Сайын Мұратбеков. Біреу (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
871

Мылтықты кезене бергені сол еді, кекіліктер дүр етіп сайдың екінші аласа қабағына қарай ұшты. Семіздіктен добалдай-добалдай боп ауырлап, қиыршықтай жауған қар мен лекіте соққан жел өтінен қырындап әрең ұшады, қарсы қабақта едәуір төменде ақ қардың ортасында қара қотырланып жатқан жықпыл тастарға әрең жетті. Онан әрі бастарын қаздитып тырағайлап жықпыл тастардың арасына тығылыса бастады.

Бұл енді ес-түсі қалмай далбақтап солай қарай жүгірген. Әбден еті қызып елігіп алғаны сонша қардың қалыңдығын да, жолындағы етек-жеңіне орала берген бұта-бөргезді де елең қылар емес, екі көзі қарсы беттегі жықпыл тастар арасында қылтың-қылтың етіп жорғалап байыздай алмай жүрген кекіліктерде. Нағыз қызық шақ енді келген тәрізді. «Кемінде екеуін түсіруім керек! Екеуін!.. Иә сәт!..» Ертеден бергі сенделген еңбегі ақталайын деді-ау, ақыры. Көңілге алғаны орындалатын болды. Бұйыртса Әлибек Дәстеновичті: «Ор-ри-ги-нально!» — дегізіп таңдайын бір қаққызатын болды. «Кемінде екеуін...» Дәл сол жақ құлағының түбінен мылтық гүрс ете түскен, өзі иығынан біреу қағып жібергендей тоңқалаң аса жаздап барып жалп етіп отыра кетті, осы мезетте мылтық тағы да гүрс етті. Есі сәл ауытқыған күйде не болғанын түсіне алмай ұмтыла беріп қайта шоңқиды. Аяғы күпсек қарға қара саннан кіріп кеткен. Бірдеңеге сүрініп кетіп жығылды ма, әлде еңіске қарай жүгіргенде өз екпінін ірке алмай ұшып түсті ме? Сол жақ иығы ып-ыстық боп тыз ете түсті, онан соң қалың сан еті тызылдай жөнелді. Сәл есін жиғандай боп, бір мүлтіктің кеткенін сезіп, орнынан бірден ұшып тұрмай әуелі төңірегіне қарады: аспан әлемін тұмшалап салбыраған боз тұман, қиыршықтап жауған қар түйіртпектері, леки соққан саябыр жел — бәрін де енді ғана аңдап, енді ғана көргендей болды. Қарсы қабақтағы жықпыл тастарға көз салған, безектей жорғалаған кекіліктердің бірі де көрінбейді. Әлгінде гүрсілдеп мылтық атылған кезде дүркіресе үркіп төменге құзға қарай алыстай ұшқандарын көзі шалып қалған. «Түгел ұшып кетіпті-ау. Қап! Бір-екеуін түсіріп алғанда болып еді, тым семіз екен өздері»,— деді өкініп.— «Әлибек Дәстеновичтің таңдайын бір қаққызам ба дегенде...» Көңілі құлазып сала берді. Сонан кейін ғана өз жайын ойлаған. «Әлгіндегі өз мылтығым-ау атылған. Құдай сақтап аман қалғанымды, қарашы»,— деп қойды күңкілдеп. Орнынан жайлап тұра беріп еді, сол қолы мен сол жақ саны дуылдап ұйығандай боп бүкіл өне бойын жайсыз бір діріл билей жөнелді. Басы айналып, көзі қарауытып бұлдырап кетті. «Шынымен-ақ өзімді-өзім атып алдым ба?» деген үрей келгенде есінен танып қайта құлап қала жаздады. Омырау түймесін ағытып оң қолымен сол жақ иығын сипаған, алақанына жылымшы бірдеңе білінді, қолын көріп еді қан екен, онан соң дуылдап тұрған сол аяғын көтере берген, қар үстіне шалбарының әлгіндегі оқ тескен жерінен қан тамшылаған екен. «Мәссаған, ал керек болса!» Тіпті қорқарын да, күлерін де білмеді. Қорқайын десе жанап өткен ажалдан аман қалғаны қандай зор олжа, ал күлейін десе қараптан-қарап айдалада өзін-өзі жаралап алғаны мынау. Өз жүрегінің дүк-дүк етіп соққаны естіледі. «Әйтеуір жүрегім аман. Сірә, бытыра жеңіл ғана жаралап өткен болу керек, ауыр тисе бүйтіп отыра алмас едім ғой»,— деп ойлады. Жарақаттарын таңуды ойластырған, бірақ ол әрекетінен ештеңе шықпайтынын сезді, біріншіден, мына суықта шешінуі қиын, березентпен тысталған қалың шолақ тон, сырмалы қалың шалбар шешінуге де, қайта киінуге де дорбиып өте қолайсыз; екіншіден, немен байлайды, жейдені жыртып байлағанмен оның себі болар ма, тіпті қалай байлайды? «Жә, пәлендей ауыр жарақат емес қой». Тек әлгіндегі дүркірей ұшқан қалың кекіліктен құр қол кетудің еш жөні жоқ сияқты. Құзға соңдарынан қуа түссем бе екен? Жүре бастап еді сайдың табанына қарай қар тіпті қалың екен. Егер ұзап түсер болса кері қайтып шығуы қиынға соғатын түрі бар. Оның үстіне буындары дірілдеп құздағы қалың жықпыл тастар арасымен секіріп жүре алмасына да көзі жетті. Қой, енді осы бас амандықта ауылға қайтқан жөн болар. Дәрігерге тезірек жету керек. Жеңіл жараның өзін ушықтыруға болмайды. Алдыңғы жылы Сұңғат деген жігіт бетіне шыққан шиқанның аузын жұламын деп содан-ақ ушығып өлді ғой.

Ол кері бұрылып, бөргезге ілініп жатқан қос ауыз мылтығын көтерді. Бұтаға ілініп атылған екен. Мылтығына сүйеніп таяқ қып әлгіндегі өзі жүгіре түскен ізбен кейін қарай жайлап жүре бастады. Өне бойын тегіс жайлаған діріл басылар емес. «Түу, қатты қорқып қалыппын ғой»,— деді даусын шығара күңкілдеп. Көңілін орнына түсірмек боп тағы біраз тыныстай тоқтады. Иығы болмаса аяғының жарақаты болымсыз ғана болу керек, ауырғаны басылайын деді.

