Алғашқы қазақ баспасөзі

ТАНЫМ
13764

Тамырын тереңнен тартқан қазақ халқы өзінің тарихи-мәдени, әдеби дүниелерін кезінде қағаз бетіне түсіп отырмаған. Сондықтан да өзінің тасқа басылып, хатқа түскен ескерткіштерінің ішіндегі төңкерістен бұрынғы газет-журналдарда басылған нұсқаларының алар орны ерекше. Олар рухани мұрамыздыңбай көріністерімен қатар туған әдебиетіміздің тарихын жете білуге және оны халық тарихымен біртұтас зерттеуімізге мүмкіндік береді. Баспасөздің, оның ішінде газеттің әлеуметтік қоғамдық өмір саласындағы орнын, қызметтерін саралап берген ғалым-зерттеуші А.Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы санында: «Газет-жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдарды газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылықайтып отырады»,-деген болатын [1.10].

Баспасөздің маңызын мына жайлардан байқауға болады: жаңалықтарды, тың ақпараттарды халыққа тез жеткізуді басты нысана етеді; болып жатқан оқиғаларға түсініктеме береді; әрбір пікірдің шындығына көзін жеткізе дәлелдейді және оқырманның оған деген сезімін оятып, қалыптастырады; оқырманды сол оқиғаға байланысты қимыл-әрекетке шақырады, көпшіліктің көзқарасын қалыптастырады; оқырманның тіл мәдениетін, сауаттылығын қалаптастыруға басты рөл атқарады. Баспасөз құралдарының жалпы адамзат тарихында алатын орны маңызды, ол халықтыңрухани, мәдени өмірінің айнымас бөлшегі болып табылады. А.Байтұрсынов ойымен айтсақ «...Газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші» [1.10].

Қазіргі таңда жалпы баспасөзге байланысты зерттеу нысаналары молайды. Мерзімді баспасөздің тарихы туралы, оның әдеби тілі, жанрлық-стилистикалық ерекшелігі, тақырыптық аясы жөнінде зерттеулер, ғылыми ізденістер көптеген жаңа талдаулардың нәтижесі. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы баспасөз туралы ғалымдар Н.Қарашева, Б.Әбілқасымов, С.Исаев, Б.Момынова, Б.Кенжебаев, Қ.Бейсембаев, Х.Бекхожин, Т.Кәкішов, т.б. ғылыми еңбектерінің маңызы зор. Қазақ әдебиеті зерттеушісі, сыншы, филология ғылымының докторы, профессор Б.Кенжебаев 1961 ж «Айқап бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар» атты библиографиялық еңбек жазды. Ғалымдар Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Саховтар «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті бетіндегі материалдардыжүйелеп, зерттеп, талдап энциклопедиялар құрастырды. Сол зерттеулердің бірі «Қазақ» энциклопедиясына тоқтала кетсек,«Қазақ» - газет бетінде басылған материалдар жинағы. Бұл кітапқа 1913-1918 жылы«Қазақ» газетінде жарияланған әр алуан тарихи, саяси-әлеуметтік, қоғамдық, мәдени, әдеби материалдар енген. Жинақ өзінің мазмұнының құндылығымен қатар, танымдық, тәрбиелік мәнімен де қымбат. «Қазақ» кітабын кішігірім алғы сөзден кейін: «1913 жылы, 1914 жыл, 1915 жыл, 1916 жыл, 1917 жыл, 1918 жыл, құрастырушыдан «Қазақ» газетіне қастысты архив құжаттары, есімдер көрсеткіші, Бүркеншік есімдер көрсеткіші, «Ашылмаған бүркеншік есімдер» деген тараулардан тұрады. Кітапта «Қазақ» газетінің авторларының редакторы, бастырушылардың фото суреттері қоса басылған. Жинақтың жарық көруіне ұзақ жылдар библиограф-ғалым Ү.Х.Субханбердина көп еңбек сіңірді. [2.337]. Сол сияқты ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспанұлы «Алтынсариннің айналасындағы адамдар» атты зерттеу еңбегінде Ыбырай Алтынсариннің ұлттық газет шығаруды ойлап 1879 жылы жергілікті патша әкімшілік орындары алдына ұсыныс хат жазғанынан дерек береді. Ол болашақ газеттің макетін жасап, төрт бетін қазақ тілінде, төрт бетін орыс тілінде шығаруды және де газетті «Қазақ газеті» деп атауды ұсынады. Бірақ, патша әкімшілігі бұл басылымды шығаруға рұқсат бермейді. Ұлты үшін ана тілінде газет шығаруды ойлаған Ыбырай арманын кейін А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары іс жүзіне асырғанын дәлелдейді[3.36].

