Бекен Қайратұлы. Ғаділетшіл ғалым

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
2777

Мың тоғыз жүз тоқсан төртінші жылдың көктемі болатын. Сонау қиырдағы Тарбағатайдан Алматыға келдім. Мақсатым – тұяқ іліктірер тұрақ іздеу. Әуелі, қаланың қақ ортасында орналасқан Моңғолия елшілігіне ат басын бұрдым. Жұпынылау қос қабатты жатаған үй екен. Сыртын темір шарбақпен қоршап қойыпты. Есік алдында – милиция. Оған құжатымды көрсеттім. Мың болғыр «кіре беріңіз» дегені. Кіреберістің сол жағында шағын кеңсе. Ішінде екі адам отыр. Бірден таныдым. Төрдегі ат жақты, арықша адам – Зардыхан Қинаятұлы. Бұл кісіні бұрындары газет-журнал, теледидардан көргенім болмаса, өзімен бетпе-бет кезікпеген едім. Алғаш рет осы арадан жолықтырдым.



Жақсыдан – шарапат

«Адамның өмірі – уақыттан құрал­ға­ны­мен кейбір ұмытылмас сәттерден тұрады» деген екен шығыстың бір ойшылы. Ұға білгенге ғибратты сәттер адам өмірінде кездесері хақ. Бірақ осыдан қалай сабақ алдың, нені ұғындың – мәселе осында. Мен үшін осындай ғибратты сәттің бірі – Зардыхан ағамен кездескенім.

 Есіктен аттап кірген бетте, елшінің орынбасарына зар-мұңымды төктім кеп. «Төрт жыл бұрын Моңғолиядан кө­шіп келдім. Жұмыс жоқ, сенделіп қал­дық. Сендерден не қайыр немесе жа­ға­ласпай жан қалмайды деген, әлде ашық күресу керек пе...» дедім. Ана бей­бақ жыпылықтайды кеп. Мені бірдеме бүл­ді­ре­тін шығар деп қымсынып отыр.

Расын айтсам, бұл сөздерді мен қақ төрде ақшулан шашын қайырып тастап, биік қабағын қайшылап қойып тыңдап отырған, сол заманда моңғолиялық қа­зақ­тардың ғана емес күллі елдің көсе­мі­не айналған Зақаңа қаратып «бұл кісі не айтар екен» деген оймен боратып отыр едім. Аздан соң артыма бұры­лып, «Ассалаумағалейкум, Зақа!» дедім. Көкем­нің көзінің оты жарқ етті. Анау-мынау жоқ тіке кетті.

 – Қарағым, сен мына елді бүлдірейін деп келіп пе едің, өздері жаңадан еркіндік алып, еңсесін тіктеп, жыртығын жамай алмай жатса, сен барып жағасына жар­мас­пақсың ба?! Қайта қазаққа жаның аши­тын жігіт болсаң, қоғамның жұлынына түскен «құлдық» дейтін жегі құртты тазалас. Есіңде болсын, батпандап кірген пәле мысқалдап шығатыны табиғи заң. Осылай деп бір қайырды. Одан кейін «осы бейбақ бірдеме түсініп отыр ма?» дегендей маған тесіле қарады да:

– Жасың нешеде? – деді.

– Отыз бірге шықтым.

– Нағыз тас шайнап, жалын бүркетін жаста екенсің, есіңді жи да еліңе қызмет ет!

– Міне, менің жасым 54-ке шықты. Барлық жалынды жастығым, қуатты қай­ра­тым Моңғолияда өтті. Мұнда келген отыздағы сен де бір, елуден асқан мен де бір. Бәрін басынан бастауға тура келіп тұр. Қайта сен маған қарағанда бақыт­ты­сың, атажұртқа жалындаған жасыңда оралып отырсың. Артық сөзді доғар, шы­ра­ғым! Қазақ екенің рас болса, халқыңа қыз­мет қыл! Ең бастысы, баянсыз бүліктен алыс бол!

Зақаң алып-қосары жоқ дәл осы­лай деді.

Бұл кездесу, жоғарыда айтқанымдай, тәңір бұйыртқан тарихи сәт болды. Ең бас­ты­сы ағаның ақылымен бұрын мұрныма исі бармайтын «журналист» деген маман­дық­ты таңдадым. Қазаққа қалам қаруымен қызмет қылайын деп шештім. Зақаңның әсіресе «баянсыз бүліктен алыс бол» деген өсиеті өмірлік ұстанымыма айналды. Жақсыдан шарапат деген осы шығар.

