Өтіп жатыр мына ғұмыр уақытпен сырғанап,Кімге сор боп кездеседі бармақтайын кімге бақ?!Өмір солай......
Кобо Абэ. Таяқ
Жазушы, драматург, сценарист, жапон авангардизмының ірі өкілі – Кобо Абэ әлемнің көптеген қаламгеріне ықпал еткен феномен. Ол Токио императорлық университеті Медицина факультетінде білім алған. Автор туындыларының өзегі – адамның өмірден өз орнын іздеуі, өзіне-өзі күрес жариялауы, алуан-алуан жағдаяттармен майдандасуы. Негізінен, оның кейіпкерлері әркез өз болмысымен, өз табиғатымен бетпе-бет қалады, қорқынышты дүние, әлбетте: құлдырау да бар, өсу де бар, бірақ динамикадан, өмір динамикасынан ада емес, ең бастысы. Суреткер шығармаларынан қисын-логика іздеудің қажеті жоқ. Себебі, бұнда символ, аллегория және метафора ғана бар.
Қаламгер шығармаларын оқу барысында ойлы оқырман ребус, кроссворд шешкендей күй кешетіні де – сондықтан. Мұны «Бөтен бет», «Құм құрсауындағы әйел», «Төртінші мұзды дәуір», «Құпия кездесу», «Өртелген карта», «Адам-қорап», «Кенгуру дәптері», «Тұп-тура адам секілді» атты прозалық туындыларынан айрықша байқай аламыз. Фантасмагория, экзистенция, гротеск, әпсана, юмор, бұл – аталған алыптың басты қаруы. Кобо Абэ – ойшыл, философ жазушы. «Достар», «Қамал», «Сен де кінәлісің», «Шабадан», «Аруақтар арасында», «Құлдарды аулау» драмаларын даралап тұрған да – сол бір қасиет. Көреген жазушы жапон қоғамындағы трагедияны, ұлт жанындағы жараны, түрлі құбылыстарды, үлкен өзгерістерді, руханияттағы, мәдениеттегі күрделі модификацияларды, елге төнген қауіп-қатерді алдын ала байқаған-ды. Кобо Абэ көркем шығармаларындағы саяси, әлеуметтік, психологиялық, тарихи қатпарды аршу үшін сол кезеңді, сол заманды жан-жақты зерттеу қажет. Кобоға дейін де, Кободан кейін де жапон әдебиетіндегі дәстүр сабақтастығы үзілген емес. Ерек, ешкімге ұқсамайтын суреткер 1951 жылы «Қабырға» повесі үшін Акутагава атындағы сыйлықты иеленген-ді. Содан бастап өле-өлгенше жазудан қол үзбеген. Әуелгіде, ақындықтан бастаған оған Рильке мен Хайдеггер, кейінгі жылдардағы прозасына Кэрролл, Кафка, Канетти, Маркес сынды классиктер айрықша әсер еткен. Кобоның басқы тақырыбы – адам деген жаратылыстың құнсыздануы. Жапон әдебиеті – жаһандағы орнын әлдеқашан айқындап қойған әдебиет. Қайсысын айтайық... Танидзаки, Кикути, Акутагава, Кобаяси, Мисима, Коитиро, Юити, Кавабата, Ямамото, Оэ, Кайко... Кобо түзген ерекше көркем әлем бар, бұл – уақыт пен кеңістік арасындағы адам сыры, жан сыры. Бір оқығанда бойлатпайды, бастабында. Қайыра бас қойғанда ғана өз шерін ақтара бастайды. Абэ шығармашылығында мына бес күндік сұм жалғандағы жанның ұлы жорығы анық аңғарылады. Тегінде, ол күрделі боп көрінгісі жоқ, оған ұмтылмайды да. Алайда, Кобо дәурен шеккен орта күрделі болды, ол өмір сүрген дәуір күрделі болды. Және, автор – драмаларындағы кейіпкеріне Манекеншы, А, Б, В, Г, Д, Е, ешкімнің көзіне түспейтін Елес, Еркек, Құл, Ғалым, Қызметші, Қожайын, Көлік жүргізушісі, Есерсоқ, Бала күтушісі сықылды шартты ат қойып, айдар тағуға ұста. Ұнамдысы – ол көбі тосырқап қарар «жаңалық» делінген ұғымнан қорықпаған, жүрексінбеген де, қай тақырыпқа болсын батыл-батыл барған-ды, сонан соң жаңалық аштым деп кеудесін де соқпаған. Өйткені, ішкі есебі – бүтін, мақсаты – айқын, әдеби жоспары – нақты еді. Драмашының «Таяқ» атты пьесасын қазақ тіліне аударған ек. Ал, олай болса қабыл алыңыздар, аса құрметті оқырман!
Аудармашыдан
Кобо Абэ
Таяқ
(Драмалық сахна)
Қатысушылар:
Дозақтың ер қызметшісі – жетекші жұмыскер.
Дозақтың әйел қызметшісі – жерге таяуда ғана қызмет ету үшін жіберілді.
Таяққа айналған Адам.
Дозақтан естілген дауыс.
