Екі ескерткіш (Мұраттан Табылдыға дейін)

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
1695


Ақ теңгенің мөріндей

Бүгін қасиетті Дендер топырағында еңселі екі ескерткіш ашылады. Бірі – қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының тұғырға қойылатын ескерткіші. Екіншісі – тау тұлғалы Табылды Досымовтың түрегеп тұрған бейнесі.Ел-жұрттың қадір-құрметіне бөленген бұл екі ақынның жас айырмасы – жүз жиырма екі жыл. Екеуі екі ғасырдың тұлғасы. Бірі – ағыл-тегіл қазақ жырының алтын дәуірі – он тоғызыншы ғасырдың өкілі. Екіншісі – біздің замандасымыз. Күні кеше ғана арамызда жүрген хас талант.Осы екі ақынды байланыстыратын не нәрсе? Екеуінің де жырлары елдің аузынан түспейді. Екеуі де туған өлкесін шексіз жақсы көрді. Сай-саласына, өзен-көліне, тау-тасына, төбе-жазығына, асу-беліне, қыр-адырына дейін тынбай жырлады. Екеуіне де заманы тарлық етті. Екеуі де қос ғасырды тоғыстырып барып өмірден өтті. Екеуі де еркіндіктің жыршысы еді.Сондықтан іс басында жүрген атыраулық азаматтар екі ақынға бір күнге ескерткіш қоюға бел байлапты. Екі ескерткіштің арасы шамамен үш жүз – төрт жүз метрдей жер ғана. Енді «Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Дендеріміз, Қарабау мекен еткен жерлеріміз», – деп жырлаған Мұрат Мөңкеұлы мен «Мәңгі-бақи мекенімді табу үшін Дендерден, Мен де бір күн кетер ме екем, бақұлдасып сендермен», – деп жан сырын ақтарған Табылды Досымов Индердің көшесінде бір-біріне үнсіз қарап тұрады. Арқалы ақын Шаһизада Әбдікәрімов айтқандай, «Сосын сізге орнатамыз ескерткіш, Ескерткіштер үндемейді себебі». Үндемей-ақ сөйлеп тұрады бірақ...Екі ескерткішті құйған мүсіншілердің авторлық шешімдері бір-біріне мүлде ұқсамайды. Алғашқысы – дәстүрлі стильге жақындау. Мұрат ақын аяғын алшаң басып, домбырасын шертіп, кең жазира далаға қарап, ойланып тұр. Мүсін де – көркем туындының бірі. Сондықтан өнердің бұл түрінде шарттылық болмай қоймайды, авторлық ұстаным айқын көрінеді. Ақынды көзімен көріп, естелік қалдырған кісілер мен мұраны зерттеушілер Мұрат домбыра тартпаған деген тұжырымға көбірек табан тіресе де, мүсінші Құттыбек Жақып айтыскер ақынды домбырасыз көзге елестете алмаған. Несі бар, бұл шешім де орынды. Ең бастысы, жыр жүйрігі құшағын айқара ашып, Дендердің даласына қайтып оралды. Мұраттың ғылыми айналымға түскен, ел-жұрттың көзі әбден қаныққан портреті бар. Атырау мемлекеттік университетінің алдындағы алаңға ақынның бюсті орнатылғанына да көп болған жоқ. Ал мынау – ескерткіш! Ескерткіш болғандай қандай! Жай тұрған жоқ. «Анық қылып сөйлейін, Ақ теңгенің мөріндей, Шалықтатып сөйлейін, Айдынның шалқар көліндей!», – деп төңірекке тіл қатып тұр.
Екінші ескерткіштің авторы Бақытбек Мұхаметжанов Табылды Досымовты осы заманғы үлгі-тәсілмен кескіндеген. Әр елдегі әйгілі өнер адамдарының мүсіндерін еске салатын бұл туынды жаңаша стилімен ерекшеленеді. Кеше ғана ортамызда жүрген бард ақынды осылайша таныту көпшіліктің көңіліне қонатыны анық. Толағай тектес Табылды тұғырда емес, жерде тұр. Тұғырға шығуға өмірі қызықпаған кескекті ерді табан астындағы топырақтан алыстатпағаны да дұрыс болған шығар. Ол сәл дамылдап алып, гитарасын қолға ұстап, Индербордың көшелерін армансыз аралап кеткелі тұрғандай әсер қалдырады.