Жалғыз ұл

Әңгімені әріден бастасам, Зардыхан аға бір әулеттің жалғыз ұлы екен. Қанша айтқанмен ескінің көзін көрген, көненің сөзін білген, оның сыртында кәсіби тарихшы, сұңғыла саясаткер емес пе, жарықтық әулет шежіресін жақсы білетін жан еді. Көзі тірісінде: «Менің бесінші атам Асубайдың зираты Катонқарағайда, төртінші атам Жөнбайдың зираты Ресейдің Таулы Алтай өлкесінде, ұлы атам Мамырбайдың зираты Шыңжанда, ал туған әкем Қинаяттың сүйегі Моңғолияның Қобда аймағында жатыр. Өзіме Қазақстан топырағы бұйыратын шығар» деп отыратын. Осы бір деректен «Жазда мал іздеген қазақтың, Басы қайда қалмаған» деп атақты жырау Шалкиіз бабамыз айтқандай, бір әулеттің бір ғасыр­лық тағдырын аңдайсыз.

Одан кейін бұл әулетті өткен ғасыр ба­сындағы «адам аулау» науқаны айна­лып өтпепті. Жөнбайдың үш ұлы: Иманбай, Иманқұл, Иманбет және бес не­ме­ресі: Тәуекел, Түсіпжан, Түсіпқали, Мұхамедқали, Мұқырбайлар 1938 жылы ұсталып, 27 шілде күні Қобдада атылған екен. «Аталарымды жазықсыз қырған қызылдың көсемдері Ленин, Сталиндерге ешқашан ішім жылымайды» дейтін ғалым ағамыз.

Зақаңның ұлы атасы Мамырбай бір әулеттен жалғыз тұяқ екен. Одан Қинаят жалғыз, Қинаяттан Зардыхан жалғыз. Қысқасы, үш атадан үзілмей келе жатқан кендір арқан сияқты ғалым ағамыз құдай берген төрт апайының ығында ержеткен екен. Өзінің айтуынша, атасы Мамырбай 31 жасында дүниеден өтіп, жетімдіктің қамыты жалғыз ұлы Қинаяттың мойнына ілініпті. Бұл қамыттан Зардыхан да құтылмаған. 1947 жылы жеті жасында анасы Зәйітхан Талжанқызы бақиға аттанса, 15 жасында (1956 жылы) әкесінен айырылған.

Зардыханды ауылдастары «бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ» деп қадірлеген. Жа­рық­тық өзі айтатын еді: «Жасым 10-нан асқан кез еді. Ауылымыз Көксеркенің етегін жайлап отырған. Таудан құлаған тас бұлақтар сай-саланы қуалай ағып, ойдағы Бұянты өзеніне қарай асыға жөңкіледі. Таңмен таласа тұрған ауыл балалары Дундықолдың (Ортаөзен) жағасындағы көкмайсада асыр салып ойнаймыз. Бір күні көршіміз Тұрсын Мұқаұлы дейтін азамат жылқыдан бір тайды ұстап әкеліп, оған ер салып жүгендеп, үйретіп жатты. Бала біткен соның маңындамыз. Әркім тайды бір мініп, тулатып әлек. Содан менің кезегім келді. Тұрсекең тайды сулықтан басып ұстап тұр. Үзеңгіге аяғымды сала бергенім сол еді ана жақтан «тоқта» деген дауыс естілді. Айналып қарасам, Әпен қария екен. Мана үйінің алдында бізді қызықтап қарап отырған. Түйіліп келіп: – Зардыхан шырағым, – деді. – Сен біреудің жағыз ұлысың, асау тайға мінбе! Алда-жалда оқыс болсаң Қинаяттың шаңырағы аңырып қалмай ма дегені. Ақсақалдың сөзінен кейін тай үйретушінің де есіне бірдеме түскендей, «Зардыхан, сен ренжіме, мінбегенің дұрыс» деп мәймөңкелеп жатты...».

