Этномәдени бірлестіктердің бұқаралық ақпарат құралдары

Жаңалықтар
5274

Көк тудың астында жұдырықтай жұмылған Қазақстан халықтары үшін бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор. "Мәдениет порталы" этномәдени бірлестіктердің газет-журналдарының шығу тарихына шолу жасап көрген еді. Мархаббат!

 «Корё ильбо» Республикалық корей газеті 

«Корё ильбо» (кор. 고려일보 — «Корей күнделігі») – Алматы қаласындағы корей және орыс тілдерінде аптасына бір рет шығатын республикалық газет. Аталмыш газет Қазақстан өмірінің әлеуметтік, экономикалық және саяси аспектілерін қамтиды. Сонымен қатар елімізде тұратын корей ұлт өкілдері туралы материалдар да жарияланады. 

«Корё ильбо» газеті 1923 жылы КСРО-ның Қиыр Шығысында құрылған болатын. Бастапқыда Сенбон (선봉) деп аталған. Қиыр Шығыстан корейлер жер аударылғаннан кейін, газет 1938 жылы 15 мамырда Қызыл-Ордада «Ленин Кичи» (레닌 기치) деген атпен қайтадан іргетасы қаланды.

Айта кетерлігі, аталмыш газеттің қазіргі «Корё ильбо» атауымен жарық көруі кездейсоқтық емес. Оңтүстік Кореядағы ең ірі газеттің атауы Қазақстандағы басылыммен аттас, "Корей күнделігі" (Чосон ильбо) деп аталады. 1 800 000 таралыммен шығатын апталық және айлық газеттің іргетасы Жапондық отаршылдық әкімшілігі 1920 жылы 5 наурызда генерал-губернатор Сайто Макото «мәдени менеджмент» саясаты шеңберінде қаланған. 

Ал Қазақстандағы шығатын "Корей күнделігі" болса бастапқыда Қызылорда облыстық газеті ретінде таралып, тек 1954 жылдан бастап қана республикалық газетке айналды. 1970 жылдары аптасына 5 рет, 13,5 мың дана таралыммен жарық көріп тұрды. 1978 жылдан бастап Алматыда жарық көре бастады. 1991 жылы ғана газет Кореядағы ең ірі басылымның атауын алды. Бас редакторы: Ким Константин Станиславович.

«Жанубий Қозоғистон» өзбек газеті

«Жанубий Козоғистан» - өзбек және қазақ тілдеріндегі басылым, 1991 жылы 5 сәуірден бастап шығады. Аталмыш газет 1999 жылға дейін газет «Дустлик байроги» деген атаумен оқырман қауымға жол тартып тұрды. «Жанубий Козоғистан» газеті, Қазақ жерінде мекен ететін өзбек ұлт өкілдерінің тарихы мен салт-дәстүрі жайлы қалам тербейді. Қазақстан Президенті мен Үкіметінің саясатын насихаттайды. 

Сонымен қатар, Қазақ жерінде туған өзбек тілді ақындардың жинағын қазақ тілінде басып шығарғанын да мақтанышпен айтуға болады. Бас редактор: Сатвалдиев Алишер Ғафуржанулы.

«Жанубий Козоғистан» газеті Өзбекстандағы 1918 жылдан бері басылып келе жатқан "Ўзбекистон овози" газетімен де тығыз байланыста. Аталмыш газет өзбек және орыс тілдерінде шығатын республикалық қоғамдық-саяси газет болып табылады. 1991 жылдан бастап Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясының ресми органы ретінде есептелініп келеді. 

«Уйғур авази» Республикалық қоғамдық-саяси ұйғыр газеті

«Уйғур авази» – 1957 жылы 1 наурыздан бері Қазақстанда шығарылатын ұйғыр тіліндегі қоғамдық-саяси газет. Алғашқыда басылым сол кезеңдегі идеологияға сай, «Коммунизм туғи» («Коммунизм туы») деп аталды. Тек Қазақстанның тәуелсіздігінен кейін ғана, газет атауы журналистер және көпшіліктің қолдауымен «Уйғур авази» («Ұйғыр дауысы») болып өзгертілді. 1970 жылдары аталмыш газет аптасына 3 рет шығып, таралымы 21 мыңға дейін жеткен болатын. 

Мұнымен бірге, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, 2001 жылы халықтар достығы және қазақстандық патриотизм тақырыбын үздік жариялағаны үшін Қ.Тоқаев атындағы Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, 2005 жылы ҚР Журналистика академиясы тағайындаған ең жоғары ұлттық журналистік сыйлықтың иегері «Алтын жұлдыз» және сол жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы атанған. Қазіргі таңда аталмыш басылымның бас редакторы: Асматов Ершат Моллахунович.

Айта кетейік, осыдан тура 100 жыл бұрын Алматыда ұйғыр тілінде шыққан ең алғашқы газет - «Садай Таранчидің» бүгінде күндегі мирасқоры, осы республикалық қоғамдық-саяси «Ұйғыр Авази» газеті. «Сада» сөзі - парсы тілінен аударғанда «дауыс», «таранчи» - Іле өзенінің аңғарында тұратын ұйғырлар. Сонымен, қазіргі «Ұйғыр Авази» («Ұйғыр дауысы») газетінің өз атында да сабақтастық бар деп сеніммен айта аламыз.