Енді анық байқады: қар едәуір қалың жауыпты, кей тұстарда қара саннан келеді; төңірек бұлыңғыр, жаяу борасын үрлеп тұр, кей жерлерде әлгінде ғана өзі жүріп келген ізді жып-жылмағай етіп көміп те тастапты; сәлден кейін ізінен мүлдем адасып қалды. «Қазір бір-екі жотаны асқан соң шөп тартқан шана жолға түсем ғой» деп ойлады. Өрге қарай жүргендікі ме, ыссылап, денесі терши бастады. Сәл тоқтап өзінің тұрған жерін мөлшерледі: бала күнінен қысы-жазы талай шарлаған өңірі ғой, анау кейінде қалған Күркілдектің сайы, өзі қазір жоңышқалы жамбасты көлденең кесіп келеді, ал ауыл бұл арадан алты-жеті шақырым, көзін жұмып-ақ тауып барады әлі. Тек қанды көп кетірмей тезірек жетуі керек. Әлсіреуге әсте болмайды. Алғашқы ет қызу кезіндегідей емес, біртіндеп ауырсынайын деді. Сол иығы төмен тартып, зілденіп келеді. Сол аяғындағы пимасының іші де суланып, бір түрлі тітірендіре бастады. Бұрын білмеген екен, мылтығы мұндай ауыр болар ма, көтеріп жүруге шамасы келмеді, бауын ағытып сүйретіп жүрді. «Жә, ештеңе бола қойған жоқ қой»,— деді өзін-өзі жұбатып. Тек әттең бір-екі кекілікті атып ала алмағаны ғана өкінішті-ақ. Сонау қаладан арнайы келгендегі мақсатының бірі сол еді. Әлибек Дәстеновичтің таңдайын бір қақтырып, есін шығару еді. Өкінішті-ақ. Жә, кекіліктің қайда екенін біліп алды ғой, ертең күн ашылса қайыра келеді. Иығы ақырын сырқырағандай болды, жүрісі де тым өнімсіз боп көрінді өзіне. Бірақ мына қалың қарда бұдан қатты жүру мүмкін емес. Асықпай өстіп жүре берсе екі сағаттың шамасында ауылға да жетеді. Бәлкім, шана жолға түскен соң, шөп тартқан көлік те кездесіп қалар. «Жә, бұл жарақатты ойлай берудің қажеті жоқ. Басқа бірдеңені ойлаған жөн».

Есіне, таңертеңгі немере қарындасы Бәтіштің екі баласы, онан қақпанға түсіп жатқан қара ала төбет оралды. Бәтіш бүгін таңертеңгісін бұл аңға жиналып жатқанда қарызға ақша сұраған, дүкенге балалар киімі түскен екен, мектепке барып жүрген үлкен ұлына пальто алуға ақшасы жетпепті. Сәлден кейін бұл мылтығын асынып үйден шыққан кезде, Бәтіш те балаларымен дүкен жақтан қуана қайтып келеді екен. Үлкен ұлына деп алған пальтоны етегімен қар сүйретіп собалаңдатып кіші ұлы киіп апты. Үлкен ұлы көзі жасаурап өзіне деп арнап алған киімге өзінің қолы жетпей сүмірейіп оның соңынан ілесіп келеді. Әттең, бас салып тартып алар-ақ еді, бірақ әлі ақыл кірмеген тентек інісін аяйтын болар. Ал інісі болса оны мүлде маңына жуытқысы жоқ, артымнан жүрме, пальтоға қолыңды тигізбе, деп шыңғырады. Сөйтіп келе жатқанда ұзын пальтоның етегіне сүрініп жығылған, соның өзінде итеріп жіберді,— деп анадай жерде сүмірейіп келе жатқан үлкен ағасынан көріп азан-қазан боп бақырды-ау. «Құдды Айташ екеуіміз сияқты екен өздері»,— деп ойлады бұл. Айташ — өзімен тете өскен үлкен бауыры. Мұның небір тентектігін, еркелігін қабақ шытпай көтеруші еді. Бұл салған қиғылықтың бәріне ол да Бәтіштің үлкен ұлы ғұсап көзі жасаурай тұрып лажсыз мойынсұнушы еді-ау! Қайран Айташ! Қайран бауыры!.. Көзі жасаурап, ентіге тыныстап, жылағысы келді. Айташтың атын атап өксуге шақ қалды. Жоқ! Жүйкесінің әбден босағанын қарашы, шаршағандікі-ау, ит тіршілік иығына мықтап мініп алған.Өзі мынадай халде келе жатқанда әсте жылауға, босаңсуға болмайды. Әне, жаяу борасын түтектеніп, үдей түсетін сияқты. Асығу керек. Әйтпесе, кеш түсіп кетсе, қиын болады. Осы шөп тартатын шана жолға түсетін кез болды емес пе? Ол жол неғып алыстап кеткен. Бұл келе жатқан жері қай тұс өзі? Төңірек тегіс аппақ, келе жатқан бағыты ой ма, қыр ма? Тіпті біліп болмайды. Айдала, көз тоқтатар бұта көрінбейді. Тоқта, жел қай тұстан еді, бағана? Оңынан болатын. Ал Күркілдектің сайынан шыққанда жел ылғи оң жақ қырымнан соғып отыруы керек қой. Дұрыс. Бағытым дұрыс. Ауыл осы тұста.

Осылай жүре берсем елді бір мекеннен шығатыным анық. Айтпақшы, бағанағы қара ала төбет қайтті екен, байғұс! Айдаладағы қақпанға қалай түскен? Өзі түскеніне бір-екі күн өткен болуы керек. Өйткені әбден ашығып қалжыраған түрі сондай, тартына-тартына аяғы да қиылуға шақ қалған. Обал-ай, егер мен кез болмасам, бүгінгі мына боранда қатып қалатын еді ғой. Өзін босату да оңайға түскен жоқ. Іліккенін жұлып түсердей. Бұ дүниеде қақпанға түскен иттен ашулы ештеңе болмас та, оны босатудан қатерлі және ештеңе болмас. Екеуі жарты сағаттай арпалысқан болар: олай да, бұлай да әрекет етіп көрген, тістерін ақсита сақылдатып мұны мүлдем маңайлатпады. Тіпті бір сәт бұл «өз обалың өзіңе» деп, тастап жүріп кеткісі де келген, бірақ кете алмады. Азаппен өлгенше атып тастасам ба екем деп те ойлаған, оған да дәті бармады. Қанша айтқанмен адамның қолында өскен хайуан емес пе, кісінің көзі қимайды екен, аяйды екен. Ақыры үстіндегі тонын шешіп, итті сонымен бастырып жатып, қақпанды әзер дегенде ашқан. Аяғы босаған ит қаңқ-қаңқ етіп үре жөнелді. Алды-артына қайырылмастан безді ғой. Көпке дейін қаңқылдаған даусы тау-тасқа жаңғырығып зыңылдап естіліп тұрды. Сол қақпаны құрғырды құрып жүрген кім екен? Не түседі деп құрды екен, ақымақ.