Бұл баспасөз бетінде басылған мәліметтердің жүйеленуінің ғылыми маңыздылығы шексіз. Бұл библиографиялық көрсеткіштер, зерттеу еңбектері шығыс халықтарының әдеби, мәдени мұраларын, тарихын, экономикасын, тілін зерттейтін көптеген ғалымдарға бай мұра еді. Себебі, сол кездегі баспасөз төңкеріске дейінгі Қазақстанның тарихынан, әдебиетінен, мәдениетінен, шаруашылық жайларынан толып жатқан деректер бергені даусыз. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында қазақ тілінде 14-15 шақты газет-журналдар шыққан. Олардың бірнешеуінің ұстанған бағытын, атқарған істері мен, қоғамдағы маңызы турлы айта кетсем.

«Түркістан уалаятының» газеті.Халқымыздың саяси-әлеуметтік, әдеби, мәдени және эстетикалық ой пікірін оятып, қалыптастыруға септігін тигізген «Түркістан уалаятының газеті» қазақ баспасөзінің көш бастаушы басылымы болып саналады.Оның 12 жыл бойы шығып тұруы қазақтың мәдени-әлеуметтік өміріндегі зор оқиға болды [4.52].

«Түркістан уалаятының газеті» ең алғаш «Туркестанские ведомости» газеті қосымша ретінде 1870 жылдан бастап Ташкентте шыға бастаған. Бұл жалпы Орта Азия халықтарының тұңғыш газеті. Алғашында ол айына төрт рет оның екі нөмірі өзбекше және екі нөмірі қазақша шығатын болды. «Туркестанские ведомости» газетінен бөлініп қазақша, өзбекше шыққан «Түркістан уалаятының газетінің» бетіне қазақ елінің тұрмысы, тарихы туралы мағлұматтар көп басылған, оның ішінде қазіргі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл және Алматы облыстарын қоныстанған қазақтардың сол кездегі тіршілігі кеңірек қамтылған. Ш.Уәлихановтың көп танысының бірі газеттің редакторы – Ш.М.Ибрагимов бұрын Омбы кадет корпусында оқып, Көкшетау дуанының хатшысы болған кісі. 1865 жылы Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия Россияға қосылғаннан кейін Ш.Ибрагимов пен И.Ибрагимовты Ташкентке генерал-губернаторының қарамағына жіберді. Ш.Ибрагимов бір жағынан оның тілмашы, екінші жағынан өзбекше-қазақша шығатын «Түркістан уалаяты газетінің» редакторы болып жұмыс істеді. Кейінірек Х.Чанышев газетке редактор болып бекітілді. Газеттің бас редакторы Н.П.Остроумов, кейін Н.Г.Малицкий болды. Газеттің шығуына ішкі істерминистрлігі рұқсат беріп, оның программасын тек қана патша үкіметінің бұйрық-жарлықтарын, салтанатты жиналыстарын жариялауға ғана лайықтап, көбінесе ресми хабарларды басуды ұйғарған еді. Ресми хабарлардың ішінде Түркістан генерал-губернаторы мен әскери губернаторлардың жергілікті халықтарға қатысты бұйрықтары, сот орындарының үкімдері, Түркістан өлкесінде жарияланатын жалпы үкімет бұйрықтары болды. Ғылым-білімненқосқаны – орыс патшаларының өмірінен қысқаша әңгімелер. Орыс және басқа мемлекеттердің өмірінде кездесетін жергілікті халықты қызықтыратын оқиғалар. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына байланысты жергілікті хабарлар, әртүрлі мәліметтер.

