Қабір басындағы шаттық (адам еместің әңгімесі)

ӘДЕБИЕТ
8891

Сіз өзі ұят туралы айта бердіңіз ғой. Сіз осы отырғанда менің шапанымды жыртып қорлап отырсыз. Жер бетіндегі жалғыз ұятсыз адам, міне, алдыңызда тұр. Бәлкім ең соңғысы... Мені жаратқан құдіреттің қандай есебі болғанын білмеймін, ал өзімде жалғыз ақ мақсат бар – әйтеуір қарным тоқ жүрсе болды. Мен және аты шулы ішкішпін ғой, білетін шығарсыз? Соңғы рет қашан мас болдың дейсіз бе? Сіз онанда менен соңғы рет мына өмірге қашан сау адамның көзімен қарап едің деп сұрасаңызшы. Бірақ бәрі бір жауап бере алмас едім. Іффф, үйбәй көзім шағып барады... Не сұрап едіңіз? Е иә, мені тіпті соңғы рет қай күні ішетінім де ойландырмайды... Иә-иә... дөп түстіңіз... мен біткен адаммын. Жә, қамықпаңызшы. Сіздің неңіз кетеді. Елдің несі кетеді. Қайта... мен соңғы рет мас болған күннің ертеңінде артық-ауыс иіс-қоңыстан арылып жақсы болып қаласыздар. Сөйтіңіз... жабырқамаңыз... Мен онанда сізге бір көңілді әңгіме айтып берейін. Мынаны тартып жіберейінші, алдымен. 

Түнеу күні нағашымызды жерлеуге бардық. Ел азан-қазан, у-шу. Өзімнің де қарақұсым ұйып, самайым солқылдап әкетіп барады. Аузымда тоқпақтай сағыз, алдымнан шыққан адамды танитыны бар, танымайтыны бар, құшақтап көңіл айтып жүрмін. Кемсеңдеп. Шалықтап жүрмін ғой, енді. Сыртымнан көргендер қайғырып жүр деп ойлаған шығар...

Ат-көлігімізді шұбыртып бейіт басына бардық. Күн шыжып тұр. Жағдайым сәт сайын ауырлап барады. Тап қазір мына «қайғыны» көтере алмай талып қалсам, ешкім таң қалмас еді. Талқаны таусылған жанның талайын ақтық сапарға аттандырып салып жүрміз ғой. Бұл жолы да әдеттегідей науқан өз жөнімен қызып берді. Қазаға жиналған жұрт жерге түскен күректі сол сәтінде-ақ іліп алып, қобыратып топырақ салып жатыр. Мен болсам қол-аяғым дірілдеп бір кірпіш қорғаны биіктеу қабірдің көлеңкесінде тұрғам, жан сауғалап. Біреу қолыма бір ұшы түйіншектелген беторамал ұстата салды. Жағалай таратып келе жатса керек. Әлгі түйіншекті қысып-қысып көрдім. Ішінде ақша бар секілді. Көп болса екі жүз теңгелік шығар-ау. Түйіншекті шешіп кеп қалсам... бақандай екі мың теңге ораулы екен. Сіз сол сәттегі менің қалай қуанғанымды көрсеңіз ғой. Мұздай саптаяқ, саптаяқтың ернеуінен төмен ғарай сырғанап бара жатқан суық тамшы, мөлт-мөлт еткен тобылғы торы сыра... Құдай өзі кешсін, көз алдыма көлбеңдеп осы сурет келді ғой. Қалай жұтынып жібергенімді де білмей қалдым. Ақшаны зып еткізіп қалтаға салдым. Сол сәт маған бір арам ой келді. Сол жерде ағаларым мен бауырларым да жүрген. Мен әлгі жарылқаушымнан «олардың қолы тимей жатқанын» айтып, ағаларым мен бауырларым үшін де үш-төрт түйіншекті беторамал сұрап ала қоймақшы болдым. Алайда жарылқаушым науқаншылардың арасына сіңіп жоқ болды. Таппай қалдым. 

Қасымда тұрған біреуге марқұмның қалай қаза болғанын, әуелде аяқ астынан ауырып қалғанын, бір айдай азапты ажал үстінде жатқанын  айтып күбірлеп сөйлеп тұрмын. Өзімше кісісі қайтқан үйге бөтен емес екенімді аңғартқан түрім. Ал көзім... Әлі де түйіншекті беторамалдан үміт үзбеген арсыз көздерім нөпірдің арасынан әлгі жарылқаушымды іздеп алақ-жұлақ етеді. 

...Молдекең де шаршады-ау деймін, үлкендердің бас шұлғуымен топырақ салып бітпей-ақ құран оқуға кірісті. Бес-алты адам ортада шаңдатып жатыр, қалғанымыз молданың аузына ұйып, әлгілердің әрекетін қызықтап отырмыз. Молдекең де, шынымен шаршаған екен, «шаңдатып өте шықты». Маған да керегі сол. Сөйтіп үһ деп түрегеле беріп едім және бір жас молда құлқуалласын бастап кетті. Сылқ етіп отырып қалдым. Анау ұзағынан қайырды. Қасымдағы біреу: «Бұл қазір имам. Наиб имам болуды армандап жүр. Сүрелердің ішінен ең бір ұзағын таңдапты, өзі. Қайтсін, звездный болезнь ғой», - деп мырс етті. Менде езу тартарлық жағдай жоқ. Тезірек жерлеп, тезірек ет жеп, тезірек сыраханаға жетсем деген арман ғана бар.

Міне, түйіншектен шыққан екі мың теңгеге екі литр сыра, үш түйір құрт алдым. Пластмас стақанды еңкейте тосып тұрып (сыраны шыны саптаяқпен ішкім келмейді, балықтың өңезі мүңкіп тұра ма бірдеңе), аса көбіршітпей еппен құйдым. Құйдым да қылқ-қылқ-қылқ еткізіп жұттым-ау кеп. Пүүүүһһһһ, жаның жәннатта болғыр нағашым-ааай! Түнек басқан қу дүние нұрланып сала берді емес пе, әлгі жерде.

Өй-өй, тоқтаңыз, қайда тұрып барасыз, мыналарды кім төлейді? Отыра тұрыңызшы. Менде бұдан да қызық оқиғалар бар...

Нұрлан Хавдай

author

Нұрлан Хавдай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Павлодар облысы Аққулы ауданында кеме капитаны суға батып кетті. Оны іздеу жұмыстары жүргізілуде, де...

Жаңалықтар

Карина Мамаш дағдарыс орталығына балалары үшін барғанын айтады.  БАӘ-гі Қазақстан елшісі кең...