Еркек \ хиппи*
Әйел /
Күн мейлінше ұзарып, түн қысқарған ыстық маусымның жексінбі күні. Кеп-кең көше бойындағы әмбебап дүкен. Арлы-берлі сандалған бір топ еркек пен әйел. (Аса шынайы ғып көрсетудің қажеті жоқ). Сахна ортасында, жол жиегінен қарыс жерде құлазыңқы, оқшау, немкетті, еренсіз Еркек пен Әйел залға қарап отыр. Хиппи-ау, шамасы. Бір кезде Көктен таяқ түседі. Бір мерт, жиырма сантиметрлік кәдуілгі таяқ. (Оны таяққа айналған Адам рөлін сомдайтын артист басқарып тұр). Таяқ түскен бойда-ақ асфальтталған көше шетінде шыр айналып, тротуардан тарс етіп бері қарата серпіліп, Еркек пен Әйелден метрдей қашықтықта қақшиған қалпы қозғалмай тұра қалады. Екеуі таяқ тасталған жаққа көз тастап, қабағын қарс түйіп, жоғарыға қарайды. Олар – тым ұстамды, сабырлы. Дәп осы кезде сахнаның оң жағынан Дозақтың ер қызметшісі, сол жағынан Дозақтың әйел қызметшісі шығады.
Еркек (Көкке қараған қалпы). Қауіпті, а...
Дозақтың ерқызметшісі.
Түнгі аспан көгіндегі үштәуліктік ай –
Жазмыш қабығын аршыған жеміс пышағы.
Дозақтың әйел қызметшісі.
Және... бүгін тағы бір адам,
Өзді-өзін жоғалтып, таяққа айналды.
Еркек (Қайыра таяққа көз тастап, жерден көтеріп алады). Сәл болғанда бізге тиер еді.
Әйел (Оның да назары таяққа ауады-дағы, ұстап көреді). Меніңше, бәрі мүмкін...
Еркек. Кім білсін?! (Таяқпен жерді ұрғылап).
Дозақтың ер қызметшісі.
Таңғы асқа арналған лас қорап түстес ай,
Иірімде дөңгелене иірілген көше.
Дозақтың әйел қызметшісі.
Және... бүгін тағы бір адам,
Таяққа айналып, өзді-өзін жоғалтты.
Әйел. Нендей ырғақ, бұл?
Еркек. Табам деп талпынба.
Әйел (Бірден жоғары қарап). Бұл ана баланың шығарып жүргені-ау!
Еркек (Дәл сол іс-қимылды қайталап) ...
Әйел. Сүп-сүйкімді екен, өзі. Оқушы-ау, сірә. Шатырда ойнақ салған...
Еркек (Қайта таяққа қарап). Бала деген жалба-жұлба киінгендерді жақтырмайды.
Әйел. Үстімізге құлап жүрмесін, абайлашы. Еңкеюін қара... ар-ұяты азаптаған болар... түсінсем, бұйырмасын... былдырлап... бізге бір нәрсе деп сөйлеп жатқан секілді...
Еркек. Екеумізді дәлдеп... дөп тимегеніне налуы ғажап емес.
Таяқ (Өзімен-өзі). Жоқ. Ол мені шақыруда. Бала... қай жерге түскенімді көрді.
Әйел (Аяқастынан). Ұқтым. Міне, мақам. Әуез! Тыңдашы! (Мәнерлі ырғаққа салып).
Еркек. М-м-м...
Әйел. Бұрыс па?
Еркек. Бұрнадан бергі ұстанымым – ел талғамын құрметтеу.
Әйел қимылға көшіп, қозғалып, саздан жаңылмастан әсем ән айтуын жалғастырады. Сонда, таяққа айналған Адам Еркек қолының ырғаққа сәйкес қозғалысына елітіп, көзін Көкке қадайды.
Дозақтың ер қызметшісі (Сахна ортасына жылыстап)
Ай... цемент түстес аспанда көгендеулі,
Таяқ... арықта ұмыт қалды.
Дозақтың әйел қызметшісі (Ол да сахна ортасына ойысып)
Таяқ... арықта ұмыт қалды,
Жиырылған көше... иірімде дөңгелене иірілуде,
Жоғалған әкесін іздеген бала.
Дозақтың қос қызметшісі осы сөздерді айтып, Еркек пен Әйелден шеткерірек, сәл артында, сахна ортасында тоқайласады.
Дозақтың ер қызметшісі (Байыпты, байсалды қалпынан танбай). Міне, енді ғана керекті тұста кезіккен секілдіміз, иә?
Дозақтың әйел қызметшісі (Үлкен қойын дәптерін ашып). Уақытты еске сала кетейін... жиырма екі минут, он секунд...
Дозақтың ер қызметшісі (Қолсағатқа қарап). Дозақи дәлдік.
Дозақтың әйел қызметшісі (Лезде-ақ еркек қолындағы таяқты байқап). Тәрізі, әне, ана таяқ-ау?
Дозақтың ер қызметшісі (Түсініңкіремей). Кенеттен, күтпеген кедергі шықты... (Жанына жақындап, Еркектің иығынан асыра лақтырып). Оны қайдан алдың?
