Жазушыға қарықпыз, кітап жатыр нарықсыз

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
6195

 "Қазына кітап" қорының жетекшісі Алмас ШәйкенБіздің елдің өзіне тән бір кемшілігі ме әлде өркендігі ме, әйтеуір, тойшыл халықпыз. Тәуелсіздік алған жылдардан бері «саммит», «форум», тағысын тағы жиын-тойлардың небір түрлерін дүркіретумен келе жатырмыз. Алдыға қойған мақсаттарымыздан: ат үркіп, жат есінен танардай...

Жуырда ғана Азия құрлығы жазушыларының басын қосқан форум өтті. Ол туралы талай әңгіме айтылды. Біреу сөгіп, біреу игілік деп, жуырда болмаған үлкен шараны сан-саққа жүгіртті. Осы жиынға қазақтың атынан екі жүзге тарта жазушы ат сабылтып барған көрінеді. Қазақстан Жазушылар одағында сегіз жүзден астам жазушы бар екен. Бұл, біздің руханият саласындағы бес қаруы сай жауынгерлеріміз ғой...

Осындай оймен қаруланып, Qazynа кітап үйі басшысы Алмас Шәйкен бауырымнан сұхбат алуға барған едім. Айта кетейін, бұның алдында осы қор туралы «Кітап нарығының алғашқы қарлығашы» атты мақала жариялаған болатынмын. Qazynа кітап үйі баспасының өзге баспалардан бір ерекшелігі: автордан қаржы талап етпейді, кітабыңды өзің әзірлеп әкел демейді. Осының бәрін өзі атқарады. Редактура, корректура секілді шаруаларды да өз мойнына алған. Кітап шыққан соң, дүкендері арқылы сатып, түскен қаржыдан авторға келісім-шарт бойынша қаламақы төленеді.

 Qazynа кітап үйінде Бұған дейін Алмас Шәйкеннің өзімен бетпе-бет жүздесудің реті келмеген-ді. Осы жолы сұхбат алудың сәтіі түсті.

- Құдайға шүкір, қазақ жұрты ештеңеден кенделік көретін халық емес, ұшы-қиыры жоқ сайын даламыз, жер асты, жер үсті кен байлығымыз дейсіз бе, қай жағынан алғанда да қазақтың пейіліне тән кең дастарханы сияқты молшылықтамыз. Осы орайда Сіз қолға алған кәсіптің негізгі қозғаушы күші жазушылар деп түсінем. Ол жағынан алғанда да бүйріміз тоқ. Енді солардың қаламынан шыққан дүниенің барлығы, Сіздің кәсібіңіздің талабыңыздан шығып жатыр ма? Кітапты тауар ретінде қарамасаңыз, ісіңіз ілгері баспасы даусыз ғой?

- Әрине. Бүгінгі таңдағы айналысып жатқан жұмысымызға тоқталсақ, кітаптың жарық көруіне дейінгі машақаттар да аз емес. Верстка, дизайн дегендеріңіз көп уақыт алады. Қалай десекте, осы уақыт аралығында өзімізге тән жылдамдық қалыптасты. Шығарып жатқан кітаптарымыз түгелімен қолма-қол пайда әкеледі деп айта алмаймын. Дегенмен түбі бір игілікке асар күні де алыс емес деген сенімдемін. Ал пайда әкелетін кітаптар да бар. Әсіресе, психологиялық-мотивациялық тақырыптарға арналған кітаптар сұранысқа ие. Осы арнада бірлі-жарым адамдар еңбек етіп, жазған кітаптарын интернет арқылы өздері де жарнамалап, сатып жүр. Біз, Алматы және Шымкент қалаларындағы өз дүкендеріміз арқылы сатамыз. Кітапты тауар ретінде қарауға тиіспін. Себебі, ең алдымен мен – кәсіпкермен. Ал тауарың өтімді болуы үшін, кітаптың көз тартарлық қасиетіне және рухани құндылығына аса мән беруге де міндеттімін. Сондықтан, оқырман көңілінен шығатын, өзектілігі басым деген шығармалардың өрісін ашуға ынталымыз.

- Арнайы әдебиет жайы түсінікті. Ал көркем әдебиет жағдайы қалай? Осы пайда әкеледі-ау деген авторларыңыз бар ма?

