Гүлмәрия Барманбекова. ИТ ЖЫЛАҒАН КҮН (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4497

Көкірек көзі жұмулы екі аяқты пенде мынау пәни дүниенің сырына қайдан тереңдей алсын. Жаратқанның алдында шыбын құрлы қауқары жоқ. Өз тағдырың өз қолыңда деп жатады кейбір данышпансымақтар. Далбаса! Ол өзінің өлшеп-пішілген ғұмырындағы жазылып қойылған сценарийге титтей өзгеріс енгізуге дәрменсіз. Адамға ондай ерік берілмеген. Берудің де керегі жоқ шығар. Егер оған тағдырын өзгерте алатындай еркіндік берілсе, мына дүниенің баяғыда астаң-кестеңі шығар ма еді, кім білсін.

Аянышты ғұмыр кешуді кім қалайды дейсің. Еркінде болса, жұрттың бәрі жұмақта өмір сүрмес пе еді.

Ұлбике терең ойға батып, есіктің алдындағы томардан жасаған ағаш келтекте ұзақ отырды.

Бір шаңырақта өскен бес қыз, бір ұл – алты бала жетімдік қамытын ерте киді. Алдымен әкелері, одан кейін араға екі жылға жетер-жетпес уақыт салып, шешелері өмірден озды. Ана дүниеге неге сонша асыққандарын кім білсін. Асықты ма, әлде ауыр тұрмыстың тауқыметі сүрліктірді ме, апай-топай, айналасы екі-ақ жылда алты жетімектің сорын қайнатып кете барған. 

Кеше ғана қайғысыз, қамсыз, асыр салып ойнап жүрген балаларды ертең не күтіп тұрғаны белгісіз еді. Беймәлім күндер... Ұлбике он беске жаңа қадам басты. Осы шаңырақтағы жалғыз ұл Жеткенбай он үште, кішкентай Шара тоғызда. Нағыз жетімдіктің ащы дәмін тататын осы үшеуі болмақ. Оң-солын танып та үлгермеді. Балалықтың уыз дәмі таңдайынан кебе қоймаған бозөкпелер қалай, қайда барып күн көрмек?

Өзінен үлкен үш әкпесі тұрмыста. Бәрі ауылдан жырақта тұрады. Олардың да қағанағы қарқ, сағаны сарқ болып жарығаны шамалы. Қу дүние басына тартса, аяғына жетпейді.

Университетте оқитын үлкен әкпесі әлі оқуын да бітірген жоқ. Өзінен кейінгі екі сіңлісінің бірі – екі балалы, екіншісі бір балалы болғанда, жеңгелері қашанғы сүрленіп отырмақсың деп, қояр да қоймай жүріп, оқуымды бітірейін дегеніне қарамай, әкелері қайтыс болар жылы күйеуге ұзатқан. Енді әне, шиеттей баласымен пәтер жағалап жүрісі анау.

Аудан орталығында тұратын екінші әкпесінің үйі бар дегені болмаса, оның да жайы белгілі, бар тапқаны екі баласының аузынан артылмайды.

Үшінші әкпесінің күйеуі әскери қызметте, бір орында тұрақтамайды. Жұмыс бабымен бір жыл анда, екінші жылы мында көшіп-қонып жүргені. Ұшарын жел, қонарын сай біліп, жұбайының артынан салақтап жүрген әкпесі үш жетімекке қайдан қамқор болсын?

Ақтөс болмаса  Ұлбике сол баяғы орнында ой тұманының құшағында тұнжырап отыра берер ме еді. 

Ұлбикенің алдына келіп екі аяғын алға созған қалпы тұмсығын біресе жерге салып, біресе көкке көтере ұлпажүн басын оңға-солға шайқап қояды. «Нағып отырсың? Менің қарным ашты. Күнде таңертең суға кебек шылап беруші ең, бүгін ол да болмады. Әдетіңнен жаңылғаның ба? Мен де тірі мақұлық емеспін бе, тамағым тесік екенін ұмыттың ба?» дегендей Ақтөс иесіне ғана түсінікті жалынышты үнмен жеңіл қыңсылаған болады.

