Қалбан Ынтыханұлы. Қытайға Самарқаннан жеткен құран

ӘДЕБИЕТ
3021

Қытайда діні мұсылман, түбі түркі салар дейтін ұлт бар. Негізгі мекені – ҚХР Чиңхай провинциясы Шунхуа салар автономиялы ауданы. Бұдан бөдек Саларлар Қытайдың Чиңхай провинциясы Хуалоң ауданы, Гансу провинциясы Майжишан жерлеріне де қоныстанған. Қытайдағы салар халқының жалпы саны 130607 [1], көпшілігі егіншілік және сауда істерімен айналысады. Ғалымдардың зерттеуінше, саларлар ежелгі түркілердің оғыз тайпасының құрамындағы салұрлардың үрім бұтағы [2] деп есептейді, олар Қытай жеріне шамамен ХІІІ ғасырда өткен. 

Салар ұлтының мәдениеті мен Орта Азиадағы түркі халықтарының мәдениеті арасында ұқсастықтар көптеп кездеседі. Салар ұлты ислам дінін өте ерте кездерден бастап ұстанған, әсіресе олардың шығысқа көшкенде ала келген «Құран» кітабі салар ұлтының Шұнхуаға келуден бұрын да ислам дініне сенетіндігін айғақтайды. Бұдан тыс салар ұлтының тұрмыс-салтарынан өзгеше мәдениет ерекшеліктері де кездеседі. Мысалы, саларлар аспанды жеті қабат немесе тоғыз қабат дейді; аяғыңмен жерді қатты теппе, үйткені жердің де жаны бар; отқа дәрет сындырма, оттан аттама, қолмен нұсқап айды, күнді көрсетпе; қартайған ағашты кеспе, үйткені қартайған ағаш қасиетті болуы мүмкін; қойдың жауырыны ортасындағы сүйектің бір жағына қарай аууы ақырзаман ахуалын көрсетеді, осы сүйек бір жағына қарай ауып ең шетіне барғанда ақыр заман болады; адамның есі ауысса, оның бойына жын жабысқан деп қарап, ескі матамен, ескі аяқ киіммен ұшықтайды, осылай істегенде жынды аластауға болады дейді; балалар қатты шошынғанда немесе науқасқа шалдыққанда анасы аруақ шақырады. Міне бұл бұрынғы шаман мәдениетінің салар мәдениетіне қосқан үлестері, бұндай исыламға қарсы келетін шамандық мәдениеттің сақталуы кездейсоқ жағдай емес. Ежелгі замандарда Қытайдың солтүстігіндегі жалпақ даладағы көшпенділердің барлығы шаман дініне сенген. Көптеген түрікі халықтарының сал-дәстүрлерінде ежелгі заманғы шаманның із жолақтары қазірге дейін сақталып келеді.

Салардың шығысқа көшуі туралы айтылатын аңыздың өзі де керемет хикая. Талай ғасырлардан бері, осы тамаша аңыз салардың жадына жатталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып қазіргі заманға жетіп отыр. Ежелден келе жатқан ол аңыз былайша өрбітіледі : 

«Ерте ерте заманда, сонау Самарқан жерінде ағалы-інілі екі жігіт болыпты, ағасының аты Қараман, інісінің аты Ағыман екен. Ағайынды екі жігіт  өз жұртына қадырлы да силы болған деседі. Сол Самарқанда тағы бір залым патша бар екен, патша әлгі екі жігітке қарадай өшігіп, оларға қастандық жасауды үнемі көздеп жүріпті. Күндердің күнінде сол зұлым патшаның нөкерлері Қараман мен Ағыманның үйлерінде жоқ кезін пайдаланып ұрлап сойған сиырдың басын патша әмірі бойынша солардың үйінің төбесіне апарып жасырып қойыпты. Артынша зұлым патшаның нөкерлері шарлауға шығып, үй қоймай тінту жүргізіп, Қарамандардың үйінен сиырдың басын тауып алған болады да оларды қазыға шақырып жазаға тартпақшы болыпты. Бірақ, сиыр жоғалған кезде ол өңірде Қарамандардың болмағындығына куә болатын кісі шығып, ағайынды Қарамандардың басқа жақтарда шариғат уағыздарын айтып кеткендігі расталады, сөйтіп патша шарасыз күйде қалыпты. Сол оқиғадан кейін ағайынды Қарамандар патша тарабынан қастандыққа ұшыраймыз ба деп алаңдап, бір жаққа қоныс аударуды ойластырыпты. Көп өтпей, күннің бір сәті болғанда ағайынды екі жігіт ақ түйеге ауылының суы мен топырағын теңдеп, «Құран» кітабын артып, қатарларына 18 кісіні ілестіріп алып Самарқаннан шығысқа қарай, жаңа қоныс іздеп көшкен екен.