Жоғарыдағы оқиғадан біз – қазақ­тың шаңырақ иесін сыйлағанын немесе атам қазақ «Жалғыздың жары – Құ­дай» дегеніндей, оны болжаусыз кесір­ден қаққанын байқаймыз. Осы орайда, қазақтың көмекей әулиесі Бұқар жыраудың: «Жарлыны жарлы демеңіз, Жарлы байға тең келіп, Жайлауға жарыса көшпес демеңіз. Жалғызды жалғыз демеңіз, Жалғыз көпке теңеліп. Бір жа­һан­да соғысып, Кегін алмас демеңіз» дейтін толғауының астарында ғұмырдың тепкісінде шыңдалып өскен жалғыздар мықты болатыны жайлы баяндалуда. Осындай мықтының бірі – тарих ғы­лымдарының докторы, профессор, Моң­ғолия мемлекеттік университетін және Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдаған білімдар тұлға. 1975-1987 жылдары Моңғолия кәсіподағы орталық комитетінің хатшысы, 1990-1992 жылдары Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және Моңғолия Парламенті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Моңғолияның жаңа конституциясын және сол елде жүр­­гізілген саяси-экономикалық рефор­ма­лар­дың құқықтық негізін жасап берген ірі қайраткер – Зардыхан Қинаятұлы екені анық.

Зақаң марқұм айтатын: 1965 жылы университет бітіріп туған жерім Қобда айма­ғы­ның орталығы Қобда қаласына келіп, жарым Қадыхан екеуіміз алты қанат үй сатып алып, оны туысқан ағайынның аула­сына тіктік. Әулеттің түтінін өшірмей, шаңырағын көтеріп жатқаным жайлы естіген замандасы әкемнің Рысбек қария ат үстінде тұрып әдейі:

 – Мына, алты қанат ақбоз үй кімдікі?- деп дауысын көтере сөйлеп, күн салып қарап тұр екен. Мен:

 – Бұл найман Қинаяттың шаңырағы, – дедім. Бұл сөзді естіген көне көз қарияның есіне нелер бір оқиға түскен болуы керек, жанарын сулап, батасын берді.

Саясат сахнасында

Жеті жасында анасынан, он бес жасында әкеден айырылған Зардыхан 1956 жылы Ұланбатырдың іргесінде орна­лас­қан Налайқы дейтін көмір шахтасында еңбек етіп жүрген жездесі мен апайының қолына барып тұрақтайды. Осы кентте орта мектепті бітіріп, 1961 жылы Моң­ғолия мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Оқу бітір­ген соң туған жері Қобда аймақтық әкім­шілігіне қызметке тұрады. Бұл жерде көп тұрақтамай 28 жасында орталыққа қыз­метке шақырылып, 1975 жылдан бас­тап тапжылмай 12 жыл Моңғолия кә­сіподағы орталық комитетінің хатшысы қызметін ойдағыдай атқарады. – Осы қызметте жүріп әлемнің 30-дан астам елін араладым, - дейтін Зақаң марқұм.

Өткен ғасырдың аяғында күллі әлемді өзгерткен қоғамдық – саяси оқиға КОКП бас хатшы М.Горбачевтің бастамасынан жүргізілген «Қайта құру» саясаты екенін ел біледі. Осы тұста, нақтырақ айтсақ 1990 жылы бұған дейін қойын құрттап, айранын ұрттап тыныш жатқан моңғол бұқарасы бір топ жастардың ереуілдетуімен дүр сілкінді. Дәл осы топқа бағыт беріп, жөн сілтеп отырған ақылшысы МХРП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық зерттеу ғылыми институтының бөлім меңгерушісі Зардыхан Қинаятұлы дейтін қазақ екен, деп жалпақ ел шулады.

Осы тұста Моңғолияның ескі билігі не істерін білмей қатты дағдарды. Бұрынғыдай бағыт сілтеп отыратын ақылшысы КПСС өзі басымен қайғы. Дәл осы бір алмағайып күндері Зардыхан Қинаятұлы, нақты айтсам 1990 жылдың 16 қаңтарында Моң­ғол Халық Партиясының бас хатшысы Жамбын Батмунхтің көмекшісіне телефон шалып, мемлекет басшысымен кездескісі келетінін мәлімдейді. Ана жақ «не үшін» деп сұрап жатпай «таңертең сағат 9.00-де келіңіз» дейді. Бұл тұста Зақаңның ұстанған бағыты күллі жұртқа белгілі бол­ған, оны ешкім аттап өте алмайтын биік асуға айналып үлгерген-тін.

