ҚазАПП-тан ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНА ДЕЙІН…

ӘДЕБИЕТ
3937

«Бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді». Еске алу үшін де айтушының маңызы қаншалықты екені белгілі. Еске алушы көп болса да, айтушы аз. Сол аздың бірі, «самородный сары алтын» – филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев ақсақал. Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 80 жыл толған мерейлі сәтте ғалымға қолқа салып, әз-кем әңгімеге тартқан едік…


– Уақытыңызды бөліп, сұхбат берсеңіз деп сізге қолқа сала келген жайымыз бар. Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиетінің» 80 жылдық мерейтойы аталып өткелі жатқандығынан хабардар шығарсыз…

– Иә, естідім. Газеттеріңде 1934 жылдан бері өткен съездегі баяндамалардан үзінді беріпсіңдер. Дұрыс. Бірақ одан да ары қазақ халқының мәдени өмірінде талай елеулі оқиғалар, талай съездер болды.

– Қазақстан Жазушылар одағы құрылғанға дейінгі аралықты мұқият зерттеп, монографиялық еңбектер жаздыңыз. Өзім де сол нәрселерді сұрайын деп отыр ем.

– Қазақ ақын-жазушылары мен білімпаздарының алғашқы съездерінің бірі 1924 жылдары Орынбор қаласында өткен. Бұл съезде Қазақстан, Түркстан республикаларындағы, Хорезм мен Хивадағы қазақтардың мәдени өркендеуіне ең қажетті мәселелер ретінде жазу ережелері, латын алфавитін қабылдау-қабылдамау, терминология, ауыз әдебиетін жинау, оқулықтар шығару мәселелері арнайы талқыланып, көпшілігі шешімін табады. Съездегі қаулы бойынша ауыз әдебиетін жинауға қаржы бөлініп, жан-жаққа адам жөнелтеді. Осындай пәрменді шараның нәтижесінде 1920-1925 жылдар аралығында мөлшермен қазақ тілінде 280-дей кітап шыққан. Қазақ баспасөзі де сол уақытта жыл сайын өркендеді. «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», «Ақ жол» секілді жиырмаға тарта газет, «Пионер», «Сана», «Шолпан» сияқты онға тарта журнал жарық көрді.

Жазушылар одағы құрылғанға дейін де Совет елін мекендеген ақын-жазушылардың ұйымдары болған. Оны РАПП дейтін, орталығы Мәскеуде болды. 1925 жылы Сәкен Сейфуллиннің тікелей бастамашылығымен Қазақстанда ҚазАПП (Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы) ұйымдастырылды.

Пролетариаттық бағыттағы, яғни кедей-кепшіктің жырын жырлайтын әдебиетті, мәдениетті өркендетуге, ақын-жазушыларды сол төңірекке шақырушылардың, ұйымдастырушылардың алғашқыларының бірі – Сәбит Мұқанов. Ол 1924, 1925 жылдары ма екен «мен ауылға қайттым» деп Петропавлға кетіп қалған. Сол жердегі талантты жігіттерді ұйымдастырып, Петропавл Жазушылар ұйымын құрады. Қазір өткен сол дәуірлерді «большевиктік идеология», «коммунистік идеология» деп, ақ-қарасын айырмай дырылдатып сойып жатырмыз. Барлығы қазір шеттерінен данышпан, кемеңгер боп алды. Көбі сол кездегі әдебиетіміздегі, халықтың саяси-әлеуметтік өміріндегі дүниелерді білмей тұрып, үкім айта береді. «Жұрт кітап оқымайтын болды» деп елді сөгетін ақын-жазушылардың өздері де онша ізденбейді-ау, әйтпесе біржақтылы пікір айтудан әлдеқашан арылар еді…

– Жиырмасыншы жылдары құрыла бастаған әдеби ұйымдар жайында, жалпы сол кездегі жағдаяттарға кеңінен тоқтала кетсеңіз…

