«Сұлу өзiнiң сұлу екенiн бiлген күнi сайтанға айналады. Ал ақын өзiнiң ақын екенiн бiлген күнi...
Мархабат Байғұт. Дауыстың түсі
«По разному гибнет душа...» В. Шукшин
Мамыр айының ортасында Есмақан Досболов дүниеден қайтты. Марқұм елу жылдығын былтыр ғана атап өтіп еді. Ол елу жылдығын атап өткенде бұл курортта болатын. Біле тұра курортқа кетті. Əрине, əркімнің жаны өзіне керек. Біреу елуге толады екен, оны ел болып тойлайды екен деп, бұл өз денсаулығынан бас тартуы керек пе? Оның достары, жолдастары, туған-туысқандары көп, мұнсыз да дүркіретіп өткізеді. Мұның жоғы да білінбес, ешкім іздей де қоймас.
Бұл да дос еді о баста. Дос сияқты еді.
Есмақан елуге толған күні курорттан жеделхат жолдаған. Онысын дүйім жұрттың алдында оқып бере ме, жоқ па, беймəлім. Жеделхат аз болса, оқуы да мүмкін. Бірақ бүгінде қағазды кім аяйды. Беделі бар, беделі болуға тиіс қызметі бар. Жеделхат деген жаңбырдай жауып кететін шығар. Беделді жеделхаттарды оқып, мұныкін жай атап өтуі де мүмкін. «Сондай-ақ осындай жеделхаттар пəленшеден, түгеншеден... демалып жатқан Еңсебек Əсіловтен (мүмкін досы деп қосар, ол жеделхатты кімнің оқитынына байланысты) де келді, жолдастар», – дейді ғой. Айтпақшы, жеделхаттарды Əріпбек Байболов оқитын болар. Жақын тартып жүреді ғой. Өзі тағы да өссе, орнына соны қояр.
Еңсебек Əсілов демалып жүріп осындай да ой кешкен.
...Міне, елең-алаңнан телефон безек қағып қоя берді.
– Алло, бұл Еңсебек аға ма? Сəлеметсіз бе, аға! Аға, бұл Əріпбек деген ініңіз ғой. Жағдай дейсіз бе? Қиын болды ғой, аға. Есағаңнан айырылып қалдық. Иə, иə. Есмақан ағаны айтамын... Түнгі сағат бірден ауа... Анандай боп шықты, ақыры. Иə, анандай деп тапты... Соны айтайын деп едім, аға. Сол... Солай болды ғой... Жақсы. Мейлі, аға...
Ол мұның даусының түсін байқаған жоқ. Мына хабардың өз бойында не бір өкініш, не бір аяушылық оята алмағанына таң қалмады. Керісінше, мұқата мұрт шиыру секілді бірдеңені бағамдады. Елең-алаңнан бір стақан су ішетін, соны ұмытып отыр екен, кенезесі кепкенін аңғарды.
Бір стақан суды ішіп алып, отырған күйі: «Орнына кім болар екен?» – деп күбір етті. «Əрине, Əріпбек болатын шығар». Өзіне-өзі тағы да таңдануға əрекеттенді. «Ойпырай, біреу ана жақта арыстай болып сұлап жатыр. Сен «орнына кім болар екенді» де ойлап үлгердің. Адамда (менде немесе сенде дегісі келген, олай шықпады) мейірім қалмаған ба?
Шай ішіп алып, бару керек. Бүгін – сенбі. Байғұстың іскерлігі орасан еді, жұмысқа кедергі болмайын дегендей, тура екі күн демалысқа қарай қайтқанын қарашы. Адам көп жиналатын болды.
Елу жылдығында да адам көп болды деп естіген. Айтушылардың ауыздарының суы құритын. Дос-жарандары тіпті көп екен. Бəрі бірбір тұтқаны ұстап отырған қасқалар мен жайсаңдар екен. Осыншама дос, жолдас арттыру анау-мынау адамның қолынан келе бермес. Курорттан келгеннен қейін, біразға дейін осындай ызыңдар құлағынан кетпей қойып еді. Бұл телефонмен құттықтаған.
