Өтен Ахмет. Қыршын кім?

ТЕАТР
4250

                                                                          Қыркүйектің 8 күні Ерейментауда «Қыршын» спектаклі көрсетілген еді. Арада тура бір ай өтіпті.

Жиырмасыншы ғасыр қазақ басындағы ең ауыр қайғылы кезең болды. Екі рет 1920-1921 және 1931-1933 жылдары бәлшебектердің қолдан жасаған зұлмат аштығына ұрынып, халқының 60 пайыздайынан айрылып, жер бетінен біржола жойылып кете жаздады. Халық аштықтан әрең ес жинап есеңгіреп тұрғанда, елдің сүт бетіндегі қаймағындай жақсылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев бастаған Алаштың рухани көсемдерін, репрессия шалғысымен баудай қиып түсірді. Осындай адам айтқысыз қырғынға ұшырағанына, ақыл айтар, жөн сілтер игі жақсыларынан айрылғандарына қарамастан неміс фашистерімен соғыс кезінде қазақтар майдан даласында да, тылда да өзінің намысты да қайыспас қайсар халық екенін көрсете білді. Жауға атылар әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Бауыржан Момышұлының, Шығыстан шыққан қос батыр қыз Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың майдандағы теңдесі жоқ ерліктері бүкіл дүние жүзіне үлгі болып тарады.

Алайда империялық пиғылдағы бәлшебектер соғыстан кейін, аштықпен құрта алмаған қазақты жоюдың ең зәлім, ең қауіпті амалын ойлап тапты. Тың жерді игеру деген желеумен қазақ халқының үстіне ішкі Ресейден миллиондаған келімсекті әкеп төкті. Сонымен бір мезгілде қазақ мектептері жаппай жабылды. Сөйтіп қазақ ұлтын тілінен, дінінен, ділінен айыру науқанын пәрменді түрде бастап жіберді. Соның салдарынан қазақтың басына шын қауіп төнгенін, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдай болып қалса да, әлі күнге дейін қатты сезініп отырмыз. Тілімізге, дінімізге, ділімізге қатысты шешімін таппаған қордаланған мәселелер әлі де жетерлік.

Сондықтан өзімізге өзіміз Алаш арыстары жанымызға неге соншалықты қымбат деген сұрақ қойдық. Жауабын да таптық. Себебі, олар коммунистік идеологияның регрессивті де репрессивті табиғатын терең түсінген, бұл идеологияның қазақ халқына түбі опа бермейтінін, қазақты қырғынға ұшыратарын, ал қырғыннан аман қалғандарын тілінен, дінінен, ділінен бездіріп, қуыс кеуде мал тектес құлға айналдыратынын жақсы білген. Ұлтты сақтап қалу үшін, тарих қойнауына із-түзсіз жұтылып, жойылып кетпеуі үшін бастарын бәйгеге тіккен, үнемі қуғын-сүргінде түрмеден түрмеге қамалып, кейде үй қамақта отырса да алған беттерінен қайтпаған, өле-өлгенше күрескен.

Коммунистер Алаш арыстарын жеңдік, көздерін құрттық деп есептеді. Барлық оқулықтарға солай деп жазды, солай деп баспасөз беттерінде, радиода үздіксіз насихат жүргізумен болды. Жастардан бастап бүкіл халықты Алаш мұраттарынан бездіруге, олардың артында қалған өлшеусіз мол мұрасын ұмыттыруға тырысты. Ұмыттырдық деп ойлағанда болар. Бірақ өмірде бәрі де олардың тұжырымдары мен ойлағандарындай емес еді. Олар Алаш арыстарының тәнін өлтіруге шамалары жеткенмен рухын сындыра алмады. Өйткені Алаш мұраты әр қазақтың көкірегіндегі арманы мен үміті, яғни бойындағы туа біткен рухы болатын.