«Оу, бұ мен қайда кетіп бара жатырмын бет алды? Тоқта, тоқта!.. Жел оңынан, мен қырындап жүріп келем. Бағытым дұрыс делік. Ал онда мына келе жатқаным қай жер? Мынау бұталар — неғылған бұта? Сайдың қабағына өскен бөргез ғой, өзі. Бұл қандай сай? Менің жолымда мұндай сай болмаса керек еді ғой?.. О-о!..» Иығы сырқырап ауыра бастады. Сол қолы мүлдем салақтап, мылтықтан да ауыр тартып кетті. Әуелде жылымшы боп жөнді білінбеген қан енді қойнын да, қонышын да толтырып шылқылдай бастаған сияқты. Бойы тітіркеніп, тоңазыған тәрізді күйге түсті. Шаршау ма, әлсіреу ме бір нәрсе тұрған жерінде төмен қарай етегінен тартатындай. «Жо-жоқ, аялдауға болмайды, тезірек ауылға жету керек».

Айнала бұлыңғыр тартқан ақ түтек, жел баяу ғана борай соғып тұр. Қиыршық қар ұнша еленіп себелейді. «Апыр-ай, шынымен-ақ адасқаным ба? Мүмкін емес». Жайлап айқайлап көрген, даусы онша шықпады. Боран қағып әкетіп көміп тастады. Қатты дауыстап айқайлауға иығы, бүкіл кеудесі сырқырап ауырып кетті. Мылтығын оқтады да, оң қолымен әзер деп көтеріп аспандата атты. Бірақ оның дауысы да онша алысқа жетпейтін тәрізді көрінді. «Мынау бір қызық жәй болды-ау». Қой, не де болса алға қарай жүре беру керек. Күн кешкіре бастады, әне, төңірек күңгірт тартып келеді. Шіркін-ай, ең болмаса қас қағым бір сәтке күн ашыла қалса, бұл қай жерде тұрғанын, төңіректі бір шолып біліп алар еді-ау, онан соң мейлі, аспан айналып жерге түскен боран соқса да ауылды тауып барар еді. Мынадай күнде қарға адым жерді анық көре алмай қор болады екенсің-ау. Қар да мұнша қалың түсер ме, өзі нығыз, мына боран онан сайын үстелеп жатыр. Жүру қандай қиын, әттең, шаңғы болар ма! Қор болды-ау, қор қылды-ау! Әттең!.. Әттең!.. Бір ықтасын табылып, сәл демалар ма еді, шіркін. Әбден шаршағанын сезді өзінің. Әлсірей бастағаны да анық. Бірақ тоқтауға болмайды. Тоқтаса бітті, жүруден қалады. Осы ет қызу күйден, осы қимылдан танбауы керек. Күші әлі де бар. Тек басы сәл айналғандай, өне-бойы төмен тарта береді. Біраз қан кетті, соныкі болу керек. Жә, мұндай-мұндайға алдыра беретін, денсаулығы онша осал емес еді ғой. Осы өткен жазда ғана студенттердің құрылысшылар бригадасын малшылардың құмдағы қыстауларын жөндетуге апара жатқанда, жолда машиналары бұзылып, өрттей жанған құм шағылдың арасында елді мекеннен жүз елу шақырым алыста бес тәулік отырып еді. Сонда мұнан өзгенің бірде-бірі шөл мен ыстыққа шыдай алмай төртінші тәулікте мүлде қирап түскен, ал бұл болса қолына бақыр алып, төңіректен құдық іздеп еді, бес тәулік дегенде зорға деп бір ескі құдықты тауып, содан бақырмен су тасып, бүкіл бригаданы ажалдан алып қалған. Жо, денсаулығы мықты... Оу, бұ неғылған ағаш? Мына жер терең жыра боп шықты ғой! Бұ қай жыра?! Осы мен Жалғызағаштан бір-ақ шыққаннан саумын ба?! Дәл солай. Мынау сол жыраның қақ желкесіндегі долана ағаштың өзі ғой. Бұл жыраның Жалғызағаш аталуы да осыдан. Мәссаған... Оның көңілі мүлдем құлазып, жабығып кетті. Отыра қап ұлуға сәл-ақ қалды. Ауылға жетем деп ентелеп аласұрғандағы жеткен жері — Жалғызағаш. Бұл жыра ауылдан мүлде қиғаш, он шақты шақырым жер. Көзі жасаурап долана ағашқа қарады, селдіреген қисық-қисық жалаңаш бұтақтар селк-селк етеді, әр жерінде бір үшеу-төртеуден моншақша салбыраған доланалар көрінеді. Енді ауылға қарай жүру үшін желге ылғи сол жақ жауырынын тосып отыру керек. Бірақ ауылға жете ала ма, жоқ па? Күн болса кешкірді, айнала күңгірттеніп семіп барады. Әлгіндегі жаяу борасын да үдей түскен. Сол қолы ісіп кеткен сияқты, қозғауға болмайды. Үстіндегі киімі де зілдей, тек бір көрімі жылы.