– Оу, келмеймісің?! – деді ол. Көңілінде ештеңе жоқ сияқты. Əдейі жасап тұр. Даусының түсі білінбейді иттің.
– Осы ресмилігіңді қашан қоясың? Бөтен адам құсап. Келмейсің бе, шүйіркелесіп отырмаймыз ба өзіміз болып. «Өзіміз болып», – деді.
Қандай пиғылмен айтты?
– Уақыты құрғыр болмай кетті ғой, – деген бұл.
– Денсаулық деген тағы қиын. Көрерміз, əрқашан тілектеспін өзіңе...
– Əйтеуір, алыстап барамыз, қашықтап барамыз, – деген ол.
– Икемдейін деймін-ақ, əйтеуір, иілмейсің. «Икемдегенде не етпек мені? Өсірмек пе? Өсетін уақыттан біз кеткелі қаш-шан!» – деген бұл ішінен. Біраз уақыт бірге оқыды. Жақын-ақ болды екеуі. Араласып тұратын сияқты еді. Қызметке де бір жерге келді. Алғашқыда атқаратын жұмыстары да бірдей болды. Үш жылдан кейін екеуі бірге бір саты көтерілді. Тағы екі жылдан кейін екеуі бірге бір саты жоғарылады. Үш-төрт жыл өтті. Екеуі бір-біріне қатысы шамалы екі мекемеге бастық болды. Есмақан одан əрі бұған қарасын көрсетпей, қатты шырқап кете барған. Бұл сол орнында отырып қалды. Сол отырғаннан əлі күнге дейін отыр. Ал Есмақан Досболов одан бері талай сатыға қөтерілген. Алғаш осы қалаға қелгенде апта сайын бас қосып, бірге шай ішпесе, бірін-бірі аңсап тұратын секілді еді. Бірте-бірте аралары алыстады. Бара-бара бір-бірінің үйіне бас сұғуды сиретті. Оқта-текте телефонмен тілдескенді қанағат тұтты. Кейін телефон арқылы сөйлесіп тұрып, бір-бірінен ертерек құтылуға тырысатындай болып көрінетін. Оның үнінен ештеңе аңғара алмай дал болатын кейде. Өз даусынан өзі іш жиятын.
– Оу, сенбісің?! Хабарсыз кеттің ғой бұл! Бұл не боп кеттік өзі? Бөтен адам боп кеттік-ау. Келсеңдерші! Келіншегіңді ертіп келші-əй! Тура бүгін келші. Бүгін кешірек ораламын. Бірақ келіңдерші. Мен барғанша өсек айтып отыра тұрмайсыңдар ма? Келіңдерші-əй бір! – дейтін еді Есмақан бар даусымен.
«Қарашы! Қарай гөр, əртіс! Əдейі айқайлап, даусының түсін білдірмей тұр. Көңіліндегі баттасқан кірді жасырмақ. Бəле. Сұмын қарашы!» – дейтін бұл ішінен.
Ал сыртынан, яғни телефонның құлағына:
– Уақыт деген жетпейді ғой, тегі. Əне, өзің де кеш қайтамын деп тұрсың. Бəріміз де солай. Барармыз, ойда бар, – дейді бұрынғыдай болуға тырысып.
– Саған кіру қиын боп кетті. Қабылдауыңа жазылу керек. Сарылып күту керек.
– Енді мұның жай ғана себеп. Сен əуелі келемін деші. Мен əзірмін. Сен үшін есігім ашық. Айтасың-ау сен де... Бұдан бес ай шамасы бұрын Есмақанды ауырып жатыр деп естіген. «Ауруы жоқ еді ғой, жан күтейін деген шығар». Осындай оймен жүргенде Əріпбек кездесіп қалды. Оның айтуынша, Есмақан қатты жығылған. Ауруханада жатқанына бір айдан асып кетіпті. Ара-арасында Алматыға, бір рет Мəскеуге да барып қайтыпты.