 «Осылай отыра бересің бе, а?» Ақтөс дөңгелек көздерін бір ашып, бір жұмды.

Ұлбикенің жалғыз сырласы – осы Ақтөс. Өзі өте ақылды. Кейде тіпті адамнан да ақылды болып көрінеді оған. Әкесі ана жылы Тоқпақтың базарынан келе жатып, көзін жаңа тырнап ашқан күшікті жолдан тауып алып келген. Біреу далаға тастап кетсе керек. Күшіктен құтылғысы келген бір тасбауыр болар. 

Ол кезде Ұлбике шашы селтеңдеген кішкентай қыз еді. Күшіктің атын да Ақтөс деп өзі қойған. Ақтөс десе ақтөс. Қою сұр түсті күшіктің алқымынан басталған ақ жүні төсін бойлай қарнына барып тіреледі. Табиғатынан жүрегі жұмсақ, мейірімі тасып-төгіліп тұратын бүлдіршін қыз өзі аузындағы асты  соған жырып беріп жүріп, күшікке әбден бауыр басып қалған. Әуелден қыстың бір аязды күнінде «Күшігім даладағы үйінен жаурап қалады, үйге кіргізем, төсегімнің аяқ жағында жата берсінші» деп әлек салғаны бар. Әкесі Ақтөстің үйшігінің сыртына қорада жатқан жұлығы шыққан жаман тонды тауып әкеп жауып, астына құрғақ шөп төсеп: «Міне, енді жаурамайды» деп, Ұлбикені райынан зорға қайтарған.

Екеуі бірге ойнайды, әңгімелеседі. Ақтөс мұның айтқандарының бәрін түсінеді. Қолындағы ойыншығын аулаққа лақтырып жіберіп: «Ақтөс, алып келші!» десе, сүйікті күшігі Ұлбикенің айтқанын екі етпей орындайды.

Кебек таусылғалы қашан. Ұлбике бағана сүт тартқыштың табақтарын жуған жуындыға қалған-құтқан нан қалдықтарын шылап қойған. Соны алып шығып Ақтөстің табағына құйды да, сол баяғы орнына келіп қайта жалғасты. 

Әкелерінікі ғой бір жөн. Ә- ә- ә –й -й, Құдай-ай, не ойлап кетті өзі! Өлімнің де жөні болушы ма еді? Жай, асарын асап, жасарын жасап кетті деп далбасалағаны ғой.  Әкесі сексен алты жыл ғұмыр кешіпті. Бұл да Құдайдың жөні екен.

Аналарын айтсаңшы! Қырық тоғыз-ақ жас! Сол қырық тоғыз дегені де шын жасы емес-ау! Бірде анасының қатарларлас құрбысы Нұрлықан Ұлбикеге: «Шешең қырық төрт-ақ жаста болатын» дегені есінде. Бұл ауылда бес баладан кейін зейнетақы алу үшін жасын үлкейтіп, құжатын өзгертіп алатын әдет бар. Кім біледі, Нұрлықанның айтқаны шын да шығар.

Бұл отбасында шиеттей жан, шикі өкпе, шүпірлеген алты бала болды. Негізінде сегіз бала болуы керек еді ғой. Анасы қырманда бидай толы зембілді көтеріп жүріп, екі рет түсік тастады.

Енді қайтеді, жұмыс істемесе тағы болмайды. Алты баланы асырау оңай ма?! Әкелері қаужыраған шал. Оның өзі – бір бала. Анасы ертелі-кеш әкесінің дәрет  суын жылытып, оразада сәресі әзірлеп, жантайса – жастық, еңкейсе – көрпе болады. Колхоздың жұмысы тағы бар. Алты көгенкөздің үлкені кішісіне қамқор болып, бірін-бірі арқалап, селбесіп жүріп адам болды ғой.