Ол ауылға қарай бетін түзеп алды да, ілгері жылжып жүріп кетті. Бала кезінен өзінің асыр салып өскен жері. Соғыс жылдары апасы осы Жалғызағаштан пішенде жүргенде талай рет сусын әкеп беріп еді, мына Жалғызағаштан талай рет долана үзіп жеп еді, көйлегін ышқырланып ап, қойнын толтырып теріп алатын. Әкесінен қара қағаз келгенде анасы екеуі осы долана ағаштың түбінде отырып көрісіп жылап еді. Балалығы ғой, сонда жылап отырып долана жегені есінде. Апасының көзін ала бере аузына үш-төрт доланадан тығып жіберіп, сүйектерін бір жақ ұртынан ытқытып отырып жылаған. Ат тырмада жүрген Айташ бұлардың қасына кейінірек келген еді, інісінің қылығы ішіне сыймай кеткен болу керек, сонда алғаш рет мұны желкеден қатты бір түйіп қалып еді. Сондағы Жалғызағаш осы. Сонан бері қаншама жылдар өтті, ал жалғыз ағаш со бір қалпы. Ол кейін бұрылып қараған: селдіреген жалғыз түп долана бұлыңғыр тартып едәуір кейінде қалыпты. Осындай боранды күнде оның бүкіл ен далада жетімсіреп тұрған аянышты күйін көремін деп сірә ойлады ма?! Жазда жапырағын жайып, жемісі мәуелеген кезде бүкіл осы өңірдің бар күш-қуатын бойына жиған құдыреттей боп тұрушы еді, құс атаулы соның бұтақтарына жиналатын, ұя салатын, пішенші колхозшылар түскі ыстықта соның самал салқын көлеңкесіне саялайтын. Жалғызағаш!.. Қыста бұл жаққа адам ізі түспейді. Шөпті колхоз күзден тасып алады. Сондықтан бұл далада қалар болсаң, ешкімнен көмек күтпе. Бұл жақтан ешкім сені іздеп те шықпайды. Іздеу демекші, егер бұл далада қалар болса, бүгін түнде мұны ешкім іздемейді. Өйткені аңға шығып, талай рет далаға түнеп, Бәтіштің етін әбден үйреткен. Алғашқы кездерде, бұл аңнан мезгілінде қайтпаса есі шығып, қатты мазасызданушы еді, бір-екі рет бүкіл ауыл-аймақты аяғынан тік тұрғызып, тегіс дүрліктірген де болатын. Ал бұл болса аңның қызығымен жүріп кештің қалай түскенін аңдамай қап, сонан ауылға қайтуға ерінетін де жақын маңдағы елді мекендерге түней салатын. Келе-келе бұл кешіксе де, далада түнесе де, қарындасы еш алаңдамайтын боп алды.

Түу, мына мылтығы құрғырдың ауыры-ай! Өлік сүйреткендей оң қолын әбден талдырды-ау. Тастай салғысы кеп бір тұрды да, тастамады. Өзі мынадай халде келе жатқанда кең далада ит-құс кезігіп қалса қиын болар деп ойлады. Боран кәдімгідей үдей түскен, зәрлі, суық, түтеленген қар алды-артты орап, көзді ашырмайды. «У-у» деп ұлиды. Шіркін-ай, сәл аялдап, дем алар бір ық болса. Жасыратыны не, жарақаттар жанына батайын деді, сыздап, ауырып келеді. Қараңғылық даланы тез қымтап алды. Төңірек тұңғиық, тек тұмсығымен кеп тірелгенде болмаса ештеңені аңдап, көріп болмайды. Әйтеуір, бар білетіні, бар сенетіні — боран сол жақ жауырынынан, осы бағыттан жаңылмай, ілби беру. Жел өтейін деді ме, жаралы иығы сырқырап ауыра бастады. Басы зырқырап айналып, жүрегі айнығандай күй пайда болды.

«Айта-а-ш...» — деген ерні қыбырлап. Сол-ақ екен көзінен ыстық жас парлап жөнелді. Ішқұса боп қыстығып келе жатқан құладүз көңіл ал кеп өксісін. «Не жаздым мен мына дүниеге осынша қорлайтындай?!. Айташ-ау, неге мені тастап кеттің, тірегім жалғыз сен едің ғой... Әкеңнің... осыдан тірі қалсам бәрін құртам... Бәрін құртармын-ау... итшілеген опасыз дүние-ай...» — бір-біріне байланысы жоқ сөздерді ызалана, кіжіне сөйлеп жылап келеді. Әлдекімдерге, бүкіл дүниеге өксік аралас кіжініп келе жатты, әлденеге аңдаусыз соғылып қап кейін қарай шалқасынан құлап түсті. Қалың қарға көміліп қап тұншыға үйелеп орнынан әзер тұрған. Маңдай алдында дүңкиген бірдеңе тұр, үй емес, бірақ биіктігі, ұзындығы кішігірім тамға ұқсас. Айналып өтіп әлгінің ық жағына келген, қалың қар басқан шөп екен. «У-уһ!.. Бұған да шүкір». Шөптің ығында тұрып біраз есін жиғандай болды. «Шіркін, сіріңкем болса ғой, қазір от жағып жылынып алар ем»,— деп ойлады. Онан соң, cay қолымен жұлмалап тартып шөптің түбінен қуыс жасауға кірісті. Сығылып жатқан шөпті тарту мұндай қиын болар ма?! Оның үстіне күш салып қимылдаған сайын сол иығы солқылдап үзіліп кете жаздайды. Дем ала-дем ала тұрып ұзақ үңгіледі шөпті, ақыры бөксесін тығып, кіріп отыратындай қуыс жасап алды-ау; босаған шөпті қуыстың ауыз жағына қопсыта үйіп қымтанып жауып алды. Шөптің ашқылтым кермек иісі танауын жыбырлатып екі-үш рет түшкірініп қалған, иығы да, қалың сан еті де солқ-солқ етіп сырқырап кетті. Енді шөптен түшкірінбеу үшін тұмсығын жағасына тығып өз деміне өзі бұйығып, рақат бір күйге еніп тым-тырыс боп қозғалмай тына қалған. Бойы дел-сал боп қалжырап әбден шаршаған екен. Енді сезіп жатыр. Мүлде қозғалғысы келмейді. Ақ түтек боран жайлаған дүние бір бөлек те, мынау шөптің қуысында бүрісе түсіп өне бойы енді-енді жылына бастаған бұл өзі бір бөлек сияқты. Жалпақ жатқан үлкен бір дүние бар да, сол дүниенің бір пұшпағында қар басқан жалғыз шошақ шөптің түбіне кеп паналаған бұл бар, шарқ ұрған сана-сезімі, ойы бар. «Бұл маңайдағы шөптің бәрін колхоз қара күзден тартып алушы еді, мынау неғып қар астында қалған шошақ екен,— деп ойлады.— Әлде жеке меншіктің шапқаны ма екен, бірақ олар колхоздан бұрын тартып алар еді, ғой... Мейлі, неғып қалса да, маған жақсы болды...» Ол ұйқылы-ояу маужыраған күйде жатып қалғып кеткен. Аз ұйықтағаны да, көп ұйықтағаны да белгісіз селк етіп шошып оянды. Біреу қуыс аузындағы шөпті жұлқылап шашып, бұған қарай қол созғандай болған, тіпті тонының етегінен тартқандай болды.