Зардыхан аға өзінің естелігінде: «Ер­тең­гісін сағат 9.00-де бардым. Бас хатшы орны­нан тұрып қол алысқан соң маған қарама-қарсы отырды. Осылай 1990 жылы 17 қаңтар күні сағат 9.30-да басталған кезде­су, 12.20-ға дейін жалғасты» дейді. Бұл кездесуде Зақаң бас хатшыға елде қа­лыптасқан ахуалға байланысты партия­ның платформасын заманға сай қайта жасау және конституцияға өзгеріс енгізу туралы айтады. Қысқасы, Жамбын Батмунх Зақаңа «осы істі жұмыс тобын құрып өзің атқарып шық!» деп бұйрық береді. Сөйтіп, Зардыхан Қинаятұлының басқаруымен 15 адамнан құралған ғалымдар партияның бағдарламалық платформасын екі аптада жасап шығады. Бұл құжат тағы талай өткелектен өтіп, мамыр айында МХРП-ның кезектен тыс съезінде қабылданады.

Бір таңданарлық жағдай: 1924 жылы Моңғолияның алғашқы құрылтайында мемлекеттің даму платформасы мен конс­титуциясын қазақ Тұрар Рысқұлов жасап берсе, арада 76 жылдан кейін жаңа­дан құрылған демократиялық Моңғол мем­ле­кетінің ең басты құқықтық құжатын тағы да қазақ жасады.

Осы оқиға жайлы Зақаңның өзі «1980-1990 жылдардағы Моңғолия қоғамы үшін демократиялық жаңа өзгерістер қажеттігін теория тұрғысынан алғашқы болып жария ету бақыты маған бұйырыпты. Мұны бүгін Моңғолияда ешкім жоққа шығара алмайды» деп жазса, демократиялы Моң­ғолияның тұңғыш президенті және На­лай­қы кентінде Зардыхан Қинаятұлымен бірге бір сыныпта оқыған Пунсалмаагийн Очирбат екі жыл бұрын Қазақстанды түгел аралап шығып «Казахстан орноор зорчсон тэмдэглэл» («Қазақстан сапарынан жазба») кітап жазып, онысы 2020 жылы Ұланбатырда жарық көрген екен. Осы кітаптың 31-бетінде: «Менің сыныптас досым Зардыхан Қинаятұлы Моңғолияда демократиялық қозғалыс басталған тұста жастардың кеңесшісіне айналды және жаңа конститутцияның нұсқасын жобалап қабылдату ісіне белсене атсалысқан еңбек сіңірген қайраткер», деп құрметпен еске алыпты.

Ал тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжанов «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 10 жел­тоқсан күнгі санында жарияланған «Қ­и­наят­ұлының құбылысы» атты мақала­сында: «Сол жылдары Зақаңның соңына ерген шәкірті Цахиагийн Элбэгдорж кейін екі мәрте премьер-министр, 2009 жылы президент болып сайланды. Ол абыз ақсақалды қазір де ұстаз тұтып жүретін көрінеді» деген пайымын жазыпты. Қалай десек те, Зардыхан Қинаятұлы өткен ғасырда шетел қазақтары арасынан ең биік лауазымды тізгіндеген тұлға ретінде тарихта қалды.

Атажұртта жалғасқан ғұмыр

1996 жылы Моңғолияның Қазақ­стандағы елшілігіндегі қызметі аяқтал­ған соң ағамыздың алдында екі таңдау тұрды. Бірі Ұланбатырға қайтып барып, үлкен қызметтің бірін тізгіндеу. Онда барса, жоқ дегенде білдей бір университет немесе институтқа ректор болары анық еді. Тіпті сол тұста мемлекет билігін қолына алған демократтар өз көсемі, ақылшысы Зардыхан Қинаятұлына сөз жоқ бір минис­тр­ліктің тізгінін бере салуы да ғажап емес-тін. Бірақ Зақаң ойланып жатпады. «Енді қалған ғұмырымды қазақ жерінде өткі­зейін, бұған дейін жинаған тәжірибем мен білімімді атажұртыма жұмсайын». Осындай шешімге келеді.