– ҚазАПП құрылған кезде алашордашыл, ұлтшылдардың «Алқа» деген ұйымы да ашылды. Бірі пролетариаттық, бірі ұлтшылдық бағытты ұстанған соң да жағдайдың қалай болатыны белгілі ғой. Қазақ ақын-жазушылары топ-топқа бөлініп, айтыс-тартыс басталды да кетті. Қазақ әдебиетінде екі идеологияның қақтығысы орын алды. Бірі Октябрь революциясының рухын жырласа, келесісі бұл құбылысты жоққа шығарды. Әңгіме болсын, айта кетейін. Самат Нұржанов деген ақын болған, соны Молдағали Жолдыбаев деген сыншы: «Төңкеріс жазушысы болғысы келетін қазақ жастарының көбі төңкерістің ішінде болып, төңкерісті бастан кешірген жоқ. Бастан кешірмеген нәрсені кісі қалай жазады? Төңкеріс жолында айдауда, байлауда, абақтыда шіріген қазақ жоқ деуге болады. Ондайлар шықса 1917 жылғы февраль төңкерісінен кейін шықты. Сондықтан төңкеріс қазақтың көпшілігіне көктен түскен олжадай болды. Біздің көбіміз төңкеріске жолдан қосылған «жолбике», көлденеңнен жолыққан «көк аттымыз». Төтеден қосылдық. Төңкеріске мидай араласып, қызығын да, шыжығын да бастан кешірмеген соң «көлденеңнен қараушы» (зритель) болып отырып жазған сөздер нағыз төңкеріс өлеңі болмайды. Қазақ былай тұрсын, әуелі төңкерісті жасап отырған орыс жұртында да нағыз төңкеріс ақындары кем. Орыстың төңкерісті жырлаған ақындарын Троицкий «жолдан қосылғандар» деп айтады. Сондықтан «қырам, жояммен» төңкеріс ақыны бола қою қиын нәрсе…», – деп сынайды. Сол секілді Мағжан Жұмабаевты да қарсыластары жерден алып, жерге салады. 1925 жылы Мағжанның таңдамалы өлеңдер жинағы шыққан. Бұған С.Ходжанов кіріспе сөз жазып, Аймауытов және басқалардың Мағжанды дәріптеген сын мақалалары жарияланады. 1924 жылы Москвадағы Күншығыс халықтарының коммунистік университетінде Мағжанның өлеңдерін талдау үшін жиналыс шақырылады. Оған алпыстай адам қатысып, біразы: «Мағжан өлеңінде көбінесе өткенді көксейді, ескілікті іздейді, ұлтшылдықты жырлайды, өзімшілдікті, менмендікті дәріптейді», – деп пікірлерін айтады. Жасыратыны жоқ, кезінде Мағжан ақталмай тұрғанда өзіміз де сынадық қой. Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін Нәзір Төреқұлов, Смағұл Сәдуақасов және басқа да сыншылар жоққа шығарса, оны Ғабит Мүсірепов ақтайды. «Алқалықтар»: «Қазақта шын мәнінде пролетариат жоқтығын ескеріп келгенде біздің әдебиетіміздің сипаты халықшыл, бұқарашыл болуға тиіс. Біздің ту етіп ұстайтынымыз – «өнер – өнер үшін» болуға тиіс. Әдебиеттің бағыты жөніндегі таласты доғарып, барлық жазушылар, қолынан іс келетіндер мәдениеті бай елімізді көркейту жолына күш-жігерімізді жұмсайық», – деген ұстанымдарын айтса, «ҚазАПП» өздерінің ұстанымдарын алға тартты. Тіпті, Қаз­АПП-тың өзі кейін оңшыл, солшыл болып бөлінді. «Біздің қазақ ақындарында «пролетариат ақыны» – деп сөйлеуге де орын жоқ. Фабрика-завод тұрмысын қазір суреттеп жаза алмайды. Себебі – тұрмыста жоқ. Болса – жалпыға түсініксіз» деген оңшылдық пікірді Ғ.Тоғжанов бастаған кісілер қолдады. Жүсіпбек Аймауытовтың «төңкеріс бір жағынан желдеген үндеу кіргізсе, екінші жағынан, уайым-қайғы кіргізді» дейтіні бекер емес қой.

