Үміт Жәлеке. «Жантөринше жаңғыру»: театрға 20 жыл!

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
1860

Ақтаудың «Достық» үйінде Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрдың 20 жылдығы аясында республикалық ғылыми-шығармашылық конференция өтіп, КСРО халық артісі,  КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері  Асанәлі Әшімов бастаған өнер саңлақтары жиналды.

 

Алқалы жиын ІІ бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім театр туралы бейнефильмнен басталып, құттықтау сөз, белгілі театр әртістері мен сыншыларының баяндама, пайымды пікірлеріне жалғасты. Алқалы жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  философия ғылымдарының  PhD докторы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, режиссер, педагог, музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров жүргізіп отырды.

Конференцияға Қазақстан Республикасы театрларының өкілдері, Қазақстан театрларының директорлары, актерлары, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессор-оқытушылар құрамы, жергілікті зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Н.Жантөрин театрының Қазақстан театр кеңістігіндегі орны, театр өнеріне қосқан үлесі, театр мәселесі және оны шешу жолдары баяндалған жиында алғашқы құттықтау сөзді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев алып, жан-жақтан ат терлетіп келіп, ұлы жиынға қосылған театр майталмандарының басқосуын Абайдың «ойдағы ел қырдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...» деген өлең жолдарына теңей отырып, Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрдың 20 жылдық тойына келген қазақтың Асанәлісі бастаған қонақтарға «Қош келдіңіз» айтты.

Осыншама өнер иесінің ұйымдасқан түрде топ-тобымен тойға атсалысуын біз осы театрдың ұжымына, басшылығына деген құрметіңіз, ілтипатыңыз, сыйластығыңыз деп білеміз. Бүгінгі ғылыми-шығармашылық конференцияның аясында талқыланатын мәселе, жалпы өнердің соның ішінде театр өнерінің дамуына оң ықпал ететіне сенеміз.

Әрқайсыңыз осы салада қызмет атқарып, сырт көзге оп-оңай көрінгенмен жанқиярлықты талап ететін қиын өнерді алып жүргеніңізді білеміз. Біз үшін әрқайсыңыз бір төбесіз, әрқайсыңыз бір тұлғасыз! Сіздерді көрермендер іздейді, сағынады. Себебі сіздердің сахнада сомдаған образдарыңызға қарап бой түзейді, ой түзейді. Киелі Маңғыстауға қош келдіңіздер! 

Жиырма жыл деген тарих үшін қас қағым сәт қана! Бірақ осындай сәттің ішінде өзінің орнын табу, талай республикалық, халықаралық байқаулардан жеңімпаз атанып, жүлделі болу оңай шаруа емес. Сондықтан театрдың құрылысы басталғаннан басы-қасында жүрген Нұрнияз ағамызға, көркемдік жетекші, қазіргі таңда басшысы қызметін атқарып отырған Гүлсина ханымға алғыс айтамыз. Театр ұжымына алдағы уақытта да сәттілік тілеймін! Шығармашылық табыс мол болсын, қатарларыңыз сиремесін!

Екінші құттықтау сөз осыдан 20 жыл бұрын театрдың ашылу салтанатына қатысып, тұсауын өз қолымен кескен қазақ кино өнерінің корифейі, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовке берілді. Ол Ақтауда 20 жыл бұрын ашылған жас театрдың қалыптасуы, өнер биігіне өсу жолы, ұжымға қазақтың актері Жантөриннің аты берілуі туралы айта келіп, өнерге шабыт беретін бір күш марапат екенін, сондықтан марапатқа лайық актерлердің жасын шектемеу керектігін, қазақтың бұлбұлы атанған Күләш Байсейітованың «КСРО Халық әртісі» атағын небары 24 жасында алғанын, жақын болашақта Қазақстанда «Халық әртісі» атағы қайта қалпына келуі керектігін жеткізді. Сөзінің соңында республикадағы ең жас театр – Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының өсіп-өркендеуіне тілектестігін білдірді.

