Ағылшын тілінен орысшаға аударған: © Виктор ВЕБЕР.Орыс тілінен қазақшаға аударған: Қа...
Айгүл Кемелбаева. «Тіленші, заржақ прозасымақты ұнатпаймын»
«Айгүлді білмейтін қазақ жоқ, бәріміз білеміз. Жазған дүниелерін қызыға, құныға оқимыз. Ол – жарқын, тың, бітімі бөлек шығармалар тудырудан жалыққан емес. Оның әңгімелері – талмай ізденудің, ұлттық болмысымызға, далалық дархандығымызға өте терең бойлаудың жемісі». Жазушы, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаеваға Әуезхан Қодар осылай деп баға берген екен. Ұлттық тақырыптарға терең бойлай білетін жазушымен жақында әңгіме-дүкен құрудың сәті түскен еді.
15 жасымда проза жаза бастадым
– Айгүл Жолдасбайқызы, байқауымша, сіздің әріптестеріңіз әдеби байқауларда бақ сынай бермейді. Ал сіз, керісінше, жиі қатысасыз. Неге?
– Орта мектепті 1982 жылы ауылда бітірдім. 15 жасымда проза жаза бастадым, сол повесім 1983 жылы республикалық жабық конкурста екінші орын иеленді. Бірінші жүлде қазіргі қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы Есенғали Раушановқа тиді. Мектеп бітіре сала жабық конкурстан бағым жанғаны сол уақытта үлкен сенсация болды. Жүлде құны 1000 сом болатын. Ол уақытта бұл – ірі ақша, мамам жартысынан көбін туыстарға сүйіншіге таратты, қалғанына той жасады. Жастарға әдеби беделді басылымдарға шығудың өзі күш болып жүргенде әдеби ортада бірден танымал болып шыға келдім. Осы конкурстың шарты бойынша үш жыл ішінде кітабым жарық көруі тиіс болатын. 1986 жылы «Жалын» баспасынан алғашқы кітабым шықты. 2001 жылы бір ағамыз: «Сен тік шығып кеттің», – дегені ойымда, әу бастан ешкімді жағалағаным жоқ. Прозадан әдеби байқаулар поэзияға қарағанда тым сирек жарияланады. Сондықтан мүмкіндікті құр жібермеуге мүдделімін. Уақыт өте тығыз болған күнде де, жазу қабілетіме ерекше әсері бар. Әсіресе, жабық байқауларды соншалық жақсы көремін.
– Неге?
– Себебі, жабық байқауларда жолым көбірек болады. Әрі олар ірі, адал конкурстар. Жалпы, әдеби байқауларға қатысу – адамға жақсы стимул береді. Қомақты жүлдеге ілікпеген күнде де, бір көркем шығармам жазылады. Мен байқаудан орын алмасам, түк өкпелемеймін. Бастысы – идеясы көкейімде жүрген, қолым тигенде жазамын деп ұзын арқан, кең тұсауға салып қойған бір шығармамның өмірге келуі.
Әдебиет әлемінде… «фильтр» бар
– Соңғы кездері дін тақырыбына көбірек қалам тербеп келесіз. Осы тақырыпта «Ғибадат», «Тобылғысай» әңгімелеріңіз, ішінара «Мұнара» атты романыңыз жарыққа шықты. Әлемде діни жағдайлар шиеленісіп тұрған осынау шақта бұл тақырыпты таңдауыңызға не себеп болды?
– Менің түсінігімде, дінді адамның жан-дүниесі қалауы керек. Ал бізде керісінше, сыртқы формалары көп. Оған ақша мен саясат араласқан уақытта дін – дін болмай кетеді. Бізде Құдайға сену ата-бабамыздан келе жатқан, бойымызға ананың сүтімен берілетін қасиет. Мен 2004 жылы «Ғибадат» атты әңгіме жаздым. Бұл әңгіменің лейтмотиві адам жаны рухани сенімге қалай ие болады, Құдайын қайтіп іздеп табады дегенге саяды. Адамды адам қылатын – иманы, тілі және санасы. Кез келген қоғамда биік мораль болуы керек. Кезінде діни кітаптарды көркем әдебиет тәрізді қабылдап, оқыған кездерім болған. Әлем – үлкен. Сондықтан онда әр түрлі діни конфессиялардың болуы заңдылық. Біртектіліктің қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен шығармаларымда адамның иманға келуін, дініміздің ата-бабамыздың салып кеткен салт-дәстүрлерімен қабысып жатқандығын көрсеткім келді. Адам жаны Алла-тағаланың мейірімін, рахымын қалап тұрады. Адам дінге, иманға ақылмен ғана келе алады екен. Бұл әңгімеме Шаһкәрім қажының: «Ақылмен сенбей иман жоқ» деген сөзін эпиграф етіп алдым.