Түрік этномәдени орталығының «Ахыска» газеті

Түрік этномәдени орталығының «Ахыска» газеті қазақ, түрік және орыс тілдерінде 2000 жылдан бастап басылып келеді. Аталмыш басылым 2007 жылы ҚХА Республикалық қоры азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісім мәселелерін жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткен байқауда бірінші орынды жеңіп алғаннан да мақтанышпен айтуға болады.

«Ахыска» ҚХА-ның жоғарыда аталған этномәдени орталықтарының басылымдарымен («Корё ильбо», «Уйгур авази» және т.б.), «Достық» журналымен және басқа да Қазақстанда шығатын газет-журналдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. 

Газетте “Қазақстан халқы Ассамблеясы”,  «Спорт», «Тарих», «Поэзия», «Шоу-бизнес», «Балаларға», «Тұлға», «Мемлекеттік және түрік тілі сабақтары», «Дін», «Дөңгелек үстел», «Қонақ», «Ресми бөлім» (Мемлекет басшысының кездесулері, сөйлеген сөздері, Жолдаулары жарияланады), сондай-ақ «Қазақстан жаңалықтары», «Түркия жаңалықтары», «Түркі әлемінің жаңалықтары» және «Әлемдік жаңалықтар» деген айдарлар бар.

«Ахыска» Қазақстан этникалық топтары арасындағы ұлтаралық қатынастарды нығайту бойынша үлкен жұмыс атқарып, әр түрлі ұлттардың көрнекті адамдары туралы материалдарды үнемі жариялап отырады. Қазіргі таңда бас редакторы: Ровшан Мамедоглу.

Daz «Deutsche Allgemeine Zeitung» Республикалық неміс газеті

«Deutsche Allgemeine Zeitung» (DAZ) ұлттық республикалық газеті – 1966 жылы құрылған Қазақстан Республикасындағы неміс этносының жалғыз газеті. Газет аптасына бір рет, 1500 тиражбен орыс және неміс тілінде шығады. Аталмыш газет ҚР Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігінің қаржыландыруы мен Германияның IFA-институтының қолдауымен шығарылады.

Газеттің 12 бетінде Қазақстан Республикасындағы, Германиядағы, сондай-ақ басқа елдердегі саяси-экономикалық жағдай туралы талдамалық материалдар жарияланады; немістердің Қазақстандағы және басқа республикалардағы мәдени-әлеуметтік өміріне үлкен мән беріледі. Орыс немістерінің тарихи отанына интеграциялану мәселелері жиі талқыланады. Қазіргі таңда бас редакторы: Клименко Олеся Сергеевна.

Жалпылама айтқанда аталмыш газеттің мақсат-міндетін төмендегідей пунктарға бөле аламыз:

• екі елдің өкілдері арасындағы байланыс процесінде туындайтын бірқатар мәселелерді қамту;

• гуманитарлық және экономикалық салалардағы қазақстан-герман қатынастарының жай-күйін бағалау;

• Қазақстанның Еуропалық Одақпен және ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығының жай-күйін және болжамды перспективаларын бағалау;

• неміс этникалық тобын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жобалардың сапасын және олардың тиімділігін талдау;

• қоғамдық өзін-өзі басқарудың жай-күйін және неміс этносының өзін-өзі қаржыландыру перспективаларын талдау;

• неміс қоғамдастығын біріктіруге көмектесетін ортақ жауапкершіліктің мысалдарын көрсету;

Айта кетейік, 2017 жылы Интернеттегі газеттің электронды нұсқасы жаңартылды, бұл Германияда тұратын иммигранттармен рухани байланысты сақтауға көмектеседі.

Қазақстан еврейлер қауымдастығының «Давар» ақпараттық газеті

«Давар» – Қазақстан Ресбпуликасындағы «Мицва» еврей қауымдастығының 1999 жылдың мамыр айынан бастап шығатын республикалық газеті. Аталмыш газет орыс тілінде ай сайын оқырман қауымға жол тартады. Онда Қазақстандағы еврей қауымдастығы өміріндегі жаңалықтар, сонымен қатар еврейлерге қатысты басқа да ақпараттық материалдар бар. 

"Корей күнделігі" секілді республикалық "Давар" газетініңде атауы кездейсоқтыққа жатпайды. Израильдегі ең ескі және ең танымал газеттердің бірі де осы "Давар" атауымен 1925 жылдан 1996 жылға дейін еврей тілінде шығып тұрған. 2016 жылы "Давар Ришон" болып Хистадрут кәсіподақ федерациясының онлайн басылымы ретінде қайта басыла бастады. 

«Давар» - бұл балалар мен жастарға, аға буынға және қоғамның қарт мүшелеріне қызықты әмбебап басылым. Бүгінде төрт мың дана таралымға қол жеткізілді. Қазіргі таңда аталмыш газеттің бас редакторы: Исаак Дворкин.

Жомарт Жылкелдіұлы,

"Мәдениет порталы"

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...