Ақтаудың «Достық» үйінде Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрдың 20 жылдығ...
Әлемдік ойдың алыбы - 4: Аристотельмен «достасқан» ғұлама
Сан-салалы ғылымдардың ішінде философияның орны да, маңызы да ерекше екенін ертелі-кеш ғұлама ғалымдар айтып та, жазып та келеді. Бұл ретте шығыстан шыққан үздік ғалым-философтар еңбегі бір шоғыр болып жарқырап көрінеді. Өз еңбектерін негізінен араб, парсы және түркі тілінде кестелеген нешелеген ғұламалар туралы, ашығын айту ләзім, әлі күнге жеріне жеткізе жаза алмай келе жатқанымыз ақиқат.
Осы орайда, бүкіл шығыс елдерінің ғалымдары үшін аса қымбат, мейлінше құдіретті, тіпті өз заманында «Шығыстың Аристотелі» немесе «Екінші ұстаз» деген атқа ие болған Әбунасыр әл-Фарабидің орны мейлінше зор да үлкен.
Атағы жер-жаһанға мәшһүр болған ғұлама баба, ірі философ Әбунасыр баба өзінің сексен жылдық ғұмырында ғылымның барлық салаларына барынша атсалысып, артына өлместей ұлы мұра қалдыра алды. Біз осы күні даңқты жерлесіміздің математиканың, химияның, астрономияның, медицинаның, т.б. ғылымдардың негізін қалаушы адам ретінде құрметтейміз. Бұл – заңды да.
Өз ғұмырында 200-ге таяу трактаттар жазып қалдырған ғалымның рухани мұраларын мұқият талдап-таразылаған кісі әсіресе ұлы философ Аристотельге ерекше баға беріп, еңбектеріне аса құрметпен қарағанын аңғара алады. Алайда, біздің көптеген зерттеуші-ғалымдарымыз осы бағытты терең қаузап, мейлінше жеріне жеткізе жаза алды ма? Әбунасыр мен Аристотель арасындағы тылсым күш – тығыз байланыстылықты дөп басып көрсете алды ма?
Кесіп айтып, кесімді пікір білдіруге батылдық жетпей жатады.
Неге?..
* * *
Тұңғиық ойлы бабамыз қай кезде өмір сүрді? Ол заман – қандай заман еді? Қай жағымен ерекшеленіп, қай қырынан дараланып, мен мұндалай алады?
Тарих былай дейді: ақыл таразысына салып салмақтап көрсек, ғұлама ғалымның өмір сүріп, тіршілік еткен кезеңі түркі даласына ислам дінінің барынша еніп, түркі, араб және парсы мәдениетінің тоғысуы мен тұспа-тұс келеді екен. Ғылым мен мәдениеттің сол кезеңдегі аса танымал орталықтары – Бағдат, Шам, Мысыр, Алеппо елдеріне сапар шеккен жас ғалым араб, парсы, грек, латын, санскрит, т.б. тілдерді жетік меңгеріп, ғылымның қиын соқпағына батыл жол салған.Психология, философия, логика, математика, этика, эстетика, біріктіріп, астрономия, тіл білімі,социология, т.б.салаларына арналған өте бағалы трактаттар жазыпты. Осыншама көп саланың басын біріктіріп, өз еңбектеріне өзек ету – әрине, үлкен ойлылық пен парасаттылықты талап етері хақ. Ал, салалап сөйлер болсақ, трактаттарының басым бөлігі сол замандарда есімдері барынша танымал болған Платон, Птоломей, Әл – Кинди, Аристотель, т.б.еңбектерін талдауға, байыптап – бағалауға, сөйтіп кейінгі білімпаздар мен оқымыстыларға жіктеп – түсіндіруге арнапты.
Осылардың арасында әсіресе Аристотельге неліктен көбірек тоқталған? Өйткені оның есімі барынша аспандап, қол жетпес биікке шығандап тұрғанды. Бұл заңды да еді. Аристотель өзіне дейінгі философиялық – психологиялық жазба еңбектердің бәріне де сын көзбен қарап, өз бетінше дамытып, жаңаша жазба түзген-ді. Қалай десек те, сол кезең ішінде Аристотельді шетке ығыстырып, көлеңкеде қалдырып қоятын философ болды ма екен?