– Кезінде осы діни шығармаларыңыз үшін сізге сын айтқандар да көптеп табылды емес пе?
– Иә, кезінде осы әңгімелерім үшін маған сын айтқан, тиіскен адамдар да болды. «Көп жері түсініксіз, ой жоқ, құр сөзбен салынған сурет», – деп те айтқан.
– Сіз бұл сындарды қалай қабылдадыңыз?
– Мен сынға өте шыдамды адаммын. Жұрт жөнін айтса, жақсы әрине, теріс айтса, тіпті қиналмаймын. Көкейінде не тұрғанын сөзінің астарынан жазбай танимын. Әдебиеттің сарнаған тарихын емес, идеялық болмысын, теориясын биік қоямын. Қашанда өз пікірімде қаламын. Маған қалай айтса да, өз көзқарасым өзгере қоймайды. Ал жазушы, сыншы, профессор Бекен Ыбырайымов менің сөйлем құраудағы стилистикалық селкеуліктеріме сын айтса, оны қуана қабылдап, мәтіндегі сол тұсын дереу түзеймін. Мұндай сын өшірмейді, тек өсіреді.
– Сын демекші, өзіңіз де әдебиет сыншысысыз ғой?
– Дәлірегі – әдебиеттанушымын. Менің сын жазып жүргенім шамалы. Себебі, дәл қазіргі біздің қоғамда шалажансар авторға сын айту – өте қауіпті. Айтудың да керегі жоқ деп ойлаймын. Өйткені әдебиеттегі нашар, солғын шығармалар уақыты келгенде өзінен-өзі қоқысқа кеткендей бықсып қала береді. Олармен айтысып-тартысып, уақыт өлтірудің текке қажеті жоқ. Олар онсыз да таланттыны қарадай жек көреді, шамына тиіп, ашындырудан түк шықпайды.
– Қазақта «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген сөз бар. Сіз «Нашар шығармалар уақыты келгенде өзінен-өзі қоқысқа кеткендей қала береді», – деп отырсыз. Бірақ кейде сол нашар деген шығармалардың өзі кеңінен насихатталып, бірнеше тілдерге аударылып жатады…
– Бұған өте «жайбарақат» қараймын. Неге десеңіз, ондай шығармалар бірінші онжылдықтан өтер, екінші онжылдыққа да жетер, үшінші онжылдыққа келгенде уақыт сынынан өте алмайды. Әдебиет әлемінде көзге көрінбейтін «фильтр» бар. Қалтасында қаржысы барлар кітабын бәрібір шығарады. Бірақ уақыты келгенде әдебиет әлеміндегі «фильтр» оларды тазалап, іріктеп береді.
– Десек те, мұндай шығармаларды шет тілдеріне аударудың қажеті қанша?
– Ол шығармаларды мемлекет аударып жатқан жоқ болар.
– Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтына түсу үшін ҚазМУ-дың «журфагін» тастап кеткен көрінесіз. Журналистикада неге оқығыңыз келмеді?
– «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Сапар Байжанов ағам анам жағынан туыс болып келетін. Сол кісі мені 1984 жылы журфакқа түсірді. «Бір жыл бұрын республикалық конкурстан озған жазуы бар жасты оқытпағанда, кімді оқытасыңдар?» – деп үлкен инстанцияларға айтып, қамқорлық жасап, студенттікке жеткізді. 1987 жылы журфакты 3 курстан соң тастап кеттім. Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтында оқығым келді. Ол институтқа жоғары филологиялық білімі бар дипломмен қабылдамайды ? Тәуекел қылдым. Арада екі жыл жоғалттым. Елден де біраз сөз естідім. Бәрі мені «ақымаққа», «басы істемейтін адамға» теңеді. «Енді бұл оқу оқымай, ауылында бықсып қалады, әдебиеттен біржола кетті», – деп, мазақтап күлгендер де болды. Әдебиет институтында 5 жыл оқып шықтым. Мұнда оқытушылар құрамы өте мықты, дүниежүзілік әдебиеттің тарихы мен теориясы жан-жақты оқытылады. Бұл – маған Алланың ең үлкен сыйы болды.
– «Журфактағы үш жылым босқа кетті-ау», – деп өкінбейсіз бе?