Марқұм ағамыз өзі айтатын: «Елші­лік­тің қызметтік үйін тастап шыққан соң, не қызмет, не баспанам жоқ Алматының көшесінде сенделіп қалдым. Жалғыз үміт – қазақтың құшағындамын». Жалпы, мұндай жағдай тек Зақаңның ғана емес 90-жылдары атамекенге оралған кез келген қазақ бастан кешірген дүние. Содан баспанасыз қалған ағамыз Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының атына хат жолдайды. Мән-жайға қаныққан президент сол тұстағы қала әкімі Шалбай Құлмахановқа «Мәселені шешуді сұраймын» деп бұрыштама соғып берген екен. Сөйтіп, кешікпей, «Ақсай» шағын ауданында жаңадан салынған көп­қа­батты үйден үш бөлмелі пәтер бұйы­рып­ты. «Бұл өте бір құтты шаңырақ болды. Осы үйде балаларым өсті, немерелерім ер жетті. Атажұртқа кел­ген­нен кейінгі азды-көпті еңбектерім осы үйде жазылды» дейтін, ағамыз.

Жоғарыдағы оқиғалар жайлы ғалым өзінің естелігінде: «1994-1998 жылдар аса ауыр кезең еді ғой. Оралман қазақ былай тұрсын, жергілікті жұрттың өз қолы өз аузына жетпей жатқан тұс. Жасым 54-те. Қажыр-қайратым кете қоймаған кез. Бір жылдан аса уақыт жұмыссыз жүрдім. Ағеке деп жалынып ешкімнің алдына бармадым. Негізі жұмысым кітап оқу болды. Моңғолияда жүріп қазақ тарихынан жүйелі білім ала алмадық. Ондай мүмкіндік те болмады. Осы кемшіліктің орнын толтырдым. Әсіресе Қыдырғали Жалайыр, Шоқан Уәлиханов, Мұхамед Хайдар Дулати еңбектері менің көзімді ашты. Ең қиыны атажұртыма келіп жұмыссыз жүргенім үшін моңғолдардан ұяла бастадым» (Қинаятұлы З. Көшпенділік ғұмыр. Алматы: 2010 ж. 308-309 б.).

«Орнына өнер-білім дәмін тату, Жігітке жараспайды қарап жату, Бүгінгі күнді іспен өткізбесең, Ертеңгі күнге қиын жауап қату» деп қазақтың қара өлеңінде айтылғандай, бос жатуды қолай көрмеген ағамыз бір күні сол кездегі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті В.Школьникке хат жазады. Владимир Сергеевич болса «Ойбай, сіздей ғалым бізге керек» деп, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтына жі­береді. Ондағы ағайындар қатардағы ғылыми қызметкер дәрежесі бойынша жұмысқа қабылдайды. Құжатпен танысқан институттың кадр бөлімінің маманы Тамара Васильевна деген ханым: «Сіз ғалым докторы емессіз бе, біздегі тәртіп бойынша бас ғылыми қызметкер, тіпті болмағанда жетекші ғалыми қызметкер болуыңыз керек» демей ме, көп уақыт бос жүріп қажыған ағамыз: «Для меня, репатрианта пока «НС» достаточно» дейді де жүре береді. Кешікпей ғаділетшіл ғалым бас ғылыми қызметкер дәргейіне көтеріліп, тіпті Ежелгі және ортағасырлар тарихы бөлімінің меңгерушісі және Диссертациялық кеңеске мүше болады.

Осылай атажұртына табан тіреген уақыттан бастап дүниеден өткенге (23 қараша 2016 жыл) дейінгі 20 жылда: «Жы­ла­ған жылдар шежіресі» (1995), «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасыр» (2001), «Моңғолиядағы қазақтар: 1-кітап» (2001), «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» (2004), «Моңғолиядағы қа­зақтар: 2-кітап» (2007) және «Көшпенділік ғұмыр» (2010) т.б. еңбектері жарық көрді.