– Ешкімге айта көрмегейсіз, Еңсебек аға, ауруы анандай құсайды, – деп сыбырлады Байболов. Сыбырлап тұрып жан-жағына қарайды. «Анандай» дейді. Сонда да тап бүгінгідей бірдеңені байқап еді өз бойынан. Алғаш мəңгүрттеніп тұрды. «Анандаймен» кім ауырмай жатыр. «Анандай екен, сондай екен ғой» дегеннен кейін көп ұзамай кетіп жатқандар да бар. Кім өлмей жатыр. Іле-шала бір бүйірінен: «Орнына қім болар екен?» деген сұрақ бас көтерді. Бармақшы да болды, ығытын келтірмеді. Командировкаға кетті. Сол жақта жүріп Есмақанның əйеліне телефон соқты.
– Командировкада едім. Есмақан қалай?
– Бір қалыпты, – деді əйелі. Əйелдің даусының түсін анық сезінді. Тұтығып тұрып қалды. Одан əрі не айтарын, не сұрарын білмеді. Ана жақтағы əйел де мылқау боп қалды.
– Дұрыс па өзі, былай? – деді бұл тағы да. Ана жақтағы əйел дауыс түсін білмес.
– Дұрыс. Бірқалыпты, – деді Есмақанның əйелі.
Оның кəдуілгі Гүлзар екеніне күдіктенгісі де келген. Тағы да ұзақ үнсіздік орнады.
– Мейлі. Білейін деп ем. Дұрыс болсын, əйтеуір.
– Жақсы, – деді Есмақанның əйелі.
– Рақмет. Гүлзардың өзге сөзінен гөрі «рақметі» мұның оларға қаншалықты жат болып, алыстап кеткенін анығырақ аңғартып еді. Сыртта жүріп біраз дұрыстап ойланғысы келді. Қайта оралған соң Есмақанға да, үйіне де бару керек болар деген түйінге тоқтаған сияқты еді. Бірақ келгеннен кейін баяғы қалыпқа қайта түсті. Бес-алты күн өткенде Əріпбекке кездесіп қалды. Іші-бауырыңды аралап кетеді ит. Мұның қолынан өзімсіне жетелеп, жаяу жолдың шетіне алып шықты. Талай-талай жаңалықтарды айтып тастады. Бұған не керек екенін біледі. Бəле. Сұм. Бұл да сұм-ақ. «Анау кетеді екен, аға. Кетпесіне қоймады ғой, ақыры. Анау ше, і-ім, анау, ол жоғарылайтын болды. Солай. Өзі де өсетін жігіт қой. Мықты ғой, аға...» Есмақанның жағдайын айта ма деп еді, Əріпбек оны тіпті ұмытып кеткендей.
– Есмақан қалай, айтпақшы? – деді бұл.
– Айтпақшы, Есағаң анандай емес екен, – деді Əріпбек мұның жағалы пальтосынан əлдебір нəрсені іліп алып.
– Анандай дегенге қатты қорқып едік, ондай емес екен. Тамағынан ас өте бастады. Тəбеті өте жақсы. Кеше де кіріп шықтым. Өте жақсы. Осы күнгі дəрігерлер де əр нəрсені айта береді білем.
– Солай ма екен? – деді бұл. Даусын билей алмай қалды. Дауыстың түсін Əріпбек біле бермес. Сол мезетте-ақ бір бүйірінен: «Анандай болмаса, бару керек еді. Баруым керек еді. Анандай болмаса, бару керек шығар. Ертең-ақ жазылады. Екі ай бойы ауруханада жатқанда бармағаның қалай болады?» деген күбірді тыңдап тұрды. – Бару керек еді, командировкада болдым, – деді.