— Әй, бұ кім?! — деген бұл даусы ышқына шыға айғайлап. Әлгі нәрсе кейін қарай ытып кетті,— Бұл кім деймін?! Адамбысың?! Әй!..

Бірақ ешкім үн қатқан жоқ, шөптің сыбдыры басылып тым-тырыс бола қалды. Бұл енді ұйқысы ашылып, есін жиып астында жатқан мылтығын алды, қараңғыда қолымен сыйпалай отырып оқтап қойды. «Енді тағы сөйтіп бірдеңе мазалайтындай болса тура басып салайын,— деп ойлады.— Ал егер адам болып, мені сынағалы жүрген біреу болса ше?.. Бәлкім адасып кеткен мал болуы да кәдік, өзін бірден қорқыта атайын».

— Кімсің ей?! Кәне, кел!..— деген тағы да дауыстап. Даусы соншалықты әлсіз қарлығып шықты. Қатты дауыстағаннан иығы біз сұғып алғандай шаншып кетті. Дала тым-тырыс ешкім үн қатар емес. Әлгіндегі ашылған шөптің арасынан желменен үйіріле соғып қар түтеп кіріп тұр. Бұл тас қараңғы түнге тесірейе қарап тың тыңдап біраз жатты да, онан соң қолын созып бос шөппен әлгі ашылып қалған жерді қайта қымтап қойды: «Ұйтқыған жел болар»,— деп түйді.— Дегенмен, ұйықтамау керек екен». Оң қолымен сол жақ иығын сыйпалаған, қан әлі тыйылмаған сияқты, қолтығының асты, бір жақ бөксесі тегіс шыланып жатқан сияқты. Сол жақ саны да шылқылдап жатқанын сезді.

«Қап таң атқанша қан көп кетіп қалатын болды-ау, ә». Бірақ қолдан келер амал не?! Шыдауға тура келеді. Өне-бойы ұйығандай, тоңазығандай болады. «Жоқ, жарақат туралы ойламауым керек, басқа нәрсені ойлауым керек». Көз алдында Әлибек Дәстенович келе қалды: алтын тістері жарқырап: «Оригинально!» — дейді, бұл сөзді со кісі құсатып бірде-бір адам айта алмайды. Ғажап адам ғой! Рас, қылығында, мінезінде бір сүйкімсіздік бар... Әй, не деп барам мен...» деп өз ойынан өзі шошынып кеткендей болды.

Құдай сақтасын Әлибек Дәстеновичке тіл тигізіп көгермеспін. Өңім түгілі түсімде о кісі туралы қысас сөз айтармын ба... Мені адам ғып жүрген сол кісі ғой... Шіркін, осы жолы бір-екі кекілік атып әкетіп, қонаққа шақырып қайткенде де таңдайын бір қақтырармын-ау. Анау жолы Қапардың үйінде қонақта отырғанда озі: «Шіркін, кекіліктің еті деген дару ғой, ем ғой» деген. «Дәрі ғой демей «дару ғой» деген. Қандай әдемі сөз «дару ғой!» Жаман Қапар тыраштанып «елден келген еді» деп бекіре балығын, уылдырығын тосып бақты-ау. Иттің баласы, ұтып кетті сонысымен, Әлибек Дәстенович те басқалары да түк көрмегендей өліп-өшіп жесті-ау сонда. Бірінен кейін бірі тост көтеріп мақтады-ау дейсің Қапарды... Иттің баласы, сол-ақ алдымды орап келеді ылғи. Жақында өзін бөлімге бастық болады екен десіп гуілдесіп жүр жұрт. Әттең, Айташ тірі болғанда ғой көрер едім алдымды орағанын... Қайран Айташ, қайран асыл ағам...

Үңгірдің аузындағы шөпті біреу кеп шашып жіберді де, ішке қарай өңмеңдей сұғынды. Бұл тағы да селк етіп шошып кеткен.

— Өй, бұ кім?! Атамын! — деді жан даусы шыға. Саусағы ілігіп тұрған шүріппені басып қалғанын да аңдамай қалған өзі. Әлгі сұғынған нәрсе кейін қарай серпіліп кеткен, бұ жолы аңырая ашылған тесіктен бұл қараңдай секірген қасқырды шалып қалды. Дереу мылтығын солай қарай кезеніп екінші оқты да атқан, бірақ тигізе алған жоқ. Енді жалма-жан оқшантайынан тағы екі патронды алып мылтығын сипалана отырып оқтап қойды. Өне бойы дірілдеп кетті.

— Қарай гөр, оңай олжа деп келгенін! — деді дауыстай сөйлеп. Дауыстай сөйлеп еді, өзіне-өзі дем бергендей боп қалды.

Осы мезетте боранды түнді күңірентіп қасқырдың ұлығаны естілді. Жоқтау айтқандай ал кеп ұлысын, үзіп-үзіп тұрып ұлиды, біресе оң жаққа, біресе сол жаққа, енді бірде желдің өтіне шығып ұлиды. Дүниедегі қасқыр атаулының бәрін зар еңіреп шақырғандай күңіреніп тұрып алды. Кім білген, қасқырдың ұлығаны мұндай жексұрын болар ма?! Төбе құйқасын шымырлатып, зәре иманды алады екен. Бұл мылтығын қыса түсіп, оқшантайдағы оқтарын сипалап түгелдеп қойды, әлі бес-алты патроны бар екен. «Босқа атпауым керек, тек үңгір аузына таяп келгенде ғана көздеп атуым керек»,— деп қойды. Әлден уақытта шөп түбіндегі қасқырдың ұлуына жауап қатып алыстан ұлып белгі беріп басқа да қасқырлар кеп қосылғандай болды. Енді ұлу біреу емес, екеу, үшеу боп қосыла күңіреністі. Тістерін сақылдататын сияқты, бірі шөптің оң жағына, бірі сол жағына, бірі төбесіне шығып алған сияқты. «Бұлар қайдан каптап кеткен ей?!» — деді өзінің де тістері-тістеріне тимей дірілдеген бұл.