- Оны анық айта алмаймын. Бірақ, біздің баспадан тұғыш болып шыққан Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» атты дүниесі сұранысқа ие болды. Осы көркем әдебиетті ары қарай қузау үшін, арнайы Жазушылар одағына барып үндеу де тастадым. Әдебиет жанрының барлық саласын қамтуды мақсат етіп отырмыз деп. Бірақ, одан еш нәтиже болмады. Селт еткен ешкім жоқ. Бір-екеуі келді. Ұсынғандары талабымыздан шықпады. Қазіргі таңда, Исраил Сапарбай, Бейбіт Сарыбай, Серік Асылбекұлы сияқты жазушылардың еңбектерін шығарып жатырмыз. 

Сонан кейінгі бір нәрсе, әдеби агент мәселесі туралы ойымды айтқым келеді. Нақты, қазіргі біздің жағдайда сол тұлғаға сұраныс жоқ болып тұр. Әдеби агент дегеніміз – өз саласын зерттеп, көпшілік тарапынан қызығыушылық танытатын дүниелерді аша білетін, трендті танитын, сұңғыла маман болуы тиіс. Ал, біз сияқты қалыптасу кезеңінде жүрген ұжым үшін: елге танымал, есімдері жарнама сұрамайтын қаламгерлерді игерудің өзі үлкен жұмыс. 

 Qazynа кітап үйі ұжымы
Біз қалай дегенмен бір кезеңнен өттік. Ол кезде қазақ тілінде кітап сатыла ма және оны кім алады деген сұрақ тұрған-ды. Енді қарасаңыз, қазақша кітаптың сатылатынын ел біледі. Өтімді деген тақырыптар да айқындалып қалды. Өзін-өзі дамытуға арналған психологиялық және бизнес саласының қыр-сырын ашатын танымдық кітаптарды жазып немесе шет тілдерінен аудару жағы қарқынды жүріп жатыр. Әрине, біз о баста тек, мынадай тақырыпта ғана кітап шығарамыз деп мақсат қойғанымыз жоқ. Қазақ қоғамына игі әсері тиер-ау деген әдебиеттің барлығын қамтуға бел буғанбыз. Соның бастауында Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» тұр. Және әлем әдебиетінен жасалған аудармаларды қайта жаңғырту да ескерілген. Айта кету керек, жиырмасыншы ғасырда оқырман көзайымына айналған шығармаларды да қарастырып жатырмыз. Яғни, бүгінгі оқырманның қызығушылығын тудыра ала ма деген оймен. Алдыға қойған мақсатымыздың қаншалықты дұрыс-бұрыстығын дәл басып айта алмаймын. Жалпы, осы дүниелер құнды және жақсы сұраныс әкеледі-ау деп таңдап, солардың жарыққа шығаруға мүдделіміз.

Біздің көздегеніміз: әлдекімдермен жарысқа яки бәсекелестікке түсу емес, осы секілді жүйеленген шаруаны жүзеге асыру ғана деп санаймын. 

- «Қалта кітабы» дегенге қалай қарайсыз? Бұл тәжірибе шет елдерде жақсы дамыған. Соны қолға алу жоспарларыңызда бар ма?

- «Қалта кітабы» деген өте керемет дүние. Оқырман үшін де және ондай кітаптардың сатылуы да тез. Яғни тауар айналымы жедел. Біздің мемлекеттік жүйеде баяғыдан қалыптасып кеткен бір дәстүр бар. Ол, кітапқа жұмсалатын қағаздың салмағы. Соған қарай қаржы бөлініп отырды. Том-том кітаптар, яғни тонналаған қағаздар. Ол қалың томдардың ішіндегі ақпараттың қаншалықты маңызды екені көп жағдайда ескеріле беремейді. Көпшілік оқитын кітап па әлде арнайы мамандар ғана үңіліп, талдай алатын зерттеу жұмыстары ма дегендей... Сонан кейін біреуі елу том, екіншісі жүз том жинап, бұрқыраған кітаптарды сұраныс бар жоғына қарамай шығара береді. Мысалы, Қобыланды батырдың бес нұсқасы, Алпамыстың алты нұсқасы, бәленнің төрт нұсқасы дегендей кете барады. Бұл зерттеушіге ғана қажетті материал, яғни оқырманға ешқандай керектігі жоқ дүние деген ой қалыптасқан. Ал негізінде ол қате пікір.

- Қала ішіндегі кітап дүкендерін аралап жүріп, қазақ халық ертегілерін еш жерден кездестіре алмадым. Көздің жауын алатын дизаиндарымен менмұндалап тұрған аудармалар ғана. Аударма деген соң, амалсыз айтуға тура келеді, біздің аударма сапасы аса сын көтере бермейтіні жасырын емес. Бел омыртқасын сындырып аударған қазақ тілін түсіну үшін, кейде оның түпнұсқасын іздеуге тура келеді. Қазақ халық ертегілерін басып шығару жағы ойларыңызда бар ма?