– Анандай дегенге зəреміз ұшты ғой, – деді Əріпбек. Былай шыға Еңсебек бір бүйірінен естілген манағы күбірді қайта жаңғыртты. Бірақ əне-міне деп жүргенде мамыр мейрамы келіп жетті. Ақыры мынадай болды ғой. Ақыры «анандай» болып шыққан екен-ау.
Адам көп. Келіп жатқандар одан да көп. Күн жылы. Сенбі. Жұмыс күні емес. Бірге оқығандардың көбі келіпті. Əлі де келіп жатыр. Мұны да жерлеу комиссиясының құрамына ендіріп қойыпты. Көпшіліктің тамағын ұйымдастыру тапсырылды. Əрине, бұл жағы ыңғайлы. Бəрі өз қолында.
– Еңсеке, енді бізге Есмақан жоқ. Бəрі ойдағыдай болсын. Ештеңені аямайық, – десіп жатыр бəрі.
– Жерлеуі ертең сағат бірде басталса, тамақ мəселесін сол сағат үшке дайындау керек болар, – деді үлкен кісінің бірі. Сəлден соң, Еңсебек те құрметті қарауылға тұрды. Есмақанның аяқ жағынан орын тиді. Кейінгі алған үйі кең екен. Биік екен. Бір кезде көзі тайғанақтап жүріп, өліктің бетіне түсті. Бетіне қарауға қорқып тұрған сияқты еді. Жүрегім су ете қалар, не шым ете түсер деп ойлаған. Бекер-босқа, не болса соған, кім болса соған жүрек суылдатып, шымырлата бергеннің несі жақсы дейсің. Əркімнің денсаулығы өзіне керек. Кетер адам кетті. Бір кезде жолдас, дос сияқты еді. Несі бар, кім кіммен дос болмаған, жолдас болмаған? Кім кіммен айрылыспаған... Есмақанның бетіне қарасам, қорқып, шошып қалармын дегені бекер екен. Селт етпеді. Тіпті кірпігі де дір етпеді. Есмақан жай ғана ұйықтап кеткендей. Костюмі, галстугі, ақ көйлегі – бəрі бұрынғыдай, əдемі жарасады. Бұрынғы қалпы. Түк те өзгермеген. Қызмет өзгерте алмағаны ма сонда? Көрмегеніне көп уақыт өтті ғой. Семірмесе де толған шығар, өзгерген шығар деуші еді. Ашаң, сұңғақ қалпы. «Кəне, билемей тұра береміз бе? Қай қызды қалайсың?» – дейтін кезіндегідей. Осы мезетте ғана, Есмақанның биші екені есіне түскенде ғана жүрегі сəл бұлқынғандай болған. Бірақ Еңсебек бұл бұлқынысты тез басты. Шашына аздап қылау түсіпті. Бұл қылау қашан түсіп жүр? Жоқ еді. Сірə, ауруханада түсіп үлгерген шығар. Əйтпесе беделді бір жиналыста соңғы рет көргенінде шашы қап-қара еді. Президиумда отырды. Шашы жоғары қайырылған күйі, сəл бұйралау, қап-қара болатын. Мұны өзге біреу алмастырды.
«Сізді шақырып жатыр», – деді бұған.
– Қай асхана дұрыс? Сіз қалай қарайсыз? Адам көп болғалы тұр ғой, байқайсыз ба? – деді үлкен кісінің бірі.
– «Күміс күріш» оңтайлы болатын шығар, – деді бұл.
– Əрі жақын, əрі кең.
– Дұрыс. Солай хабарлансын. Жиырмаға жуық азагүл тізіліп қалыпты. Есмақанды үйінен шығаратын кез де келіп жетті. Бір кезде артына бұрылып қараса, жұрттың ұшы-қиыры жоқ екен.