Бұлаң етіп біреуі үңгірдің алдына секіріп түскен, бұл шүріппені басып қалды. Қаңқ еткендей болды да, әлгі ыршып барып ары қарай ұшып түсті. Құлаған, құламағаны белгісіз, көрінбеді. Ұлығандары бір сәт басыла қалды. Ырсылдаған, ырылдаған дыбыстар естілгендей. Бұрын басқалардың айтқандарын талай естіген: бір қасқыр қан шығып жараланса, басқа қасқырлар оны талап жеп қояды деп. Бәлкім, сол сөз есіне түскен соң, болар бұған әлгі қасқырды басқалары талап жеп жатқандай естілді. Қалай деген күнде де бір сәт төңірек тым-тырыс тына қалды.

Бетіне жел үйірген ұсақ қар түйіртпектері бүркіп тұр. Аузын ашып, тілін созған, қар түйіртпектерінен едәуір сусындағандай таңдайы жіпсіп қалды. Әлгіндегі атқан оғының орнына тағы бір патрон салып қойды. «Үңгір аузына келгенін өстіп бір-бірлеп түсірейін де отырайын... Өздерін құрып кетті деп жүруші еді, қайдан көбейіп кеткен? «Қасқыр болмаса, табиғатта індет аурулар көбейеді екен»,— деп соңғы жылдары қорғаушылар шыға бастап еді, содан бері жетілгендері-ау. Адам да қызық... Соғыс жылдары қасқыр қаптап кетіп еді, ауылдың төңірегіне оннан-он бестен үйір-үйір боп келіп торуылдап жүруші еді. Бірде таңертеңгісін бұдан бұрын тұрып, сиырға шөп салып жүрген Айташ қора үстінде тұрып: «Ойпыр-ай, мына қасқырлардың көбін-ай!» — деген. Бұл қора үстіне тырмыса шығып, ауылдың етек жағындағы құзға қарай бірінің соңынан бірі бүлкектей еріп шұбап кетіп бара жатқан ылғи бір түсті көкшулан иттерді көрді, санап еді: он тоғыз екен. Ауылдың адамдарының айқай-шуына, иттердің шабалана үргендеріне мыңқ деместен бәрі жайбарақат бел асып құзға түсіп кетті. Сол жылдары ауылдан селкеу шыққан малды да, адамдарды да «қасқыр тартып кетіпті», «қасқыр жеп қойыпты» — деп жиі айтылатын. Неше түрлі үрейді ұшыратын әңгімелер тарайтын. «Қасқыр адамның алақаны мен табанын ғана жемейді екен, өйткені адамның алақаны мен табаны улы болатын көрінеді...», «қасқыр адамды алып жыққанда, бірден бүйірін жарып жіберіп бүйрегінен бастап үңгіп жейді екен...» Сұмдық-ай... осындай әңгімелерді естігенде төбе құйқасы шымырлап зәре-құты қалмаушы еді. Кейін соның бәрі ұмыт боп кетіпті-ау. Енді, міне, есіне түсіп отыр. Соғыстан кейін ер-азаматтар қайтып оралған соң көп адам үшін қасқыр қағу, қасқыр аулау серілік сейілге айналып, тіпті кейбіреулер қасқыр аулап терісін өкіметке өткізіп бәйге алуды кәсіпке айналдырды. Сөйте-сөйте күндердің-күнінде: «Қасқырдың тұқымы құрып бара жатыр, оны әсте құртуға болмайды, оның табиғат үшін пайдасы көп жыртқыш»,— деген сөз шықты. Енді оны бұрынғыдай ауламайтын болды. Сөйтіп бүгінде, міне, көбейген түрі бар. Егер қаруы жоқ адам, мынау түнде әлгіндегі қасқырларға тап болса, әрине, парша-паршасы шығады... Өне бойы талаурап ауыр тартып қиналыс күй басталғандай. Еріндерін жалап еді, тіліне егеудей тиді. Басы зеңіп айналып, өлердей қатты шаршағанын сезді. «Шіркін, ештеңе ойламастан ұйықтар ма едім. Бірақ ұйықтауға болмайды».

Әне, ұлу тағы да естілді: екеу, үшеу, төртеу... «Оу, көбейе түсіпті ғой». Жақындап келеді. Мұның демі тарылып, өне бойы қалтырап кетті. Оқшантайын ыңғайлап, мылтығын қыса түсті. «Оқты текке шығындамай, тек жақын келгендерінде атайын». Бірақ мұның ойын сезгендей олар да жақындай қоймады. Шөптің ық жағынан кеп әудем жерде ұйлыға тұрып жарыса ұлиды. Бірі тісі ауырғандай жағын қысып сызылта созып ұлыса, бірі тамағынан жөтелгендей күркілдей ұлиды. Қалай дегенде де құлаққа жағымсыз, тұла бойды шымырлататын үрейлі үндер. Шөпке жақындамай әрі-бері сенделіп жүре бастағандары да көрініп тұр. Әлгіндегі біреуін атқаннан кейін батып келуге беттемей қалған сияқты. Біртіндеп мұның да қалтырағаны басылып, олардың ендігі әрекеттерін қалт жібермей бақылап жатыр. Амандық болса қалаға қайтқаннан кейін майын тамызып әңгімелейді ғой. Әсіресе Әлибек Дәстеновичке жырдай ғып айтар әлі. «Кекілік атуға шыққанымда басымнан кешкенім» дейді ғой. Өзіне аяныш, мүсіркеу туғызғандай етіп айтады. Әлибек Дәстеновичтің көзінде ең болмаса бір сәтке: «байғұс-ай!» дейтіндей аяныш туса болғаны. Өзі де — осы жолғы ауылға келісі, кеше бір қойды үйіттіріп қойғаны, бүгінгі кекілік аулай шыққаны — бәрі со Әлибек Дәстеновичтің көңілін табу үшін жасап жүрген қаракеті ғой. Егер сәті түсіп, со кісі тағы бір демеп жіберсе, докторлығын қорғап алса, осы қорлық, осы азаптар бір күнгідей болмас еді-ау. Қырыққа жетер-жетпесте ертең-ақ ғылым докторы атанып шіреніп отырар еді. «О, шіркін десеңші!..» Осы итшіліктің бәрі де Айташтың жоқтығы. Әйтпесе, осыдан бір жыл бұрын-ақ ол Әлибек Дәстеновичтің бір қыстық соғымын ыңқитып тұрып, әкеп беріп, екі аяғын бір етікке тыққандай тырп еткізбей тастар еді ғой. «Сен, Әлеке, құрдас, қибыжықтама, керегіңді тура айт» — деп гүж етіп төтесінен кесе сөйлер еді, марқұм. Әлибек Дәстенович өзінен тіксініп отырушы еді. Айташ гүжілдеп сөйлегенде Әлибек Дәстенович оған тіктеп қарай алмай, құр ырқылдай күліп қана: «Осы дойыр ор-ри-ги-нальный қазақ»,— деп қоятын. Айташты «дойыр» деп атайтын. «Қайран, Айташ... бауырым...» тамағына тағы да өксік кептелгендей болды. Қолындағы мылтықты ызалана басып-басып қалды. Мылтықтың тепкенінен сол иығы солқ ете түсті. Ұйлыға ұлысып тұрған қасқырлар тым-тырағай болды. Бұл жалма-жан мылтығын қайта оқтап үлгірді. «Ә, солай ма екен!.. Жыртқыштардың да жаны тәтті болады екен-ау,— деп ызалана күңкілдеп мырс етті.— Бәрін атар едім, қазір... тіпті селт етпес едім»,— деді әлдекімдерге кіжіне түсіп, бірақ ойша болса да дәл соларды деп анықтап ешкімді бөліп айтқан жоқ.

