Нұр-Cұлтанда «Түрік фильмдері аптасы» өтеді

КИНО
2386

Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография басқармасының қолдауымен 18-25 қараша аралығында елордада түрік фильмдерінің апталығын өткізеді. Бұл туралы "Мәдениет порталы" орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Аталған шараның мақсаты түрік елінің үздік кино туындыларын бауырлас елдің көрерменіне ұсына отырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың дамуына үлес қосу болып табылады. Екі бауырлас елді бір–біріне жалғап отырған көпір іспеттес түрік кино өнімдері қазіргі күні әлемде өте танымал. Қазақ көрермендері түрік сериалдары мен кинофильмдеріне үлкен ықылас танытуда», делінген баспасөз баянында. 

Түрік фильмдері аптасы аясында елордалықтардың назарына сегіз түрік кинотуындысы тегін көрсетіледі. Олардың арасында «Ұзын хикая», «Көбелектің түсі», «Ұмытсам сыбырла», «Ертұғырыл 1890», «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды», «Сиқыршы», «Қызыл орамалды шынарым» сияқты фильмдер бар.

«Ұзын хикая» фильмінің басты ролін қазақстандықтарға жақыннан таныс, көрерменнің көңілінен шыққан Кенан Имирзалыоглу сомдайды. Бала кезінде жетім қалған болгарлық Әлиді атасы Сүлеймен Болгариядан Түркияға алып келген. Әли сүйіктісі Мунирамен, қыздың ата-анасының қарсылығына қарамастан үйленеді. Әли қызды алып қашады және олардың өмірі теміржол вокзалдарының станцияларының арасында үнемі көшумен өтеді... 

Сценарисі Чаган Ырмак «Ұмытсам сыбырла» фильмі – көрерменнің көзайымына айналған туынды. Медколледжді бітіріп, аудан орталығындағы дәрігерлік бекетте медбике болып жұмысқа жаңа кірген Ханифе мен сіңлісі Хатиже шағын ғана аудан орталығында тұрады. Ханифе – өте ұялшақ, тұйық қыз, ал Хатиже болса ерке, өз еркімен өскен. Ханифе әдебиетке әуес, ал Хатидже болса ән салуға құштар. Бір күн жаңа тағайындалған әкімнің ұлы Тарык аудан орталығына келеді. Сол күннен бастап апалы-сіңлілердің өмірі түбегейлі өзгереді... 

Басты рөлде танымал түрік актер Кыванч Татлытуг ойнайтын «Көбелектің түсі» фильмі 1940 жылдарда өмір сүрген екі ақынның өмірін баяндайды. Кино Рүштү Онур мен Музаффер Тайып Услу атты екі жас ақынның өмірі мен Зонгулдактық шахтерлардың өмірін суреттеумен басталады. Аты аңызға айналған Атыф Йылмаздың туындысы «Қызыл орамалды шынарым» фильмінің басты рөлін қазақстандық көрерменнің сүйікті актрисасы Түркан Шорай сомдаған. Кинотуынды Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасының желісі бойынша түсірілген. 

Жапония мен Түркия бірлесе түсірген «Ертұғырыл 1890» фильмінің режиссері - Митсутоши Танака, сценарисі -Эрико Коматсу. 1890 жылы Османлы мемлекетінің кемесі «Ертұғырыл» Жапон теңізінде апатқа ұшырайды. Жапондықтар көмекке келіп, экипаж бен кемені құтқаруға тырысады. Ал 100 жылдан кейін 1985 жылы түріктер Тегераннан шұғыл түрде эвакуациялануы қажет Жапонияның 215 азаматын құтқарады. «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды» атты кинотуындының оқиғасы Каппадокияда өтеді. Бастығы Исфендияр Синанды комедия фильмнің хикаясын жазу үшін Каппадокияға жібереді. Хикаяның жалғыз ғана шарты бар: «бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды». Алайда Исфендияр соншама күткен іс «сәтті аяқтала» қояды ма, бірге көреміз. «Сиқыршы» фильмін танымал түрік режиссер және актер Жем Йылмаз түсірген. 

Сиқыр әлеміне ерекше қызығушылық танытатын Искендерді досы Марадонадан басқа ешкім мойындай қоймайды. Әсіресе офицер әкесі оның сиқыршылыққа деген әуесқойлығына қарсы. Бірақ оқиға желісі әкесі мен баласының бірге гастрольге шығуына байланысты өзгеруі мүмкін... Қазіргі күні мәдениет пен өнер ордасына айналып үлгірген Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтары, түрік фильмдері аптасында Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы тарапынан көрсетілетін фильмдердің барлығын ақысыз тамашалай алады. Шара 18-25 қараша аралығында «Керуен» ойын-сауық орталығындағы «Кинопарк 7» кинотеатрында өтеді.


Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...