Келесі құттықтау сөз кезегін алған облыстық театрдың негізін қалаушы тұңғыш  басшы, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Маңғыстау облысыныңқұрметті азаматы Нұрнияз Мұқанов 20 жылда алдыңғы қатарлы театрлар тізіміне қосылған ұжымның ынталы жастарының мойнында үлкен міндет тұрғанын айта келіп, «бұл театр – Нұрмұхан секілді ұлы актердің атымен аталған, сондықтан жас буынға соған қарап ой түзеп, бой түзеу міндет! Жантөрин театрының бір өзі бірнеше театрдың жүгін көтеріп, аз ғана уақыттың ішінде халықаралық деңгейде өз өнерін танытып үлгерген мықты ұжым екенін айта келе, бұл театр – Абыл, Нұрым, Ақтан, Аралбай, Қашаған секілді бес жүйріктің, Жеті қайқының өнерін жалғастырушы театр! Пір Бекет жерленген жердің, Абыз  Әбіш туған жердің, 360 әулие жатқан жердің театры! Сондықтан олардың атына кір келтірмеу ұжымға сын екенін айтып, жиынға қатысушылар жұмысына сәттілік тілеп, құрметті қонақтарға ақжарма тілегін арнады.

Театр сыншысы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек өз кезегінде мерейтой иелерін құттықтай келе, «Театр өнерін дамыту жолында не істеу керек?» деген бағытта сөз саптады. Жиырма жылдың ішінде үлкен еңбек атқарғанына қарамастан, облыстағы театрлардың өзекті мәселесі – тұрақтылықтың жоқтығы! Актерлер өсіп, республика деңгейінде көріне бастаған соң, үлкен өнер ортасын аңсап, театрдан кетіп жатады. Өйткені, өңірдегі театрлар типтік деңгейде ғана қалып отыр, өнер орталығынан қашықта жатқан өңірлердің байланысы қиын, жол шығыны көп, осы қиындықты жою үшін жергілікті театрларды орталыққа айналдыру жолдарын көздеу керек. Актерлар шеберлігі өсіп, таныла бастағанда кино өнеріне ауысып кетіп жатады. Егер сондай киноны осы орталықта түсіруге мүмкіндік болса, театр базасында қажетті техника болатын болса, қазіргідей техниканың дамыған заманында, өндірісті қалада актерлердің біржолата тұрақтап қалуына сенім мол болар еді. Маңғыстауда туризмді дамыту үшін, болашақта драматург, кино саласының мамандарын даярлау сұранысы туады. Табиғаты мен тарихы бай өлкеге кәсіби кино мамандары қажет болады деп ойлаймын» деді Е.Жуасбек.

Театртанушы, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің Президенті, Өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Анар Еркебай өз сөзін: «20 жылдығын тойлап отырған Жантөрин атындағы музыкалық драма театр Маңғыстау өңіріндегі бірден-бір театр болуымен қатар еліміздегі өзіндік имиджі бар театр деп айта аламын, өйткені Гүлсина Мерғалиева бірден атақты режиссерлармен тайталаса халықаралық байқауларда бақ сынап, ұжымның беделін арттырып, деңгейін көтеруде бірден батылдық танытты» деп бастап, егер 90-жылдары «режиссура жоқ» деген пікір айтылса, қазір бұл пікір күшін жойғанын, қазақ режиссерларының деңгейі жоғары екенін, жастардың толқыны бүгінгі әлемдік өнер биігіне ұмтылыс жасап жүргенін жеткізді.

Театртанушы, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі, Өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Меруерт Жақсылықова қазақ театрларының заманауи техникамен жабдықталуы жағынан артта қалып келе жатқанын, медиатехнологияның дамуы нашар екенін сынға алып, егер алдағы уақытта осы айтылған олқылықтардың орны толтырылса, қазақ театрларының әлемнің белгілі театрларымен иық тірестіре өнер көрсете алатынына зор сенім білдірді.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды театрлардың ішінде 20 жылдығын республика деңгейінде атап өту Жантөрин атындағы музыкалық драма театрдың беделін көрсететінін, тақыр жерге театр ашып, оның құрамында өнер көрсету, жас актерлардың ұжымда тұрақтап қалуы ерлікке пара-пар жағдай екенін баса айтты.

Саясат пен мәдениет қатар жүруі керек, - деген Азамат Қазақстанда қазір облыс орталықтарын байланыстыратын заманауи үлгідегі жақсы автожолдардың бар екенін, бірақ жол жиегінде шашылған қоқыстың сол жол маңын мекендеген халықтың мәдениетінің деңгейін танытатын көрініс екенін  ашына айтты.

