Қазақ киносындағы жаңа тыныс

КИНО
2622

Әлішер Жәдігеровтың «Отау» фильміне пікір 

Ұлттық қазақ киносы жаңа, жас режиссермен толықты деп ауыз толтырып айта беруге енді негіз бар. Олай дейтін себебіміз, осыған дейін қысқаметрлі фильмдерімен түрлі фестивальдерден орын алып, көзге түсіп жүрген Әлішер Жәдігеровтың алғашқы толықметрлі «Отау» фильмі 6-шы «Байқоңыр» Халықаралық кинофестивалінің ашылуында салтанатты көрсетілімі болады. 

«Отау» - аты айтып тұрғандай отбасы төңірегін қамтыған тақырып. Кез келген ұлттық танымын экранда өзінше көрсеткісі келетін режиссер бұл тақырыпты айналып өтпейді. Бірақ діттеген жеріне жетіп, мақсатын орындаған туындылар кемде кем. Ал, Әлішердің «Отауы» бей-жәй қарап қоя салмай, кинотанушылық талдауды қажет ететін шығарма. 

Фильмнен режиссердің жастығы мен көзқарасы айқын байқалады, оның жастығы – шикілікпен, тәжірибесіздікпен байланысты емес, көзқарасы оның дүниетанымының деңгейін көрсетеді. Фильмнің жастығы сюжет пен кейіпкерлердің айқындығында, тазалығында. Ал, көзқарасы «ұлттық фишканы» пайдалана отырып, қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелерін бүркемелеп беруінде. Азиаттық кинемотографияға тән әр халықтың менталитеттік ерекшелігін эстетикалық түрде экрандық өнерде де түрлендіріп беріп, өз стилін қалыптастыруға тырысқан жас режиссер үшін бұл өте үлкен жетістік. Көрермен жүрегін жаулауда түрлі специфика мен тәсілдер көз арбаған заманда кино өнерінде өз жолын тауып кету қиынның қиыны екенін ескерсек, сол лабиринттің арасынан ұлттық нақыш тауып, кинематография тілімен ұштастыра білген жас режиссердің талпынысты фильмін кинотану тұрғыдан талдап көрсек:

«Отау» - отбасы, ал Отан отбасыдан басталады, яғни әрбір «Отау» кішігірім мемлекет. Фильмнің басында бағанадағы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген қанатты сөз фильмнің слоганы тәріздес белгі береді немесе Чеховша «атылуы тиіс қару». 

Фильмнің басты тірегі оның сюжеттік желісі емес, кейіпкерлерінің нақты позиция ұстауында, яғни бас және қосымша кейіпкерлердің бәрі мозайка секілді фильмнің бүкіл толықтық картинасын құрайды. Бас кейіпкерлерден бөлек екінші пландағы кейіпкерлердің өз орны, фильмде өз тағдыры бар. Ал басты кейіпкерлер – әр тараптан кеп қосылып, бір үлкен көлге айналатын кішігірім өзендер секілді. Олар өз болмыс-әрекеттерімен өздері өмір сүріп жатқан қоғамның келбетін көрсетеді. Жағдай айтарлықтай пассивті, кейіпкерлер тағдырын үнсіз қабылдау бар, сонысымен де болашаққа үміт бермейтіндей көрінеді. Бес мүшеден тұратын дәстүрлі қазақи, орташа отбасы, (ондай отбасы Қазақстанның 70%-ын құрайды, шамамен) намысы тапталған әке, бар қиындықты үнсіз көтерген ана, алданып, ары былғанған бойжеткен, айналасындағы болып жатқан бар жақсы-жаман жағдайды қалтқысыз бойына сіңіріп жатқан бала және басты, ширақ, қозғаушы кейіпкер, отбасын тығырықтан алып шығуға өзінше жол іздеп, өмірден өз орнын табуға тырысқан бозбала. Бірақ көптің аты көп, қанша тырысқанмен негативті салмағы басым орта кеудесі тік жігітті тағдырының алдында идіреді, сөзсіз, бір ғана сәтсіздігімен. 

