«Абайдың дара жолымен» жобасына ат салысайық!

ТАНЫМ
3099

Әлемнің 10 еліне Абай Құнанбаевты насихатттауға арналған «Абайдың дара жолымен» жобасы өз сапарын бастайды!

«Пайда ойлама, ар ойла!» Абай

Қазақ қоғамын ізгілендіруді ғана мақсат қылмаған, жалпы адамзатқа үн қатқан Ұлы Абай «Толық адам» ілімін аманаттап, бай мұрасын халқына қалдырған. Сол аманатына адал болу мақсатымен,ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 30 мамырдағы арнайы №55 жарлығымен қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) және Халықаралық түркі мəдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру мәселесін көтерді. 

Біз Абайдың мұраларын әлемдік деңгейде ұлықтау мақсатымен халық болып атқаратын осындай маңызды іске өз ұсынысымызды қосуды жөн санаймыз. Осы мақсатта Абайдың 175 жылдығына орай 10 елге мәдени-танымдық «Абайдың дара жолымен» атты жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Біздің негізгі мақсатымыз – әлемнің 30-дан астам тіліне шығармалары аударылған, 114 тілде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы белгілі болған қазақтың бас ақынын, оның «Толық адам» ілімін әлемнің алты құрлығына таныту. 

Жоба идеясының авторы – қазақтың тұңғыш әдеби агенті, Бақтыгүл Маханбетова.

Жобаның үйлестірушілері – Диляра Линдсей, Александра Гангаева, Марат Омаров. 

Жобаға қатысушылар: ғалымдар, әдебиеттанушылар, жазушылар, ақындар, суретшілер, өнертанушылар, мәдениеттанушылар, музыканттар. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын осы мәнді іс-шараның республикалық және халықаралық деңгейде қолдауға ие болуға лайықты, мемлекеттік маңызы бар жоба болатынына сенімдіміз. 

Жобаның өту уақыты: 2019 жылдың қазан айынан және 2020 жылдың шілде айлары аралығында.

Жоба 10 елді қамтиды: Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Египет, Қытай, Армения, Венгрия, Жапония, Россия, АҚШ, Грузия. 

Жалпы бағдарламаға қысқаша шолу

 Әдебиетшілер үшін эсселер байқауы, ақындардың Абайға арнауы өз алдына бір бәйге ретінде қарастырылған. 

Абайтанушылар үшін дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар жоспарда.

 Абай ауданы зиялы қауымы Ұлы ақынның отандастарының сәлемін жолдап, Абай мұражайынан тікелей эфирге шығып тұрады.

 «Абай оқуларының» 20 жылдығына орай, көркемсөз оқу шеберлеріне жақсы бір мүмкіндік туып тұр. Абай поэзиясын жатқа білетін, «Қара сөздерін» жүрегімен сезінген жандар үшін де арнайы бәйге бағыты бар. 

Қолөнер шеберлері көрмелерін өткізсе, суретшілерге Абай поэзиясы бойынша тақырыптық иллюстрациялар, портреттер байқауы жарияланады. 

 Мәдениет бөлімі бойынша «Абай әндерінің тарихы» және «Бірге ән салайық», қазақтың өнер шеберлерінің және танымал композитор Марат Омаровтың концерттері жоспарда. Абай әндерінен флэшмобтар ұйымдастырылады. 

Жоба қорытындысы: 2020 жылдың тамыз айында еліміздің бас қалаларында, ұлы Абайдың елінде қорытынды форум, фестиваль өткізіледі. Арнайы әділқазылар алқасы жоба барысындағы бәйгелердің жеңімпаздарын анықтайтын болады, арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады. Он ай бойы өткен шаралардан деректі фильм, ақындар арнауынан жинақ , абайтанушы ғалымдардың зерттеулері шет тілдерге аударылып, өз алдына жинақ болса үлкен еңбектің бір жемісі болары сөзсіз. Абайдың Конфуций, Нострадамус, Гете, Шекспир, Пушкинмен тең дәрежедегі даналығын, ағартушылығын, ойшылдығын, көрегендігін, кемеңгерлігін әлем халқына кеңінен насихаттауды осылай іске асыратын боламыз. 

Жоба нәтижесі: Абайдың концепциясын әлемдік әдеби, мәдени ортада саналы қабылдануына жол ашамыз. Ұлттың әлемдік әдеби, мәдени орталарда рухани қайта жаңғыруына, бүкіл әлемдегі қазақстандықтардың біртұтастығына және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал ету – арнайы миссиямыз. 

Осыған орай қазақтың ұлттық құндылықтарын әлемге паш етуге дайын еліміздің белсенді қоғам мүшелерін, демеушілік пен қолдау көрсетуге дайын мемлекеттік және жекеменшік компанияларды серіктестік байланыс орнатуға ниетті екенімізді білдіреміз. 

Құрметті отандастар! 

Үлкен үмітпен, осы ойларымызды жүзеге асыруда сіздерден қолдау күтеміз. Барлық жоспардағы ұйымдастырылатын шаралар туралы ақпараттар арқылы серіктестер сайтында және бұқаралық ақпарат көздерінде демеуші-әріптес –инвестор компаниялардың логотиптерін қойып, үнемі насихаттап, айтып жүруге міндеттенеміз. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін, бірлескен ісіміз бен ынтымақтастығымыз жемісті болады деп сенеміз!

 Бақтыгүл Маханбетова, әдеби агент 

 «Абайдың дара жолымен» жобасының жетекшісі

Жаңалықтар

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Мамыраев ауылына қарасты Сартау қыстағында бірден 14 бұзау қы...

Жаңалықтар

Астана әкімдігі Қазақстандағы негізгі футбол стадионы "Астана Аренада" жөндеу жұмыстары қашан аяқтал...