Исатай – басшы, мен – қосшы

Екеуі де – маған қымбат тұлғалар. Алдымен әрине, Мұраттың есімін естідік. Біз мектепте оқыған жылдарда тоғызыншы кластың оқулығында зар заман ақындарына арналған жалғыз абзац бар еді. Сонда Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Шоқанұлы деген ақындар туралы айтылатын. Сосын «Мұхтар Әуезов бұларды «зар заман ақындары» деп атаған» деген тұжырым жасалған-ды. Болды. Басқалай мәлімет жоқ. Шынында да, бір абзацқа бұдан өзге не сияды?
О бастан тиым салынған нәрсеге жұрттың әуес келетіні бар емес пе?! Кейін зар заман ақындары енді ғана ақталған сәтте осы тақырыпты аттай қалап алдық. Жетекшіміз – академик Зейнолла Қабдолов томағамызды алып, топқа салды. Содан жаз жайлауымыз – Қызылқоға, қыс қыстауымыз – Индер болды. Қолымыз қалт етсе, Атырауға тартып кететінбіз. Әр келген сайын көненің көзі, Мұрат мұрасының асқан білгірі Берік Қорқытовтың батасын алып, Жайықты жағалап жолға шығамыз. Ежелден аралас-құралас ескі дос Исатай Балмағамбетовке ілесіп, ел аралаймыз. Екеуміздің де еркін жүретін шағымыз. Исатай – басшы, мен – қосшы болған жылдар ақыры жемісін берді. Мұрат мұрасы бізді де биікке көтерді.
Ал Табылдымен сонау сексенінші жылдардың басында университет қабырғасында жолықтық. Ол оқуға бізден бір жыл кейін түсті. Небәрі үш-ақ жас үлкен болсам да, аға деп ардақтаумен өтті. Табылдының ізеттілігінің арқасында жолдастығымыздан гөрі ағалығымыз басымдау болды. Қайта біз оны іні деп еркелете де алмадық-ау деймін. Кейін менің Мұрат мұрасын зерттей бастауым Табылды екеумізді одан әрі жақындата түсті. Себебі, ол ақиық ақын туып-өскен өңірдің перзенті еді. Ара-тұра Атырауға жол түскенде Мұрат ғұмыр кешкен жерлерді бірге аралайтынбыз.
Жылдан жылға Табылдының өнері өрістей берді. Ол көз алдымызда биіктеп бара жатты. Көп ұзамай қазақ руханиятының тұғырлы тұлғасына, сан мыңдаған өрендердің теңдессіз кумиріне айналды. Өмірден өткен соң оның талантына табынушылардың саны еселеп артты. Әлі күнге дейін қазақ жұрты Табылдыны дамылсыз жоқтап жатыр. Оның жырлары аға буынды да елеңдетті, орта буынды да еліктірді, бүгінгі ұрпақты да еріксіз мойын бұрғызды. Досымыздың әсем әндері мен жауһар жырлары үш ұрпақтың да талғам таразысынан мінсіз өтті. Мұндай бақ өнердегі хас тұлғалардың бәріне бірдей бұйыра қойған жоқ.
Табылдының мұрасының сақталуына, ел арасына кең таралуына бірге жүрген жолдастарының ықпалы мол болды. Өзі де о бастан дос-жаранға жарыған жан еді. Ең жақын тілеулестері телеэкранды тізгіндеген жігіттер болатын. Солар бард әншінің шығармаларының эфирден қанат қағуына шын ниетімен тілеулестік танытты. Елге орныққан соң да ақ пейілді ниеттестерін тапты. Бұл азаматтар ақынды алақанға салып аялады. Әлі де солар оның рухын тербетіп келеді.
Табылдының әндері қоғамның тамыр соғысын тап басатын еді. Ойдағы мен бойдағының үлесімін шебер меңгерген хас талант өмір құбылыстарының астарын ашып, тоқтаусыз жырлады. Ол тыңнан жол салды. Өнерімен елдің жүрегінде қалды. Елорданың көшесінде ұзаққа созылатын кептелісте тізілген көліктерден Табылдың қуатты дауысы естіліп тұрады. Талай шіренген шенеуніктер сені есіктің алдында күттіріп қойып, кабинетіндегі креслода ырғалып отырып, оның әндерін тыңдайтын. Осыдан соң арамызда жоқ деуге қалай қиярсың?! «Бірақ, бірақ бұл адамға дауа жоқ, Ескерткіш боп тұрып кетер мықтылар?», – деп Қадыр ақын айтқандай, біздің Табылды да, міне, қайта тіктелді. Енді әкімге де, әркімге де иілместей болып нық тұрды.
Әкім демекші, өнер иесіне атынан түсіп жаяу баратын атыраулық екі басшының есімін ерекше атауға тиіспіз. Олар – облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи. Бір заманда жергілікті әкімқаралар бард ақынның балтырына жармасса, бұл азаматтар оған арнап ескерткіш қойды. Табылды екеуміз Мұрат пен Шалда шеркештің бір заманда жолыққан орнын іздеп, Жарсуат пен Өрліктің маңайын шарлап жүрген кезімізде Мөңкенің жұртшылыққа аты мәшһүр баласы мен Аяштың ақын ұлына бір күнде ескерткіш қойылады деп ойлаппыз ба?! Бәріне шүкіршілік, бұған да жеттік. Бұл – талантты тұлғаларға арналған туынды ғана емес, өнерді қадірлеудің нағыз үлгісі, елдіктің еңселі ескерткіші.