– Адамның көбін-ай! Қараңызшы адамның көбін, – деді Əріпбек мұның ойын оқып тұрғандай. Оркестр зар илейді. Тек бұл ғана меңіреу, мəңгүрт. Бедірейіп алды. Неге бедірейеді? Не себепті меңірейеді? Кімге? Қаралы митингіде бес-алты адам сөйледі. Есмақанның шын мəнінде үлкен жүректі адам, ел мен жердің қамы үшін өзін-өзі аямаған азамат болғанын қайта-қайта айтып жатты. Оның есте мəңгілік сақталатынын айтты. Бұл мырс еткендей болды. Бұрын газеттерде де «мəңгілік есте сақталады» деп жазушы еді, кейін «ұзақ сақталады» деп түзетті ғой. Ертең Есмақанды да газетке шығарады. Не деп жазар екен? Үлкендер қол қояр ма екен, əлде «бір топ жолдастары» дер ме екен? «Бір топтың» ішіне бұл кіре ме?
Еңсебек мырс еткен болды тағы да. Мынадай жерде мырс етуге болмас. Жымиған сияқтанды. Өлі жымиыс. Осы өлі жымиысты қашан тауып еді?
Есмақан өзінен асып, екі саты, əлде үш саты жоғарылағанда тапқанын болжалдайды. Түнімен көз іле алмаған. Көз іле алмай шығып, таңертең айнаға қарады. Айнаға қараса, жымиып тұр екен. Кім? Өзі. Иə, өзі. Өлі жымиыс. Мүмкін мұндай жымиыс бұрыннан-ақ бар шығар, бірақ өзі сол күні байқаған. Бес-алты айлық баласы жылап жатқан сонда. Даусы зəһардай ащы еді. Əйелі сүтке кеткен болу керек. Жаңа есікті ашып-жауып жүрген. Баласы без-без етеді. Бүлк етпеді, бармады. Өлі жымиысына қарап тұра берді. «Адамда мейірім қалмаған ба? Қайда кеткен мейірім? – деді бір күбір өз бойынан. «Адамда дегенше, менде десеңші!» – дегісі келген. Өлі жымиыс арқылы əлдкімнен, əлденеден өш алып тұрды. Содан былай шындап күлмейтін. Рақаттана күлетіндерге меңірейе, кейде бедірейе қарайтын.
Уақыт өте келе көп нəрседен өлі жымиысы арқылы өш алатын болды. Қанағат та табатын секілді. Бір қараса, Есмақанның денесі жер қойнына кіріп барады екен. Бұдан өзге жолдастарының бəрі де жан-жақтан ұстап, ұстамағандары жан-жақтан ентелеп, Есмақанмен бірге көрге түсіп кетердей. Бір уыс топырақты бұл да тастады.
– Сіз енді бара беріңіз. «Күміс күріштегі» жұмысқа бас-көз болыңыз, – деді үлкен кісінің бірі.
– Иə, сен енді қайта бер, – деді бірге оқығандардың бірі. Асхананың іші ат шаптырым деуге жақын еді. Бірнеше қатар етіп жасалған үстелдердің айналасында ине шаншар жер қалмады. Тағы да кезек-кезек сөйлеп жатқан адам.
– Сəлден кейін сен сөйле бəріміздің атымыздан. Бəрімізге бірдей сөз жетпейді, – деді бірге оқығандардың бірі. Бұл осы жерде ғана абыржыңқырады. Сөйлеу ойында жоқ-ты. Дəлірек айтқанда, сөз береді, сөйле деп айтады деген пікірге келмеген. Мұндайда атап сөз бермейтіні, сөйлегісі келетін адамның өздігінен сөйлей беретіні белгілі ғой. Бірақ бəрібір, алдын ала ескертіледі. Беделді жерлерде солай етіледі. Бірге оқығандардан бір-екі адам сөйлеуі керектігі туралы сыбыр-күбірді естіген. Бірақ таңдау өзіне түседі деп күтпеген. Сөйлеуін бірдеңе етер, дауыстың түсі ше? Қатты бедірейгенде астыңғы ерні үстіңгі ерніне, үстіңгі ерні астыңғы ерніне жетпей, жете алмай, көгереңдеп, сөзі қабыспай қалушы еді. Қазір де еріндерінің жыбырлап кетіп, дірілдей бастағанын байқады. Бұл жерде көгереңдеп болмас. Жұрт секілді есіліңкіреп бастап, көсілте жөнеліп, дауысты дірілдете, көзге жас алғандай болып аяқтау керек. Сонда дауыстың түсін ешкім аңдай алмайды.
