Әбіш Кекілбайұлының поэмасы

ӘДЕБИЕТ
2371

ӘКЕ

поэма

Уа, Мезгіл! Талай-талай жазың келді,
Қыр дөңін сан қайтара сағым көмді.
Кекілім қайырылды шалқасынан,
Менің де жігіт деген шағым келді.

Қақпасын балалықтың бұзып кіріп,
Барасың, о жігіттік, қызықтырып.
Барлығын сүю деген кереметтің,
Кетеді күлкісімен қыз ұқтырып.

Жігітпін, дербес атқа мінем мен де,
Жасаттым жабу, тоқым, жүгенді де.
Білмеймін әлі күнге қалай етіп
Таралғы тағатынын үзеңгіге.

Әуре боп күні бойы күбінемін,
Жөн сұрап енді кімге жүгінемін?
Әкем жоқ ақыл айтар, жөн көрсетер,
Амалсыз көрші шалға жүгіремін.

Амалсыз әркімге бір жүгіремін,
Амалсыз әркімге бір жүгінемін.
Қайтейін қайран әкем қасымда жоқ,
Амалсыз өткен күнге үңілемін.

Үңілсем қайран жүрек сызды өбеді,
Жанымның жарқ етпейді іздегені.
Көзіме күлімдеген көктем емес,
Салпы етек, салыңқы иін күз келеді.

Жарқын жаз талақ етіп атырапты,
Кетіпті жел қуалап жапырақты.
Күлмейді күміс бұлақ бұйығыңды,
Күндегі мінезі жоқ жасып ақты.

Басында қыраны жоқ құз қалыпты,
Қасында құмары жоқ қыз қалыпты.
Алқаптың балбыраған шалғыны жоқ,
Орнында көк сүмелек мұз қалыпты.

Күн сайын өңір өңі сұйылады,
Сұр тұман жер бетіне жиылады.
Жынды жел туырлығын жұлқып тартып,
Оңдыда біздің ауыл бұйығады.

Оңдыда біздің ауыл бұйығады,
Өңінен күлкі реңі сұйылады.
Кешқұрым бүлк-бүлк етіп қазан қайнап,
Ошаққа бала-шаға жиылады.

Жиырып ала шұбар алашаны,
Жиылып бала-шаға бал ашады.
"Келеді көкем, сақа алшы түсті!"
Көп бала көк сақаға таласады.

Солармен мен де бірге таласамын,
Солармен мен де бірге бал ашамын.
Қуанам, алшы түссе, "Келеді!" деп,
Үстінде тайраң салып алашаның.

Үйімде көкем барда күмбірлеген,
Домбыра үндемейді кімді іздеген?
Көкемнің шапаны тұр керегеде,
Өзінен өзге жұртқа кигізбеген.

Көкемнің бармағынан бал саулады,
Осы ауыл талай тыңдап тауыса алмады.
Көп болды сол көкемді көрмегелі,
Күйіне біздің ауыл тамсанғалы.

Соқтырған қыр өкпегін, таң самалын
Мен де іздеп ерке күйді тамсанамын.
Қаңсыған домбыра да сездіріпті,
Бал бармақ күйші несін аңсағанын.

Сарғайған сағынышпен жылдар да өтті,
Төсінен қара жердің мұз, қар кетті.
Үй-үйдің босағасын безеп алған
Көп қыстан ірге тепкен ызғар кепті.

Көп үйде қайта бақыт күлімдеді,
Көп әке бүлдіршіндей ұлын көрді.
Көп төрге ілінсе де сұр шинельдер,
Тек қапа біздің төрге ілінбеді.

Көп болды көп үйде той күбінгелі,
Көп үйге шүйіншісі жүгіргелі.
Өзге үйді күлімдеткен жомарт бақыт
Тек қана біздің төрге үңілмеді.

Біржола қылғынды ма күй тамағы,
Бұл үйде енді қай жан күй шалады –
Қаңсыған қара домбыра қала берді,
Мені ешкім маңдайымнан сипамады.

Жетсе де жеңіс күні, қыз қуанып,
Кетсе де қайғы мұзы жылжып ағып
Өзге үйде тойдың әні шарықтаса,
Булығып қайғы уына біз жыладық.

О, Мезгіл, бұрынғыдай аға бердің,
Жан көкем сен де алыста қала бердің.
Мекендеп көкірегін жалғызыңның,
Мекендеп көкірегін қара жердің.

Жатырсың қай жерінде қара жердің,
Білмеймін, молаңа іздеп барар едім.
Жасырды жанарыңды қай топырақ,
Шіркін-ай, шарлай-шарлай табар ма едім!

Бастың сен ақырғы рет қай араны,
Жұттың сен ақырғы рет қай ауаны,
Қай көкке кезің түсті ақырғы рет,
Қай жердің желі сонда аялады.

Қай жерде өлім сенен өшін алды,
Қай жерде өміріңнің көші қалды.
Кекілі желпілдеген жалғызыңды
Қай жерде ақырғы рет есіңе алдың?

Жетпейді туған жердің желі де оған,
Жетпейді өз қырыңның селі де оған.
Төкпейді мөлдір жасын бұршақтатып,
Сен өскен сахараның көгі де оған.

Белгісіз қабіріңе қиырдағы,
Қырыңның қызғалдағы бұйырмады.
Қайғыдан тамшылаған ыстық жасым,
Жамылған топырағыңа құйылмады.

Белгісіз қабырыңа қиырдағы,
Тілеулес дос-жараның жиылмады.
Жыл сайын құшақ-құшақ гүл терсем де,
Өзіңе бірі де оның бұйырмады.

Мен де өстім, мектеп бардым, жыр жаттадым,
Жақсы әннің қағып алдым ырғақтарын.
Зерек деп ауыл-аймақ болды риза,
Сен оны естімедің, тіл қатпадың.

Бейнелеп туған жердің кешкі көгін,
Қытықтап сұлулардың ет жүрегін
Қыр жаздым, риза боп қалыпты жұрт,
Сен оны оқымадың, естімедің.

Артыңда жайраңдаған бар ұланың,
Аясын сая бақтың жамыламын.
Жігіт боп, мен де бүгін шаттығымның
Шалқыған сәулесіне малынамын.

Жарылғап бұл дүние тілегімді,
Толтырды шаттық күлкі реңімді.
Садақ қас, найза кірпік қазақ қызы
Менің де лүпілдетті жүрегімді.

Әкенің мейіріне шөлдепті о да,
Қыр гүлін қабіріне термепті о да.
Туыпты әкесі алыс жүрген шақта,
Ғұмыры оның жүзін көрмепті о да.

Бірімін мен өзім де сол түлектің,
Жастықтың шалқарында толқын өптім.
Қызықтар қызығым көп бұл өмірде,
Жалғыз-ақ өзіңді аңсап толқып өттім.

Өтсе де елеңдетіп көп ай тағы,
Өзіңді енді келмес деп айтады.
Өзге жұрт біздің үйдің иесі деп,
Бүгінде өзіңді емес мені айтады.

Деуші едің ылғи мені құлыншағым,
Қайтейін бәрі соның бүгін сағым.
Сен жоқта құлының да әке болып,
Сипамақ құлынының тұлымшағын.

Ортайтқан өліміңді кенеремді,
Қосамын жүрек күйі мен өлеңге.
Тілегім – баяғы қыс қайта қақап,
Жазбасын жоқтау дастан немерең де!

author

Әбіш Кекілбайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Ақтөбедегі әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлады madeniporta...

Шоу-бизнес

Танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде марқұмды еске алып жазба арнады, деп хабарлады madeni...