Режиссер Шайқақовтың «Айқай» фильмінің түсірілімі аяқталды

КИНО
1277

Кинокартина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірілген. 



Фильмде күллі қазақтың қасіреті болған «Семей полигоны» құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, қос аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді. 



Жарынан айырылған жалғызбасты әке мен жарымжан әкесіне жанашыр, қамқор бола білген баланың күйбең тіршілігі арқылы режиссер 1980-90 жылдардағы халықтың жағдайын көрсетеді. 

Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы, Аягөз ауданы, Шыңғожа ауылында өткен. 



Атап өтерлігі, картинада басты рөлдегі Меліс атты кейіпкерді кәсіби актер емес, расында екі аяғынан айырылған қызылордалық азамат – Орынбек Шаймағанбетов сомдайды. 



Ал Мелістің мектеп қабырғасында оқитын ұлы – Жалғастың рөлін Алматы облысы Қарасай батыр атындағы мектептің 6 сынып оқушысы Арнұр Акрам ойнайды. 

Сондай-ақ, қосалқы рөлдерде белгілі актерлар Ерболат Әлқожаев, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов, Айғаным Нұрсұлтан бой көрсетеді. 

Режиссердің айтуынша, басты рөлдегі актерларды іздеуге түсірілім тобы тыңғылықты кірісіп, кастинг департаменті ұзақ уақыт жұмыс істеген. 

Сондай-ақ, эпизодтық рөлдерге Аягөз өңірінің талантты тумалары түсіп, көпшілік сахналарына кино түсірілімі өткен Шыңғожа ауылының тұрғындары қатысқан. 

Айта кетерлігі, фильмнің режиссері және сценарий авторы – Кенжебек Шайқақов 2014 жылы «Аманат кз» продюсерлік орталығының қаржыландыруымен «ДSfilm» киностудиясында дебюттік «Күркө» атты фильмін түсірді. Аталған кинокартина сол жылы Душанбе қаласында өткен халықаралық «Дидор» кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды. 2015 жылы Ресейдің Чита қаласында өткен «Байкал аймағы» халықаралық кинофестивалінде «Әділқазылардың арнайы жүлдесі» номинациясымен марапатталды. 2015 жылы Якутскде өткен халықаралық кинофестивальде «Ең үздік режиссерлік дебют» номинациясымен марапатталды. Сол жылы Алматы қаласында өткен тұңғыш қазақстандық «Сыншылар таңдауы» киномарафонында «Жылдың үздік сценарийі» жүлдесін алды. Сол жылы Австралияның Брисбан қаласында Азия және тынық мұхиты аймағы киноакадемиясының «АРSA» кинофестивалінде «Үздік сценарий» номинациясы бойынша қатысты.


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...