ӘМБЕБАП ЖАЗУ(Жазу)Дерридаға жазу туралы ұғымды жасауға септігі тиген көптеген талдауларды талқылауды...
Спинозаның құдайы
Декарт өз философиясын «ақылдан» бастаса, Спиноза «Құдайға» өзінің ойының басында-ақ қызығушылық танытады. Бұл дегеніміз не? Ақылшылдық (рационалистік) философияның ең беделді өкілі Декарттың «Ойланамын, олай болса бармын» сөзін Спиноза адамнан бұрын, Құдайға апаруға тырысқан бірден бір философ деген сөз. Дәлірек айтсақ, Декарт ақылдың денеден өзгеше, бұл екеуі бір-біріне әсер етпейтін бөлек субстанциялар екенін алға тартады. Бірақ мұны айта отырып, өз ақылының бар екендігінен денесінің бар екенін толықтай дәлелдей алмады. Осы кезде Декарт Құдайға жүгінуге мәжбүр болады. Сонымен, Декарт үшін үш бөлек субстанция бар: ақыл, дене және Құдай. Ал Спиноза үшін бұл ақылға қонымсыз дүние. Себебі субстанция ешқашан үш бөлкті болуы мүмкін емес. Ол біреу ғана. Тіпті оған ештеңе себеп бола алмайды. Осылайша Декарттің субстанциялар жүйесіне қарсы шыға отырып, жалғыз субстанция Құдай жайлы өз философиясын өрбітеді. Тіпті Спинозаның «Этикасы» да «Құдай туралы» бөлімнен басталады. Себебі Спиноза үшін Құдай туралы білім дұрыс һәм күмән мен күдіктен ұзақ білім-дүр.
Бірақ кіл философиясын құдай жайлы ұғымның үстіне құрған Спиноза қанша жерден «құдайшыл» болғанымен де, оны өзі өмір сүрген еврей қауымы «құдайсыз», «дінсіз», «атеист» деп кінәлады. Ақыр соңында еврей қауымы оны қуып жіберді. Оны еврей қоғамынан алыстатқан һәм қуылған негізгі көзқарастардың бірі - дәстүрлі, яғни Ибрагимдік діндердегі құдай ұғымына ашықтан ашық қарсы шығуында еді. Оның пікірінше, Құдай ұғымы діндер үшін танылған құдай ұғымынан әлдеқайда бөлек.
«Спиноза Құдайдың бар екенін дәлелдемейді, бар болған болмысты Құдай деп айтады, сондықтан кейбіреулер оны атеист ретінде қабылдайтын болса, мен оны теистиссимус есімімен мақтағым келеді» дей отырып, оны жоғары құдайшыл ойшыл деп бағалайды Гете. Егер Құдай дегеніміз біз үшін ғаламнан бөлек болса, оны өз еркімен жаратқан жарытылыстарын ұлы патша сияқты бақылаушы, билік жүргізуші, ғибадат пен мақтауға мұқтаж, рахым төккен және жазалаушы болса, онда Спинозаны атеист деп атауа толық құқығымыз бар.
Бірақ Спинозаның құдайы жаратушы емес, өндіруші. Құдай - барлық нәрсенің ішінде болатын өмірдің өзі. Құдай - табиғат, Құдай - ғалам. Нақтырақ айтсақ, Спиноза үшін Құдай - табиғат, ал табиғат - Құдай. Бірақ Құдайдың немесе табиғаттың ешқандай мақсаты мен мүддесі жоқ. Әлем - бұл үздіксіз формация. Ал ондағы жаратушы мен жаратылған да бір және бірдей нәрселер. Құдай үнемі өзін өндіреді және шығарады. Спинозаның Құдайы кейбір қатал және материалистік ғалымдардың тұжырымдамаларынан, сондай-ақ кейбір догматикалық діни түсініктерден мүлдем өзгеше. Оның Құдайы - «жоғарғы ақыл», жоғарғы сана, ерік - табиғатта, ғаламда және бар нәрсенің өзінде, барлығында да бар. Спинозаның құдайы Чи, Дао, Руми, Мансур-и Халладж ұғымдағы құдаймен бір дәрежеде.