Айташтың арқасында, еш жетімдік, жоқшылық көрмей ерке өсті ғой. Өзі оқи алмай қалған Айташ жанын салып мұны оқытты. Орта мектепті бітіртіп әкеп институтқа түсірді, онан аспирантурада қалдыртты. Кім арқылы, қалай тапқанын кім білсін, алғашқы күннен-ақ осы Әлибек Дәстеновичпен танысып, жақын боп алды. Қыс соғымын, жаз сойыс малын әкеп беріп тұратын. «Жақсы оқы. Ештеңеден тарылушы болма. Жаным кеудемде болса, осы сені жеткен жеріңе дейін оқытам. Анау Дәстеновың ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда болады менің. Өңештен жақын не бар дейсің, ол шіркіндерде»,— дейтін еді Айташ. Қайран, бауырым!.. Дегенінде тұрып бақты-ау! Тек кежегесі кейін кетіп тұсаулы аттай шоқаңдап қалған мұның өзі ғой. Аспирантураны бітірген соң жаңалық ашам, бір керемет диссертация жазамын деп сандалып жүріп алды емес пе. Әне-мінемен сандалып жүріп уақытын өткізіп алды ғой. Сондағы ойы ғылымға адал болу еді. Сөйтсе Айташтың арқасында байқалмапты-ау, ғылымда мықты бола алмасаң ептілік керек екен. Осыдан екі жыл бұрын Айташ күтпеген жерден жүрек ауруынан кетті. Қайран Айташ, нағыз ер екен ғой. Орта білімі де жоқ бола тұрып бұл үшін қаншама істер істеген. Әлибек Дәстенович сияқтылардың жанды жерлерінен тап басып тырп еткізбей ұстаушы еді. Кезінде бұл Айташтың не істеп, не қойып жүргеніне еш мән бермейтін, бүгінде ойлап қараса ағасы керемет іскер жан екен ғой. Соның бәрін қалай ұйымдастырып, қалай реттегеніне бұл айран-асыр қайран қалады. Әттең дүние, оқитын адам бұл емес, сол Айташ екен-ау!..

Селк ете түсті. Дәл төбесінен, шөптің үстінен қасқыр ұлып қоя берді. Мынау түнде үйірінен адасып қалғандай күңірене кеп ұлиды. «Аса сақ жатпаса болмас. Әлгіндегідей мынау да төбеден секіріп түсуі мүмкін». Тісін шықырлата қайраған, аузына қанның дәмі білінетін сияқты. «Жоқ қорқынышты ештеңені ойламауы керек. Өзімді-өзім үйрейлендірмеуім керек...» Сәлден кейін тағы біреуі келген болу керек, қасқырдың ұлығаны екеу болды. Екеуі де дәл төбеден қосарлана сұңқылдайды. «Ой, дүние-ай, қор болған жерім-ай,— деп ыңырана түсіп, құрысқан аяқтарын қозғап қойды.— Осыдан тірі қалар болсам дүние-ай, ит тірлігің құрып кетсін де сенің...» Тісін тағы да қайраған, бұл жолы тістерінің шықырлағаны сондай, аузында уатылып кеткендей боп көрінді. Әйелі түсті есіне. Толық денелі, кербез қимылдайтын келіншек. Алғаш қосылған кезде сұңғақ бойлы талдырмаш, бір орында тұра алмайтын бала қылықты ерке еді, анда-санда көзін бір жалт еткізгені болмаса адамның бетіне әсте қадалып тура қарамайтын. Соңғы жылдарда толысқан сайын жүріс-тұрысы саябыр тартып кербезденіп, енді жұрт алдында ылғи күлімсіреп, бұған сынағандай сүзіле отырып ұзақ қарайтын әдет шығарды. Кей сәт тісінің арасынан ғана астар тастай сөйлейді: «слушай, ел қатарынан қалмау үшін қорғауың керек, кейін кеш болады»,— дейді. Сөйтеді де өзі ауыр күрсініп қояды. Көкірегінде кептелген өкініш бар сияқты. «Сенің мұндайыңды білгенде алдымен өзім қорғайтын едім ғой»,— дейді. Ал керек болса. Анау жолы Қапардың үйінде болғанда Әлибек Дәстеновичке: «Ағайдың біздің үйден дәм татпағанына да көп болды, тіпті ұялып жүрміз»,— деген қылымси күліп. Әлибек Дәстеновичті қонаққа шақыру идеясы да дәл осы сөзден кейін мықтап қолға алынды. «Қапы қалмайық, туыстарыңа барып бір семіз қойды үйітіп әкел. Енді өзім қолға алмасам сенен түк шығатын емес»,— деді. Содан осы жолы ауылға туыстарына кеп қой үйіттірді және өзі бүгінгі күні кекілік атып алуға шықты. Ақыры бүрісіп шөп қуысында отырған түрі мынау. «Егер мен өлсем әйелім қайтер еді?» Бірақ қанша ойланса да әйелінің дәл қайтетінін біле алмай дал болды. Балалары ше? Үшінші класта оқитын ұлы, бірінші класта оқитын қызы қайтер еді? Әрине, олар жылайды. Бұл өзі әкесіз өскендіктен өте балажанды болды, сонысын балалары сезетін де шешелеріне қарағанда мұны көбірек жағалайтын...