Жиырмасыншы жылдарда қазақ әдебиетіндегі бағыттардың, көркемдік әдіс жөніндегі айтыс-тартыстарға бір­жақты қарап, оңай шешім шығара салуға болмайды. Бұл – өте нәзік мәселе. Сәбит пен Сәкен болмаса, Кеңес үкіметі бізді айналып өтіп кететіндей сөйлейді көп ағайындар. Шынында алашордашылардың да, Сәкен, Сәбиттердің де ойлағаны қазақтың жағдайы. Әрине, таңдаған бағыттарының басқа болғаны рас. Сәкен жиырмасыншы жылдардың басында үлкен қызметте, қазіргінің тілімен айтқанда, Премьер-Министр дәрежесінде лауазымы болды. Сол кездерде оқу-ағарту, мектеп салу істеріне Сәкен мықтап кірісті. Сол үшін партиядан ескерту де алды. Жиырма екінші жылы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе алып беріп, «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп мақала жазып, 1925 жылға дейін «Киргизия» боп келген елмізді қазақ деп атаған да Сәкен.

– Кеңес үкіметінің идеологиялық қызметін атқарған ҚазАПП-тың ғұмыры неге қысқа болды?

– 1932 жылы Орталық Комитеттің «Әдебиет пен көркемөнер ұйымдарын қайта құру туралы» деген қаулысы қабылданған. Осыған сәйкес сол кездегі одақтас республикалардың астанасында да Совет жазушылар одағының ұйымдастыру комитеттері құрылады. ҚазАПП тұсында айтыс-тартыстан қолы босамаған ақын-жазушылар ел-елді аралап, Орталық Комитеттің қаулысына сай жұмыстар жасайды. Сонымен, 1934 жылы Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі өтіп, Қазақстан Жазушылар одағы құрылады. Съезде негізгі баяндаманы Ілияс Жансүгіров, қосымша баяндамаларды Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов бастаған бірнеше кісілер жасайды.

ҚазАПП қызметіне баға берген уақытта, айтылар уәж мол. Оның РАПП ұрандарына еріп, көп жағдайда тұрпайы социологияға ұрынған тұстары да аз болмады. 1931 жылдары РАПП-тың V пленумы болып, РАПП жұмыстарын қайта құру мәселесі көтерілген. Ал ол қате-кемшіліктер ҚазАПП-қа да тән. Бұл енді АПП системасының құлдырауға беттегенінің нышаны. Сол себепті де отыз екінші жылғы қаулы қабылдан­ды…

– «Алқа», «ҚазАПП» сынды ұйымдар құрылған шақтан бері екіге жарылған көз­қарастарға бүгінгі ұрпақ қаншалықты әділ бағасын беріп жүр?

– Қазір Совет үкіметін «орнатқан» екі-ақ адам қалды. Бірі – Сәкен Сейфуллин, бірі – Сәбит Мұқанов. Өңгелері күні үшін амалсыз, шарасыз Совет үкіметін жақтапты. Қайта осы күні Сәкен тұғырына қонып келе жатыр да, Сәбитке қара таңба басылып, «о, бұл Совет үкіметін орнатқан оңбаған» деген сөздерді біздің журналистер радио-теледидардан оңды-солды айтып жатады. Қазіргі біздің журналистикамыз болсын, идеологиямыз болсын дұрыс жолмен келе жатқан жоқ.

Тұрсын Жұртбайдың «Жұлдыз» журналына жарияланған «Ұраным – Алашымды» үзбей оқып келемін. Бұл Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қатынасты, Мұхтардың басқа жазушылармен (Ғабитпен, Ғабиденмен) қарым-қатынасын жазып, документпен көрсетіп отыр. Мен Тұрсынның көп ойларына қосыламын. Шындықпен, фактімен сөйлеген адамға қалай иланбайсың. Қазір Алаш ақталды. Ал Алаш ақталмаған тұста жазған оқулықтарында, кітаптарында, мақалаларында болсын қара бояуды баттастырып жаққан адамдар бұл күні басқаша сайрауға көшті. «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатын» мұндайларға қалай сенуге болады? Сосын бір байқағаным, қазіргі жастардың өлеңдерінде жылау-сықтау, ел көшкендей трагедия басым боп кетіпті. Ұзақ жыл есесі кетіп, отар ел болғандығымыздан ба екен деп қоям. Тап қазір езгіде, құлдықта жүрсе бірсәрі, бұл не зар? Ал жарайды, махаббатты, жастыққа тән романтиканы түсінуге болар, жыласын-ақ. Ал одан басқа қоғамдық өмірде сонша егілетіндей не қайғы? Азаттық келді, тәуелсіздік алдық. Аңсағанымыз сол емес пе еді! Өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей-ақ таттық. Арыстарымыздың атын ауызға ала алмайтын дәуірді бастан өткердік. Тұрмыстық қиыншылық деген уақытша болатын, кісіні сынай келетін нәрсе, соған бола бордай егілудің жігіттікке, азаматтыққа қанша қатысы бар? Мағжанның зарын, Қасымның қайғысын, Мұқағалилардың мұңын тудырған дәуір мүлде басқа заман емес пе?..

