге, Ләйлім шырақ
Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ,
Алтын болсын, жез болсын өзіме бер,
Бағасы шідерімнің қырық қысырақ!
(Қайырмасы)
«Ләйлім шырақ» әні осылай туады. Қызға ғашық болса да айтатын өтіл таба алмай, шідерді сылтау еткенін түсінген, жастық емтиханынан еткен қыз ағалары:— осы жігіт бір қызға татиды, теңі келсе, тегін бер деген емес пе — деп, Ләйліні Біржанға береді. Той тарқағасын, аттандырады, бірақ қызды ертіп апаратын кісі болмайды. Өйткені қалыңсыз берген қызға ноқта байлап келген құда болмағасын, апарып салуға болмайды, аяқтай өздері кетуі керек.
Біржан мен Ләйлі арада екі қонып, үшінші күні шағалалы (Степняктан он сегіз шақырым) басында отырған ауылына жақындау жерге Ләйліні түсіріп, озып ауылға келіп, жеңгелері, жастар Ләйліні келін түсу дәстүрі бойынша ауылға әкелген екен.
Ләйлі әні басында ұзақ бір ауыз өлеңді Біржанның өзі үшке бөліп, үш түрлі әнмен айтатын еді,— дейтін Мұқан қарт. Тегінде сонан болса керек: «Ләйлім шырақ», «Шідер», «Көлбай-Жанбай» атты үш ән болып жүр. Бірақ бұлардың мазмұны — бір ғана — «ұрланған» шідері туралы Ләйліні сұрау.
Текстің өзінде де ала-құлалық, сан құбылған жаңсақтық та аз емес. Әсіресе әннің қайырмасы хәләлім, ләйлім — нюанс мәнінде екіұшты мағына береді. Мұны Мұқан қарттың түсінігінше арабша хәләл-әйелім деп меншіктеу, яғни, менің әйелім — деген мәнде айтылды деуге де болады. Болмаса, әшейін халық ауыз әдебиетінде әлеуләй мәнінде айтылған деуге де болады. Біздің байқауымызша осының алғашқысы көкейге қонымды сияқты.
Сонымен қатар, қалыңсыз қыз беру сонау ерте заманнан келе жатқан, ғұрып, әдеттің сарқыны сияқты. Олай дейтініміз қазақ халқында кейінгі екі-үш ғасыр бойында қалыңсыз қыз берілгені туралы дерек жоқ, онан бұрынырақ та елдің ерекше шыққан батырға, өнерпазға қалыңсыз қызды берген фактіні жиі кездестіреміз.
Әнді қай халық жек көрді десеңізші! Сонда басқа халықтардың көпшілігі музыканы асыра бағалайды да, әнді соның тасасында қалдырады. Ал қазақ халқы ән дегенді музыкасымен қоса түсініп, рухани мәдениеттің ең жоғарғы сатысына көтереді. Шарықтап қалқып, құдия құйылған асқақ ән қаны қарайып, көзі қанталаған қаһарлы қолдың қылышын қағып тастап, жауының жүрегіне жол тауып, ашудың алмасын да ерітеді. Біржан әнінің бірі «Ләйлім шырақ» та оның өз орындауында дәл осылай болған ғой! Қалың ел Қарауылды жападан жалғыз жүріп жеңіп, аруын алып кетуі сырлы әннің сиқырлы күші ғой. Жақсы ән мен күй бір сәтке болса да қызған қорғасындай балқымайтын қатал жан жер үстінде кездеспейді,— дейді Шекспир. Сондай бір сәтті кезге, жүйрік тіл, ұшқыр қиял, асқан өнер Біржанды да бір қияға шығарған.
Шіркін, Біржан, қандай абзал жан едің!
Ғайнетдин Мұсабаев.