Жалғыз Ұлбикенің анасы ғана емес, бұл ауылдағы екі әйелдің бірінің тағдыры осыған ұқсас. Соғыстан кейінгі шыт таққандардың теңін тауып, бағы жанғаны сирек. Еркек атаулының көбін отыз тоғыз бен қырық бестегі алты жылдық алапат қырғын жалмады.  Бірді-екілі аман қайтқаны – ақсақ-тоқсақ, соқыр, шұнақ, керең, өңшей жарымжан. Арасында есі ауысқаны да бар. Елде қалғаны – әскерге жарамсыз шал-шауқан.

Ұлбикенің әкесі жас кезінде көкпар тартып жүріп аттан құлап, басынан жарақат алған. Дәл төбесінде содан қалған оймақтай шұңқыры болушы еді. Балалардың бәрі сол шұңқырды саусағымен шұқылап ойнайтыны есінде. Тумысынан балажан әке перзенттері төбесіне шығып алса да қыңқ етпейтін.

«Қайран әкем! Жер бетінде сендей мейірімді, кеңпейіл, жүрегі дархан әке жоқ шығар!». Ұлбикенің дөңгелек шарасына іркілген ыстық жас домалап барып омырауына құлап түсті. 

Әкесі майданға жарамсыз деп табылған. Жасы елуді еңсеріп, алпысқа аяқ басқаны тағы бар. Ұрыс даласында жауды жапырып жарытпасы белгілі. Ауылда қалған еркек кіндіктіден бас көтерері – осы кісі ғана.

Алғашқы қосағы қайтыс болған. Екінші әйелінің пұшпағы қанамады. Білдей азаматтың ұрпақсыз өтіп бара жатқанын ойлап, қабырғасы қайысқан Қалима күйеуіне өзі  адам іздеді ғой. Елде толған айдай толысып, оң босағада отырып қалған қыз көп. Солардың ішінен шекесінен шертіп жүріп, алпысты алқымдап қалған шалына Ұлбикенің болашақ анасын, Жәмиланы таңдап әперген.

Жәмиланың күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырында көрмегені көн тулақ болды. Арқа еті арша, борбай еті борша, таңның атысы, күннің батысы демей колхоздың қара жұмысынан қолы бір босаған емес. Қырықтан жаңа асқан шағында-ақ бет-жүзін соқа жыртқандай, сойдақ-сойдақ әжім торлады. Бір кезде тал шыбықтай бұралып, қыз біткеннің ішінен маңдайы жарқырап, алыстан-ақ көз арбайтын сұңғақ бойлы сұлудың талдырмаш денесі тарамысша тартылып, қу сүйегі қалды. Тілерсегін соғатын жуан қос бұрымы жүре келе жіңішкеріп, өріп қойса сәні келмей, түйіп қойса мәні кетіп, ит әуреге салатын. Ол кездері шашты кесу деген жоқ.

Жәмиланың көгала гүлді жалғыз шыт көйлегі болушы еді.Түнде жуып, күндіз киетін. Шылқыған бай болмаса да, әжептеуір ауқатты тұратын отбасында тапшылық көрмей, бұлықсып өскен ерке сылқымның мұндай тағдырды қаламағаны анық. Амал не? Жастықтың күші ғой, бірінен кейін бірін бытырлатып, алты баланы туып тастағаны анау.

Шылқыған бай демекші, алғаш келгенде Жәмиланың аяғында қып-қызыл құрым етігі, үстінде елтірі жағалы бастон пәлтесі, ақ шашақты жібек шәлісі болған екен. Осы ауылдың қатындары тойға барғанда сұрап киіп жүріп тоздырыпты. Ол кезде – сол ғой; бір үйде жөні түзу бір киім болса, бүткіл ауылға ортақ меншік. Бұл мекеннің бар тірлігі кәдімгі колхоз сипатты еді, яғни көп нәрсенің есебі ортақ дегендей. Көршінің үйінде бір қап ұн болса, төңерегіндегі үйлер аш қалмайды. Бір-бірінен бір табақ ұн сұрап жүргені.