Ақындық ғұмыр бітпесін...

Жоқ деңдер мені,
«Тума» құм жақтан шашасын қандап,
Шыңғырып жетсе кер бестім.
Күтпеңдер мені,
Сөкпеңдер мені,
Кегімді мен де дұшпаныма бермеспін.
Өйткені марқұм Махамбетпенен жерлеспін, –

деп жырлаған Табылдың тұлғасы сол Махамбетпен үндес Мұрат рухын да асқақтатып тұрары анық. Егеулі найза қолға алған Махамбет батырдың өршіл өлеңдерін халқына шашау шығармай жеткізген осы Мұрат ақын емес пе еді?!
Мұрат Мөңкеұлының жырларында Табылды деген адам аты жиі аталады. Ол – елдің намысын қорғаған әйгілі Табылды батыр. Ақын «Табылды, Итемгеннен Қара туды, Қалдыбай, Қабыл Мәтен және туды», «Қалдыбай, Қара Табылды, Сол ерлердің тұсында, Дұшпаннан кегім алынды», – деп үнемі термелетіп отырады. Сол батырдың есімін иеленген біздің Табылды да ер мінезді азамат еді. Ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын. Шыдамы таусылса, ашуының адырнасын ала өгіздей мөңіретіп жіберетін.
Айтпақшы, Индердегі екі ескерткіштің ашылуына арналған қойылым «Мұраттан Табылдыға дейін» деп аталады. Мұның символдық мәні бар. Екеуін ортақтастырып тұрған нәрсе – ұмытылмас тұлғаға айналғаны. Бұл – Мұраттан Табылдыға дейінгі елдің зердесінде жатталған ақындар рухының мәңгілік шеруі деген сөз. Сол шеру жыр сүйер ұрпақтың жүрегінде салтанат құра бермек. Біздің Табылдының мынадай бір өлеңі бар еді:

Үтірмен сені бітірдім,
Бітірмей, жырым, нүктемен.
Бергі жағында үтірдің,
Өлең-өмір тұр бітпеген.
...Осылай деуді құп көрдім,
Оқырман, сен қой нүктесін.
Адамдық ғұмыр біткен күн,
Ақындық ғұмыр бітпесін!

Айтса айтқандай, ақындық ғұмыры бітпейді тау тұлғалы таланттардың. Олардың шығармашылығына ешқашан нүкте қойылмайды. Ал ескерткіш қойылады... Қойылды ғой, міне!

(«Атырау» газеті, 18 қазан, 2019 жыл)

* * *
Ал бүгін осы рәсімге арнайы барып, Дендердің ауасын жұтатын Табылды дәуірінің қыз-жігіттеріне алғысымыз шексіз. Бәріңізге басымызды иеміз!

* * *
Мұрат пен Табылдыны іздеген жұрт Дендер жаққа қарай дамылсыз ағылатын болады әлі...

Бауыржан Омарұлы

Спорт

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Қытайдың Чунцин қаласында өтке...

Жаңалықтар

Ақтөбедегі әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлады madeniporta...