Ештен кеш жақсы дейміз ғой. Дегенмен, Алаштың асыл мұрасы ортамызға кештеу оралды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарында, адамдар кітап, газет оқудан суып, күнкөрістің қамынан шыға алмай қалған қысылтаяң кезде оралды. Соңғы жылдары «Ақ жол» ҚДП өз бағдарламалары арқылы Алаш идеяларын зерттеуді, насихаттауды жіті қолға алғалы аталған осы олқылықтардың құлазыған орнына жан кіре бастады. Осы игілікті іске белгілі ғалымдар ғана емес, мектептердегі, колледждердегі, жоғарғы оқу орындарындағы шәкірт жастар да қызу кірісіп кетті. Солардың қатарында аталған партияның Жаңбырбай Матаев жетекшілік ететін Маңғыстау облыстық филиалының Жастар қанаты жанынан әуесқой жастардан құрылған Жастар театрының шығармашылық еңбегі өзінше бір төбе деуге лайық. Репертуарларында қоғамды ойландырған өзекті мәселелер қатарында Алаш тақырыбы айтарлықтай орын алған. Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы мен оның адал жары Бәдрисафаның (Александра) бір-біріне деген шынайы махаббаты, құғын-сүргінде көрген тауқыметтері жайында «Азаппен өткен өмір-ай» деген трагедиялық спектаклдерін Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Астана (Нұр-Сұлтан) жұртшылығына көрсетіп, ел алғысына бөленді. Жерлестері, небары 37 жасында өмірден тым ерте озған, советтік Қазақстан Үкіметін алғаш басқарғандардың бірі Жалау Мыңбайұлы туралы «Елім деп өткен Ер Жалау» деген спектаклдерімен Алаш Үкіметі жеңілгенмен, идеясы үзілмегенін, сырты қызыл болса да іші ұлтшыл Жалаудың, қазақтың қас жауы Голощекиндей қанішерге қайыспай қарсы тұра білген ерлігі арқылы жалғасын тапқанын паш етті. Бұл қойылыммен де жас театр бірнеше облыста, Астана (Нұр-Сұлтан) қаласында болып, театр сыншыларынан, көрермендерден жоғары баға алды.

Осы шығармалардың авторы ретінде бірдеңе жетіспейтіндей ішкі түйсікпен жүретінмін. Бірде қолыма бір шағын кітапша тиді. Өз көзіме өзім сенбедім, қайта-қайта оқыдым. Жасы жиырмадан жаңа асқан, қасында өзіндей достары бар, жап-жас жігіт. Аты Перуаш. Ерейментаулық. Бұрынғы Ақмолада оқыған. Мұғалім болған. Ел ішіне жасырын барып жүріп Алаш шығармаларын насихаттағаны үшін екі рет ұсталып, азапты тергеуден өткен. Бірінші жолы Қарағандыда тергеліп, босатылған. Екінші жолы «халық жауы» деген айыппен атылып кеткен. Әрине, зерттеу барысында мен оның «Ақ жол» партиясының төрағасы Перуашев Азат Тұрлыбекұлының атасы екенін білдім. Бірақ мен ол жағына мән берген жоқпын. Мені советтік-большевиктік жүйенің өлшеусіз қатыгездігі алдында бозбала Перуаштың жаспын, қателестім деп кешірім сұрап жалынуды білмеген қайтпас қайсарлығы баурап алды. Көңілімдегі түйткілдің себебін таптым. Ол Алаш идеялары үзіліп қалды ма, халық оларды ұмытып кетті ме деген сұрақ екен. Жоқ, үзілмепті, халық оларды ұмытпапты. Сұрағыма жауап таптым.

Отызыншы жылдардағы зұлмат аштықтан кейін ел есеңгіреп тұрған кез. Перуаш бастаған көзі ашық сауатты жас жігіттер ел аралап Алаш мұрасын насихаттап жүр. Бұдан артық қандай ерлік болуы мүмкін? Біз ғой елінің азаттығы үшін құрбан болған француз қызы Жанна, д Аркті үлгі тұтамыз. Ол туралы спектакльдің Елордамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында жүріп жатқанына нешеме жыл. Ол да ешкімді қырып салған жоқ. Ерлігі - жау алдында жасымады, тізе бүкпеді, сөйтіп халқына рух берді. Перуаш бойынан да мен сондай рух күшін көрдім. Мен жазушымын, жазуым керек деп шештім. «Қыршын» пьесам дүниеге осылай туды. 