Еркек сұраққа жауап бермей, бетіне тесірейе қарайды.
Дозақтың әйел қызметшісі. Ол мына жерде, арық ішінде жатты емес пе?!
Әйел. Ол анау-у-у-у шатырдан түсті. Әйтпесе, бізді жазым етер еді.
Дозақтың әйел қызметшісі (Әңгімеге килігіп). Не деп тұрсың?.. (Дозақтың ер қызметшісіне). Сэнсэй**, меніңше, бұл манағы таяқ қой деймін.
Дозақтың ер қызметшісі (Еркекке). Кешір, достым... маған бере тұрсаң қайтеді?!
Еркек. ...
Дозақтың әйел қызметшісі. Сізге оның еш қажеті жоқ қой.
Еркек. Иә-ә-ә...
Дозақтың ер қызметшісі. Тексермесек болмас. Анықтап алар нәрсе бар.
Әйел. Із кесушісіңдер ме?
Дозақтың әйел қызметшісі. Жоқ, бірақ...
Дозақтың ер қызметшісі (Ортажолдан). Солай ғой деймін. Демек...
Еркек. Жетер! Таяқты тастаған – өздерің. Енді, кеп жасырғыларың келеді, бәрі – бекер.
Таяқты ырғақпен соққылайды. Әйел мақамға елітіп әндетеді.
Дозақтың ер қызметшісі (Бітімгершілікпен). Егер күдіктенсеңіз, онда полицияға баралық.
Еркек. Әсем дауысты әнші екенсің... жап, аузыңды!
Әйел (Жоғарықарап). Меніңше, бұ бала... бірақ... ұшты-күйлі жоқ болды...
Еркек. Үндемегенің жөн.
Дозақтың әйел қызметшісі (Шабыттанып). Бала сығалады ма? Шатырдан... әрине... әкесін шақырды ма екен? Үнінде үрей бар...
Әйел (Еркектен көз алмай). Жоқ, естімедік. Мұндағы шуыл жиырма фоннан асып тұр. (Дірдек қағып).
Дозақтың әйел қызметшісі (Дозақтың ер қызметшісіне). Жай-жапсарды біліп келейін бе, сэнсэй?
Дозақтың ер қызметшісі. Иә. (Аз-кем бөгелеңдеп). Тек, тезірек...
Дозақтың әйел қызметшісі лезде сахнаның оң жағына қарай жүгіре жөнеледі.
Таяқ (Жабырқап, өзімен-өзі). Қажет емес... Бәрін естіп тұрмын... Әмбебап дүкен қызметшілеріне арналған баспалдақ артындағы ластау бөлме... Менің... зәресі ұшқан ұлым... Оған сұмпайы жұмысшылар кенеше жабысыпты.
Дозақтың ер қызметшісі (Еркекке). Ұғындыру қиын-ау... әуелі, бізге мына Таяқтан... көз алмау тапсырылған... Мені түсінбеуіңіз де мүмкін.
Еркек. Сол ғой...
Әйел (Білгірсіп). Қазір байланыстардың үзілген ғасыры. Адам – оқшау...
Таяқ (Қамығып, өзді-өзімен). Бала... төбеден қалай құлап, қалайша Таяққа айналғандығымды айтуда...
Дозақтың ер қызметшісі (Еркекке). Содан: «Бұ таяқ не үшін керек болды?» – деп сұрақ қойдым. Айтарлықтай мұрат жоқ қой, рас па?
Еркек. Мұрат? Ей, жоға! Жай қызығушылықтан туған дүние ғой.
Әйел. О-о, мұрат деген – өте көне ұғым.
Дозақтың ер қызметшісі. Дұрыс. Сіз айтқан мұратты көз тамшылары орнына да жарата алмассыз. Сол себепті, Таяқты біз алсақ, а? Сізге салса, оның арық қойдан бағасы кем, беделі төмен сияқты. Кәдуілгі таяқ. Ал, ол біз үшін бір кісіге қатысты баға жетпес дәлел... айғақ...
Әйел (Ұйқысырап). Қалай да, алға қойып... соған жету керек. Бірақ, жоқ қой, жоқ...
Дозақтың ер қызметшісі. Не жоқ?
Әйел. Мұрат та.
Дозақтың ер қызметшісі. Сол туралы көп ойланады екенсің. Болмас дүниені болдырам деу – бос сөз, өткенге өкінбе, өкінішті меңдетпе. Мақсаттан бұрын, сол мақсаттың жоқтығы – таң қаларлық нәрсе... Жанға бататыны – манағы мақсатсыздық. Адам мұраты қасыл болу үшін өмір кешеді. Дұрыс айттым ба?
Әйел (Еркекке). Мені өпкің келмей ме?
Еркек (Суық қабақ танытып). Жеркеніштісің!
Әйел. Қыздан бетер сызылдың-ау.
Еркек. Жеркеніштісің деймін.
Әйел. Қойшы, енді!
Еркек. Елірме.
Әйел. Одан да, арқамды қасып бер.
