Тағылымды саяхат

АССАМБЛЕЯ
4780

Алматы қаласы этномәдени бірлестіктерінің Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанаты - «Жаңғыру жолы» аясында Алматы облысының Есік қаласына экскурсия жасап қайтты.

Еліміздегі мәдени және тарихи маңызы зор киелі орындарға саяхат жасау -  өлкетану бағытында құрылған жаздық лагерге қатысушы жастар тарапынан іске асырылған еді. Олар «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына соғып, әртарапта шеберлік сыныптар өткізіп, қазақ халқының салт-дәстүрі және мәдениетімен танысты. 

Қазіргі заманда ақпарат ағыны - буырқанған асау теңіз сынды, көзге көрінген әлеммен қатар виртуалды әлем де қатарласа жарысқан қым-қуыт дүние дерсің. Адамның миын осындай алапат ақпарат ағыны билеген сәтте, кей кезде бәрінен қашып, тыныстағың келеді. Осы орайда белсенді жастар тобы Алматы – Есік өңіріндегі заманауи талапта жабдықталған музеймен танысуды орынды деп тапқан болатын-ды. 

Бұндағы инновациялық технологиялардың арқасында, қонақтар қазақ халқының тарихи ескерткіштері мен білім және танымдық тұрғыда толық мәнді танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар музей аралауды тартымды ететін интерактивтік аймақтар, танымдық тапсырмалар және электрондық мониторлардың қызметін ерекше атап өткен жөн болар.

Музей төрт көрме залынан тұрады. Бұнда Есік төңірегінде жасалған қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген жәдігерлер жинақталған. Сонау сақ дәуірінен бастап орта ғасырлар шамасындағы мәдениетке қатысты небір бағалы артефактардың көшірмелері, сондай-ақ әрқилы қару-жарақ пен тұрмыстық құралдардың сан түрін тамашалауға болады. 

Осы музейдің іргетасын қалаған қазақстанның белгілі археологы, отандық тарихтың жанашыры Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың рухы мен қолының ізін әр жәдігерден аңғарасың. «Алтын адамды» ашып, оны күллі адамзатқа танытқан, біртуар ғалымның құрметіне орай, музей тарапынан: Бекен атаның 1999 жылғы далалық археологиялық лагерінің сұлбасы жасалыпты. Шағындау қазақ үйдің ішінде ғалымның: жұмыс киімі, жер өлшеуіш құралдары, кәрәсін шамдал, карталар мен күнделік жазбалары сол өзінің бар кезіндегідей ыждағатпен жиналыпты. 

Музейге аяқ басқан ынталы жастар: сақ қорғандары, ежелгі петроглифтер, «Алтын адам» қорымы сынды қазақ тарихының баға жетпес асыл мұрасы және байлығымен етене танысты.

Ары қарай саяхат Есік көліне ат басын тіреп, ол жерде әр салалы шеберлік сыныптары өткізілді. Соның бірі қазақ халқының ұлттық тағамдарына қатысты болды.

Қай елдің болмасын аспаздық ерекшеліктері: олардың тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүріне қарай қалыптасқан яғни әр халықтың өмір-салты оның тұрмысына өз өрнегін салады деген сөз. Қазақтың дәстүрлі тағамдары көбіне: ет және сүт дәмдерінен тұрады. Бұл жолы саяхатшылар астың басын бауырсақ пісіруден бастады. Бауырсақ әр қазақтың дастарқанындағы қадірлі дәм болып саналады. Кейбір пайымдарға сүйенсек, бауырсақ сөзінің мәні «бауырласу» дегеннен шыққан көрінеді. Сонымен қатар үйреншікті домалақ бауырсақтан да өзге оның әртүрі болады екен. Пісіру тәсілі бір болғанымен порымы өзге болып келетін шибауырсақ деген бар. Ол дәмді әдетте шай ішер кезде салады. 

Сонан кейін жастар: ұлттық тағамның ішіндегі ең бір дәмді және тәттісі ретінде саналатын сірне дайындауға кірісті. Ол тағамды жасаудың әдіс-тәсілдерінің түп-тамыры тым тереңде жатыр. Айта кетерлік бір жағдай: бұл жолы малды сойып, мүшелеген соң, оны ұзақ сақтайтын орын болмады. Сондықтан етті түгелдей бір үлкен қазанға салып, асты мол етіп дайындауға тура келді. Оның бәрін жеп тауыса алмайтындарын білгендіктен жуық маңдағы көрші-қолаңдарды шақырды. Қонақжайлылық та қазақ халқына тән қасиет емес пе. Бәрі мәре-сәре болып, ортақ дастарханнан дәм ауыз тиді. Ал келесі жолы әлгі көршілері өз дастарқандарынан дәм татқызды. «Ағайын тату болса – ат көп болады, абысын тату болса – ас көп болады» деген аталы сөз сірә осындайдан шыққан болар. 