Олар ауыр жол азабына төзе жүріп, Тиян-шань тауынан асып шығыс жақты бетке алып, Қытай жеріндегі Жияиюгуан[3]ға барады, одан ары Гансудың Сужу, Ганжу, Тияншұй, Гангу[4]ынан өтіп, Ниңшаның Лабылыңдағы Ганжиятанға жетіпті. Қараман шығысқа кеткеннен кейін тағы да оншақты кісі Самарқаннан Қараман жүрген жолмен жұріп Тиян-шаньның оңтүстігінен шығысқа қарай бет алып, қарлы тау мұзды шыңдардан асып Чиңхай өлкесіне кіреді,  Одан Чиңхай көлінің оңтүстігін жағалап қазіргі Биды ауданына жетіпті. Он екі адам сол арада қалып қойыпты, қалғандары шығысқа қарай жалғасты жол тартып, ганжиятандағы ағайынды Қарамандармен кездейсоқ жолығысып қалыпты. Аз уақыт аялдағаннан кейін олар және де алға жүріп Шұнхуаның Шичаң сайына жетіп одан Мыңда тауынан асып Жиезы[5]нің Аутусы тауына барады. Осы кезде күн батып, кісілер шаршап-шалдыққандықтан жеткен жерлерінде түнеп қалады. Түн ортасы болғанда ақ түйе аяқ астынан ғайып болыпты, абдырап қалған жолаушылар жан-жақтан түйе іздейді, от жағып маңайын жарық қылып тау беткейінен жазыққа түсіп (салар ұлты қазірге дейін осы жерді Отмойнақ дейді) Шазыпоға келгенде таң атады (саларлар осы кезге дейін сол жерді Таңат деп атайды). Олар бір жерге аялдап, жан-жаққа көз салса ол жер кең жазық, ну орманды, жайлымы ұшықиырсыз жақсы жер екен. Жолда шаршап шөл қысқан жолаушылар сол маңнан су іздейді, сөйтіп жүргендерінде бір бұлақты көздері шалады, бұлаққа барса алдыда жоғалып кеткен түйелері сол судың ортасындағы ақ тасқа айналып кетіпті, жиылған жұрт таң-тамаша болысып Самарқаннан әкелген су мен топырақты сол жердің су-топырағымен салыстырып қараса, әлгі жердің су топырағы да олардың ата мекендерінің су-топырағымен ұқсас болып шығыпты, сонымен алыстан келген Қараман мен Ағыман сол араны өздеріне қоныс етуге бекініпті де сол жерді  тұрақты мекен етіпті. Қараман мен Ағыманның сол жолы бастап барған жамағаты бүгінгі саларлар екен». 

Әрине аңыздың түбі – шындық. Тарихтың терең қойнауларынан орын алып, аңызға айналған оқиғалардың өтірік-шынын тексеріп жатудың өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Әйткенмен, салардың сол бір аңызына куә болатын құнды айғақ, нанымды дерек те жоқ емес. Жоғарыдағы айтылған аңызда «Қараман мен Ағыман ақ түйеге туған жерінің топырағы мен суын теңдеп, арасына «Құран» кітабін артып шығысты бетке алып жолға шығыпты» делінеді. Самарқаннан жеткен ол «Құран» кітабі қазірге дейін саларлардың қолында, Шунхуа ауданы Жиезі мешітіндегі Құран музейінде аса құнды жәдігер ретінде бәз баяғысындай сақтаулы тұр. Құран кітабының мұқабасы қырыммен қапталған, бетіне әсем өрнектер бедерленген, жазулары араб графикасындағы мұқағайық үлгісімен жазылған, кітап жалпы 867 беттен тұрады. Ғалымдардың зерттеуінше кітап ХІ ғасырда хатталған, сондықтан аса сирек кездесетін құнды қолжазба деп танылып, ҚХР үкіметі тарабы жағынан І дәрежеде қорғалатын мәдени мұралар қатарына енгізілген. 