Qazynа кітап үйі


- Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген мәтел бар ғой... соған орай шамамыз келгенше еңбектеніп жатырмыз. Сан саланың бәрін қамтып, құшағың жетпейтінді құшақтаймыз деп құр қиялға берілуге болмас. Сонымен қатар, жолай кездескен қиыншылықтардан тауымыз шағыла қалады деп те ойламаймыз. Себебі, о баста, осы алған мұратымыздан қайтпауға бел буғанбыз. Сондықтан оңайшылықпен беріле салмаспыз. Сіз айтқан ертегі мәселесі келешектің үлесінде деп ойлаймын.

- Сіздердің қалаған жолдарыңыз «Рухани Жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатқан сияқты. Көптеген баспалар мемлекеттік сатып алу тендерлеріне қатысып, қаржыға ие болып жатады. Немесе субсидия сияқты мемлекет тарапынан көмекке қол жеткізе алдыңыздар ма?

- Ондай болған емес. Менің ойымша оған маңызды себеп бар. Екі арадағы психологиялық сәйкессіздік. Немесе түсініс таба білмеулік сияқты. Біз, үкімет саясатын қолдағысы келмейтін оппозиция емеспіз, керсінше солармен қатынас орнатуға апаратын жолды білмейтін жағдайда тұрған секілдіміз. Әрине, ақшасымен емес, ақыл-кеңесімен бөлісіп жүрген ағалар бар. Соның өзі бізге керемет көмек деп санаймын. Бір нәрсені дәмету үшін алдымен соған лайықты жасаған ісің болуы тиіс қой. Қазірдің өзінде ауыз толтыра айтатындай екі-үш нәрсеміз бар дегім келеді. Енді соларды ары қарай дамытып, көзге көрінетін одан да көрнекті дүниелерді жасау мақсатымыз. Осы тұрғыдан алғанда мемлекет тарапынан бізге көз қиығын тастаса деген ой бар. Біздің жасап жатқанымыз - қазақ халқының руханиятына қосқан үлес екені былай да белгілі. Және соны дабырлатып, жарнамалап та жүргеніміз жоқ. Себебі, әр істі алдымен өзің үшін деп қолға аласың. Сосын барып, ол өркенін жайса, халықтың қазынасына айналады. Осы орайда ойымның қорытындысы: егер жоғарыда отырған немесе мүмкіндігі бар ұлт жанашырларының бірі, біздің шаруамызға мойын бұрып, мемлекеттік тараптан ба, әлде басқадай жолмен бауырларына тартса, әрине, біздің қолымыздан іс келетінін білген соң, сосын біздің мүдде-мақсаттарымызбен танысуға ниет танытса, керемет болар еді деп үміттенемін... 

Сонан кейін бір айта кететін жайт, сонау бір жылдары мемлекет тарапынан қолдау жасалып, кітап саудасын жандандырмақ болған көрінеді. Әлдекімдерге үлкен мүмкіндік жасалыпты. Облыс, аудан орталықтарымен ауылдарға дейін дүкен ашып, кітап жеткізу, сатушы еңбегіне дейін қарастырған сыңайлы. Өкінішке орай осы істі тапсырған адамдар жүзеге асыра алмаған сынды. Біздің қазіргі қалыптасқан жағдайымызда бұндай істі дөңгелентіп кетуге мүмкіншілігіміз жеткілікті.

Тағы бір айтуға тұрарлық нәрсе, жуырда біздің баспадан бір-жар кітапхана өзінің қорын толтыру үшін кітап сатып алды. Егер осындай қолдау болып жатса, соның өзі көп көмек болар еді.  

- Осы кітапханалардың кітап қорын толықтыру бойынша Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бес жылдық бағдарлама қолға алынып жатқан сияқты. Мүмкін, сіздер секілді істің тігісін білетін ұжымға көңіл аударып қалуы да ғажап емес қой.

- Әрине, оған тек қуаныштымыз. Сосын қазіргі күні мемлекеттік тапсырыстарды алып, оны сапалы орындауға дайындық үстіндеміз. Ол, біз жүрмеген соны соқпақ сияқты. 

- Алмас бауырым, сұхбатыңызға көп рахмет! Табысты күндерді тілеймін!

Әңгімелескен Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...