2011 жылдың 28 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Медиация туралы» Заңға қол қойғ...
Парида Иманжанқызы: «Біздің еліміз басқа елдерге үлгі»
Мемлекет тек бірлік пен ынтымақтастықта, тыныштық пен бейбітшілікте қарыштап дамитын болады. Осы орайда еліміздің татулығы мен бірлігін нығайту, сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы зор мағынаға ие екенін айта кеткеніміз жөн. Осыған байланысты Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, философия ғылымдарының кандидаты Мамедова Парида Иманжанқызымен сұхбаттасып, көкейімізде жүрген сұрақтарға жауап алған едік.
Парида Иманжанқызы, мемлекетіміз үшін ең маңызды мәселе – елдің бірлігі мен ынтымақтастығы. Қазақстан халқы Ассамблеясы отыз жылдың ішінде бейбітшілік пен келісімнің символына айналды десек артық айтқанымыз емес. Бүгінде осы Ассамблея қызметін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін құрылған Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім мекемесін басқарып отырсыз. Облыста осы бағыт бойынша атқарылған жұмыстар мен жаңалықтармен бөліссеңіз.
Біздің еліміз талай нәубетті бастан өткерсе де қанаты қайыспаған қайсар халық. Қазақстан 140-тан астам ұлт пен ұлысқа пана болған дархан халық. Қазір қаншама елді көріп отырмыз, аздаған халықтың өзінде қырғи қабақ болып жатқан. Біздің еліміз басқа елдерге үлгі. Елбасымыз Н. Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан досқа құшағын ашқан, бітімі мен бірлігін тең ұстаған, бейбітшілі пен келісімді ту еткен көп ұлтты халықпыз. Отанымызды жатсынбасын керісінше сүйсін, аяласын деген ниетпен Қазақстан халықтарының барлығын тең құқылы етті. Олардың мәдениеті мен өркениетін қолдады. Түрлі этнос өкілдерінің басын қосатын әлемдегі теңдесіз, бірлік пен ынтымақтың бірегей институты Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Қазір осы бағытта, ел біртұтастығының жолында еңбек ету үстіндеміз. Бұл мен үшін зор мақтаныш. Өзім басшылық етіп отырған Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бір жыл бойына арналған арнайы бекітілген жұмыс жоспары бар.
Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бағыттарының бірі – қайырымдылықты үйлестіру. Елдегі короновирустық инфекцияның салдарынан болған пандемия жағдайында "#Bizbirgemiz!" республикалық акциясы мен ҚХА-ның індет ошағында жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің отбасына арналған «Мың алғыс» акциясы ұйымдастырылды. Қазақстанның Еңбек Ері және Жамбыл облысы ҚХА мүшесі Мұқаш Ескендіров 38 млн теңгеге, ҚХА меценаты Л.Жабатаева 20 млн. теңгеге, «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі Қордай ауданындағы ауылдық ауруханаға 5 млн. теңгеге дәрі-дәрмек, медициналық желдету-конденсатор аппараттарын алып берді. Облыстық ассамблея мүшелері Муминов Бахром, Исмазов Руслан, Шу ауданынан Мамедова Тамара, Жуалы ауданынан Тейгран Аллахбердиев Евгений Кох адам жанына араша болып жатқан дәрігерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз етті.
Ассамблея меценаты Жалил Аббасов, Рамзан Магомадов, Асабали Поилиев, Мухаббат Турдыева, Махмуджон Давришев, Айша Идыбо, Лугмар Буларов және ҚХА аналар кеңесі және «Жаңғыру жолы» жастары әлеуметтік осал топтағы 20 мыңға жуық отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Пандемия өршуі кезіндегі қайырымдылық көмек 160 млн теңгені құрады.
Фунчи Исмар балаларға 700 мың теңгеге, Абдумалик Шарипов 1500 млн теңгеге смартфондар сатып алып берді. «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының мүшесі Наби Ағалиев 20 миллион теңгеге көмек көрсеткен. 2020 жылы облыстық ассамблея 443 млн теңгеге 41 мың адамға көмек көрсетті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «30 игі іс шеңберінде Қордай ауданында «Ынтымақты елдің іргесі берік» жобасы, ҚХА-ның "30 игі іс” қайырымдылық марафоны аясында Қордайда «Берекеміз – бірлікте акциясы ұйымдастырылып, демеушілердің қолдауымен Бұлар батыр ауылының тұрғыны жалғызбасты анаға 12,5 млн теңгенің 6 бөлмелі, Күнбатыс ауылында 6 балалы анаға 5 млн теңгенің үйін сыйлау шаралары, сондай-ақ, Сортөбе, Булар батыр, Масаншы, Ауқатты Күнбатыс 1, Күнбатыс ауылдарындағы 30 аз қамтылған отбасыларына 1 млн теңгеге азық-түлік таратылды.