– Жоқ. Алматыда да кілең мықты ұстаздардан оқыдым. Оқытушыларда тектілік, ізгілік, білім нұры бар болатын. Әрі бірге оқыған достарыммен әлі күнге араласамын. Журфакта оқып жүрген кезімде кинотеатрларға жиі баратынмын. Әуелде кинорежиссер болу – арманым еді. Фильмге режиссеріне қарап, таңдап баратынмын.
– Мәскеудегі Әдебиет институтына «Қоңырқаз» атты әңгімеңіз арқылы түскен екенсіз. Әңгіме жанрындағы алғашқы дүниені фантастикалық антропологиядан бастауыңызға не себеп болды?
– Бұл әңгімені 1987 жылы 7 қазанда жаздым. Бұл – Арқадан құс қайтқан мезгіл. Әлі күнге дейін есімде, ауылда орыс тілін үйреніп жатқанмын. 1989 жылы жазда әңгімемді Мәскеудегі иституттың қабылдау комиссиясына поштамен жібердім. Бір күні Роллан Сейсенбаев ағамыздан хат келіп тұр. Ол кезде мен ол кісіні жерлесім болса да жүзбе-жүз танымайтынмын. Сыртынан ғана білемін. Хатында әңгімемнің жақсы екендігін, сол үшін шығармашылық емтиханда «бес» қойғандығын айтып, қазақшасын жіберуімді сұрапты. Қабылдау комиссиясына орысша аудармасын жібергенмін. Бірінші курста проза бөлімінде семинар жүргізген орыстың үлкен жазушысы Андрей Георгиевич Битов осы әңгімеме «Магиялық реализм», – деп баға бергені жадымда. Расында, әңгімемнің эпиграфында нұсқағандай, идеясын Ханс Кристиан Андерсеннен алғанмын. Оны еш жерде жасырған емеспін.
– Таласбек Әсемқұлов ағамыз: ««Қоңырқаз» – Айгүл Кемелбаеваның ең үздік шығармасы. Аталмыш әңгіменің несі жаңалық деген сауалға концепциясы жаңа деп жауап қайтарар едім. Аңыздық сарында осылайша жазып шығу, осындай үлкен пайымға бару – жазушыдан үлкен қабілетті талап етеді», – деген екен. Жас кезінен-ақ осындай баға алған қаламгерге Мәскеуде оқу қиынға соқпаған болар?
– Бұл кейіннен айтылған сөз. Эрудит жазушы, күйші Таласбек Әсемқұлов бұл пікірін 2005 жылы «Таң-Шолпан» журналында жариялады. Оның интерпретациясына келіспейтін де тұстарым бар. Әдебиет институтында әуелі шығармашылық емтиханнан өтсең ғана Мәскеуге шақырады. Сосын екі пәннен емтихан тапсырасың. Мен шақырту алғанда қатты қуандым әрі қорықтым. Орыс тілін жақсы білмейтін едім. Бағдарламадағы орыс әдебиетін түгел оқып, дайындалып жүрдім. Бұрын оқығандарымды қайталап оқыдым. Емтихан сұрағы Гогольден келді. Гогольдің прозасын өте жақсы көремін. Сүрінбедім.
– Шығармаларыңыз көпке дейін баспа бетін көрмей жүріпті. Осы рас па?
– Жоғарыда айтқанымдай, мен әдебиетке тым ерте, 15 жасымда келдім. 18 жасымда алғашқы әдеби жүлде алдым. Сол жүлде бәріне үлкен жол ашып берді. Екінші курс оқып жүрген кезімде «Жетінші құрлыққа саяхат» атты алғашқы кітабым жарық көрді. 10 мың данамен. Қаламақысы бар. Балаларға арналған повесть болатын. Сол кітабыма әлі күнге дейін күлкім келеді. Өзім де баламын ғой ол кезде. Менің қатарластарым ағаларына барып, газет-журналға жарияланарда алғысөз жаздыртып, шығартып жүрген. Рас, ол кезде газетке шығудың өзі қиын еді. Осы кітабым жарық көргеннен кейін «Енді не жазамын?» – деген ой келді. 1987 жылы жазылған «Қоңырқаз» атты тырнақалды әңгімемді «Қазақ әдебиеті» газетіне шығара алмай қойғанмын. 1994 жылы Мәскеуден оралғаннан соң, шығармаларым жарық көре бастады.
Кәсіби аудармашылардың мектебін қалыптастыруымыз қажет
– Бүгінде елімізде есімі ерекше аталатын жазушылардың қатарынансыз. «Біздің әдебиет – қазақ әдебиеті әлемдік деңгейге жетті, әлемдік аренаға шықты», – деп айта аламыз ба?!