Еркек. Арқаңды?
Әйел сәл иіліңкіреп, Еркекке арқасын тосады. Ол таяқты еш ықылассыз жағасы арқылы ішке кіргізіп, арқасын қаси бастайды.
Әйел. Солға... иә, иә... со жер... со жер...
Еркек (Таяқты суырып ап, Әйелге ұстатады). Ендігі кезек – сенде. (Ол да еңкейіп).
Әйел. Ештеңеге зауқым жоқ. (Соған қарамастан айтқанын орындайды). Мына жерді ме?
Еркек. Мына жерді де, ана жерді де, бәрін...
Әйел. Бәрін?
Еркек (Қозғалақтап, үні жаншыла шығып). Оһо... ах, ох, пох... Моншаға бармағалы қай заман...
Әйел (Таяқтылақтырып жібереді). Өзімшілсің!
Дозақтың ер қызметшісі екеуінің ортасына тұрып, таяқты жерден көтермек болады. Еркек оның қолын қағып жіберіп, қайта таяққа жармасады.
Дозақтың ер қызметшісі. Достым... басқа амал жоқ, қаншаға саудалайсың? Бағаңды айт!
Әйел (Ептілікпен). Үш жүз иен***.
Дозақтың ер қызметшісі. Үш жүз иен? Қайдағы бір таяқ үшін бе?
Еркек. Бес жүзге де бермеспін.
Әйел (Естіртпейсөгіп). Керек десең үйіп-төгіп әкеп берем.
Дозақтың ер қызметшісі. Ой тоқтатшы, шылымыңа – үш жүз иен.
Еркек. Оған бауыр басып қалыппын... Неге?.. (Таяқтың бір ұшынан ұстап,арлы-берлі айналдырады).
Әйел (Кекесінмен). Аумайды.
Еркек (Таяққакөз тастап). Аумайды... Мен... Мен? (Ойланып тұрады да, Әйелге) Ағайын-туған бар ма?
Әйел. Иә, әпкем...
Еркек. Сені қалай атаушы еді?
Әйел. ?..
Еркек. Ат қойып, айдар таққан шығар?
Әйел. А-а, ат.
Еркек. Иә, иә, лақап ат.
Әйел. Гаагаа.
Еркек. Гаагаа?
Әйел. Ағам сөйдейтін. Әпкем – басқаша. Әпкем Томбо – Инелік деуші еді.
Еркек. Гаагаа-сы несі, тағы?
Әйел. Әпкем Инелік дейтін.
Еркек. Гаагаа-ның мағынасы қандай?
Әйел. Білмеймісің?
Еркек. Инелікпен мәндес пе?
Әйел. Иә... бірақ, күрделірек.
Дозақтың ер қызметшісі. Тыңдаңдаршы, қалайық...
Еркек. Кеше әлгі галантереялық дүкенде**** бір кісіні ақтық сапарға шығарып са...
Әйел (Жан-жағына қарап). Бізге оның не қатысы бар?
Еркек. Ал, гаагаа, инелік деген...
Дозақтың ер қызметшісі. Мүмкін гаагаа емес, гага шығар?
Әйел. Қазаға ұшырады.
Еркек. Кім?
Әйел. Әпкем.
Дозақтың ер қызметшісі. Содан неге айналды?
Еркек. Өлікке де, әрине.
Дозақтың ер қызметшісі. Иә-ә-ә, ол да мүмкін.
Әйел. Енді ешқашан біле алмаспын. Бәрі – көмескі, бәрі – құпия...
Еркек. Нені?
Әйел. Гаагаа немесе гага...
Еркек. Ессіз қатын екенсің...
Дозақтың ер қызметшісі. Таяқтың тақырыбына оралайық. Ол таяққа ұқсай ма? Ұқсайды делік... Әйтсе де, мән-мағына...
Әйел. Ертең дегенің бүгінге айналады...
Дозақтың ер қызметшісі. Таяқ туралы ойың түпкілікті...
Еркек. Адам қолында зат-бұйым болса, одан аулық жүрген жөн.
Әйел. Түсінсем бұйырмасын. Әркез ертең ізінен тағы бір ертең ереді. Бұл – қорқынышты.
Дозақтың әйел қызметшісі лезде оралады.
Дозақтың әйел қызметшісі (Шеткерірек жерге тоқтап). Сэнсэй...
Дозақтың ер қызметшісі (Жанына жақындап). Не боп қалды?
Дозақтың әйел қызметшісі. Егер жеделдетпесек...
Дозақтың ер қызметшісі (Хиппиге бас изеп). Мыналарың қызық-ей, өзі! Үш жүз иен ұсынсам да келіспей тұр.
Дозақтың әйел қызметшісі. Қазір ана бала келеді.
Дозақтың ер қызметшісі. Не үшін?..
Дозақтың әйел қызметшісі. Әмбебап дүкенге кіргенімде жоғалған бала туралы ақпарға қанықтым. Оның айтуынша, әкесі таяққа айналып, төбеден құлапты. Бірақ, ешкім сенбеген секілді.
Дозақтың ер қызметшісі. Әлбетте.