Ұлбикенің әлі есінде. Үйде ұн таусылып қалып, анасы Дәрияның үйінен бір табақ ұн сұрап әкеліп, балаларға екі күн кеспе жасап бергені. Кейіннен әлгі бір табақ ұнды қайта апарып бергенде Дәрия екеуі дай-дай болып ұрысқаны бар.

«Мен саған табақтағы ұнды тығыздап басып тұрып салып бергем. Мынауың не? Борпырап тұр. Тығыздасаң, жарты-ақ табақ болып қалады. Сіңірі шыққан тақыр кедейге жақсылық қылсаң, көретінің – осы!

Ішкені  – алдында, ішпегені  – артында, толарсақтан май кешіп отырғандай  шалқақтауын қарашы-ей, мына өлігіңді көрейін сүмелектің!  Ондай жақсылығыңды басыңа шайнап жақ! Онысы несі-ей! Иттің көзіндей жоқ табағыңа нығарлап салып берген ұның мына апандай табақтың түбінде ғана қалмай ма? 

Асырай алмайтының бар, өңкей сідік сасыған қыз туғанша, шалыңа қолқабыс болар бір ұл туып бермедің бе!»

Ашу мен долылық буғанда әйел атаулының тілі у боп кете ме... Дәрия шіркін шешектей тілін сұғып-сұғып алды.

Қит етсе, ауыл қатындары Ұлбикенің анасын өңкей қыз табасың деп кемсітетін. Өзінің қалауына орай ұл немесе қыз табу адамның қолында тұрғандай-ақ.

Ұрысты өзі бастағасын, сөзбен мұқатып болса да жеңу керек. Дәрия  Жәмиләның сол «кемшілігін» бетіне басқандағысы.

Бұл ауылдың әйелдерінің тілі ащы. Шетінен көкбет. Шаңқылдап шыға келгенде әзірейілдің өзі қаша жөнелгендей. Неге олай? Ұлбике түсінбейді. Қай-қайдағы сөздерді қайдан үйренеді екен осылар? Әлде, ауыр тұрмыстан ашынғанда адамның  тілі ащыланып кете ме екен? Есесін жіберетін Жәмила ма:

– Менің қыздарымды сен асырап отыр ма ең! Қыздан бере ме, ұлдан бере ме, бір Құдай өзі біледі! Аузыңа келгенді оттай бермей жайыңа жүр! Енді саған су татырсам,  Дәрия атым өшсін!

– Бермесең бермей-ақ қой! Осы ауылдың аспанын тіреп тұрғандай болады ғой, маған барып! Ертең-ақ келерсің әлі, біздің үйдің шәйі қайнай бергенде есіктен сығалап! – деп, Жәмила ұннан босаған табағын арықта ағып жатқан суға шайқап-шайқап алды да, самайынан бұрқырап шығып тұрған шашын орамалына жүре тықпалап, жұлқынып бара жатты.

Жәмиланың үйіндегі ошақтың түтінін аңду Дәрияның ежелгі әдеті болатын. Ас пісті-ау деген уақытта бірдеңені сылтаулап, келіп тұрғаны. Ауылдың жазылмаған заңы бойынша есіктен бас сұққан адамға:

– Кел, төрлет! – дейді Жәмилә. 

Дәрия кетәрі болмайды, дегенмен бірден келісе кетсе әдейі келгендей болып қала ма деген оймен: 

– Жұмысым бар еді - деп, босағадан аттаған қалпы біраз қипақтап тұрып қалады.

– Е, от ала келіп пе ең? Жұмыс қайда қашар дейсің, дәмнен атаймысың? Отыр, кел!  

 Дәрия амалсыз көнгендей. Асықпай ас шайнай отырып, ананы-мынаны әңгімеге арқау етеді.

 –  Кеше Рысбай біргәдір Жұмаділдің қатынын сабап тастапты.