Қолына рөмкесін алып, орнынан тұрды. Кіммен кімнің қандай екенін жұрт біліп қояды. Білуін біледі. Бірақ білдірмейді.
– Есмақан Досболов кім еді? Азаматтар, мен оны сипаттап жатпаймын, – деді.
– Менің алдымда өте орынды айтылды. Ол елім деп туған ер еді. Оның достары көп еді. Сол достарының бірі мен едім, – Осы жерде бір кідірді. Қанша көсілейін десе де болмай барады. Дауыстың түсі болады деп бір жерден оқығалы өз даусынан өзі қорқатын. Тап қазір даусының түсін көрер ме еді. Ондай түр-түс жоқ шығар. Егер көріне қалса бар ғой, мұның даусының түсінен адам бірден жынданып кетер.
– Мен жалғыз қалдым, жолдастар, – деді одан əрі.
– Иə, бірге оқығандардан бұл қалада екеу-ақ едік. Айрылып қалдым қапыда. Аққу ұшып көлге кетті... Иə, не деуші еді əлгі... Ақ сұңқар ұшып шөлге кетті... Иə, бəріміз баратын жерге кетті деуші ме еді. Сол айтқандай, – көсілейін деді-ау. – Сол айтқандай, сырласым еді (Гүлзар төмен қарап отыр. Əріпбек қайда екен?) Енді сырымды кімге айтармын, мұңымды кімге шағармын... (Көзіне жас алғансыды, мұнысы бекер-ақ болды).
Сөзін «алып қойыңыздармен» аяқтады. Өзі де таза алып тастап, семіз құстың санына қол созды. Өзгелер сөйлеп бола бергенде жұрт аһылап-уһілеп, бастарын шайқай өкініш білдіріп, бір-біріне күбірлесе құптасып, қейбіреулері көздеріне жас алып жатқандай байқалушы еді, қазір бəрі бедірейіп, тым-тырыс қалғандай көрінді. Бұл басын көтермеді.
– Өте бір қадірлі адам еді ғой, мұншалықты құрмет кім болса соған көрсетіле бермейді, – деді қарсы алдында отырған кісі.