Сірне деп көп жағдайда малдың жас етінен жасалған тағамды айтып жүрміз. Ал негізінде ол жас малдың етінен әзірленеді. Оны жеңсік ас деп те атайды. 

Жеңсік асты көбіне қозының бойына қом жинаған шағына қарай жасайды екен. Жерге көк қаулап, айнала көкорайға малынған шақта сірне жасау салты қолға алынады. Жас төлдің еті өте жұмсақ келеді. Әрі сіңірсіз сіресіп пісетін болғандықтан оны сірне деп атаған сыңайлы. Тағамның дайындау әдісіне келсек, аса көп жұмысты қаламайды. Етті сүйегінен ажыратып, ірілеп турау керек. Сосын сүйектерді де бөлшектейді. Қазанға бір литрдей сұйық май құйып, әбден қызды-ау дегенде алдын ала туралған етті саласыз. Майға әбден қуырылған етке дәм кіргізетін пияз, аскөк, егер болып жатса көк пиязды да қосып, керегінше бұрыштап, тұз қосасыз. Сонан кейін кілегей немесе жаңадан сауған бие сүтін араластырып, буы шықпастай етіп, қақпағын мықтап, қымтап жабасыз да 40-45 минут аралығында демдейсіз.  

Ауыл жұртына тән тағы бір тәсілін де айта кеткен жөн болар. Лақ немесе қозының іш майын шыжғырып, шыжығын бөлек алып, сойылған төлдің етімен сүйегімен қоса саласыз. Қазанның түбі күйіп кетпеу үшін азғана су құйған жөн. Сосын оның да қақпағын мықтап жауып, қырық минуттай уақытқа бықтырасыз. 

Ұлттық дәм-тұзды әзірлеуде жастар жағынан үлкен белсенділік танылды. Олар әр тағамның жасалу ретін мұқият орындап, соңғы кәдесіне дейін бойларына сіңіруге тырысты. Сонымен келесі тағамның да кезегі келіп, ұйытылған сүтті қатыққа айналдырып, оның сүзбесі - құртқа көшті. Олардың да түр-түрі бар болып шықты. Сықпа құрт, домалақ құрт, сопақ құрт дегендей әр пошымды болып келетін көрінеді. Шиге жайып, күн көзіне кептіреді. Құртты жасау жастарға өте қызықты болды. Сонымен қатар аса қиындығы да болмаған сынды. Бір өкініштісі құрттың адам органиміне өте пайдалы тағам екенін әдетте қаперде ұстай бермейміз. Сондықтан осы ұлттық тағамды насихаттау жағы кемшін түсіп жатқанын мойындауымыз керек. 

Сөйтіп жастар бауырсақ пісіріп, сірне әзірлеп, құрт сығудың тәсілдерін бір кісідей меңгеріп алды. 

Мол дастархан басына жиналған жұрттың көңіл-күйлері өте көтеріңкі болып, арты ойын-сауық, ән-күйге жалғасты. Қара домбыраның қоңыр күмбірі -  бұларды сонау ата-баба кешкен ежелгі бір дәуірдің тұсына апарып тастағандай сезімге бөленді. 

Бұлар ары қарай қазақ үй тігу машығын игері басталды. Қазақ үйдің тігу және жығу әдістерін үйрету үшін қатысушыларға арналып жасалған шағын үй макетімен жаттығулар жасалды. Үйді тігер алдында оның есігін күншығысқа қаратып орнатады. Жаңадан атқан таң ежелгі түркі халықтары мен қазақ жұрты арасында жаңа өмірдің нышаны деп қабылданады. 

Қазақ үйдің ағаш есігі сықырлауық деп аталады. Ол үйдің ішіне қарай ашылады және бірнеше бөліктен тұрады. Олар: маңдайша, қос босаға, табалдырық пен екі жақтау деп бөлінеді.

Әдетте сықырлауықты тақтайдан жасайды. Шеберлер киіз үйді сәулетіне орай оюлармен көмкеріп, өрнектелген сүйекпен жапсырмалай әшекейлеп, сәнін келтіреді. Ал сықырлауыққа әшекей жасау үшін: «шырмауық», «дөңгелек жапырақшалар», «қошқармүйіз», «түйетабан», сияқты бедер-өрнектерді көркемдік ретінде жаратады. 