Дозақтың әйел қызметшісі. Содан ол қаша жөнеліп, әкесін іздеуге кетті.
Дозақ қызметшілері мазасызданып, сахнаның сол жағына қарайды.
Таяқ (Өзді-өзімен, үздік-создық сөйлеп). Бала көрді. Солай болған-ау. О кезде желдету құбыры мен баспалдақ арасындағы таянышқа еңкейе сүйеніп, етектегі ығы-жығы елге енжарлау қарап тұрғам. Иірім... Ұйық... Қарашы... Қаптаған иірім...
Барған сайын үдеген шаһар шуылы үңгірдегі құбыжықтардың үрейіңді қашырар ақырғанындай әсер етті. Кенеттен Еркек бір нәрседен зәресі ұшып, қолындағы таяқты түсіріп алады.
(Өзімен-өзі сөйлесуін жалғастырып). Қала иіріміне түсіп кетпеу қамымен жүргенімде ақыл-естен айырыла жаздағаным бар емес пе... Балам мені жанына шақырып, телескопқа қарауымды өтінді. Бағасы – үш минутына он иен... дәл сол кезде тұла бойым кеңістікте қалқыды... Баламды тастап қашу ойда да жоқ еді... содан, міне... Таяққа айналып шыға келгенім... Қалайша, қалайша күйім тайды екен?..
Әйел. Содан не болды?
Еркек (Табанында тапталған Таяққа кейісті кейіппен). Өлі балыққа ұқсайды. Бекер алдық...
Әйел. Иә, қиялға батыппыз да...
Дозақтың әйел қызметшісі (Аяқ ұшына тұрып, сахнаның сонау-у-у сол жақ бұрышына тесірейіп). Ой, сэнсэй. Үлкен көзілдірік таққан... бала... маңайын тіміскілеуде. Өзі – кіп-кішкентай, жұдырықтай ғана... мойны – ырғайдай...
Дозақтың ер қызметшісі. Түбі осында келеді...
Таяқ (Әлі де жерде жатыр, өзімен-өзі). Дүниені дүр сілкінткен миллион дүбір ішінен бала аяғының дыбысы серпілген резеңке доптай ерекше естілді.
Әйел (Дозақ қызметшілеріне ұрлана қарап). Недеген бірбеткей еді... Келісе салсақ қайтеді, а?
Таяққа қарап тұрған Еркек есін жияды. Артынша Әйел де жерден көтеріледі.
Еркек (Ренжіңкіреп). Мына зат менен аумайды екен-ей.
Әйел (Сабырға шақырып). О не дегенің. Шамалы ғана ұқсайды, шамалы ғана.
Еркек (Шешім қабылдағансып, Дозақтың ер қызметшісін шақырып). Мың иенге сатамысың? (Таяқты бір тебеді)
Дозақтың ер қызметшісі. Мың иенге?
Таяқ (Өзді-өзіне). Тебудің не қажеті бар?.. Арықта жатып ап, малшынғаным – мынау. Суық шалса қайтем?!
Еркек. Алмасаң өзің біл, маған бәрібір.
Дозақтың әйел қызметшісі (Сол жаққа қарап, зәресі зәр түбіне кетіп). Сэнсэй! Анау... анау жақындап келеді.
Таяққа айналған Адамның қиналысты жымиысында үміт пен күдік қатарласты.
Еркек. Сатуға құлық соқпағандықтан да – сатамыз. Жай-күйді терістеу. Түсіндің бе?
Әйел. Иә, сатқымыз келмегендіктен – сатамыз. Түсіндің бе?
Дозақтың ер қызметшісі (Өңінде өкініш белгісі бар). Жә-жә... (Қалтасынан мың иен суырып) Міне... Тәп-тәуір іс тындырдым деп ойласаң керек. Есте ұста, сен маған тек таяқты ғана саудалаған жоқсың. Таяқ дегеніміз – мына сен...
Еркек сөздің аяғын тыңдамастан мың иенді жұлып ап, асыға-үсіге солға беттейді. Оның артынан ілескен Әйел бейқам күлімдеп, қол бұлғап барады.
Әйел. Байланыс үзілген ғасыр. (Осы сөзді жүре айтқан күйі сахнадан кетеді)
Дозақ қызметшілері арықтағы Таяққа қарата ексімдей жүріп барады. Аяқастынан Күн батып, көше тым-тырыс қалыпқа енеді. Алыстан балғалардың солқ-солқ соғылған дыбысы ғана еміс-еміс естіледі.
Дозақтың ер қызметшісі (Қос саусақпен лас таяқты қысып ап, қалтасынан гәзетті шығарып, ашып, сүрте бастайды). Бәрі – дұрыс, бәрі – дұрыс!..
Дозақтың әйел қызметшісі. Жер бетінде қызмет ету – қиын шаруа.
Дозақтың ер қызметшісі. Практикалық жетілудің ілкі күні сәтті өтті деп есепте.
Дозақтың әйел қызметшісі. Жүктелген міндет – ауыр!
Бір кезде таяққа айналған Адамның мазасы кетеді. Дозақ қызметшілері де тыным табар емес.