– Əр ауданда, əр қалада достары да, жолдастары да көп екен. Жап-жас, сымбатты, көздерінен от ұшқындаған бірнеше жігіт сөйледі. Бəрі ұстазымыз еді, ағамыз еді, ағамыздан артық еді, қамқорлығын көп көріп едік, оның ісін алға абыроймен жалғастырамыз деп жатты. «Қайда жүріп... Қашан ұстаз болып, осынша жастарды шəкірт етіп үлгерген... Осындай жігіттерге...» – деп күбірледі баяғы бір күңгірт үн. Үйіне құр сүлдері жетті. Əйелі қансыз-сөлсіз, бірақ əжімсіз бетін бұған бұрған да жоқ. Ас үйге өтіп кетті. Шай қоятын шығар. Сосын шай құяды. Шай құйып отырып та қансыз-сөлсіз, бірақ əжімсіз бетін есік жаққа бұрып отырады. «Мейірім дегендер қайда кетті? Болған ба өзі? Бар ма?» Жас алпысқа жақындап келеді. Ел секілді елуін де атап өткен жоқ. Ешкімге білдірмеді де. Шын жасының нешеде екенін өзі де білмейтіндей. Білгісі келмейді. Бұлдыр. Бұлдыр емес, бүлдірген. Өзі емес, əкесі. Соғыстың алдында мұның жасын кішірейтіпті, кейін үлкейтіпті. Əйтеуір, құжаттарында шын жасы жазылмаған. Жасы өтірік болған соң бүкіл тірлігі, ғұмыры да жалған сияқты болып кетеді кейде. Сөйтіп, ел сияқты, Есмақан сияқты елуін де атап өте алмады. Алпысы да атаусыз өтетін шығар. Жетпісі де солай болар. Сексеннен де дəмесі жоқ емес. Бірақ кім біліпті? Алпысқа да жете алмай қалуы мүмкін ғой. Мүмкін. «Анандай» деген бəле шықты. Осы қаланың адамдары сол ауруды осылай атайды, əйтеуір. Ол аурудың емін дүние жүзі түгел іздесе де таппай аласұруда. «Анандай екен ғой», – дейді. «Ойпырай, сондай ма екен?» – дейді. Біраз уақыт өтеді. «Не дейсің, пəленше сөйтіпті», – дейді. «Ойпырай, анандай деп еді, алып тынған екен-ау», – дейді.
Иə, өлім деген өзіңмен бірге жүреді. Бір бүйіріңде отыр ғой ол. Тесіле қарап отыр-ау! Кейде күңгірт қана күбірлеп қоятын сол ма əлде?! «Анандайдан» ала ма, мынандайдан ала ма, бір күні алқымыңнан алады ажал деген. Адам сұмдық көп болды-ау. Өзі, иə, өзі өле кетсе, қанша адам болар екен? Жымиғысы келді. Өлі жымиысын таба алмады. Мырс етпек болды. Шықпады. «Мейірім қайда кеткен бұл? Адамда мейірім қалмады. Қалған жоқ». Ол жуынды. Шай ішті. Əйелі жұмысына кеткен. Түнде істейді. Қызы да, баласы да бөлек кеткен. «Мен өлсем, қанша адам жиналар екен?» Тағы да мырс еткісі келген. Сəл ғана мырс етті. Орнынан сергектеу көтеріліп, буфетке келді. Арақ алып, үлкен стақанға толтыра құйды. Тартып жіберді. Тағы да қайталады. «Ер кезегі – үшке дейін». Телефонның жанына барып отырды.
Дос, жолдас мұнда бар ма? Бар болса, қанша? Шəкірттері ше? Осы ғұмырында қанша адамға жақсылық жасады, неше жасқа қамқорлық көрсетті? Біреуге шуағы түсіп көрді ме? Ағалап келгендері, обалы нешік, уақтысында болған. Аз болмаған. Өлі жымиысымен-ақ кері тепті-ау. Дос, жолдастар да кезінде үйірсектеді. «Барамыз-əй», – дейтін. Бұл «Келіңдер», – дейтін. Даусының түсін білдіріп қоятын. Олар келмей кете баратын. Жат боп кете баратын. Ең ақыры қызы мен баласы да жат. Əйелінен көреді. Екеуін де емізбеді. Екеуін де бауырына басып, қолына көтермеді. Бесікарбаға салып тербетіп, сонымен алып жүретін. «Сен! Сен! Бауырыңа басып көтермеген соң, темір арбаға салып өсірген соң тасбауыр боп кетті!» Əйеліне осылай дейтін еді. Телефонның жанында ұзақ отырып қалды. Талайдан бері ішпеген.
Арақ буын-буынын жайлап алды. «Мен өлсем, адам келе ме?» «Есмақанға қелмеген, бірге оқыған кімдер бар?» Қызылордада Көбелек бар. Кəдімгі ұшып-қонып жүретін Көбен. Екі жыл бұрын кездесіп телефонын берген. Есмақанға келмеді. Сонымен хабарласу керек. Керек-керек. Адам керек екен ғой, аға-йе-ен.