«Театрға 20 жыл толды. Алдағы 20 жылда қалай дамиды?» деген сұраққа жауап беріп, әлемдік деңгейде театр өнерінің даму жолының бағытын баяндай келе бұрынғыша «театр тәрбие құралы» емес, «театр әсер етуші құрал» деген пікірге ден қою керектігін жеткізген актер қазақ театрлары сонда ғана әлемдік деңгейге көтеріле алатынын, бір-бірімен бәсекелес болуға мүмкіндік туатынын айтты. Өз пікіріне тыңдаушылардың көзін жеткізіп, театрдың тәрбие құралы еместігіне мысал ретінде «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» пьесалары тәрбие құралы бола ала ма?» деген сауалын алға тартты.

Бұдан әрі қазақ елінде қалыптасып қалған әр облыс орталығында жалғыз театрдың болуын сынға алған актер әр облыста екі-үштен театр болса ғана бәсекелестік болатынын, онсыз театр өнерінің өспейтінін айтып, өңір көрермендерінде таңдаудың жоқтығын, қаласа да, қаламаса да облыс орталығындағы жалғыз театрдың репертуарындағы қойылымға баруға мәжбүр екенін жеткізді. Театр өнерінің өсуіне бірнеше өнер ұжымдары арасындағы бәсекелестіктің әсері зор екенін, олай болмаған жағдайда өнердің даму мүмкіндігі болмайтынын ортаға салды.

Бір ғана Мәскеудің өзінде 200-ден аса театрдың бар екенін, әр театрдың өз көрермені бар екенін, біздің елімізде өңір жұртшылығы жалғыз театрға тәуелді екенін, республикалық жарыстарда белгілі бір сыншылардың, белгілі құрамдағы қазылардың өзара келісімге келе отырып қалыптастырып алған «заңдылығынан» өнер иесінің шығуына мүмкіндігінің жоқтығын, байқаудан соң тиісті марапаттың ойыншы шеберлігіне қарай емес, әр өңірден қатысқан ұжымды «марапатсыз қалдырмау үшін» сыйлықтың қазақы көңілжықпастықпен бөлінетінін сынға алды. 

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – моноқалаларда театр салу. Әсіресе, Жаңаөзен секілді мұнайлы қала жастары үшін театр ауадай қажет! Ал Ақтау секілді 400 мыңға жуық тұрғыны бар орталық үшін жалғыз театр аздық етеді. 

Ресейдің 30-40 мың тұрғыны бар кішігірім қалашығында драма театры жұмыс істейді, біздегі жағдай онымен салыстыруға келмейді,-деп өзекті мәселенің түп-тамырын қазып сөйлеген Азамат Сатыбалды өнер үшін жанын қинап жүрген жандарға сыйлық ұсынудың актер үшін стимул болатынын, сондықтан нағыз өнер иесіне берілетін атақты шектемеу керектігін жасырмады.

Жиын барысында Қазақ Ұлттық өнер университетінің театр өнері және өнертану факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Омар Ақыш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, режиссер, педагог Әубәкір Рахимов жарыссөзге қатысып, пікір бөлісті.

Қорытынды сөзді Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрдың директоры, әрі қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Түркі әлемінің театр кеңістігіне қосқан үлесі үшін» Халықаралық VІІ «ANADOLU» театр сыйлығының иегері Гүлсина Мерғалиева алып, алыс-жақыннан келіп конференцияға қатысушы өнер қайраткерлеріне рахметін білдіріп, Асекең мен зайыбы Бағдатқа, Әубәкір Рахимов, Бекболат Құрманғожаев, Нұрнияз Мұқанов т.б театр қызметкерлеріне сый-сияпат жасады.

Конференцияның ІІ бөлімінде театрдың 20 жылдық тарихынан сыр шертетін «Жантөринше жаңғыру» кітабының тұсауын кесу құрметі А.Әшімов пен Н.Мұқановқа берілді. 

«Қазақстан театрларының мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында Айболат Жаудыр, Асхат Маемиров, Бейбіт Бақтыгереев, Дунай Еспаев, Біржан Жалғасбаев т.б сөз сөйледі. 

Жиын қорытындысында – қазақ театрларының мәртебесін көтеру, жергілікті театр мамандарының жағдайын жасау, техникалық құрамдағы қызметкерлер жалақысын көбейтуге ұсыныс қабылданып, қазақ театр өнерінің әлемдік аренада өзінің айшықты орнын тапқан киелі орда екені белгілі болды. 

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың шағымына қатысты алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды m...

Жаңалықтар

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы жаңа кітапханалар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды madenipo...