Орыс тілінде жазатын тегі қазақ ақын-жазушылары қай ұлттың қаламгерлері саналуға тиіс?

ӘДЕБИЕТ
12396

Әкелі-балалы Кантемирлердің бірі орыс әдебиетінің негізін салушы, бірі молдаван әдебиетінің классигі деп танылғанын бәріңіз де білесіздер. Бұл жетістік пе, кемшілік пе? Бірақ сондай жағдай таяу жылдарда біздің басымызға да келетін секілді сезінемін. Әлде менің қаупім орынсыз ба?..

Қыркүйек айының басында еліміздің астанасында Азия жазушыларының тұңғыш форумы өткен-ді. Бұл форумға 38 елден 78 жазушы келіп, Қазақстаннан 250-ге жуық қаламгер қатысты. Жиын арасында астаналық фантаст жазушымыз Жүніс Сахиұлы Мәскеуден келген Анатолий Кимге амандасып, «Вы по русский понимаете?» деді бірнәрсе айтқысы келіп. Анатолий Ким оған «иә» деп жауап берудің не бас шұлғудың орнына «Я же русский писатель» деді. Жүніс дос ешқандай қысылып-қымтырылмай-ақ шалқалап тұрып күліп алды. Ойнап тұр деп ойласа керек. Қайтсін, Кимнің антропологиялық кескіні кәріс екенін көріп тұр ғой. Шындығында да бүкіл шығармасын орыс тілінде жазған Анатолий Кимнің жауабы маған дұрыс секілді көрінді.

Осы жиында қазақ ақын-жазушыларымен қатар қазақстандық орыс ақын-жазушылары да, шығармаларын орыс тілінде жазатын біраз қандас қаламдастарымыз да болды. Мен әлгі әңгімеден кейін осы соңғылары жөнінде ойлап кеттім...

Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Ресейде «Русский бестселлер» сериясымен кітаптар шығарыла бастады. Онда орыс тілінде жазылған айтулы туындылардың бірқатары қамтылды. Осы сериямен «адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс ағамыздың да «Тавро Кассандры» атты кітабы жарық көрді. Қырғыздар қырғыз деп есептеп, қазақтар барлық шығармасын ана тіліндегі аудармасы арқылы оқығандықтан өз жазушымыз деп қараса да, орыстар оны да орыс жазушылары қатарында санап тұр еді.

Канадада біздің Бақыт Кенжеев деген қандас бауырымыз тұратын. Қазір Мәскеу – Монреаль – Нью-Йорк қалаларының тұрғыны есептеледі екен. Ақын. Соңғы кездері проза жанрында да еңбек етіп жүр. Өзін «казах по происхождению, русский писатель» деп атайды. Шығармаларының денін орыс тілінде жазады. Дәл Бақыт Кенжеев секілді ақын-жазушылар қазір Қазақстанда да жеткілікті. Туындыларын орыс және қазақ тілдерінде жазатын ақын-жазушыларды айтпай-ақ қояйық. Кеңес билігі тұсында Мақан Жұмағұлов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев ағаларымыз ана тілінде жазатын қазақ жазушыларынан артық болмаса кем оқылған жоқ. Бұлардың өкшесін басып біраз іні-қарындастарының әдебиеттегі «тілі орысша шықты». Үміт Тәжікенова, Тәліп Ибраимов т.б. тәрізді көптеген прозашыларды толық тізбесек те, Бақытжан Қанапиянов, Орынбай Жанайдаров, Амантай Өтегенов, Қайрат Бақбергенов, Мұрат Телібеков, Жанна Нұрланова, Раушан Бүркітбаева-Нүкенова, Сәуле Үсенбекова секілді ақындардың жақсы жыр жинақтары елімізден сырт жерлерге де танымал. Бәрі де дарынды жігіттер мен қыздар. Кейде шетелдерде қазақ әдебиетін осы бауырларымыздың шығармалары арқылы бағалайды.

Біз Ақмолда ақынды қазақ ақыны санаймыз. Оның татарша, башқұртша туындылары болғандықтан, олар да өз ақындары қатарында атайды. Машқар Гумеров, Саид Баязитовты башқұрттар да, татарлар да танымайды. Ал біз қазақ тілінде жазғандықтан оларды қазақ жазушылары дейміз.
Сонда шығармаларын тек қана орыс тілінде жазатын тегі қазақ ақын-жазушылары қай ұлттың қаламгерлері саналуға тиіс?


Байбота Қошым-Ноғай
author

Бақытжан Қанапиянов

АУДАРМАШЫ

Жаңалықтар

Танымал әнші Роза Әлқожа Талғар қаласында төбелес кезінде қайтыс болған Шерзат Болаттың отбасындағы...

ТАНЫМ

Бүгін белгілі этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлық иегері Ақселеу...