«О-о...» — иығы солқылдап ауырып кетті. Тістенген кезде шүріппені саусағы басып қалған болу керек, мылтығы гүрс атыл- ды. «Шіркін-ай, бір жұтым су болар ма еді». Қолын созып үңгірдің аузындағы қардан уыстап алып аузына салды. «Түу, рақаты-ай!..» қолын созып қардан тағы да уыстай асады. «Егер осыдан тірі қалсам... көше сыпырушы болар едім, шіркін. Қандай рақат жұмыс десеңші! Ешкімге жалпақтамайсың да, жалтақтамайсың да... Ертеңгісін ерте тұрып, жылы киініп алып, таза ауада жүріп өзіңе қарасты көшені тазалап сыпырып шығасың. Денің сау, тамағың тоқ, ойың еркін, киімің де қарапайым». Көшеден әрі-бері өтіп жатқандардың бірде-біріне пысқырмайсың, өзіңмен өзің, өзіңмен өзің... Әне, Айташты қара күліп келе жатыр. «Мұның не? Оқуың қайда?» — дейді, мұның қолындағы үлкен сыпырғышына қарап. «Тастадым бәрін, тіпті әбден шаршадым»,— деді бұл.— «Тек ұрыса көрмеші, Айташ». «Жо, ұрыспаймын. Жүр, бір жерден барып салқын сыра ішейікші»,— деп Айташ қолтығынан ұстады. «Жүр, жүр, мен де қатты шөлдеп тұр едім»,— деді бұл. Сыпырғышы әлденеге ілініп қалған, бұл қатты тартып қалды. Гүрс еткен мылтығының үнінен шошып оянды. Бір көрімі мылтығының стволы үңгірден шығып алға кезеніп жатыр екен. Қолын созып қардан іліп алды да, бетін ысқылады, көзін сүртіп уқалады. Дала сол тастай болған меңіреу, түнек қалпында. Қар себелеп тұр, жел азынай ұйтқып тұр. «Маған еш ұйықтауға болмайды. Дәл мен үшін ұйқы жау»,— деп қойды. Мылтығын сипалай отырып қайыра оқтады. «Әлгі қасқырлар менен үміттерін үзіп жоғалған-ау, сірә». Үңгір аузынан қараңғыға шаншыла қараған, жылт-жылт етіп от көрінгендей болды, біреу емес екі от боп көрінді, сәлден кейін оның қасынан тағы екі от көрінді, көп ұзамай үшінші екі от, төртінші екі оттар көрінді. Бәрі тізіле қапты. «Ә, сайтандар құрыңдар кәне!» — деп ақыра айқайлаған, бірақ өз даусы өзіне әзер естілді. Құр өз көңілінде айқайладым дегені болмаса, даусы жоқ еді. Қозғалақтаймын деп танауына шөптің кермек иісі кіріп қатты түшкірінген, иығы да, қара саны да біз сұғып алғандай шаншып кетті, оның есесіне бітелгендей боп тұрған құлағы ашылды. Енді ғана естіді, төңірек тегіс азынап ұлып тұр екен: боранды дала, анталаған қасқырлар бәрі қосылып алған сияқты. «Қор болғаным-ай, ә! Ең болмаса, адам сияқты өліп, қолдан жерленетіндер де бақытты екен-ау. Егер осыдан өлер болсам, мыналар менің түгімді де қалдырмайды ғой. Сұмдық-ай!.. Ендігі жерде мен тірі қалмаймын, өлемін, ол анық. Тек мына қасқырларға жем болмасам екен. Қалайда таң атқанша шыдауым керек. Онан соң сүйретіліп болса да алға жылжимын, елді мекенге жетіп өлуге тиіспін. Басқа арманым жоқ. Тезірек таң атса екен. Ойпыр-ай, неткен ұзақ түн...»

Кенет үңгір аузына көзді ашырмастай қар борай жөнелді. Бір алапат күш мұны біржола қармен көміп тастардай бұрқыратып жіберді. Жан дәрмен мылтығын алға кезеніп, шүріппені басып қалған. Қыңқ еткендей дыбыс шықты да, боран сап басылды. Әлгіндегі оттар жанған тұста арпалысқан қараң-құраң көрінді, қаңқылдағандай, арсылдағандай дыбыстар естілді де, бір сәтте бәрі көзден ізім-ғайым жоғалды.

Ендігі жерде мұның бойында бұрынғыдай қорқыныш та, үрей де жоқ еді. Денесін зілдей ғып ауыр тартқан қорғасын салмақ бар. Буындарын ұйытқан ұйқылы-ояу мең-зең күй бар. Есіне жамау-жамау көйлек киген, етегіне масақ терген анасы түседі, еңгезердей алып денелі ағасы Айташ түседі, үйге келгенінде «папалап» қасынан шықпайтын ұлы мен қызы түседі. «Қайран менің етжүректерім...» Ұйықтап отыр ма, ояу отыр ма өзіне де белгісіз, өң мен түстей бір хал.

Таң алдында жаяу боранның басылғанын да, аспанның біртіндеп ашылғанын да аңғарған жоқ. Шаңқан аппақ қар басқан далаға ертеңгі күн өткір сәулесін шашқанда да бірден селт ете қоймады. Күн сәулесі әуелі шөптің төбесіне қонып, онан жылыстап төмендей кеп үңгірдің аузынан сұғынғанда ғана ол көзін ашты. Ешбір қуана да, серіге де алмады. Әзер деп сүйретіліп тысқа шықты. Ең соңғы күшін жиып шөпке сүйене тұрып төңірекке көз жіберді. Алыста трактор сүйреткен шана ма, бірдеңе қарауытады. Бірақ оған анықтап қарауға басы айналып көз жанары жетпеді. Мылтығын шөпке сүйеп көтере тұрып бір атты да, бір жағына қарай қисайып құлай берді.

author

Сайын Мұратбеков

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...