 –  Е, неге?

 –  Итім білсін бе. Көгала қойдай, көк тырнадай етіпті дейді бейшараны. Бір күн қырманға шықпай қалған ба, бірдеңесі бар.

 –  Бір күнге бола сөйтіп сабай ма екен? Жұмысқа шықпаса себебі бар шығар?

 –  Рысбайдың өзі сондай ұр да жық оспадар бәле ғой. Біргәдір болғанға Құдайдың құлағын ұстағандай болып жүргені, қалқозбастық болса, бүткіл ауылды қырып кеткендей екен!

Дәрия өсектің шоғын көсеп-көсеп жіберіп, қолындағы қантын қырт еткізіп бір тістейді де, ежелгі әдетінше қызыл күрең шәйді сораптай береді.

Түймедейді түйедей етіп жырлау –  Дәрияның бойына біткен жалғыз өнер. Бұл жағына келгенде қамшы салдырмайтын нағыз жүйріктің өзі. Рысбайдың ана қатынды сабап тастаған түгі де жоқ. Өзінен де бар, жұмысқа бармаған себебін түсіндірудің орнына «Білгеніңді істе, бармаймын! Ал, не қыласың?» деп, ащы тілін безеп тұрып алғаны былай тұрсын, Рысбайдың жеті атасына дейін көрден басын бір көтеретіндей етіп жер-жебіріне жеткен ғой. Бұған қай еркек шыдасын. Болмай бара жатқасын қолындағы қамшысын сүйкей бір сілтеп қалыпты. Сол-ақ екен, ана долы қатын бар ауылды басына көтере шашын жұлып, шыңғырып тұрып, домалап жылаған. Жылағанымен қоймай, қолындағы емшектегі баласын «Онда мынаны сен бақ, мен жұмыс істейін!» деп, Рысбайға қарай лақтырмай ма. Абырой болғанда ат үстіндегі Рысбай баланы ұстап  үлгеріпті.

Сол оқиғаны Дәрия ауылдың төменгі жағынан бастап арқауын ширатып келеді. Жоғарғы шетіне жеткенше үдете-үдете, ақыры желді күнгі өрттей лаулатып отыр. 

Үлкендердің айтуынша, Жәмиланың атасы Малбағардың мыңғырған малы болыпты. Өрістегі жылқысының санын білмейді екен. Қойларын санап көрмеген деседі.

Атадан балаға көшкен осы байлық Қазан төңкерісінен кейін байларды кәмпескелеу кезінде коммунистердің қолында кетіпті. Жәмиланың атасын итжеккенге айдап жіберген. Содан қайтып оралмаған. Осы күнге дейін сүйегінің қайда қалғанын ешкім білмейді.

Кәмпескеден аман қалған бірді-екілі ағайын ашаршылықта қырылған. Жәмиланың анасы Зияда он үш құрсақ көтерген екен. Ашаршылық нәубетінен тірі қалған үш перзенттің ең кенжесі – осы Жәмила.

Тірі қалғаны бар болсын, тағдыры тым ауыр болды.  Қырдың қызыл қырмызы гүліндей құлпырып тұрған шағында қаусаған шалға тиіп, шөлге шыққан өсімдіктей ерте солып, басынан бағы тайды.

Ұлбикенің әкесі жасы келіп бақилық болса, анасын тұрмыс тауқыметі жасына жеткізбей жалмады.

Басқа түссе, баспақшыл. Үш жетімек колхоздың күзде берген үш қап бидайын нәпақа қылады. Әйтеуір әкеден қалған бірді-екілі қой-ешкі мен жалғыз сиырдың барына да шүкір.

Көршінің есек арбасын сұрап алып, әлгі үш қап бидайды үшеулеп жүріп арбаға тиеп, ауылдан үш-төрт шақырым жердегі диірменге апарып, ұн қып тартып әкеледі.