ҚХА-ның алғыс айту күніне арналған «Мейірімділік керуені» жобасы облыс аудандарында ұйымдастырылып, этномәдени бірлестіктер тарапынан 1449 адамға 22 175 000 теңгеге қайырымдылық көмек жасалды. 2021 жылдың жартыжылдығында 14450 адамға 105 млн-ға жуық қайырымдылық көмек көрсетілді.
Жамбыл облысының басқа өңірлердегі «Қоғамдық келісім» мекемелерімен байланысы қандай? Олармен ортақ қандай да бір жоба яки жоспарлар құрылып жатыр ма екен?
Әрине ортақ жобалар, тәжірибе алмасулар жиі болады. Дегенмен қазіргі пандемияға байланысты бұл іс-шаралардың күнін кенжелетіп келеміз. Негізгі жоспарымызда мұндай достық байланысы, тәжірибе алмасулар бар. Ол тіпті өз еліміздің облыстарының арасында ғана шектелмейді, алыс-жақын көршілес елдерменде байланыстамыз. Достық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында "Шекара дос жүрегін бөлмейді" атты дәстүрлі шекаралық ынтымақтастық фестивалі өткізіледі. Мәселен, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы деп жарияланды. Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізу аясында Жамбыл облысының ҚХА өзбек этномәдени бірлестігінің қатысуымен Өзбекстанға этномәдени бірлестіктердің басшылары мен жастарының тәжірибе алмасу, мәдени және қоғамдық байланыстарды нығайту, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастық орнату үшін танымдық сапар ұйымдастырды.
Мемлекетіміздегі маңызды мәселелердің бірі – тіл мәселесі. Жамбылдағы жекелеген этностардың қазақ тілін меңгерудегі жетістіктері қандай?
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мемлекеттік басқару тілі ретіндегі рөлін нығайту әрбір азаматтың басты міндеті. Бұл Қазақстанды Отаным деп білген әрбір азаматтың еліне, жеріне деген ерекше құрметі.
Аймақта этностар арасында қазақ тілін меңгергендердің санын арттыру, этнос жастарының қазақ тілін үйренуге деген ынтасын ояту, облыстағы тіл саясатын нығайтуға және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың ақпанында Қордай ауданының Сортөбе ауылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты ашық алаң эстафетасы бастау алды.
Аталған іс-шара эстафета түрінде өтіп облысымыздың этностар тығыз орналасқан Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарында өз жалғасын тапты.
Бүгінде Ассамблея қамқорлығымен бірнеше этномәдени бірлестік жұмыс істейді, еңселі Достық үйі салынған, құрылымдар және бар. Осы туралы тарқатып айтсаңыз.
Жамбыл облысы ҚХА үшін басты жетістіктердің бірі 2016 жылдың желтоқсанында біздің облысымыздың өмірінде айтулы оқиға болды: Тараз өзінің қонақжай есіктерін облыстық "Достық үйін" ашты, ол қаланың сәулеттік келбетін безендіріп қана қоймай, бірден оның басты көрікті жерлерінің біріне айналды. Ауданы 4654 шаршы метр үш қабатты ғимаратта үлкен және кіші конференц-залдар, хореографиялық зал жабдықталған. Кабинеттер мультимедиялық және компьютерлік техникамен жабдықталған. Зал заманауи акустикалық, дыбыстық және жарық аппаратурасымен жабдықталған.
Бұл ретте "Достық үйі" – бұл маңызды іс-шаралар өткізілетін жай ғана ғимарат емес, күн сайын түрлі ұлт пен мәдениет өкілдері еңбек етеді және жұмыс істейді, бұл-облыс аумағындағы достықтың, бірлік пен бейбітшіліктің символы.
Жамбыл облысында 87 этнос пен 75 этномәдени бірлестік өкілдері бірлік пен келісімде өмір сүруде.
Қазақтар - 72,8%, орыстар – 9,6%, дүңгендер – 5 %, түріктер - 3,0%, өзбектер - 2,5%, әзірбайжандар – 1,1 %, күрдтер - 1,3 бір пайыздан аз-кәрістер, татарлар, украиндар, немістер, ұйғырлар, қырғыздар, шешендер, гректер, тәжіктер, белорустар және басқа ұлттар құрайды.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысында 181 Қоғамдық келісім кеңесі және облыс ҚХА-ның 55 аналар кеңесі жұмыс істейді.