БІРЖАНДЫ КӨРГЕНІМ
1939 жылы июль айында Аманжолов екеуміз Көкшетауды араладық. Көкшенің сұлу жерлерімен бірге Біржанның, Шолақтың, Бекахметтің, Әпіш ақындардың туған жерлерінде болып солар жайындағы елдің ауыз әңгімелерін көп есітіп тыңдадық. Әнші, Тілеубайдың Ахметжаны, Еркесарының Мұқаны, Асантай күйші, Ысмайыл, Ысқақ деген қариялар, Шолақтың қызы мен баласы Біржанның ағайын жақындары бәрі бізге неше түрлі қызық әңгіме, өнер жәрмеңкесін ашқандай болды. Қасым толып жатқан жаңа ән-күйді жаттап қайтатын болса, мен қариялардың бірқатар әңгімелерін жазып алып едім. Олар Біржанның туған, өлген жылдарын, ата тегін таратып айтып берді. Жетісуға, Найманға барып, Сарамен айтысқаны жөнінде бірталай деректерді анықтап, әңгімені бабына келтіріп, майын тамызып шебер айтатын Тұран баласы Ысмайыл қария да сол кезде жетпістің ішінде, онымен құрбы Ысқақ қалжыңдап, Ысмайылдың әңгімесін мақұлдап, толықтырып, не сынап-мінеп отырады. Ысмайыл былай деді:
Біржан Сарыарқадағы жәрмеңкенің барлығын аралап, орыс, қазақтың бәріне бірдей әнін шырқап салған адам ғой. Қоянды, Атбасар, Тайынша, Ботау, Ірбіт жәрмеңкелерін, Омбы, Семей, Ақмола, Қызылжар, Орынбор қалаларын да талай аралап көріп, сайран салған сабазың емес пе? Біржан орыстың, ноғай, башқұрт— суан, қырғыз, шүршіт, тағы басқа жұрттардың әндерін де білетін. Қояндыға барса, тез оралмайды. Алтай, Қуандық, Қаракесек, Сүйіндік, Найман, Тобықты елдерін аралап, ән салып жүретін. Қасындағы жолдас-жорасымен түгел олжалы болып қайтатын. Бір жолы Қояндыға барғаннан қайтпай, бірнеше ай тобықты Құнанбай ауылында болып, келер жылғы жәрмеңкеге қайта қатынасып елге келген. Құнанбайдың баласы Абайды осы жолы мақтап қайтқан екен. Сараның даңқын да Қоянды жәрмеңкесінде есітіп біліп келіп, қасына елден таңдап бір топ нөкер ертіп Сарамен айтысып жеңіп қайтыпты, Қасына ергендердің ішінде ағасы Нұржанның баласы Ахметжан, Атығай, Тоқабай дегендер болса керек.
Сарамен айтысқаны жөнінде Біржан өзі — ондай ақын қызды өмірімде көрмедім, басы байлаулы әйел болғасын тосыла берді ғой. Әйтпесе алдыратын емес. Шаңын көрсетпес саңлақ еді. Кеудеге, есерлікке басып жеңдік деп кеттім, үйтпесе Сараға тең түсер адам жоқ,— деп әлде неше рет айтқанын жақсы білемін. Біржанның салған әнін бала кезімнен бастап естідім. Ол керемет әнші еді. Біржанның дауысы он-он бес шақырым отырған ауылға жетіп, даланы жаңғырықтырып жіберуші еді, шырқап ән салғанда тамағы, кеңірдегі ісініп толып, бас терісі, бет-ауыздары тегіс өзгеріп, басында да тақиясы бір орында тұрмай әрі-бері қозғалып билеп жүретіндей көрінетін. Мұндай күшті, зор дауысты естігеміз жоқ, ақырын шырқағанда аспан асты, жер үсті қалтырағандай жер-тау қозғалып, көл шайқалғандай болушы еді.