Балақай!
Дозақтың ер қызметшісі қобалжып, таяқты артына жасырады, сонан соң күртеше ішіне тығады, ақыры шалбарына сүңгітіп, бірнеше секунд қозғалмай тұрады. Таяққа айналған Адам жүзіндегі қиналыс көшіп, дозақ қызметшілері де өзін еркін сезіне бастайды.
Таяқ (Өзді-өзімен). Жоқ, бәрі орынша... Енді маған бәрібір...
Дозақтың ер қызметшісі (Таяқты суырып). Қазір не болар еді... масқара...
Дозақтың әйел қызметшісі. Бірақ, ол сондай қорғансыз...
Дозақтың ер қызметшісі. Жанашырлық – ісімізге кесір келтірер ғадет. Жарайды, ертерек басталық! (Таяқты ұсынып) Толған кедергі.
Дозақтың әйел қызметшісі (Таяқты алып, қолын созған қалпы ұстап тұрады). Жеп-жеңілін-ай!
Дозақтың ер қызметшісі. Алғашқы тәжірибе үшін таптырмас дүние. Ал, мен үйреткен ретпен бастағын...
Дозақтың әйел қызметшісі. Мақұл... (Талабы тастай оқушы ұқсап Таяқты жан-жағынан қарап, үңіле зерттейді). Ә дегенде көзге шалынатын нәрсе, Таяқтың басы мен аяғында айтарлықтай айырма бар... Жоғары жағы кір қолмен ұсталған... Ал, төменгісі қатты сүргілене тегістеліпті... Демек, таяқ бос жатпаған әрі тіршілігінде адамдар оны мақсатты түрде пайдаланған.
Таяқ (Өзді-өзімен ашуға булығып). Әлбетте. Ерінбеген ел...
Дозақтың әйел қызметшісі. Алайда, аямапты, асқан қатыгездікпен қараған. Үсті-басы – жара-жара, жаның ауырады екен...
Дозақтың ер қызметшісі (Күліп). Тамаша! «Жан ауырады» тіркесімін қалай ұғынсақ болар екен? Онда адамилықтың бір тамшысы бар.
Дозақтың әйел қызметшісі. Адамилық?
Дозақтың ер қызметшісі. Біздегі дозақи түсінікке сәйкес, бұл – жұмыстан қашпайтын, соған өзін толықтай арнаған, тұла бойы жарақат болғанша тынбайтын еңбеккер де адал таяқ.
Дозақтың әйел қызметшісі. Яғни, бұл – ештеңемен ерекшеленбес кәдуілгі таяқ. Ал, оны маймиған маймыл да қолдана алады. Ал, адам үшін тым қарапайым, қарабайыр.
Дозақтың ер қызметшісі (Күшене сөйлеп). Дәп сондықтан да ол – еңбекқор әрі адал. Ұқтың ба? Таяқ соқырға таяныш та бола алады, сондай-ақ итті де қақ бастан қақшитуы мүмкін. Иінтірек ұқсап ауыр затты да көтереді, жауды да жапыруы ғажап емес. Қысқасы, таяқ – барлық құрал-сайманның негізі.
Дозақтың әйел қызметшісі. Яғни, тұп-тура осындай таяқпен сэнсэй мені, ал мен сэнсэйды сабай алам ғой, иә?
Дозақтың ер қызметшісі. Бұл адалдық мәселесіне тірелмей ме? Қалай қолданса да, таяқтың аты – таяқ қой. «Таяқ» сөзінің түптамыры «адалдықта» жатыр деген теория да бар.
Дозақтың әйел қызметшісі (Түсініңкіремей). Бұл өкінішті жағдай болар еді...
Дозақтың ер қызметшісі. Бар әңгіме тірі Таяқтың өліге айналғаны туралы ғана ғой. Жердегі қызметшілерге сезімтал болуға тыйым салынған. Жалғастыра бер.
Дозақтың әйел қызметшісі. ...
Дозақтың ер қызметшісі. Ендеше, ойды жеткізудің мәні...
Дозақтың әйел қызметшісі (Есін жиып). Иә, әуелі штабқа қоңырау шалып, объект жоғалған жерді, уақытты айтып, куәландыратын нөмірді растау керек. Содан соң жазаны анықтап, түрі мен өлшемін тіркеу қажет.
Дозақтың ер қызметшісі. Қандай жаза қолданамыз?
Дозақтың әйел қызметшісі. ...
Дозақтың ер қызметшісі. Білуге тиіссің ғой, өте оп-оңай...
Дозақтың әйел қызметшісі. Жәдігерлер залындағының бәрін көретіндер сойынанмын (Басын иіп). Солардың ішінде таяқ бар ма екен?
Дозақтың ер қызметшісі. Болмауы да мүмкін.
Дозақтың әйел қызметшісі (Жеңілдеп). Онда, бұл тосын жайт болды ғой, солай ма?