Фильмде құрама эпизодтарда қазақ қоғамында болып жатқан әлеуметтік мәселелерге тікелей сілтеме жасалады, мысалы, оттыққа жинаған қураған ағашқа айыппұл салуы, кінәлі болған жігітті бөтелкеге отырғызу, жастар арасындағы бассыздық пен полицияның жасаған заңсыздығы, өз-өзіне қол салу мен аяғы ауыр болған оң жақтағы қызды ұяттан қашып еріксіз тұрмысқа берілуі т.б. көріністерде көпшілікке өте таныс, қоғамды дүрліктірген оқиғаларды эпизодтық желіге пайдаланады. Сол бей-берекетсіз қоғамдық ортада бір отбасы мүшелерінің бір бірімен қарым-қатынасы суық, бір бірінен алыстап кеткен, әрқайсысы бір-бір іші жүдеу әлем. 

Бұл фильмдегі отбасыдан көзі қарақты көрермен қазіргі қазақ қоғамының қалтқысыз әлеуметтік жағдайын көреді. Жас режиссердың заманауи, ұлттық нақышты шынайы қолдану арқылы, әлеуметтік тақырыпты бүркемелей беру тәсілін шебер пайдалануы мені таңдандырмай қоймады. Режиссердың барлық туындыларынан үлкен ізденіс көрінеді, идеялық жағынан ғана емес, техникалық, шығармашылық жағынан да шынайылыққа, шеберлікке ұмтылады, сондықтан да оның кейбір кадрлары классикалық кинематографтардың туындыларына сілтеме көргендей әсер қалуы мүмкін, мәселен Тарковский. Кадр эстетикалығы жағынан ғана емес, кейіпкерлердің нақты әрекеттері мен фильмде поэтикалық сарынның, символикалық элементтер, бір ғана көрініс - фильм соңында үйдің өртенуінен Тарковскийдің әсерін байқаймыз. Әйтсе де бұл фильмнің әлеуметтік қатары «киношный» қатарымен баланс ұстап тұрады, бұндай шеберлік тіпті тәжірибелі режиссерлардың қолынан келе бермейді. 

Фильмнің түнеріңкі атмосферасына қарамастан финалы жабық, аяқталған, нүктесі қойылған. Өртенген үйдің фонында бір бірімен қол ұстасқан отбасы мүшелері үшін бұл «хэппи энд», мүмкін лозунг – «бірлік бар жерде...», мүмкін режиссердің келесі фильміне сілтеме. Философиясы – егер өзіңе жақын адамдардың жақындығын сезінгің келсе, қиындықта бірге болып көр. Тағдырдың салған қиындығына мойынсұнып қана жүрген отбасы үшін өртенген үй олардың бір-біріне қаншалықты алыс, бірақ бір-біріне қаншалықты жақын екенін, бір-біріне қаншалықты суық, бірақ бір-біріне ыстық екенін көрсетті, яғни «отбасы үшін отқа түссе де күймейтінін» дәлелдеді. 

Қорыта айтқанда, «Отау» фильмін тамашалағаннан кейін пандемия кезеңінде сана-көзқарасы өзгерген тек қоғам ғана емес, өзгерісті қалайтын қазақ киносының жаңа тынысы ашылып, ұлттық фильмнің қоржынын толтырар жаңаша туындылардан үміттіміз деп айтқым келеді. 

Авторы: Ержан Жұмабеков

кинотанушы

Жаңалықтар

"ҚазМұнайГаз" бен татардың "Татнефть" компаниясы әлемдік супергигант саналатын "Теңіздің" дәл жанынд...

ӘДЕБИЕТ

«Тағдыр мен майдан» атты кітап 2018 жылы басылып шыққан роман. Жазушы Ұларбек Нұр...