Қазақ үй немесе киіз үй – көптеген көшпелі жұрттың негізгі баспанасы болған. Арғы жағы Сақ, Ғұн заманынан бері тартқанда қазақ халқы үшін де киіз үй сан мыңдаған жылдар төл баспанасы болып келді. Осынша мол уақыт арасындағы жинақталған тәжірибе негізінде қалыптасқан киіз үйдің өзіндік құрылыс сипаты бар. Атап өтетін болсақ, олар: кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, табалдырық, маңдайша және таяныш секілді басты бөліктерден құралған. Ал бір керегенің өзі көптеген атаулармен аталады. Сондай-ақ керегенің қанаты: төрт, бес, алты, сегіз, тоғыз, он, он екі қанат болып келсе, керегенің басы, қасы, көзі, сағанағы, аяғы, иегі, көгі деп тарай береді.. Сол іспетті шаңырақ, уық және де өзге әр бөліктерінің бірнеше атаулары бар. Бұларды жалпы алғанда киіз үйдің сүйегі дейді.

Үйдің осындай сүйегін әдетте қайыңнан, сәмбі талдан жасайды. Халық арасында сәмбі талды Сыр талы, Қайыр талы, Боз талы деп бөліп айдарлайды. Ал үйдің сүйегін жасайтын қолшеберді «үйші» деген.

Қазақ үйдің сыртқы көрінісі, пошымы мен көлеміне қарай ақ үй, боз үй, қоңыр үй деп ажырататын болған. Бұлай деп аталуына себеп: олардың сыртынан жабатын киізінің түсіне тікелей байланысты көрінеді. Бұндай жапқышты қазақтар «туырлық» деген. Туырлықты  киіз үйдің сүйегіне қарай лайықтап, арнайы құрастырып жасаған. Туырлық біріңғай ақ қойдың жүнінен немесе қоңыр жүннен басылады. Соған байланысты «ақүй», «қоңырүй» болып бөлінетін себебі де содан.  

Шаңырақ – киіз үйдің төбе бөлігі. Оның пішіні күмбезге ұқсайды да міндеті уықтардың ұшын біріктіріп ұстау болып табылады. Шаңырақтың да бірнеше бөлшегі бар: тоғын - ол шаңырақтың негізі саналады, қатты ағаштан жасалып, бетіне өрнек салынады; күлдіреуіш - сәмбі талдан иіліп істеледі, әр иін сайын үш 3 күлдіреуіштен сегізге дейін топталады; ырым – беріктік пен күлдіреуіштердің ыдырап кетпеуін қамтамасыз етеді және оның да бетіне өрнек түседі. Бұл, көбінесе қазақ салтына орай әйелі бала көтермеген жағдайда шаңыраққа орнатылады. Осы ырымға қарап, отбасы балалы немесе баласыз екенін аңғарған.  

Шаңырақ көзіне уықтың қаламұштары кірігеді. Ал тоғын мен беріктікті шаңырақтың ішкі тұсынан өрнектеген.

Қазақ үйдің ең күрделі тұсы кереге болып саналады. Керегені құрайтын әр ағашты «желі» деп атайды. Желінің ең ұзыншағын керегенің «ерісі» десе, одан қысқалауын «балашық» және тым кішісін «сағанақ» дейді.

Сонымен бір қанат кереге: 14 еріс, 9 балашық, 9 сағанақтан құралатын көрінеді. Желілер қиылысқан тұста пайда болған торды - «көз» делінген. Сол көздің көлеміне байланысты оны - «желкөз», «торкөз» деп екі түрге бөлген екен.

Шаңырақ пен кереге арасын жалғастыратын дәнекер бөлікті уық деп атаған. Үйдің биіктігі уығына, ал кеңдігі керегесіне қарай қалыптасқан. Уық саны жайылған кереге басының санына орай болған. Және қосымша ретінде сықырлауық есіктің маңдайына бекітілетін тағы төрт-бес уықты да ұмытпаған жөн. Олардың ұзындығы есіктің тұрқына сәйкес жасалынады.

Қарапайым сияқты көрінген уықтың бойында да бірнеше атау бар: керегеге бекітілетін тұсы – доғалай деп аталады. Оның тесілген жерінен қайыстан уықбау өткізіп тағады. Сондай-ақ уықтың майыстырылған тұсын – иығы және жоғарылаған жағын қары дейді. Қазақ салтына орай уықтың ең ұзын дегені 20 сүйемнен аспаған екен.

Сонымен жастар қазақ үй құрылысымен ыждағатпен танысып, оны тігіп және қайта жығу әдістерін меңгерді. Әрине бұл оп-оңай шаруа бола қоймады. 