Дозақтың ер қызметшісі. Сабыр ет, сабыр ет. Қазір практикалық жетілу жолындағы бастапқы қадамдар жасалғандықтан, саған бір кеңес берейін... Таяқ жәдігерлер залына қойылмаған дейсің, хош, бірақ тек таңғажайыпты ғана тамашалай беру де міндет емес шығар... Қайта, керісінше...
Дозақтың әйел қызметшісі (Енді ғана ұғып). Сондай-ақ, тым қарабайыр жәдігерді де қоймайды!
Дозақтың ер қызметшісі. Дәл солай. Соңғы оншақты жылда таяқтардың пайыздық мөлшері артуда. Оны айтасың, кей айларда тоқсан сегіз бүтін оннан төрт пайызы таяқтар болған кезді де көз көрді...
Дозақтың әйел қызметшісі. Е-е-е, есіме түсті... Сірә, оларды жазаға тартпай, тиіспей, дәл сол дәурен шеккендегідей қалпынша қалдыратын ұқсайды...
Дозақтың ер қызметшісі. Мынауың – жөн, енді.
Дозақтың әйел қызметшісі. Демек, жазаны тіркемей, тек куәландыратын нөмірді ғана растаса болғаны ғой?
Дозақтың ер қызметшісі. Дәл солай. Оқулықта да: «Күнәһар бола тұра жазаланбайтын жан таяққа айналып, Жер бетінде қала береді. Сол Жер іріп-шіріген таяқтардың бейітіне айналмақ» делінген ғой. Ескере жүрер ереже екен. Дозақта қолғабыс ететіндерді табу қиын.
Дозақтың әйел қызметшісі (Ықшамдау келген рацияны алып). Штабты шақырамыз ба?
Дозақтың ер қызметшісі (Рацияны қолынан жұлып алады). Алдымен, оның қалай жүзеге асатындығын көрсетейін. (Қосады.) Алло, штаб? Сөйлеп тұрған жергілікті МС қызметі – тәжірибе тобы.
Дозақтан естілген дауыс. Иә, штаб Сізді тыңдап тұр.
Дозақтың ер қызметшісі. Куәландыру нөмірін растауыңызды сұраймын. МС621... МС621... Қабылдауға көшейін.
Дозақтан естілген дауыс. Сізді түсіндім, МС621.
Дозақтың ер қызметшісі. Сағат жиырма екі минут, он секунд... Орын – Б аймағы, 32-бөлім, 4-градус. Таяққа айналған қалпы әмбебап дүкен шатырынан құладым... Қабылдауға көшейін.
Дозақтан естілген дауыс. Бәрі дұрыс, сізді түсіндім. Қабылдауға көшейін.
Дозақтың ер қызметшісі. Жазалаусыз. Тіркеуге болмайды. Қабылдауға көшейін.
Дозақтан естілген дауыс. Тіркеуге болмайды. Сізді түсіндім.
Дозақтың ер қызметшісі. Келесі тапсырманы хабарлаңызшы, өтініш.
Дозақтан естілген дауыс. Алты минут, жиырма төрт секундтан соң, Б-аймағы, 32-бөлік, 8-градус...
Дозақтың әйел қызметшісі (Қойын дәптерін ашып жаза бастайды). Стансы артында орналасқан.
Дозақтың ер қызметшісі. 32-бөлім, 8-градус, Сізді түсіндім.
Дозақтан естілген дауыс. Сәттілік серік болғай. Қабылдауға көшейін.
Дозақтың ер қызметшісі. Мазалағаным үшін ғапу етіңіз. Сізді түсіндім. (Бірден даусын өзгертіп.) Ыңғайсыздандырсам, айыпқа бұйырмаңыз, егер әйелім келе қалса, мынаны берсеңіз... Кілтті үйде қалдырып кетіппін.
Дозақтан естілген дауыс (Таңдайын қағып). Ондай-ондай боп тұрады. Осымен аяқтаймыз. Сәттілік тілеймін.
Дозақтың ер қызметшісі (Күліп). Сізді түсіндім. Сәлем. (Рацияны өшіреді.) Жалпы, жобамен – осындай.
Дозақтың әйел қызметшісі. Ұқтым.
Дозақтың ер қызметшісі. Даусыңда – сенім, бойыңда – сергектік жоқ қой. (Рациясын қайтарып береді).
Дозақтың әйел қызметшісі (Еріксіз жымиып). Жоға...
Дозақтың ер қызметшісі. Сонымен, мына Таяқпен осы жерде қоштасамыз ба, а?
Дозақтың әйел қызметшісі. Дәл өстіп қалдырып кетеміз бе?
Дозақтың ер қызметшісі. Маған жайың – белгілі, бірақ талап – сондай. (Бұрыла қарап, суағар торын байқап, соған Таяқты шаншиды.) Оны осы жерге қалдырып кетейік, өткен-кеткен елдің көзіне түсіп, тағы біреу жерден көтеріп әкетер. (Бір қадам артқа шегініп, тағы да жан-жағын байқастайды.) Айтары жоқ, ғажап-ақ. Таяққа қатысты шаруа тамаша тындырылды. Әгәрәки, оған плакат жапсырса...
Дозақтың әйел қызметшісі табанда таяққа жармасып, оны суырып алады.