«Түркістан уалаятының газеті»қазақ оқырмандарын сол кездегі ғылым жаңалықтарымен, орыстың бай әдебиетімен, өнердегі ізденісіментаныстырған алғашқы басылым, орысгазетінде басылған «Біздің орыс жұртының өнерімен адамдары» деген мақалада орыс кемесінің жер шарын айналып шығуы туралы мақала жарияланған. Осы газет бетінде Жер шары, ай мен күн, жұлдыздар, күн мен түн, жылдың төрт мезгілі жөнінде ғылыми түсініктемелер беріліпті. «Түркістан уалаятының газеті» Түркістангенерал-губернаторының ресми органы болғанына қарамастанқазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымыныңмолаюына әсер етті. Оның бетінде саяси-экономикалықмәселелерменбірге оқу-ағарту ісініңжай-күйі, өнер-білімнің пайдасы, орыс мәдениетінің жетістіктері, қазақ әдебиеті туралы алғашқы сын, зерттеу мақалалар, қазақтың зиялы адамдары олардың өмірбаяндары, ғылыми еңбектері жайынан алғашқы мақала-хабарларжарияланды.

Қазақ халқының атақты ғалымы – Ш.Уәлиханов туралы ана тіліміздегі тұңғыш мақала газеттің 1870 жылғы 3-санында және 1872 жылғы 1-санында басылды. 1870 жылы Түрістангенерал-губернаторы Жетісу өлкесіне келгенде Шоқаннның қабырына барып, басына құлыптас орнатуға бұйрық бергенін айта кетіп, «Шоқан Шыңғыс сұлтан баласы Уәлихановтың моласына барады.. Моласы күйдірген кірпіштен салдырыпты. Сөйтсе де, жаман екен, бес-алты жылда бұзылып құлатұғын.Дүниеден көшкен Уәлихановтың сүйегін қадірлеп, сыйламақ үшін және орыс-қазақтың есінен шықпастығы үшін генерал губернатор генерал-адьютант фон Кауфман құлытпас даярламаққа бұйрыққылды. Ол таста молаға кім қойылғаны, неге мұнша қадірлі, сыйлы болғандығы жазылады. Ол тасты Алматыдағы асқан ұстаға тез уақытта даяр қылып жеткізіп бермекке бұйрық қылды» деп жазды газетте.
«Дала уалаятының» газеті.1888 жылдан 1902 жылға дейін Омбыдашығып тұратын «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша ретінде орыс және қазақтілдерінде жарық көрген «Дала уалаятының газеті» халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін қалың жұртқа танытудағыбірден-бір басылым болды.Орыс тілінде «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям» деген атпен шыққан осы газет 1894 жылдан бастап орыс тілінде «Киргизская степная газета», ал қазақ тіліндегі «Дала уалаятының газеті» деген атпен жарық көре бастады.Қазақ тілінде шыққан сандарына Ешмұхамед Абылайханов, Дінмұхамет (Дінше) Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсенбаев редактор болды [2.191].

Жалпы бұл газет 1888 жылдан 1902 жылға дейін аптасына бір рет шығып тұрды. Газеттің соңғы саны 1902 жылы наурыз айында басылып, содан кейін «Сельскохозяйственный листокке» айналды. Өзінің программасына сәйкес газет ресми түрде патша үкіметініңбұйрық-жарлықтарын, заң-закондарын, әкімшілік басқару істерін жариялайтын басылым болды. Сол кездегі басқа газеттер сияқты «Дала уалаятының газеті» де ресми және ресми емес бөлімдерден тұрды. Соңғы бөлімде көбінесе көпшілікке пайдалы, ғылымға, білімге қатысты мақалалар жариялады. Бұл газет үкімет тарапынан шыққан ресми басылым болғанымен, бостандықты, теңдікті көксегені, прогресшіл көзқарастары үшін Сібірге жер аударылып келген адамдардың ықпалымен халық газетіне ұқсайтын еді. «Дала уалаятының газеті» басқа жергілікті газеттерге қарағанда қазақ бұқарасыныңтұрмысын, оның шаруашылық жағдайларын, мәдени тіршілігін толығырақ көрсетіп отырған газет болды. Бұрынғы Сібірәкімшілігіне қараған Семей, Ақмола, Тобыл, Жетісу қазақтары өнер-білім жаңалықтарын алғаш рет осы газеттен оқу мүмкіндігіне ие болды. Газет халық жұртшылығын орыс халқының әдебиетімен таныстырды. Оның бетінде А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, М.Ю.Лермонтов, Г.И.Успенский шығармаларының, И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліндегі алғашқы аудармалары басылып тұрды. Содай-ақ газетте қазақ елінің тұрмысын, әдебиетін, мәдениетін зерттеуші орыс ғалымдары өздерініңмақала-хабарларын жиі бастырды.