Келе-келе қазақтың «Асық ату» ойынымен танысатын да мезгіл жетті. 

Асық – сонау ықылым заманнан келе жатқан қазақтың ұлттық спорттық ойындарының бір түрі болып саналады. Қазақтардан басқа бұл ойынды: қырғыздар, қарақалпақтар, алтайлықтар да ойнайтын көрінеді.

Асық – қой-ешкінің асықты жілігі басында орналасатын сопақша келген мықты сүйек. Аңдардың да тілерсегінде осындай сүйек болады. Қазақ халқы асықты ерекше қасиет тұтады. Ұл баланың бесігінің басына бөрінің асығын ілетін ырым да бар. Онысы пәле-жала, жамандықтан сақтасын дегені, сондай-ақ асық секілді мықты, қайратты болғанын тілегені болар. Қыз баланың  бесігіне еліктің асығын (жабайт) ілген. Ол – әдеміліктің нышанын аңғартқан сынды. 

Асықты ойнау үшін арнайы алаңның қажеттігі шамалы. Тегістеу алаңқай болса жетерлік. Асық ату өте шеберлікті талап ететін ойын. Ол мергендікті, яғни дәлшілдікті, түрлі-түстерді ажыратып, санау қабылетін арттырып, қол буындарының мықты болуына әсер етеді. 

Ойынның ережесі мен түрлері сан қилы болып келеді. Қалай дегемен  жастарымыз осы ойынға ынты-шынтысымен ден қойып, асық ойынының құпиясын меңгеруге қатты ықылас танытты.

Қызықты сапар Есік көлінің жағалауына тікелей жетті. Жастар жай ғана демалып қана қоймай, көл жағасындағы шашылған қоқыстарды тазартып, өздері жүрген төңірекке сән-салтанат кіргізді. Есік көліне келетін адамдар легі баршылық. Өкінішке орай солардың көбісі соңын жинап, тазалық сақтауға олақтық танытып жатады. Бұны - қоғамдағы экологиялық сауаттың яғни тәрбиенің жоқтығынан орын алған келеңсіздік деп есептеу керек. 

Есік көлі табиғи түрде пайда болған көл. 1963 жылы сел апатынан көл жағасы бұзылып, сол жерде демалып жатқан талай адам опат болды. Кеңес үкіметі кезінде бүткім Одаққа танымал демалыс орны болған. Бұл көл табиғаттың өзі жаратқан ғажап маржан еді.

Есік көлін алғаш рет 1856 жылы өз көзімен тамашалаған атақты географ Семенов-Тянь-Шанский табиғаттың осынау тұмса сұлулығын тамсана жазған көрінеді. Күн райына сәйкес көл суы өңін құбылтып, аспанды бұлт торласа лезде лып етіп, қошқыл түске еніп, қорғасын секілді ауырлай қалады екен.

Саяхатшы Семенов-Тян-Шанский: «Жергілікті қазақтар көлді «Жасылкөл» деп атайды» деп жазып кетіпті. Бұл - Іле Алатауының інжу-маржаны, граниттен түзілген жауһар еді. Сол атақты саяхатшы Есік көлін Кавказдың Рица деген керемет көлінен кем түспейтінін баса айтыпты.

Деректерге сүйенсек, Есік көлі мөлшермен осыдан сегіз мың жыл бұрын, алып тастардың опырыла сынып құлауы салдарынан, табиғи түрде жаратылған сынды.

Көлге апаратын жол бойында сақ мәдениетіне қатысты археологиялық ескерткіштер, қорғандар, бейіттер орналасқан. Осы ескерткіштердің ішіндегі ең бір ерекшесі: ұзындығы алпыс метр, биіктігі алты метр шамасындағы  «Алтын Адам» табылған бейіт.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жастар қанаты» тарапынан атқарылған осынау іс-шара - саяхат жасап қайтқан жастарға ерекше қуат пен рухани таным дарытты. Өз еліне, туған жеріне деген мол махаббаттың қандай екенін аңғартып, бойларына отансүйгіштік лебіз сіңдіріп, өз мемлекетінің құдіреті оларды мақтанышқа бөлендірді.

Сонымен қатар, осы сапардағы жастардың ең басты қабылдаған асыл ұғымдары: атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрді, азаматтық ауызбірлікті, Қазақстанның мәдени-тарихи құндылықтарын қастерлеу болатын-ды. 

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Мамандар 23-25 қараша аралығындағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлай...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда оқушылар онлайн оқып жатыр, деп хабарлайды madeniportal.kz.  Облыс аумағында...