– Қазақ әдебиеті әлемдік аренаға, әрине, шығып жатыр. Бірақ қандай дәрежеде? Бұл жерде барлық мәселе аудармаға келіп тіреледі. Бізде аударма жағы әлсіз. Көркем аударма саласына мемлекет айрықша көңіл бөліп, мықтап қолға алуы қажет. Әдебиет институтын қайта құрылымдап, оның аударма бөлімін ашу керек. Қиын жылдарда Максим Горький негізін салған мәскеулік инститтуттың даяр үлгісін неге алмасқа? Кәсіби аудармашылардың мектебін қалыптастыруымыз қажет. Бізде көркем аудармаға икемді, талантты жастар жетіп артылады. Қаламақысы мол төленетін беделді өнерге айналса, талай адам аудармаға ат басын бұрар еді. Мәскеудегі Әдебиет институты екі-ақ бөлімнен тұрады. Онда факультет деген атымен жоқ. Негізгі бөлім – поэзия мен проза, әдеби сын болса, екіншісі – аударма бөлімі, жыл сайын үш тілге аудармашылар дайындайды. Бес жылда әлемдік 15 тілге үзбей мамандар шығарып отырады. Қазір әлемде қандай мықты әдебиет туындысы жарық көрсе, дереу орыс тіліне аударылады. Жәй аударма емес, жоғары дәрежедегі кәсіби, сауатты аударма. Мен Орхан Памуктың тек қана орысша аудармасын оқимын. Шығарма орыс тіліне кәсіби тұрғыда аударылатынын жақсы білемін. Біздің қазақтың аударма саласы осы деңгейге жеткенде ғана төл әдебиет әлемдік аренаға шыға алады. Сең қозғалды деуге болар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры БҰҰ-ның 6 тіліне қазақ поэзиясы мен прозасын қос том қылып аударуды осы жазда бастап кетті. Бұл халықаралық ірі жобаға бір эпикалық әңгімем енді.
– Құтты болсын! Жақсы жаңалық екен. Сізді «Еуропаша ойлап, қазақша жазады», – дейді. Осыған қандай уәж айтасыз?
– Өтірікті соқпасын! Мен Семейдің Абай ауданында туып-өстім. Құдайға шүкір, менде Еуропаның білімі бар. Бірақ қазақша жазамын. Эссе жанрында орысша жазатынымды да жасырмаймын. Бұйырса, проза жазып байқау ойымда бар. Қазіргі заманғы прозада Еуропа эталон емес. Әлем әдебиетінің географиясы кең. 190 жыл бұрын фон Гете: «Енді әлем әдебиетінің дәуірі келеді», – деп айтып кеткен. Асқан көрегендік! Гетенің айтқан заманы баяғыда туды.
– Сізді «қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуші» деп те атайды екен?
– Шын ба?
– Иә.
– Білмеппін.
– Әдебиеттанушы-ғалым, профессор Айгүл Ісмақованың сіздің шығармашылығыңыз туралы: «Айгүл өз туындыларына саналы түрде еуропалық, мифтік есімдерді де кіргізіп қояды. Онысы эксперимент болғанымен, өте сәтті пайдаланылған амал. Өйткені дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол деңгейде ойлана отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуде», – деп жазған пікірін оқығанмын.
– Мен шығармаларыма негізгі қоректі ауыз әдебиетінен аламын. Тақырып, идея жағынан өз-өзімді қайталаған емеспін. Жаңалық ашқан ештеңем жоқ. Ұмытылған ескі стильдерді жаңғыртқан болармын, мүмкін. Бір әңгімеден екінші әңгімеге жалғасқан шығармаларым жоғары бағаланған болар. «Тобылғысай» атты әңгімемнің ішінде бір әңгімеден екінші әңгімеге жалғасқан, орыстардың «матрешкасы» сияқты төрт әңгіме бар: «Жезтырнақ», «Қақпаншы», «Алмұрт» және «Кірпі». Әңгіме ішіндегі әңгіме – ежелден бар тәсіл. Бұл стиль орта ғасырлардан бері қалыптасқан. Ежелгі Апулей, кейінірек Сервантес, Гоголь, Диккенс, Достоевский, Акутагава осы стильмен жазған. Түп негізінде бұл сарын «Панчатантра», «Мың бір түн» сияқты классикалық үлгілерден бастау алады. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі фольклорлық дәстүрді, жоқтау сарынын «Көкқия» атты әңгімемнен көруге болады.