Газет негізіндежергілікті отаршылдық-әкімшілік орындардың ресми органы болғанымен, халықты отаршылыққа, өнер-білімге, мәдениетке шақырып тәрбиелеуде едәуір роль атқарды, қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына зор ықпал жасады. Оның бетінде қазақ тілінде бұрын болмаған қоғамдық-публицистикалық, ресми іс қағаздарын жүргізу жөніндегі мақалаларжарияланды, ғылыми стильдің негізі қаланды,аударма тәжірибесінің алғашқы қадамы жасалынды, араб графикасына негізделген қазақ жазбасында тұңғыш рет тыныс белгілері қолданылды.

Ұлттық баспасөзіміздің қарлығаштарының бірі - «Дала уалаятының газетінің» дүниеге келуі қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. «Дала уалаятының газетінде» басылған шығармаларда қазақ халқының әр кезеңдеріндегі өмірі, тұрмыс-тіршілігі, күрделі жағдайлар мен оқиғалар толық, тұтас қамтылғанмен, тарихымызда болған ұлы өзгерістер, халық өмірінің жеке-жеке суреттері алғаш рет осы газет бетінде жарияланып, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің негізін қалауға көмектесті. «Дала уалаятының газетінде» басылған көркем шығармалардың бір тобы қазақтың өз төл туындысы болса, енді бір тобы орыс тілінен аударылған немесе шығыс әдебиетінен ауысқан үлігілер еді. Бұлардың бәрі мазмұн, көркемдік жағынан бір-біріне ұқсамағанымен, жалпы қазақтың жазба әдебиетінің дамуына ықпал етті.

«Айқап» журналы 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдыңтамызына дейін Троицкі қаласында шығып тұрды. Алғашқы жылы айына 1 рет, басқа жылдары 2 рет шықты. Осы уақыт ішінде барлығы 89 саны шықты. Көлемі бір, бір жарым екі, екі жарым баспа табақ болды. «Айқап»қазақ даласының барлық жеріне тарады. Әйгілі, беделді журнал болды[5.27].

«Айқап» журналының шығарушысы да, редакторы да белгілі ақын, жазушы Мұхамбетжан Сералин болды. Ол әркімнен пайда серік ретімен пай жинап, қарызға ақша алып, журналдың әуелгі сандарын сонымен шығарды. Кейін журнал өз қаржысымен тұрды. Оған жәрдем көрсетушілер де болды. Алайда, журналдың қаржысы мол, жеткілікті болды деуге болмайды. Ол қаржының тапшылығынан кейде шағын көлемді болып шығып жүрді. Тоқтағанда да қаржысының жоқтығынан тоқтады. «Айқап» журналында әр кезде хатшы қызметкер, хабаршы болып Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жиһәнша Сейдалин, Әкірам Ғалимов істеді. «Айқап» журналына қазақтың сол кездегі оқырмандары, түрлі оқу орындарындағы оқытушылары мен оқушы жастары, хат білген адамдар тегіс қатынасты. Журнал өзінің аты, мақсаты туралы 1911жылғы бірінші санында былай деп түсінік берді: «Айқап» деген сөз қазақтың төл сөзі. Ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкінген бейнесі ретінде алынды. «Ай-қап!» деп санымызды соқтық. Енді ел қатарына қосылайық деген үнді білдіреді»,-дейді [2.24].

«Айқап» қазақ халқы саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің көптеген түйінді, көкейтесті мәселелерін сөз етті. Соның бәрін де қазақ халқының саяси-әлеуметтік ілгері дамуы, бостандығы, шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеуі тұрғысынан қарап сөз етті. Ол үнемі «Бізге не істеу керек?», «Қайтсек біз тез ілгері басып, ел қатарына қосыла аламыз?» деген сұрақтар қойып, солардың жауабын табуға тырысты. Бұл сұрауларға тапқан жауабын, өзінің негізгі программасы «Айқап» 1911 жылғы 6-санындағы «Бізге не істеу керек?» деген бас мақаласында ашық айтты:

  1. Отырықшы болып, қала салу, жерден қол үзіп қалмау керек;
  2. Мектеп, медресе салып, оқу мәдениетке жетілу керек;
  3. Дін жұмысын өз қолымызға алу-мүфті сайлау керек;
  4. Мемлекет думасына мүддемізді айтып, сөзімізді өкіметке жеткізіп отыратын депутаттарымыз болу керек;
  5. Петербургта өкіліміз болу керек, ол сонда біздің ісімізді жүргізіп, өткізіп отыру керек деді.