Қыздар тез қосты. Мұның даусының түсі өзгеріңкіресе керек.
– Ал-ло-о! Ал-о-о! Көбекең бе? Ой, қасқа-а-а!
– Баяғы студент кездің сөзін де, үнін де қайта тапқанына рақаттанды.
– Амансың ба, ей! Барсыңдар ғой? Бала-шаға аман? Бесеуі де үйленді-і-і? Даешь, қасқа! Тойға неге шақырмайсың? Елемейсің, ə? Менсінбейсің, ə?
– Даусының түсі қайта оңып кетті.
– Оу, бұл азайып барамыз ғой. Есмақаннан айрылдық... Бүгін... Бүгін жерледік. Сондай керемет болды. Ас-су жағын өзім басқардым. Келмедің? Ə-ə-ə. Дұрыс қой. Бəрімізде байлаулы ит сияқтымыз. Хабарласып қояйын деп... Хабарласып тұрайық та. Өздерің келсеңдерші... Бұрынғы ғой. Иə, бұрынғы қызмет. Е-е... Өсуді сендерге бердік қой. Мейлі. Мейлі. Жақсы. Біздің телефон бар ғой сенде? Сəлем айт. Жарайды. Хабарласып тұрайық. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз... Иə... «Ертерек құтылуға асығады, сұм. Мейірім қайда, кəне?» Жамбылмен код арқылы оп-оңай сөйлесуге болады. Онда кім бар? Ондағылардың бəрі де Есмақанға келді. Айтпақшы, былтыр бірге демалған Сейду бар емес пе? Сонымен бір хабарласу керек.
– Ал-ло! Сəке! Сенбісің? Курорттас, бөлмелес ...тас, ...дас ше? Иə, мен ғой. Талай рет звандадым дейсің бе? Командировка көп. Қалай? Денсаулық қалай? Бəрінен денсаулықты айт. Өзгесін сатып аласың. Біз де сол. Бұрынғы ауру. Сол аурудан өле кетсем, жерлеуге келесің бе? А? Əзіл ғой. Дегенмен жолдас жақсы. Өзіңді біртүрлі, ылғи ойлап жүрем. Курортты биылша қоямын. Ел араласам деймін. Өзіңе де барып қалуым мүмкін. Е, ол аурудан өлген адамды көрген жоқпын. Ал өзге аурудан өле кетсем, шыным, бір уыс топырақ салуға кел. А? Өлім деген демде ғой. Бүгін ғана бір досымды жерлеп қеліп отырмын. Ғажап жігіт еді. Қайраткер адам болатын. Əлі де өсетін еді. Жоқ, авария емес. Анандай. Иə, сондай. Ал, мейлі. Өзіңді қатты сағындым. Хабарласып тұрайық. Келіңдер. Күзде сөз жоқ барамын.
Ол бір сəт үн-түнсіз отырып қалды. Шынымен-ақ жаңағы екі адаммен сөйлескен өзі ме? Өңі ме, түсі ме? Ондай ықылас қайдан пайда болды? Жаңағыдай сөздерді қайдан, кеудесінің қай түкпірінен тауып айтты? Дауыстың түсін қалай бояды?
Ол тағы да телефонға жармасты. Бірақ кіммен хабарласарын білмей, телефонның құлағын тастап жіберді. Бедірейіп, қатты да қалды. Өлі жымиысы қайта оралғандай. Айнаға қараса, айызы қанатындай. Айнаға қарағысы келген. Бірақ орнынан тұра алмады. Үйінің іші қапырық. Ал далада мамыр түні елжірейді. Мамыр айы, Есмақан Досболов дүниеден қайтқан мамыражай мамыр айы бар мейірім-ықыласын үйдің бəріне де бірдей-ақ төгіп тұрды.