Мұқағали рухымен қауыштырған Рахымжан

ТЕАТР
2988

Рақымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» атты лирикалық драмасы - Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың арасындағы рухани сабақтастық туралы баяндайтын туынды. Қойылым Мұқағали Мақатаевтың соңғы он күн көлеміндегі емханада өткен өмірі жайында. Фаризаға айтылған сырлар, өмірінің соңына дейінгі жеке басының, халқының теңдігі туралы арпалысы, өзінің ортасымен арпалысы. Фаризаның қолдауы, қайғыруы, жоқтауы, бір-бірін рухани түсінуі, бір-біріне деген үлкен поэтикалық сезімдері баяндалады. Осы орайда Мұқағаи рөлін сомдаған Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының әртісі, Қалкенов Нұрсұлтанның ойымен бөліскенді жөн санадық:

- Мен үшін Мұқағали рөлін сомдау өте ауыр тиді. Сосын, бұл – театрға алғаш келген кездегі өзім арыз жазып, көркемдік жетекшіден қалап алған рөлім еді. Сонау бала кезімнен жаныма таныс тұлғаның поэзиясын кім жақсы көрмеді. Кез-келген қазақтың баласы жатқа оқыды. Мектеп партасынан басталған алғашқы махаббатты кім бастан кешірмеді. Соның бәрін осы Мұқағалидың поэзиясынан таптық. Өзім жүрген ортаның бәрінде: ұлы ақынның жырларын жатқа оқып, көңілді отыратынбыз. Мүмкін содан болар, жолдас-жора арасында мені «Мұқағали» деп атайтын-ды. Жүргенов академиясының қабырғасында жүргенде  режиссер болдым.  Содан да шығар, рөл сомдауға мүмкіншілік болмады. Бар зейін режиссураға ауғандықтан өзге ешнәрсеге көңіл бөліп, алаңдамадым. Кейін, Сәкен Сейфуллин атындағы театрда осы спектаклді алғаш көрген сәтте, Мұқағалиды ойнасам деген ой мазамды алды. Өзімнің бала кезден еліктеп өскен, шешіліп оқыған ақыным болғандықтан осы рөлді сомдағым келді. Бірақ қолма-қол бұл рөлді маған алып кету оңайға түспеді. Менің жағдайым театр тілімен айтқанда «ввод» болды. Яғни, бұл - бүйірден қосылу деген сияқты. Сол себепті де о баста режиссердің көкейінде не болғанынан хабарсыз болдым. Сол да маған қиындық тудырды ма деп ойлаймын. Алғаш рет Жезқазған қаласының сахнасында ойнадым. Шешінген судан тайынбас демекші, ізденіс жасап, Мұқағалидың өмірбаянын қарадым, поэзиясына үңілдім. Оның ішкі жан дүниесінің арпалысын өз жырларынан іздедім. Содан сырын, мұңын тыңдап, естігендей болдым. Сонан кейін, Мұқағалидың басындағы бір трагедиялық жағдайға аса мән бердім. Оның қызы жол апатына ұшырап қаза табады. Көшеде көлік те көп болмаған сияқты. Бәрібір бір қаңғалақтаған мотоцикл қызын қағып кетеді. Бұның бәрінің артында мистика тұрған тәрізденді. Мұқағалидың өмір азабының бастауын содан алды ма деп қалам... 

Ақынды көрген-білген, танитын адамдардан сұрастырып, образды шығаруға дерек жинадым. Бұл спектаклдің қиындық туғызған тұсы - оның өмірінің соңғы күндерінің көрінісі болғандығы. Сол себепті шалқи сөйлеп, кең құлаш жайып дегендей, пластикалық жағынан шектеулер болды. Ауру, хал үстіндегі адамның төрінен көрі жақын болғандықтан еркін қимылдарға ерік берілмеді. Дейтұрғанмен, Мұқағалидың осы соңғы сәтіндегі сахна төрінде оның ішкі сезімін беруге, жан дүниесінің аласапыран ағысын аңғартуға көсіліс болды. Өзге кездердің бәрінде өзіңді өзің ұстап, тежеуге тура келді. Себебі, дерт шалған адамды ойнау кезінде ширақ қимыл жасап, сергектік көрсету ерсілік, сондықтан пластикалық жағына, сөйлеген сөзіңе көңіл аудару керек. Бұл рөлді бірнеше қабат ойнадым. Бірақ Мұқағалидың образын сомдадым, сахнаға шығардым деп сенімді түрде айта алмаймын. Алып тұлғаның образын сомдау кез-келген актер үшін бақыт, ал сахнада актер емес – Мұқағали болу тіптен үлкен дүние. Енді болашақта сондай үлкен жетістіктерге жетсем деген үміт бар, әрине оның бағасын беретін құрметті көрермен деп санаймын. Сондай-ақ театр сыншыларының үлесіндегі мәселе болар. Ал, драматург Рахымжан Отарбаев ағамыз: Мұқағали сияқты ұлы тұлғаның бұл өмірдегі бар мен жоқ болу деген - сын сағатын сахнаға шығарып, пендеуи емес, рухани арпалысты айшықтай көрсетті. Ол да ерлікпен тең, шынайы таланттың туындысы деп санаймын.  

Жазып алған Заман Төлеуов  

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...