Одан да тереңдетіп айтар болсақ – Аристотель еңбектерін айналып өтіп, басқа білім салалары жайлы толғамды ой қозғау еш мүмкін емес-ті. Мұны Әбунасыр әп дегеннен – ақ түсінген, сосын да ең алдымен осы атақты ғұламаның асыл мұрасымен толық сусындап алуды мұрат еткен. Былайша айтқанда, Аристотель және философия мәселелерін тығыз бірлікте қарастыру мақсатын алға тартты.
Бұл, әрине, өз кезегінде өте дұрыс әрі батыл қадам еді.
Ендігі міндет – сол ұлы философтың рухани мұраларын араб – парсы – түркітілді білімпаздарға өз қалпында жеткізіп, асыл қазынаға айналдыру болатын-ды. Жасыратын жоқ, бұған дейінгі аударма еңбектерінде көптеген кемшіліктер байқалып қалып отырған. Тіпті бірқатар аударма жұмыстарында айтулы философтың тұнық ойлары бұрмаланып та кететін.
Бұл жайында ертелі – кеш зерттеушілер мен ғалымдар айтып та, жазып та қалдырған, бүгінгі күні де сөз жалғасын табуда.
Көрнекті шығыстанушы Е.Э. Бертельс өз жазбаларының бірінде былай деп көрсетеді. «Аристотельдің араб тіліндегі алғашқы аудармалары мінсіз деуге келіңкіремейтін. Ғылыми терминологияның қалыптаспағандығы аудармашылар жұмысына едәуір бөгет жасады. Мәтінді игере алмағандықтан олар көбіне грек тіліндегі түпнұсқаның синтаксистік құрылымын сақтауға тырысып, аударманы араб оқырманы мүлде түсінбейтін жағдайға жеткізді. Тек Әбунасыр Әл – Фараби еңбектері ғана көне дәуір дүниелерін дұрыс түсінуге мүмкіндік берді. Ғалым Аристотельдің “Категориялар”, “Герменевтика”, “Бірінші және екінші Аналитика”, “Топика”, “Риторика”, “Софистика”,“Поэтика” секілді еңбектеріне түсіндірме жасады. Осы еңбектері әл – Фарабиді “Екінші ұстаз ”атандырды» деп атап өткен.
Міне, өзіне дейінгі осындай елеулі кемшіліктер мен міндерді түзеу бағытында жұмыс істеген Отырарлық ғалым әсіресе, философия мен логиканы зерделеп – зерттеуде Аристотель ұстанған жолды жалғастырып, әр текті ой – тұжырымдарды реттеп – жүйелеп беруге күш жұмсап бақты. Білімдар ғалым – азамат, алайда осы жылдарда тек философияны зерделеп, соның ықпалында қалып қойған жоқ. Ол әдебиет мәселелеріне де, тіл жайына да араластырып, көптеген елеулі ғылыми еңбектер жазды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, айталық, “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат”, “Аристотель “Риторикасына” түсіндірменің үлкен кітабы”, т.б. еңбектер ерекше маңызға ие. Тек бұл ғана емес, сонымен бірге “Ғалымдардың шығуы туралы трактат”, “Ғылымдардың жіктелуі туралы трактат”секілді еңбектері де әдебиет пен поэзияға қатысты, тіпті тосын пікірлерге толы дүние еді.
* * *
Әбунасырдың ғылым атты алып теңіздегі негізгі тірек еткен ұстаздары – Аристотель мен Платон болғаны ешқандай дау тудырмайды. Өйткені, ол қайсыбір трактаттарында болмасын, осы екі ғұламаға айналып соғып отырған.
Отырардан шыққан ғұлама алғашқы кезде «Екі дана құдіретті Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігі» деген трактат жазды. Бұл еңбегінде ең алдымен екі философ арасындағы айырмашылық жайынан сөз түзген. Сол замандарда екі ұлы философ екі бағыт ұстаныпты, бір-біріне кереғар пікірлер айтыпты деген сөз ушығып тұрған-ды. Міне, осы теріс сөздің түп-төркініне үңіле отырып, ақиқатқа көз жеткізуге ұмтылған.