Үш баланың ішіндегі естияры – Ұлбике. Таңсәріден тұрады. Сиырды сауып, табынға қосады. Сүтін тартып, кілегейін бөліп алады. Майы алынған сүттің бір бөлігін айран қып ұйытып, қалғанын кешкісін көжеге қатық қылады. Құры судан гөрі сүт қатып пісірген кеспенің дәмі де тәуір. Ет жоқта осылай амалдайтыны бар. Анда-санда көрші-қолаң мал соя қалса, жетімектерге деп өкпе-бауыр, ішек-қарын, сирақ, бір жілік ет әкеп тастайды. Бұлар оны үнемдеп, бірталай күн ауқат етеді. Әйтеуір өлмеген жанға өлі балық жолығады демекші, ел арасында аштан өлу жоқ екен.

Ұлбикенің үйінде сүт тартқыш бар болатын. Көршілері Дәрия мен Шәмшия сүтін осында әкеп тартады. Ақысына деп, әр аптада бір күндік кілегейін тастап кетеді. Жетімдерге жаны ашығаны ғой.

Үш үйдің кілегейіне ие болған күні Ұлбике әжептеуір байып қалады. Жегеннен артылғанын тобатайға құйып, үй іргесіндегі аққайнардың тастай суына екі-үш сағат салып қояды. Анасының осылай ететіні есінде қалыпты. Тоңазып тұрған кілегейді бір-екі былғап жіберсе болды, майы бір бөлек, сары суы бір бөлек боп шыға келеді.

Майды тұздайды. Сары суын тартқан сүттен ұйытқан айранға қосады. Мұндай айранның дәмі тіл үйіреді. Айранның қатығынан жасайтын құртты айтсаңшы! Қаршадай қызға өмірдің өзі үйреткен ысырапсыз әдіс бұл.

Нан ашытып пісіру де – анасынан көргені. Тезек бар болса, нанды көмбешке пісіреді. Болмаса, жүгерінің собығын, шемішкенің, шоңайнаның сабағын жағып қазанға қақтайды.

Тезек демекші, бұл ауылда сиырдың жапасына дейін іске жаратылады. Мал қамаған қораның қабырғасына күн сайын жеті-сегіз дөңгелек жапа күлшелеп жапсыру – жалғыз Ұлбикенің ғана емес, осындағы қатын-қалаштың   бұрыннан бергі дағдысына айналған ісі. Әбден күн суытып, қыс түскенше осылай.

Сиыр жапасынан кептірілген тезектің қызуы өткір болады. Қыста әжептеуір отын. Мұндағылар көмір дегенді білген емес. Кейін пайда болды ғой.

Отын демекші, Ұлбике жаз бойы жотадан сабан тасып жинайды. Арқалап келе жатқан сабан үймесінің үлкендігі сондай, Ұлбикенің жыбырлаған аяғы көрінбейді. Сырттан қараған жанға бір мая сабан жотадан өзі жорғалап келе жатқандай. Сөйтіп жүріп, кең бастырманың ішін сабанға нығарлап толтырып алады. Бұған қосымша ауыл сыртына жайылған малдың кепкен жапасы бар, қап-қап қылып оны да  теріп әкеледі. 

Көршілер үш жетімге жаны ашып, анда-санда бір тобатай кеспе, бір күлше нан әкеп береді. Ерте есейген Ұлбике қамыр илеп, кеспені кесте жібіндей қылып кесетін болғалы қашан. Келе-келе өзі де кеспе пісіре алатынын айтып, әуре болмауын сұрап, тобатайды тамағымен қоса қайтарып жіберетінді шығарды. Бұл, оның – өзіміз де күн көре аламыз дегені. Жетім деген сөзге намыстанып, бауырларына өзі қамқоршы болғандағысы...

Ол кездері ауылға электр жарығы тартыла қоймаған. Ұлбике шамды әбден кеш батып, қою қараңғылық түскенде барып жағады. Бұл ауылда кәресін тапшы, үнемдемесе болмайды. Бұлардың колхоздан алатын он екі сом жәрдемақысы неге жетсін? Ілдәлдалап, нәпақа қылып отырған мардымсыз қаражатты кәресінге жұмсамақ па.