Сол кезеңдегі қоғам үшін радикалды болып табылатын мұндай шексіздік сыртындағы ойлардың иесі Спиноза өмірінің соңына дейін ойын өзгетпеді һәм бір сәтке де айнымады. Ымырасыз әрі құрметті деп санауға болатын өзіндік қағидаларына негізделген өмір туралы түсініктерін кейінгі ұрпақ жоғары бағалады. Модерннің әйгілі философтары мен математиктерінің бірі Бертран Рассел өзінің «Батыс философиясының тарихы» атты үлкен еңбегінің Спиноза атты тарауында ол үшін «ұлы философтардың ең асылы және ең ғажайыбы» деп бағалайды. Үш ұлы рационалистің бірі Спиноза Декарт пен Лейбницпен бірге көптеген философтарға, ойшылдар мен ғалымдарға ол қайтыс болғаннан кейін айтарлықтай әсер етті. Гете, Шопенгауэр, Гегель, Ницше, Рассел, Эйнштейн, Джордж Элиот - олардың арасында жетекші есімдер.
Жоғарыда айтқанымыздай Спинозаның құдай туралы діни көзқарасы мен түсінігі дәстүрден мүлдем тыс радикалды. Спиноза құдайының бойында адами қасиеттер жоқ. Ол – адамдарға аяушылық, жанашырлық немесе сүйіспеншілік сезімдерін бермейді. Яки сабырлы, сыпайы, нәсіп беруші, жазалаушы деген сипаттарға ие емес. Спинозаның пікірінше, бұл діндердің жіберген ең үлкен қателіктердің бірі және бұл антропоморфизмнің дәл мысалы. Антропоморфизм – адамның бірегейлігі. Кез-келген адами қасиетті басқа болмысқа жүктеу. Ал бұл Спиноза философиясында өрескел қателік болып есептеледі. Спинозаның айтуы бойынша, бар болған барлық шындықтар детерминистік заңмен байланыстырылған және бәрін айқын жайлардан дедуктивті түрде түсіндіруге болады. Оның пікірінше, ерік және кездейсоқтық сияқты ұғымдар бұл қолданыстағы жүйеде орын алмайды. Біздің айналамызда болып жатқан барлық оқиғалар, болған немесе болатын барлық әрекеттер Құдайдың болмысының көрінісі.Оның пікірінше, Құдай ұғымын бұл дүниеден бөлек болмыс деп санауға болмайды, ол бұл ойды логика мен математикаға сатқындық деп біледі. Демек, Құдай бар нәрсенің барлығымен бар,бәріне тең.
Шешімін таба алмаған дүниелердің барлығын Декарт секілді жан мен тәннен бөлек жеке субстанция бола алатын Құдайға жатқызатын адамдар Құдайдың толық түсінікті екенін, тіпті барлық түсініктің негізі екенін ескермеді дейді Спиноза. Оның ойынша, бар нәрсенің бірінші себебі мен мәні - Құдай. Сонымен бірге, Құдай – өз-өзінің себебі, өз болмысының мәні. Ғаламдағы біздің тәжірибеміздегі кіл әрекеттер мен жалпы бастапқы субстанцияның өзі де осы Спинозаның құдайы. Субстанция - түсінуге болатын ең ішкі, таза және шындық архе. Барлық басқа тіршілік иелері бұл субстанцияның әртүрлі түрлендірулерінен басқа ешнәрсе емес. Бұл субстанция – Құдай. Басқаша айтқанда, табиғат, ғалам, яғни табиғат - құдай. Спиноза үшін Құдайдан басқа болмыстың болуы мүмкін емес. Бар нәрсенің бәрі Құдайда және онсыз ештеңе болмайды. Спинозаның ойынша, Құдай ғаламды жаратушы емес, ол сол ғаламның өзі және онымен бір.
Құдаймен бірдей болатын,яғни құдай болатын табиғат Спинозаның айтуы бойынша өзіне және бәріне себеп болады. Құдай - бұл абсолютті мәңгілік жаратылыс. Өзінің себебі ретінде, сонымен бірге өзінің өзіндік өндірісінің қозғалысы. Басқаша айтқанда, Құдай - ондағы барлық нәрселердің өндірістік динамикасы, яғни бар болуға мәжбүр. Ол әрі өндіруші, әрі өндірілуші. Немесе Спинозаның әйгілі сөзімен айтар болсақ, Құдай - Natura Naturans және Natura Naturata.
Құдай дәстүрлі діндердің түсінігінде кейбір адамдармен жеке байланыс орнатады, өзіне дұға еткендердің дұғаларын қабылдайды және оның мәңгілік тіршілігін олардан бөлек ретінде сақтайды. Алайда, бұл Спинозаның құдай туралы түсінігінде орын алмайтын элементтер. Бұрын болған және болатын барлық нәрсе Құдайдың көрінісі және Құдайды олардан бөлек болмыс ретінде қарастыруға болмайды. Ол адамдармен сөйлесе алмайды, олардың дұғаларына жауап бермейді және белгілі бір логикалық принциптерде көрсетілген принциптер шеңберінен шыға алмайды.
