Мұхтар Шаханов. Ұлтты да, тілді де Құдай жаратқан

ӘДЕБИЕТ
3411

Бар мәселе билікте. Биліктегілер орыстілді болған соң, орыс тілін, ағылшын тілін қолдаған соң, қазақ тілі босағада қалып отыр. Билік қазақ тілін төрге оздырса, қазақ тілінің көсегесі көгереді, бірақ қазіргі билікке бұл тиімсіз. Егер Елбасының бұдан бірнеше жыл бұрын айтқан пікірін негізге алсақ, ұлтымыздың тең жарымынан астамы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды. Яғни космополитке айналған. Жуырда біреулер: «Қазақтың 30 пайызға жуығы ғана өз ана тілін білмейді екен» деп, осынау күрделі мәселені жұмсартпақ ниет танытты. Бұл – рухсыздық. Ащы шындыққа тура қарау және оның шешімін табуға тырысу – ортақ міндетіміз. 

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының арнайы тапсырмасымен біраз ғалымдар мен зиялылар тобы зерттеу жүргіздік. Сол зерттеудің нәтижесіне таңқалдық. Қазақ халқының арғы-бергі тарихында өзінің ұлтына, тіліне қарсы шыққан және ашық түрде ұлттық рухын, тілін менсінбеген қазақтар болған. 

Өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы ұлтымыздың дара тұлғасы Әлихан Бөкейхановтың пікіріне жүгінсек, сол тұста Кеңестер одағында үлкен билік басындағыларға жағыну мақсатында өзінің ата-тегін «Степнов» деп өзгерткен, ана тілін менсінбеуі былай тұрсын, ата-бабасының дінін де христиан дініне айырбастаған Әліби Жанкелдиннен бастап, жап-жас кезінде-ақ дүниеден өткен, «…қазақтың тілі – өлген тіл, енді оны тек мұрағатқа қою керек» деп дабыл қаққан космополит Нұрболат Масановқа дейінгі аралықтағы өз тілін, ділін, дінін, ұлтын сатқан қазақтардың бәрінің өмірі трагедиямен аяқталған. 

Осыған көз жеткізгенде жағамызды ұстадық. Кім өзінің ұлтына, тіліне тас атса немесе оның беделін түсірерліктей менсінбеушілік мінез көрсетсе, сол адамның тағдыры трагедиямен бітеді екен. Зерттеу осындай ауыр шешімді әйгіледі. Өйткені ұлтты да, тілді де Құдай жаратқан. Ендеше оған қарсы бағыт ұстау – тікелей Құдайға қарсы шығумен пара-пар. Сондықтан туған ұлтының тілінде сөйлеуге намыстанатын, ұлтсыздануға, мәңгүрттенуге бет бұрған қандастарымызға осы ерекше маңызды мәселені ескерту – азаматтық борышымыз.

author

Мұхтар Шаханов

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...