Байлаулы жатқанда Біржанды әлденеше рет көрдім, жылап еңіреп өлеңін айтып, қалжырап барып ұйықтап кетеді. Шошып оянып, тағы да өлең айтатын. Есі бірде бар, бірде жоқ сияқты. Жүдеу, сақал, шашы ағарған, алынбаған, көзімен ежірейе қарағанда өткір еді, өңменіңнен өтіп кете жаздайды. Біз жас жігіттер сонысынан қорқып, шыдай алмай шығып кететін едік. Бір барғанымда қасында екі-үш шал, бір кемпір отыр екен. Жайбарақат әңгімелесіп, жасындағы көрген қызығын есіне түсіріп, ел жайын сұрап, алыстан жолаушылап қайтып, өзінің ағайын, ел-жұртының жайын білгісі келгендей халінде екен. Шалдар берген сұрағына тиісті жауабын айтады. Бір кезде жалынып аяқ-қолын шешкізді онда да тыныш отырды, өзімен өзі сырласқандай, домбырасымен сөйлескендей күбірлеп отырды. Шалдың бірі сыбырлап «тары бүлдірмесе жарар еді» деп еді, соны құлағы шалып қалды да, Біржан — ия бүлдірем, дүниені бүлдіріп-ақ келгемін, бүлдіріп кетем деп, қолына түскен нәрсені лақтырып қирата бастады. «Шалдар сорлы-ай! Бишара-ай» деп, ауру Біржанды қоршап, қайтадан қол-аяғын байлап тастады. Біржан ешкіммен тіл қатпай сұлық түсіп жатты. Шалдар енді тимеңдер тынықсын, деп шығып кетті. Біз де бірге шықтық.
Біржан ауырып жынданды десе де, төңірегіндегі елге қадірлі болды. Оның көңілін сұраған жұрт ағылып келіп жатты.
Керей мен Елтоқ елі құдандалы: ауыл арасы жақын ғой. Біздің төңіректе Біржанды мінеген адамды көргеміз жоқ, бәрі де өнерін асыра мақтап, соңғы кезде ауруға шалдыққанын айтып аяйтын еді. Жанбота тұқымыменен Біржан, оның, ағайындары тату-тәтті құдандалы еді. Бұлардың арасында араздық болған емес, қайта олар, оның балалары бәрі Біржан арқылы Қожағұл әулетімен дос болып кетті. Біржан ел аралап, әсіресе біздің Елтоқ ішіне келгенде қасына бір топ нөкері болушы еді. Бір-екі рет сол топтың ішінде, Шолақ бәрі келді. Ол кезде Біржан қария ел ағасы сияқты да, Шолақ жас жігіт, есер, мақтанып сөйлейді. Бірақ Біржанның алдында кішілік, сыпайылық сақтайтын. Ал Біржан жасына қарай, салмақты мінез көрсеткен жоқ. Сол Шолақпен қасындағы нөкер жігіттермен замандас, құрбыларындай күліп ойнап, әзілдесіп отырғандығын елде жасы үлкен қариялары ұнатпады. Пайғамбар жасына келсе де, мынаның жыны басылмаған екен, жын-шайтан билеген адамға дауа болмас деген сөздерді естігенім бар. Қасындағы Шолақ тағы басқа жастардың қыз-келіншекке айтатын қылжақ сөздерді көбірек айтса, Біржанның қышыған жеріне тиетіндей; жаны кіріп балаша мәз болып отырады. Біржан қартайғанда, өте сыпайы, сәнді киінетін. Ол есер емес, тәкәппар да емес, сәнді салтанатты адам болатын. Ауыл аралас, қой қоралас отырған жапсарлас Керей мен Майлыбалта елінің арасында дау-жанжал, барымта, партия тартыстары бірде өршіп, бірде бәсеңдеп жүріп жатқан мезгілдерде, Біржан ондай тартыстардың ешбіріне мән бермей, халықтың бәрімен де тату-тәтті достасып өзінің ойын-сауық, әндерімен шұғылданып күліп-ойнап жүре береді екен. Осы мінезіне қарап, Керейдің кейбір шонжарлары ел намысын жоқтай білмес есуас деп Біржанды талай рет кінәләпті.
Біздің төңіректе дәл Біржанның өзіне пар келер өнерпазды көре алмадым. Шолақ алдыменен палуан ғой, Керей ішінде Бөкеннің Хамиті, Сары балаларынан Бекахмет пен Мариям, біздің елдегі Мұқан бәрі де сол асылдың сынығындай әншілер ғой.
Жазып алған Есмағамбет Ысмайылов.
БІРЖАН САЛҒА МҰСА БЕГЕНҰЛЫНЫҢ АҚЫЛ БЕРУІ
Біржан сал алыстан Сараның ақындық-айтқырлық даңқын естіп, қайткенде іздеп барып онымен айтысуды арман етеді. Жол алыс, ел шалғай, оған мықты жолбасшы адам, алыс жолға талмайтын көлік керек болады. Бұл екі араға сауда жолымен жүретін керуендер күз кетіп, келер жылы жаз қайтады екен. Жолдың алыстығын жолдағы шөлейт сусыз даланың қиындығын ел жақсы білетін де еститін. Біржанға еріп ит арқасы қиянға бірден мен барам деп жолдас шыға қоймайды.