Оның жазуынша, қос философтың бір-біріне ұқсамайтын өмір сүру салттары екендігін қадап айтады, сосын да тілдің әртүрлі қолданылуы мен ой түю орын алған. Сөйте тұрса да, екі ойшылдың философиялық көзқарастары мен ой-түйіндері, жалпы алғанда мәні жағынан ұқсас әрі бірдей болып келетін еді.
Бұл түсініспеушіліктің түп-тарихы әріден бастау алатын-ды.
Бұның, сөз жоқ, әртүрлі себептері бар, әрине. Қалай десек те, ғалымдар арасында бірінші кезекте қос ойшылдың еңбектерін түпнұсқадан оқып, толық түсіну жағы ақсап жататын-ды. Екіншіден, ол замандарда да қызғаныш пен көреалмаушылық болмады деуге негіз жоқ. Үшіншіден, расында да, Платон мен Аристотель философиясында бір қарағанда тез түсіне қоймайтын кейбір пікір алшақтары мен өзгеше трактовкалар аз кездеспейтін, әркімнің өз жазу машығы мен ойлау деңгейі болуы әрине заңды құбылыс.
Міне, осындай қадау-қадау объективті және субъективті себептердің болуынан екі ғұлама-философ турасында көптеген тартыстар мен алыпқашпа әңгімелер болып жатқан-ды.
Бір замандарда атағы жер жарған екі ғалымды бір-біріне қарсы қою идеясы етек алып, осы мәселе келе-келе үлкен әңгімеге жол салды. Алайда, тап осы екі ойшылдың жазба еңбектерінде көзге ұрып тұрған кереғар алшақтық байқалмайтын еді. Сонда да айтыс-тартыс басылған жоқ, удай түскен болатын-ды.
Тарихқа үңіліп қарасақ, тап Платон мен Аристотель арасындағы «түсініспеушілікті» өз уақытында, яғни ІІІ-ғасырда, александриялық философия мектебін негіздеуші Аммоний мен Порфирий де түсіндіріп байқап, «татуластыруға» күш салса керек. Бұл да өз кезінде елеулі шаруа һәм үлкен жұмыс болып есте қалды. Тарихқа енді.
Ал, біздің қандас бабамыз болса осы ойды әрі қарай дамытып, ақиқат аулына біршама жақындата түсті.
Жасыратыны жоқ, Аристотель философиясында ислам дініне, оның дүниетанымына аздап болса да «қарсылық» сезіліп қалатын. Әбунасыр осы тұсын қазбалай отырып, мұны Платон философиясының қайырымдарымен «жұмсартуға» күш салды. Және ол ойы өте сәтті іске асты да.
Құдай ұғымына қарсы тұрмайтын философияны негіздей отырып, Платон мен Аристотель еңбектеріне ашық та даңғыл жол ашты десе де болады.
Былай қарағанда, Әбунасыр бабамыз тап осы тұста асқан байқампаз ғалым-философ болумен қабат өте білгір дипломат-мәмілегер қызметін де қоса атқарып отыр.
* * *
Ғұлама бабамыз бұдан басқа да көптеген философиялық трактаттарында Платон мен Аристотельді айналып өткен емес.
Ол, әсіресе, әдебиет, өнер, музыка туралы жазба еңбектерінде үнемі Аристотель ойларына сүйеніп, одан дәйексөз алып отырған. Содан да болар, Әбунасыр ойлары мен тұжырымдары көп ретте грек философымен үндес шығып отырады.
Солай бола тұра, Отырарлық ойшыл әлемдік философияда өз жолын, өз даңғылын сала білді. Оның терең де мазмұнды жазба еңбектерін оқыған кейінгі оқымысты-ғалымдар Әбунасырды өздеріне ұстаз санады. Олардың арасында, айталық, Әбу али Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, т.б. бар.
Сөз түйіні – Әбунасыр әл-Фараби өз заманында Аристотель секілді философияның алыбымен рухани достасып, өмір бойы оның құнды мұраларымен сусындады. Тіпті көне грек тілін үйреніп, түпнұсқадан оқып-танысқаны жайлы да деректер бізге дейін жеткен.
Олай болса, «Әбунасыр және Аристотель» тақырыбы алдағы уақытта да толымды еңбектердің тақырыбы бола береріне сенгіміз келеді.
Жолтай Әлмашұлы