Пөзірін айнадай етіп жуып қойғандықтан ба, сығырайған пілтенің мардымсыз жарығы үш жетімнің үлбіреген үмітін үкілегендей үзіле сыздықтап, біраздан соң айналасын кәдімгідей сәулелендіріп жібереді. Үшеуі кешкі ауқатын ішіп, сабақтарын оқып бітісімен, шамды өшіріп, жатып қалады. Ерте тұру керек, әйтпесе сиыр табыннан қалып кетеді. 

Ана екеуінің жастыққа басы тиді дегенше ұйқыға кетті дей бер. Ұлбикенің көзі іліне қоюы қиын. Үй ішін аруақ кезіп жүргендей, әлдебір жаймен басқан аяқтың дыбысы құлағына келе ме?! Сол сәт бойын беймәлім үрей билейді. Демін ішіне тартып, «пыссымылда, пыссымылда» деп күбірлей береді. Қалтыраған денесін басымен қоса көрпемен қымтап алады. Қазір көрпенің үстінен зіл батпан ауыр салмақ басып қалатындай, тынысы тарылып, тұншыға береді.

Күнде көрген күні осы. Қараңғылық түсті болды, қорқыныш иектейді. Әйтседе мұнысын кішкентай бауыры мен сіңлісіне сездірмеуге тырысады. Шошып қалады ғой. Не болса да өзім көрейін деп, шыдап бағады. 

Ұлбикенің үйінің айналасында әр жерде бір тайқазанның көлеміндей ойдымдар болушы еді. Ашаршылықта қаза болғандардың бейіті дейтін үлкендер. Аштан бұралған адамдардың әлсірейтіні соншалық, мәйіттерді ауыл сыртындағы бейітке апаруға шамалары келмей, құлаған жерден көр қазып көме берген көрінеді.

Әр түн сайын сол шұңқырлардан сұлбасын сүйретіп аруақтар шығып келе қалатындай болып тұрады, Ұлбикеге. Балғын сезімін торлаған үрейден бір жаққа  қашып құтылғысы келеді. Бірақ қайда бармақ? Екі бауырын қайда тастайды?

Көп кешікпей Ұлбике ауылдағы сегіз жылдық мектепті бітірді. Әкпелерінің ұйғарымы ғой, оқуын аудандағы мектеп-интернатта жалғастыратын болып шешілді. Шараны Алматыдағы тоғызыншы мектеп-интернатқа өткізді. Оған қалада пәтерде тұратын үлкен әкпесі қамқор болмақшы. Жеткенбай – ауылда, көрші тұратын бір жақын ағайынның қолында қалды.

Ата-анадан жастай айырылып, көздері жәудіреген көгенкөз жетімдердің қамқоршы-күзетшісі Ақтөс болатын. Қолынан ас ішіп үйренген Ұлбикенің 

ауылдан кететіні бұған қиын болды. Жақсы иттің адалдығы адамнан артық дейді. Иесінің артынан ілесіп те кете алмайды. Ауылда қалып бара жатқан бармақтай бала Жеткенбайды да қимайды.  

Сол күні Ұлбикенің ұзаққа кетіп бара жатқанын сезгендей Ақтөс түні бойы ұлып шықты. Ертесіне автобус аялдамасына дейін ілесіп келді. Кәдімгі қимасын шығарып салғандай...

Аялдамаға жетіп, артына бұрыла берген Ұлбике өзіне еріп келе жатқан Ақтөстің көзіндегі мөлтілдеген жасты көзі шалып, тұла бойы дір ете түсті. Біртүрлі жүрегі аузына тығылып, тас боп көмейіне кептеліп қалғандай. 

«Бейшара Ақтөс! Мені қимай тұр екенсің ғой! Айтуға тілің жоқ! 