Осы дағдарыспен арада екі-үш жыл өтеді, бірақ барам деуден Біржан қайтпайды. Барам дегенін ақылдасқан ел адамдары мақұлдай да қоймайды. Өйткені алыстағы Найман елінің Біржан елімен еш байланысы жоқ. Сарамен айтыссын, жеңсін-жеңілсін, ол елге түсер пайда жоқ. Өйткені Найман — алыстағы ел. Бірақ әуелгі ниетінен қайтпай Біржанның елден жалғыз шығып кетіп бара жатқанын көріп амалсыздан немере туысы Ахметжан еріп шығады. Бүл екеуі Ақмолаға дейін келіп одан аса, Қуандық — Сүйіндік, Алтай — Тоқаны аралай отырып, руы Жауар Мұса Бегенұлының үйіне келіп түседі. Мұса жасынан Бекетші болып ұлықтардан сый алған адам екен. Мұса көп елді аралап, көп жүрген адам екен. Ол үйіне қондырып, Біржанның өлең-әнін естіп жөн сұрайды. Ақыры бір жұма үйіне жатқызып ақыл айтады. Мұсаның ақылы былай болады:
— Найманға тура барам деме, жолдың алыстығына қарамай ел аралап, Ертіс жағалап, Семейлетіп Аягөз арқылы бар.
Ол елдің шетіне барған соң, Сарамен айтысуға келемін деп жар шашпа. Қайткенде тар жерде, ойланбай қапылыста соқтық.
Руым Керей елімін деме, Орта жүзде Керей аз ел. Онда жеңілесің. Орта жүздің аруағын көтере, Арқаның бұлбұлымын де, Арқаның басты адамдарын, байларын біліп алып, Найманның ер азаматтарымен ерлік дәрежелерін жарыстыр. Найманның басты адамдарын біліп алып, Сараның кіммен айтысып, кімнен жеңіліп, кімді жеңді, мақтаныш ететін қандай адамдары бар екенін біліп ал деді.
Біржан елден жеке шығып кетсе де, Сарамен айтысып жеңіп қайтуына, Мұсаның ақылы да себепші болды. «Біз елдетіп жүрмесек, жалғыз атпен Найманға жете алмас едік те, Найманның ақыны Сараны жеңе алмайтын да едік. Біржанның руым Керей демей, жалпы Орта жүздің атақты адамдарын, байлығын мақтан ету себебі де, осы Мұсаның ақылы болды»— дейді Ахметжан.
Әрі қарай Біржанның жол серігі былай депті:
«Біз елден екеу шықсақ-тағы, жүре бере, Найман елінің шетіне барған соң, әр жерден адамдар қосылып, Найманға жеткенде жиырма-отыз адам болып кеттік».
Ел шетіне барған соң Мұсаның айтқанын істеп, Сараның өсегіне дейін сұрастырдық. Сүйтіп, жиналып барып Сарамен айтысты. Біз бұл жолы көп олжамен қайттық. Олжаның басын әдейі бұрылып барып Мұсаға қалдырдық, бірақ Мұса үйінде жоқ болды.
Осы сапардан қайтып келген кезде, қоныстас отырған Атығай-Керей жерге таласып араздаса бастады. Мұндай жағдайда Біржан елді тастап безіп көршілес ауылдарға кетіп жүрді. Берекесі кетіп дау қуған ел Біржанның салдық мерейін көтере де қоймады, немқұрайды қарады. «Шамның жарығы түбіне түспей, маңына түседі» деген бар ғой. Біржанның өлең-әндері туған елінен де маңайдағы елге көп тарау себебі де осы»,— дейтін.
Әңгіме етіп айтушы Кенжеболат Қосмағамбетұлы, Біржанның аталасы Мырзахмет Мұсаұлы (90 жаста) және Асқаров. Мұсаның туған жиені халық ақыны Хафиз Асқарұлы (60 жаста).
"Біржан сал Қожағұлұлы туралы естеліктер мен естігендер" кітабынан алынды