КОНСТАНТИН ПАУСТОВСКИЙАударған Әбілміжін ЖұмабаевЛа-Манштағы, Виктор Гюго айдауда болатын, Джерсей а...
Өз жазушыларымызды тік ішегіміз үзіліп кеткенше күшеніп мақтайық
Кеше бір жап-жас әдебиетші қыз комментінде "бізді шетелдің соның ішінде Батыстың зор бүлдіргіш қаупінен аға буын жазушылар қорғап қалды" деген мағынада өз ойын білдіріпті. Батыс әдебиетінде не болып қалғанын білмек болып сұрақ қойып едім, мардымды жауап ала алмадым. Ол жастың пайымдауынша, батыс дейсің бе, жалпы, әлем жазушылары деген біздің ұлтымызға қауіп төндіретін аса зиянды бірдеме екен. Бізді одан құтқаратын жалғыз құрал - совет-қазақ жазушыларының кірпіштей қалың романдары ғана екен. (Сол ағалар өздері қазақша романдарын бұрқыратып бастырғанымен, балаларын орысша оқытты, бірауыз қазақша сөйлетпеді, қазір немере-шөберелерімен отбасында отырып алып, өздері орысша сөйлеседі, демек, өз ұрпағы оның кітаптарын оқымайды, тек біз ғана оқуға міндетті екенбіз, оған да көндік) Соларды біз оқымасақ, батыстанып қатты бұзылып кетеді екенбіз де, өз кіндіктерінен тараған ұрпақтары әкесінің шығармасын емес, именно, әлгі Батыс жазушыларын оқуға тиіс. Тәуелсіздік жылдарында мектеп бітірген жастарға дәріс беріп келе жатқан адаммын ғой. Жалпы, осындай көзқарастағы жастар қазақ мектебін бітіргендердің арасында кездесіп қалады. Егер Батыс жазушыларының шығармаларын оқыған адам бұзылып кететін болса, ең оңбаған бұзақылар біздің дәуірдің белсенді оқырмандары болып шығайын деп тұр. Жарайды, әлем әдебиетін көп оқыған біз-ақ "бұзылған" бола салайық. Онда, тек өз жазушыларымызды ғана оқыған қазақтың әдеби талғамы қаншалықты биіктейді? Қалай болғанда да, төл әдеби туындыларымызды әлемдік әдеби үдеріспен салыстырмасақ, эстатикалық таным-талғамымыз тым тар шеңберде қалып қоймай ма? Шын мәнінде, жыл сайынғы әдебиет жөніндегі Нобель сыйлығын әлгі жас әдебиеттанушының қорқып-үркіп жүрген шетел жазушылары алып жатыр. Біздің жазушылар оның маңайына жолай алмай жүрген жоқ па?!
Олай болса, орта мектептерде әлем әдебиетінің інжу-маржандарын, жалпы өнертану пәндерін өте сапалы оқытпасақ, бәрі бекер-ау. Өз жазушыларымызды тік ішегіміз үзіліп кеткенше күшеніп мақтайық, "абыз, әулие-әнбие, біртуар, ғасыр ғұламасы, әлем таныған әпенді" дейік, төл әдебиетімізді жер-көкке сыйғызбай "бұдан асқан шедевр жоқ" деп тұрып, дәріптейік, бірақ, өзгені жоққа шығармайықшы. Біздің жазушылардың шығармалары ЮНЕСКО белгілеген 6 тілде аударылды, шетелде тұсаукесерлері өтіп жатыр. Енді, әлем оқысын, солар мақтасын. Содан кейін жатып кеп, дүрілдейік, қызыл тілді безей-безей мақтанайық, мүйіз шығатын болса!