Көңіліңдегіні көзіңнің жасымен жеткізіп тұрғаның ба? Сенің де жүрегің, сезімің, ақылың бар болғаны ғой?! Ит екеш ит те адамды қимай жылайды екен-ау! Мен де сені қимаймын!» 

Ұлбикенің жан-жүрегі езіліп барады. Ата-анасынан жаңа айырылғандай ал кеп ағыл-тегіл жыласын. Итінің басынан құшақтап тұрып қамыға сыбырлады, үніндегі қырыл... «Ақтөс, Жеткен  - саған аманат... Ол әлі кішкентай... Ендігі жерде оның әкесі де, шешесі де, әкпесі де  - сенсің ғой!..» 

Ұлбике Ақтөстің жұп-жұмсақ салпаң құлағын аялай сипап, еңірей берді.

– Ауданда үйім болса сені өзіммен ала кетер ем. Интернатқа сені кіргізбейді ғой. Жыламашы! Мен саған келіп тұрам! Үйді жақсылап күзет. Ауылдың қағынған жүгірмектері тонып кетпесін. Ендігі жерде әке-шешеміз тұрғызып берген сол қарашаңырақтан басқа неміз қалды? Жеткен сол шаңырақтың отын өшірмейді, – деді де: – Саған кім тамақ берер екен, аштан бұралатын болдың-ау! – деп солқылдап,  өзін тоқтата алмай боздады.

Ақтөс оның айтқандарын жан-тәнімен түсінетіндей. Ұлбикеге жәудірей қараған көздерінен лықси домалаған жас – жүнінің арасына сіңіп жоқ боп кетеді. Ұлпа құйрығын бұлғақтатып, біресе ар жағына, біресе бер жағына шығып, Ұлбикені иіскелей береді. Біресе екі аяғымен тік тұрып, екі аяғын алдына біріктіріп, тұмсығын көтере қыңсылап: «Кетпеші!» деп жалынғандай болады. Ұлбике одан әрмен егіледі.  

Аялдамада автобус тосып тұрғандар жетім қалған екі тіршілік иесінің  емірене қоштасуына жүректері езіліп, үнсіз күйде теріс айнала беріп, лықсып келген жасты ішке жұта берген. 

Ұлбике кеткеннен кейін Ақтөс Жеткенбайдың артынан бір елі қалмайтын болыпты. Қайда барса сонда ілесіп жүреді. Ол үйге кіріп кеткенде, қайтып шыққанша есіктің алдында тосып жатады екен.

                                                    ххх

Содан бері көп жылдың жүзі болды.

Ит жылаған күн Ұлбикенің есінен кетер емес. Сол көрініс санасында мәңгілік ерімейтін мұз боп қатып қалғандай. Көзі жәутеңдеп, жылап тұрған Ақтөс түсіне енеді. Түн баласы бастығырылып, жиі шошып оянатын болды. Күндіз көзін қолымен басса, шарасы жасқа толып мөлтілдеген Ақтөсті көреді. Көреді де, көкірегі қарс айырылады.

Жан дүниесін буындырып тұрып алатын беймаза ой шаршата ма, әлде жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татқандікі ме, әлде ауылдағы үйдің төңерегіндегі шұңқырлардың қорқынышы қордалана келе жүйкесіне әсер етті ме, оқта-текте түсініксіз беймаза күй кешіп, өзін нашар сезінетін болды. Өзі өзі емес, басқа біреу секілді...

Ұлбике жұдырығымен иегін сүйеген қалпы терең ойға батып, терезенің алдында ұзақ телміретін болған. Күнде осылай, біреуді елжірей, сағына, сарғая күтіп отырғаны. Ол өзінің Ақтөсінің түбі бір келетініне, оның жұп-жұмсақ салпаң құлағын аялай сипап, мойнынан құшақтап, мамық жүніне бетін тигізетініне сенеді. Содан кейін Ақтөсі ешуақытта жыламайтын болады.

Гүлмәрия Барманбекова

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...