Ауызша аңыз бен тарихи деректердің бір-біріне сәйкестігі салар ұлтының Самарқан өңірінен келгендігін дәлелдеп отыр. Қорыта айтқанда, салар – ежелгі оғыздардың тіке ұрпағы.

Сыр дария - оғыздардың анасы. Сыр бойы тамаша аңыз-дастандарды туғызды. Күллі түркі халқы күні бүгінге дейін сол аңыз-дастандармен сусындап келеді. Біз ежелгі оғыздардың аңыз-дастандарынан тарихымызды іздейміз, шыққан тегімізді білеміз. Аңыздарда айтылуынша Оғыз көсем екен, оның алты ұлы болыпты, ол алты ұлдың аттары Күн, Ай, Жұлдыз, Аспан, Тау, Теңіз екен, олардың  әр қайсысынан төрттен ұл туып, оғыз 24 болыпты, солардан оғыздың 24 тайпасы тарапты. Тау ханының үлкен ұлының аты Салұр екен, «үш оқтың» бірі осылар екен, сондықтан олардың ата бабасының аты олардың ру атауы болыпты. Бүгінгі Қытайдағы салар ұлты ежелгі оғыздардың салұр тайпасының ұрпағы. Салардың қайдан шыққаны туралы ең маңызды тарихи дерек осы.

Ежелгі салұр руынан шыққан Салұр Казан  «Қорқыт ата кітабындағы» әйгілі тарихи кейіпкер. Оның атақ даңқы оғыз тайпаларына кең таралып, билігі ішкі оғыз бен сыртқы оғызға бірдей жүріпті. Оғыздар қиын жағдайларға тап болса, Салұр Қазан оғыздың ру басыларын жинап, жиын ашып, ақылдасып, қиыншылықтарды жұмыла көтеріп, оғыздарды жеңіске жетелеп отырады екен. Ол әр екі жылда бір рет салтанатты жиынын өткізіп, олжаны бөліске салып, оғыздың ру басыларын марапаттап отырыпты. Салұр Казан оғыз ерлері мен батырларының типтік обыразы, оны жұрттың бәрі «Түркстанның діңгегі, кедейлердің үміті, сарбаздардың  қиын күндерде шабыт алатын қуаты» деп атаған. 

Сыр дариялық оғыздар тұсында, салұр руының орыны ерекше жоғары болды. Көптеген рулар осы салұр руынан бөлініп шықты дейтін көз қарастар да кездесіп жатады. Кейінгі замандарға келгенде  ішкі алауыздыққа байланысты оғыздар тұс-тұсқа қоныс аударып кеткен. Ішінде салұрлар да бар бір бөлім оғыздар Маңғышлақ түбегіне көшіп барған. Бұдан басқа 10 мың түтін салұр Хорозимге барған тіпті одан арғы Ирак пен Парысқа да барған. Тіпті шығыстағы Қытайға да барған, соның бір айғағы қазіргі Қытайда жасап жатқан салар ұлты.

Сондай қоныс аударған көштермен бірге қасиетті «Құран» кітабы да сонау Самарқан жерінен шығып, ұлы жібек жолын бойлап Қытайға жетіпті. Бұдан аңыз бен ақиқаттың қатар жүретіндігіне толықтай көз жеткіземіз. 


[1]  2010 жылы жүргізілген мемлекеттік санақ.

[2] 马有义主编.中国撒拉族绿色家园:青海人民出版社,2008.7:17

[3]  Жияиюгуан - Қытай ұзын қорғанының батысқа жеткізілген жеріндегі бірінші қамалы.

[4] Сужу, Ганжу, Тияншұй, Гангу - ежелгі жібек жолы бойындағы маңызды кенттер.

[5] Жиезі – бүгінгі Шунхуа ауданындағы кент, саларлардың алғаш тұрақтап мекен құрған жері.


Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...