Жалпы, Отаншыл жастардың ерлік өнегесі әріден басталады ғой. Жаудың 40 мыңдық қолына қарсы жалғыз шабатын Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын батырлар да жас болатын. Құйрықты жұлдыздай жарқырап ағып, отыз жасында өмірмен тым ерте қоштасса да артында өшпес мол рухани мұра қалдырған Шоқан Уәлиханов, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп, жастайынан ұлтының азаттығы үшін күреске түсіп, Алаштың рухани көсемдерінің бірі болып, небары 27 жасында дүниеден озған Сұлтанмахмұт Торайғыров та – қыршындар еді ғой. Сонымен бірге, нағыз ұлтшыл хас батырлар болатын. Менің Қыршыным да елінің болашағы үшін жас басын құрбандыққа шалған осы қатардағы өз уақытының отаншыл ұлы болатын. Ел үшін елеулі іс атқарып ғұмыры ерте үзілген осындай өрелі ұлдары мен қыздарын ғана артта қалған ел-жұрты үлкен сүйіспеншілікпен оларды әрдайым қыршын кетті деп қимастықпен еске алып, ешқашан жадыларынан шығармайды. Сондықтан олардың ісі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсету, дәріптеу ұлттық рухани қажеттілік. 

Шығарма жазылып біткен соң, «Ақ жол» ҚДП басшылығындағы жауапты қызметте болған марқұм Сәбит Байдалинге апардым. Біраз уақыттан кейін ол хабарласты. Азат Тұрлыбекұлы менің атам пәлендей ерлік жасап көзге түскен адам емес қой, керегі не дабырайтып дегендей ыңғай бермепті. Әрине, кішіпейілдік әдеп. Оның үстіне саясатта жүрген адамды сынаушы көп, тек сылтау табылсын деңіз. Соны ойлап та қаймыққан болар. Мен Сәбитке әңгіме марқұм Перуаштың бүгінгі саясаткер Азат Тұрлыбекұлының атасы болғанында емес, әңгіме оның сол бір қанқұйлы қиын-қыстау жылдарда басын өлімге байлап, Алаш идеясын жалғастырушы болғанында ғой дедім. Және мұндай қозғалыс сол кезде еліміздің Батысында, басқа да жерлерінде болған. Сол үшін талай жас ұсталған, темір торға тоғытылған, атылып қыршын кеткен. Ол кісі ыңғайсызданса, Перуаш атын өзгерте салу түк емес. Одан шығармаға ешқандай нұқсан келмейді дедім. Осыған келіскенбіз. 

Сол дүниені Маңғыстаудың «Ақ жолдық»  өрімдей талантты жастары Ғазиза Бақтиярқызының режиссерлығымен, Жаңбырбай Матаевтың қамқорлық басшылымен сахнаға шығарды. Әуелі жергілікті көрермендермен таныстырып, біраз ширықтырып алып, өткен қыркүйек айының 8 күні оқиғаның болған жері Ерементауда көрсетті. Қойылым жақсы өтті. Үлкендер аға, әкелерінің большевиктерден көрген қорлықтары естеріне түсіп, көздеріне жас алды. Арнайы келіп көрген Алаштанушылар, қоғам қайраткерлері спектакльге тарихи таным, көркемдік тұрғыдан жақсы деген бағаларын берді. Ол жайында баспасөзде, әлеуметтік желілерде жеткілікті айтылды.Дегенмен автор ретінде жетпей тұрғаны барын байқадым. Пьесаны тағы бір қарап, оған бас кейіпкердің жары Еркежан бейнесін қостым. Еркежансыз өшкен қайта жанбас еді. Жас театрдың Қазақстанның біраз жерін араламақ жоспары бар екен. Оларға спектакльге Еркежанды қосып ойнаңдар деген тілек айттым.

Қазақтың қандай қиындықта да жасымаған алмастай өткір рухын паш еткен «Қыршын» Алаштану мен оны насихаттаудағы жетпей тұрған бір үзіктің бос тұрған орнын толтырды, биылғы Жастар жылына лайықты тарту болды. 

P.S. Маған кейбір таныстарым, алақаның майланды ма дегендей ишарат жасайды. Жауап беру қиын емес. Шығарманы өз жүрегімнің қалауымен жазғандықтан ақысын саудаға салғам жоқ. Алайда «Тас түскен жеріне ауыр екенін» жөн білетін қазақта кім білмейді дейсің...

Өтен Ахмет, 

Еңбек ардагері.

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Бүгін Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтт...

Жаңалықтар

Танымал бизнес-тренер Аманжол Рысмендиевке алдандық деген бір топ адам құзырлы органдардан көмек сұр...