Қазіргі қазаққа серпіліс қажет

Зардыхан ағамыз «Шоқан Уәлиха­нов­тың еңбегін көп оқимын және оқыған сайын тың дүниеге жолығамын» деп отыратын. Тағы бір ұшырасқанымда: «Біздің зерттеушілер Шоқанды әлі терең түсінбей жүр, бұл кісі ғаламдық деңгейге көтерілген аса үлкен ғалым» деп отырды. Сонымен қатар орыс оқымыстысы Лев Гумилевтің «Этногенез и биосфера Земли» атты ең­бегін аударып-төңкеруден жалықпайтын. Осы кітаптағы: «Әрбір демографиялық ойсыраудың соңында ұлттың негізі мұрат-мүддесінен қол үзе бастаған аумақтық (периферийный) субэтностар пайда болады. Көпшілік жағдайда олардың тек аты қана қалады. Мінез-құлқы басқа қауым пайда болады. Ондай этнос тек өрлеудің серпіліс кілтін (пассионарный толчок) тапқанда ғана өмір сүре алады» деген теориялық пайымды қазіргі қазақ халқының тарихи-әлеуметтік жағдайына байланыстырып былай деп тұжырым жасаған екен: «Сендер ел боламыз, ұлт боламыз деп талпынып жатырсыздар, бірақ қазақтың серпіліс күші қайда? Қайсы біреулер ұлттық идеология қажет дейді. Меніңше қолдан жасанды идеология жасау мүмкін емес. Қазақ идео­логиясы біреу, ол ұлттың азаттығы. Қазір осы идеология ғана тірі. Халықтың басына түскен қайғы-қасіреттің жүгі ауырлаған сайын азаттық идеологиясының салмағы арта түсері сөзсіз. Тағы біреулер қазақты құтқаратын дін дейді. Әрине, ұлттың ұлт ретінде өмір сүруіне діннің әсері бар. Бірақ коммунистер билеген тұста дінді тамырынан ажыратып жіберді. Осының кесірінен кейінгі қоғам мұсылмандық тағылым философиясынан алыстап қалды. Оның сыртында, адами қатынастардың этикалық салт-санасы мен берік қағидалары бұзылған. Қазіргі қазақ қоғамында мұсылманшылық әдебі толық орныға алмай отырғаны осыдан. Менің ойымша, ұлтты бір құтқарса өзіндік қолтаңбасы бар нағыз ұлттық құндылықтар құтқара алады. Ондай құндылықтар қатарына, атамекен – жер, ана тіл, ұлттық тарих, төл өнері мен әдебиеті, өзіне тән дара мінез-құлқы жатады. Осыларға жеке-жеке тоқталсам, атамекен – жер азғана латифундистердің қолында. Қарапайым қазақ атамекен – жер тағдырын шешуге үлес қоса алмайды. Отандық тарихымызға келсек, оның жаңа тұғыры қалана бастағаны қуантады. Бірақ ауыл-ауылдың тарихы, ата-атаның көкірек шежіресін жасау арқылы әр топ өз төбешігін күйттеп, жоғын жоқтайтын ахуал қалыптасатын түрі бар. Мына заманда тарихы шашырып жатқан жұрт біз ғана. Қазақ мұндай бөлініп-жарылу тарихынан ештеңе ұтпайды. Бүгінде билік қолдан жасап отырған жасанды бірлік бары рас. Бұл қашанға дейін созылады... Қазақ ақыл-ойдан кенде емес. Оның көш басында Абай тұр. Амал нешік, осы Абай шығармаларын жасы кәмелетке толған қазақтың 10-15 па­йызы ғана оқиды екен. Дәл қазір қазақтың жандүниесі азан-қазан, дыр-думан, көпірме сөз, бүгін-ертең тас түйін жиналатын түріміз жоқ. Осының бәрін көріп, біліп отырып жеттік, жетілдік деп бөркімізді аспанға атуға әлі ерте. Бұл жолымызда үлкен-үлкен тосқауылдар күтіп тұр. Уақыт қазақтың басы қашан қосылады деп күтіп тұрмайды. Келер уақыттан өз несібемізді алу үшін қазақ серпілуге тиіс» депті.

* * *

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Зардыхан Қинаятұлы өткен ғасырдың басында «Мен жастарға сенемін» деп үміт отын жаққан ақын Мағжан Жұмабаев секілді, еліміздің ертеңі жастарға сеніп өткен адам. Тіпті бұл арманы жайлы:

Мен жастарға сенемін, білесің бе?

Дайын бол елің үшін күресуге,

Сай болса білімің мен бірлігің,

Келешек тек сендердің үлесіңде, – деп басталатын ұзақ толғау жазып қал­ды­рыпты. Жалпы айтқанда, Зардыхан Қинаятұлының бүкіл өмірі – жұртының қамын жеп, ұлтының болашағын ойлағысы келген жастар үшін үлгі.

egemen.kz


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...