– Құрылғанына 80 жыл толып отырған Қазақстан Жазушылар одағында болған талай тарихи істердің куәсі болған шығарсыз…

– 1957 жылдары Сәкен ақталды. Сол кезде Жазушылар одағында Сәкенді еске алу кеші болды. Сол кеште Сәбит Мұқанов бір-екі сағаттай естелік айтты. «Сендер әлі күнге Қазақ Совет әдебиетінің негізін салушы деп мені айтып келесіңдер. Міне, шын иесі қайтып келді. Мұнан кейін сол иесін атаңдар», – деген Мұқанов сөзі менің сәкентану жолына түсуіме үлкен әсерін тигізді. Жиналыс соңында Жұмағали Сайын Сәкеннің «Көкшетауын» бастап кеп жіберді. Біраз жұрт көзіне жас алды. Шындығында 1937 жыл – қазақтың зиялысыз қалған жылы. Қазақтың жаттампаз, жағымпаз болып кетуінің себебі сол үлкен жоғалтуларда жатыр. 1928-29 жылдары ұлтшылдарды, алашордашылдарды қудалау басталды. Қаншама қазақ зиялылары тұтқындалды. Сол кезде Ахмет, Мағжан бастаған 13 адамды ату жазасына үкім етілді. «Өткізген қателіктері үшін кешірім сұрап, жалынғандар тірі қалады» деген сөз тарады сол уақыттарда. Тұтқындалған 13-тің 12-ісі «жазған», «жаңылғанын» айтып, арыз жазды. Он жылға сотталды. Ал: «Мен өзінің зиялыларына мұндай қорлық көрсететін үкіметтен кешірім алғым келмейді», – деген жалғыз адам – Жүсіпбек Аймауытов еді. 1931 жылы Мәскеуде атылып кетті. Сәкендердің ақталуы – жаңа бір заманның, кезеңнің келгені. Сондай бір «өлген тіріліп, өшкен жанған» тарихи сәттердің куәсі болдық қой. Қартайдық, көп нәрсе бірден қайдан еске түсе берсін…

Заман құбылып, басшы өзгере береді. Басшының ыңғайына, айтқан сөзіне қарай жығыла беру – ол шын білімді, зиялы адамдарға, елдікті ойлайтын кісіге тән нәрсе емес.

Мен – шахтердің баласымын. Жұмысшылардың ортасында ашығын айтып, шын сөйлеп үйрендік. Әкемнің мінезі де қызық еді. Ашуланған кезінде дүниені төңкеріп тастайтындай болады да, сәл уақыт өткен соң ол ашуының ізі де қалмайды. Сол мінезі бізге де ауысқан болу керек, Зейнолла марқұм: «Тұрсынбек-ау, сен айтқанды мен де айтып жүрмін. Бірақ мен көйлегін кигізіп, галстугін тағып барып айтам. Ал сен келесің де қойып кеп жібересің», – деуші еді. Расымен мен ондай дипломатиялық қатынасқа шорқақ болуым керек. Шамамызша қазақ әдебиеті, мәдениеті, қазақ әдебиеті сынының тарихы төңірегінде еңбек еттік. Кей­біреулер секілді мерейтойлық мақалалармен атақ-абырой алып, «тұлға» атанбадық. Шындық қай заманда да ащы, ащы екен деп өтірік сөйлеуге болмайды ғой. Қазір өтірік айту «модаға» айналды. Осы дерттен арылсақ екен деген тілегім бар…

Қазақстан Жазушылар одағының, «Қазақ әдебиеті» газетінің сексен жылдық мерейтойы аталып өткелі жатса, құтты болсын дейміз!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ырысбек ДӘБЕЙ.

Қазақ әдебиеті газеті

author

Тұрсынбек Кәкішев

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...