– 2017 жылы жазда Германия мемлекетінің астанасы – Берлинге бір айға сапарлап қайттыңыз. Шығармаларыңыз неміс тіліне аударылыпты.
– Алматыдағы Гёте институтының «Әдеби соқпақтар» жобасына қатысқанбыз. Бұл жобаның үйлестірушісі осы институттың белді қызметкері Шолпан Қызайбаева. Рахымжан Отарбаев аға екеуміз іріктеуден өтіп, жолдама алдық. Берлин институтының арнайы стипендиясын иеленіп, бір айға неміс еліне шақырту алдық. Рахымжан ағаның үш әңгімесі, менің «Шашты», «Ереймен мен Ақынай» атты екі әңгімем неміс тіліне аударылды. Қос тілде жарық көрген «Жүректен жүрекке» атты сол жинақты Рахымжан ағаның көрмей кеткені өкінішті. Ал «Тігінші» атты әңгімем Берлинде шыққан бір жинаққа енген болатын. Бәрі өмірден алынған кейіпкерлер. Әдеби кейіпкерлерім өмірден алынған, прототипі бар адамдар. Қиялдан туған тек «Қоңырқаз».
– Неміс ұлтының әдебиетке көзқарасы қандай екен? Бізбен салыстырғанда қандай ерекшеліктері бар?
– Маған Берлин сапары ерекше ұнады. Неміс ұлтының әдебиетті сүюі ерекше екен. Ол елде «жерде жатқан» жазушы көрмедім. Әр жазушының өз жолы, оқырманы, аудиториясы бар. Ерекше атап өтерлігі – балалар әдебиеті жақсы дамыған. Мемлекет әдебиетті өте жоғары дәрежеде қаржыландырады әрі ол ақталады. Сондай-ақ, ұлты басқа жазушы сол елге қоныс теуіп, неміс тілінде шығарма жазса, оларға арнайы грант тағайындалады екен. Бұл – толеранттылық, неміс мәдениетін әлемге таныту, жақсылықты еселеу арқылы елге келетін рухани игілік. Әлемнің көптеген елдерінде ашылған Гете институтының да түпкі мақсаты осындай. Мен сол елде жүріп: «Шіркін, бізде де Абай институты құрылып, филиалдары дүниежүзіне таралса, осындай ізгі жұмыстар қолға алынса» деп армандаумен болдым. Біздің елде той-бизнес алға озып тұр. Онымен ұзаққа шаба алмаймыз. Неміс еліндегі сияқты қоғамдық мәні бар мәдени шараларды қолға алу қажет.
– Соңғы жылдары ақын-жазушыларымыздың арасында Мемлекеттік сыйлыққа талас-тартыс көбейіп барады. Неліктен?
– Мемлекеттік сыйлыққа талас-тартыс қай кезеңде де болған. Өз басым Мемлекеттік сыйлыққа жастардың түсіп жатқанын құптамаймын. 2016 жылы Маралтай түсіп жатқанда, оның өзіне хабарласып: «Қоя тұрсаңшы. Неге түсіп жатырсың?» – деп айтқанмын. Ол маған: «Бұл заманда жасқа қарамайды. Талантты адамдар жарысқа түсуіне болады», – деп жауап берді. Мүмкін, өзім шығармашылығын жоғары бағалайтын ниеттес ақын досым Маралтайдікі де дұрыс шығар. Бірақ өз басым біздің буынға әлі ертерек деп ойлаймын. Мемлекеттік сыйлықты буын-буынымен, талант күшіне сай ретімен алса, әділетті болады.
– Бүгінгі жас жазушылардан кімдерді оқисыз?
– Маған жас прозаиктерден Бейбіт Сарыбай, Мақсат Мәліков, Мұрат Алмасбекұлы, Қанат Тілеуханның жазуы ұнайды. Бірақ қазіргі жастардың басым көпшілігінің прозасында көшірмешілік көп, дара үні, айтары, ізденісі аз. Ашығын айтайын, қазақтың келешегіне кесірі тиетін теріс сөз, қолдан қиюластырған, туған елге жамандықты қасақана шақырып тұрғандай қара бояу баттасқан зілді, тіленші, заржақ негатив прозасымақты тіптен жек көремін.
– Қазір қандай шығармалар жазып жүрсіз?
– Мен әрқашан шығармашылық бабындағы жазушымын. Жақында бір повесть жазып бітірдім. Проза, эссе, кинодраматургия бағытында жұмыс жасаймын. Жұмыс ретімен, амалсыз, аудармамен айналысуға да тура келеді.
– Уақыт тауып, сұхбат құрғаныңызға көп рақмет!
Әңгімелескен
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