Осы жылдар ішінде облыс ассамблеясы өңірдегі тұрақтылықты, ұлтаралық бірлікті нығайтуға қомақты үлес қосты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық сананы жаңғырту, ортақ құндылықтардың, бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған біраз жобаларды іске асырып келеді. Бұған барлық қазақстандық этностар тартылуда. Осы жобалар өңіріңізде қаншалықты дәрежеде іске асып, жалғасын тауып жатыр?
Ия, қоғамдық сананы жаңғыртуда, ортақ құндылықтарды сақтауда, ауыз толтырып айтарлықтар жобалар өте көп. Мен соның бірі «Бейбітшілік пен келісім» атты пилоттық жобасын ерекше айтып өткім келіп тұр.
Жоба аясында бірнеше бірлескен қоғамдық келісім кеңестері Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарында жұмыс істейді. Қоғамдық келісім кеңестерінің сапалық жағынан орталық құрамы жаңартылған. Бірлескен қоғамдық келісім кеңестерінде этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, түрлі этнос өкілдеріне әлеуметтік қолдау көрсету, тұрмыстық дау-жанжалдарды шешу бойынша сұрақтар қаралады, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп қызмет атқарады және аудандарда отырыстар өткізеді.
1-27 наурыз аралығында Жамбыл облысында этносаралық жағдайды зерделеуге арналған «Бейбітшілік және келісім» пилоттық жобасы аясында Меркі, Жамбыл, Талас, Қордай аудандарында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын бойынша 5 көшпелі отырысы өткізіліп, Меркі ауданында аудандық бюджеттен әйелдер мәселесіне байланысты қаражат қарастыру, әлеуметтік қор құру, Шу ауданы Қонаев ауданында оқушыларды тасымалдау,Талас ауданында шалғай аудан мектептерінде оқушылар тамақтануын ұйымдастыру, Байзақ ауданында мектепке дейінгі балалар дамыту орталықтарын ашу, Жамбыл ауданында үлгілі отбасылар, аналар мәртебесін көтеру туралы 40 мәселенің 19-і жергілікті деңгейде қарастырылып, 21- і тиісті орындарға жолданды.
Азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда жастардың орны ерекше. Жас ассамблеялықтар туралы да айтып өтсеңіз.
Жастар еліміздің ертеңі. Болашағымыз. Келешегіміз. Мен оларға қараған сайын күш-қайрат аламын. Жамбыл облыстық ҚХА «Жаңыру Жолы» жастар қозғалысы өңірлік штабы жұмыс істейді. Олардың қайырымдылық акциялары, сенбіліктер, кездесулер, тренингтер кешені және Жамбыл облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының “Жастар орталығы” КММ, волонтерлік ұйымдармен бірлескен өзіндік тың жобалары, шаралары бар.
Өңірлік штаб облыстық ҚХА волонтерлар қозғалысының желілік жұмысын дамытуға да белсене ат салысуда. Олар жас болсада үлкен істер тындырады. Үлкен қайырымдылық шараларын өткізеді. Ақпан айында ҚХА-ның «30 игі іс» жобасы аясында Тараз қаласындағы «Қан орталығына» барып қан тапсырды. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шара биыл «Өмір сыйла» атауымен өткізілді. «Қайырымды істер марафоны» аясында Тараз қаласындағы әлеуеті төмен 30 отбасына гуманитарлық көмек, Ұлы Жеңістің 76 жылдығынаТараз қаласындағы тыл және ҰОС ардагерлеріне құттықтау,рамазан айындағы «Ізгілік айы» атты қайырымдылық акциясында 12 отбасыға гуманитарлық көмек көрсетті.
Облыстық ассамблея мүшелерінің қайырымдылық акцияларын да жастар ұйымдары волонтерлік қызмет атқарды. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен ардагер қарт кісілерге арналған «Мейірімді жүрек» шарасында 20 ардагерге және әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға азық-түлік жеткізді. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қала жастарының «Төрткүл» керуен сарайында ыстық тағам, азық-түлік түрінде берілген ауызашарында 200-ден астам аз қамтылған көп балалы отбасыларына және қала тұрғындарына жеткізу қызметін ұйымдастырды.
Достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін облыстық штабтың белсенді мүшесі Мухтасимов Аслан Наимбекович Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М. Әзілхановтың алғыс хатымен мараппатталды.
Жамбыл облысы ассамблеясының жастары қай салада, қай шаруада болмасын өте белсенді. Мен осындай Отанға деген сүйіспеншілігі мол, кеудесін патриоттық сезімі кернеп тұрған жастардың өсіп келе жатқанына қуанамын.
Сұхбаттасқан Жомарт Жылкелдіұлы