Осы ретпен «Айқап» журналы қазақ арасындағы бектік-феодалдық қоғам қалдықтарына: ескі ғұрып-әдеттерге, жалқаулыққа, надандыққа, партиягершілікке қарсы күресті. «Айқап» журналы қазақ халқын отырықшы болуға, қала, поселк салуға, қаладан, орыс поселкаларынан үлгі алып, егін шаруашылығымен, ұсақ өнеркәсіппен айналысуға үндеді; мектеп, медресе салып, жаппай оқуға, өнер-білім үйренуге, ілім-техниканы меңгеруге үгіттеді. «Айқап» қазақ әйелдерінің хал-жайын, бостандық, теңдік мәселесін көп сөз етті. «Қазақ қыздарының аталарына», «Қалың мал құрысын!», «Бауырлас қазақ әйелдеріне», «Аналарымызға», «Аталарымызға» деген үндеулер және басқа көптеген өлең, мақалалар басты. Қазақ әйелдері туралы қазақ тілінде алғаш роман жазған «Қалың мал» (С.Көбеев), «Қамар сұлу» (С.Торайғыров), «Бақытсыз Жамал» (М.Дулатов), «Бақытсыз сұлу» (Ә.Ғалымов) романдарында жазған авторлардың да бірқатары осы «Айқап» журналында қызмет істеді, шығармаларын жариялады. Осылардың қай-қайсысында болсын журнал қалың мал, қатын үсті, әменгерлік, қызды қаламаған, сүймеген адамға, шалға еріксіз берушілік сияқты ескі заң, зиянды салтқа қарсы күресті. Әйелдердің еркекті, ерлермен тең болуын, өз тағдырын өзі шешуін, теңіне, қалағанына қосылуын, әйелдердің еркек қатары қоғам жұмысына қатынастырылуын талап етті. «Айқап» журналы қазақтың ана тілі мәселесін, оның әліппе грамматика мәселелерін кең талқылап, өз тұсында дұрыс шешті. Қазақтың Абай негізін салған жаңа әдеби тілінің өркендей түсуіне теориялық жақтан да, практикалық жақтан да зор себепші болды. Қазақ арасындағы оқу, оқыту, мәдени ағарту мәселелерін, жаңа оқуды өрістету, жаңаша оқу құралдарын жасау мәселелерін кең сөз қылды.Бұған Мұхамбетжанның өзінің оқу, оқыту құралы, шәкірттер, оқытушылар туралы жазған көптеген мақалалары, Сұлтанмахмұттың «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» деген мақаласы, Спандиярдың «Үлгілі бала» деген оқу кітабы дәлел бола алады [6.18].

«Айқап» қазақтың сол кездегі ақын-жазушыларының жаңа, таңдаулы шығармаларын үнемі басып отырды. Көптеген ақын, жазушыларды тәрбиелеп өсірді. «Айқап» төңкеріске дейінгі халқымыздың бүкіл тіршілік-болмысын, экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайын, әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен білімін жетілдіруді жан-жақты жазумен бірге, осы бағытта үлкен насихат жұмыстарын жүргізді, қоғамымызды ілгері байытуға зор үлес қосты.


Пайдаланған әдебиеттер.

1.«Қазақ» энциклопедиясы. Бас редакциясы. Алматы, 1998ж.

2.Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. Алматы, Білік, 1999ж.

3.Оспанұлы Серікбай. Алтынсариннің айналасындағы адамдар. Қостанай., 2006ж.

4.Кәкішұлы Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. І-бөлім. Алматы, Білім, 2003ж.

5.Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. А., Білік, 1999.

6. Кенжебаев Б. ХХ ғ басындағы әдебиет. Алматы, Білім 7-ші кітап, 1993.

Тулегенова Шынар Исланбекқызы
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...