Спинозаның пікірінше, адамдар табиғатта бардың бәрі олар үшін жаратылды деген қорытындыға келгеннен кейін, оларға ең жағымды әсер ететін нәрселер ең жетілдірілген деген қорытындыға келеді. Осыған сүйене отырып: жақсы, жаман, жүйелі, жүйесіз, көркем, көріксіз сынды нәрселердің табиғатын анықтаушы ұғымдарды алға тартады. Бұл ұғымдар іс жүзінде ештеңені білдірмейді, олар тек адамдар үшін пайдалы яки пайдалы еместігіне, адам санасына түсінікті яки түсінікті еместігіне қарай формасын өзгертетін және бұлардан басқа мағынаны білдірмейтін сөздер ғана. Табиғаттағы болмыстар олардың шынайы табиғатымен ешқандай байланысы жоқ, тек қана қиялдың жиынтығы немесе сағымдар секілді көзалдаушы болып келеді.
Алайда, Табиғат жақсы да, жаман да емес. Әдемі де, ұсқынсыз да емес. Тіпті онда қателік пен дұрыстық та, кінә мен күнә да жоқ. Тіпті ең қызығы Спинозаның философиясында адам өлтіру өлтіруші адамның бар екенін дәлелдеудің бір жолы. Себебі Спинозаның табиғат-құдайында жоғарыда айтқанымыздай жамандық яки күнә дейтін дүние жоқ. Яғни, Спинозаның құдайы арқылы адам баласы күнә мен қателік деген ұғымнан толықтай арылып, өз-өзін тануға жол ашады. Әрі-беріден соң табиғат-құдай да өзін бар ету үшін жаратылыс атаулыны өлтіреді һәм сол арқылы өмір сүруін жалғастырады. Ал адамдар осы бір түпкі субстанцияның көрінісі екенін ескерер болсақ, қолдан жасалынған және ғасырлар бойы қағидалар, адами құндылықтар, генетикалық санамызға сіңген кей рефлекстер, сонымен қатар нерв клеткаларының әрекеттері барлығы, барлығы табиғат алдында түк те емес.
Осы ойлардың аясында Спинозаны тіпті басқа тұрғыдан зерттей аламыз. Алайда мыңжылдықтар бойы белгілі бір қағидалармен өмір сүрген адамзатты Спинозаның құдайы және оның ешқандай қағидалары жоқтығына сендіру қиын. Себебі анторопоцентристік тұрғыда табиғаттан, яғни құдайдан бұрын адамның өзі өмір сүруі керек. Ал басқа жаратылыстар сол адамның қызметінде. Адамзат өз өмірі үшін ізгілік пен мейірімділікті бірінші орынға қояды. Сәйкесінше, гуманизм ақ туын желбіретіп ортаға шығады. Ең қызығы, Спинозаның құдайында Ибрагимдік діндердегі құдай ұғымынан бөлек, жоғарыда айтқанымыздай жамандық пен жақсылықтың жоқ екенін ескерер болсақ, онда гуманизмнің де жоқтығы екі бастан.
Бұл тұрғыдан алып қарағанда құдайға шын берілу, құдай болмысына ұмтылу, кіл адами стереотиптерден емес, ішкі мәнге, яғни түпкі субстанцияға қарай жол алу батыс философы Спинозаның шығыс ілімдерімен қаншалықты ұқсас екенін көре аламыз. Шығыс ілімдері дегенде тағы да догмалық ұғымдарды ойлаудан аулақ болғанымыз жөн. Спиноза ішкі еркіндікке апаратын жол өзін-өзі тану арқылы дейді. Яғни заңнамалар мен қағидалардан баз кешіп, еркіндікке жету үшін алдымен бізді өз ішімізден итермелейтін «құдайлық» сол «имманентті» болмыстың табиғатын түсінуіміз керек.
Әлемдегі барлық заттар, оқиғалар өзара қарым-қатынас пен бірлікте. Әлемдегі барлық заттар мен оқиғалар біртұтас бүтіннің әр түрлі бейнелері. Біз қол жеткізуге үміттенетін болмыстың ең жоғарғы күйі - сол тұрақты және мәңгілік болмыстың көрінісі ғана екенімізді түсіну. Спиноза мұны «Beatitudo» деп атайды. Алайда, біз оны Фенафилла, Самадхи немесе Нирвана деп те атай аламыз.
Файзулла Төлтай