«Қыдырəлі не совет береді екен?»: Болмановқа «тоқал алып беруді» енді министр ханым айтып тұрмасын

Жаңалықтар
4004

Енді қоғамдық пікірлерден біртүйер жасасақ, әнші Қыдырәлі Болманов бұрынғы «әуеніне» басып, Мәдениет және спорт министріне жұрт назарын актуальді проблемадан басқаға аудару жөнінде кеңес беруі мүмкін.

Қыркүйек айы эстрада әншілері Мейрамбек Беспаев пен Қыдырәлі Болмановтың қатарынан кеңесшілікке тағайындалғанымен есте қалғандай. Бұл ретте, Мейрамбектің Алматы қаласы әкімінің мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесшісі болғаны көпшілік тарапынан қолдау тапса, Қыдырәлінің Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі болғанына қырын қабақ танытқандардың қарасы қалың, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бір қарағанға екеуінің де атағы дардай. Әкімнің штаттан тыс кеңесшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болса, министрдің штаттағы кеңесшісі – әнші, продюсер, философия ғылымдарының докторы (Phd 2015), Қазақстан жастар одағы сыйлығының және Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері (2013).

Желі қолданушы Ержан Тәліп facebook парақшасында оларды мысқылдап: «Əншілердің ақылы көбейіп кеткен бе? Қыдырəлі не совет береді екен? Жер дауы кезіндегі тоқал туралы бірдеңені қоңырсытқандай, бірдеңені мыжып кеңес беретін шығар да», – деп жазды. Жазба астына Елтай Үмбет есімді азамат: «Қыдырәлінің арқасында халықаралық «Азия дауысы» фестивалінен айырылғанбыз, енді неден айырыламыз... Күтейік... Министр кеңесшіге зәру ме екен?» деп пікір қалдырса, Үміт Томпайқызы: «Дау шыға қалса, көңіл аулау туралы ақыл айтар», – деп кекетті.

Бұндай пікірлердің өміршең болып тұрғанына жұлдызды жұп Қыдырәлі мен Қарақаттың өз әрекеттері себепші. Еске сала кетсек, 2016 жылы әнші Қарақат Әбілдина Инстаграм желісінде «күйеуіме тоқал сыйлаймын» деп мәлімдеген еді. Жан жарының көпшілік талқысына түсіп, ауыр сыннан көз аша алмай қалған ол қылығын күйеуі әрі продюсері Қыдырәлі Болманов «Время» газетіне берген сұхбатында ақтауға тырысты.

«Қарақаттың маған тоқал сыйлаймын дегені – менің шарасыздықтан ойлап тапқан маркетингтік қадамым. Мен мұндайға бірінші рет барып отырмын. Тәуекел еттім. Өйткені, маған сол кезде елімізде қызу талқыланып жатқан тақырыптан халықтың көңілін қалай да басқа нәрсеге аудару керек болды. Ол 19 мамыр еді, еліміз толқып жатқан кез», – деді Болманов.

Тоқал тақырыбын ойлап тапқан ол осылайша жұрттың назарын жер мәселесіне қатысты даудан басқаға аудармақ болыпты. Айтуынша, өзі сол мәселеден кейін «ұйықтай алмай», таңертең әйеліне желідегі парақшасына тоқал туралы жазба қалдыруын өтінген. Сөйтіп «міндеттерін мінсіз орындап», жастардың алаңға шықпай қалуына ықпал еткен-міс. «Әлеуметтік желіде барлығы тоқал тақырыбын талқылап кетті», – деп мәз Болманов. Сондай-ақ, өзіне қарсы жағымсыз пікір жазғандарға ренішін де жеткізген болатын.

Енді қоғамдық пікірлерден біртүйер жасасақ, әнші Қыдырәлі Болманов бұрынғы «әуеніне» басып, Мәдениет және спорт министріне жұрт назарын актуальді проблемадан басқаға аудару жөнінде кеңес беруі мүмкін. Әлде, министр Ақтоты Райымқұлованың фонограммаға қарсы үн қатуына септігі тиді ме екен?.. Қарақаттан кейінгі тоқал тақырыбын көтерген екінші ханым болып тұрмаса жарар, әйтеуір.

Не десек те, Қыдекең ендігі жерде «өтпей қалатын» қатын-қалаш төңірегіндегі хайпқа қайта соқпауы тиіс. Биыл «Қытайға 52 зауыттық жер беріледі екен» деп шуылдасқандардың «назарын бұрып әкететін» де ештеңе таппағанға ұқсайды. Тоқал тақырыбынан кейін тоқырап қалған сияқты.

author

​Қыдырәлі Болманов

ӘНШІ

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...