Не істеп жатырсың?
Дозақтың әйел қызметшісі. Бұл – қатыгездіктің ең сорақысы.
Дозақтың ер қызметшісі. Қатыгездік? (Таңданған күйі үнсіз қалады.)
Дозақтың әйел қызметшісі. Таяқты әлгі балаға қайтарып берсек қалай? Егер оны мұнда қараусыз қалдырсақ...
Дозақтың ер қызметшісі. Көкіме. Қай-қайсысы үшін де таяқ таяқ қалпында қалмақ.
Дозақтың әйел қызметшісі. Алайда, ана бала үшін оның орны ерекше-ау.
Дозақтың ер қызметшісі. Неге?
Дозақтың әйел қызметшісі. Өйткені, саралау үшін себепкер болады, айнымас айғаққа тұмсық тірейді. Ол әкесі ұқсап Таяққа айналуға тиіс емес.
Дозақтың ер қызметшісі (Еріксіз күліп). Қайдағы саралау? Айта ғойшы, көңілі жай жан саралаумен шұғылдана ма екен?
Дозақтың әйел қызметшісі. Көңілі жай жан?
Дозақтың ер қызметшісі. Ол сол көңілі тоқтықтан Таяққа айналады емес пе?
Дозақтың әйел қызметшісі (Таяқтан көз алмады. Қысқа паузадан соң). Егер, Таяқ әңгімемізді естісе...
Таяқ (Естілер-естілмес қана өзді-өзімен сөйлеп). Естіп тұрмын, әрине. Бәрін басынан аяғына шейін тыңдап шықтым...
Дозақтың ер қызметшісі. Мамандығымнан тысқарыны әрі көп дүниенің анық-қанығын білмеймін, дегенмен теорияға сәйкес, ол кейбір дүниелерді естіп тұрған секілді.
Дозақтың әйел қызметшісі. Қызық боп тұр, егер Таяқ біздің сөзді естісе, не сезінер еді?
Дозақтың ер қызметшісі. Бәлки, сол таяққа тән сезімдерді шығар. Таяқтың сезінуі туралы мына әңгімеміз оны...
Дозақтың әйел қызметшісі. Бақытқа бастай ма?
Дозақтың ер қызметшісі (Күшене). Сөзсіз. Таяқтың таяқ екендігі жөніндегі тезис қылаяғы қисыни тұрғыдан да дәлелдеуге келмес. Жә, шаруамызға оралайық. Бізді кезекті жұмыс күтіп тұр.
Дозақтың әйел қызметшісі таяқты қайтадан асқан ұқыптылықпен суағар торына сұға салады. Онсыз да, дозақ қызметшілерінің әңгімесіне құштарлықпен құлақ түрген Таяққа айналған Адамның ендігі түрі тіпті өзгерді, кісі танығысыз өзгерді: тастай қатып, жүзі сұрланып, ашу шақырып, ашынып, қажып, торығып кетті, «шыдамның да шегі бар» деген.
Таяқ (Өзді-өзімен сөйлеп). Бақыт...
Дозақтың әйел қызметшісі. ...Мақұл, бірақ бір түсінбей тұрғаным, өлгенді қамшымен сабағандай кейіп танытудың керегі не?
Дозақтың ер қызметшісі. Дұрысында, сөз марқұмдар туралы емес. Біздің іс – адамдардың өлгенге дейінгі өмірін тәптіштеп тіркеу. (Даусын бәсеңдетіп.) Шынымды айтсам, бұған күмәнім бар. Әрі-беріден соң мына біз... шынайы өмірде тіршілік кешіп жүрміз бе, жоқ па?..
Дозақтың әйел қызметшісі. Түсінбедім, қалай сонда?
Дозақтың ер қызметшісі. Теорияға сай, өмір – адамның ажал алдындағы көретін түсі...
Дозақтың әйел қызметшісі. Егер расында да түс болса, онда үрейлі, жиренішті түс екен.
Дозақтың ер қызметшісі. Иә...
Дозақтың әйел қызметшісі. Жалпы, адам ешқашанда бақытқа кенелмейді. Бақыт қонып, бақ дарып, ал шынтуайтында жиренішті түс көру – ең қорқынышты қарама-қайшылық осында емес пе?
Дозақтың ер қызметшісі. «Қанағаттану минуттық күмәнмен тынады» деседі, жұрт. Қысқасы, артта еш белгі қалмас. (Серігін сергітпек ниетпен.) Ал, жылдамдатайық. Үш-ақ минут қалды, егер кешіксек кешірілмес жайтқа душар болармыз... (Оны еліктіріп әкетпек пейілмен.) Ештеңе жоқ, үйренесің. Бұрнада, бұндай біздің де бастан өткен. Адамның келбет-кеспіріне алданба. Бір нәрсені есте ұстағын, өмірде мына Таяқ, сол баз-баяғы таяқ күйінде дәурен шеккен...
Дозақтың әйел қызметшісі (Таяққа қайта-қайта қарайлағанымен, бірте-бірте жуасыды). Ал, келесі адам да таяқ па?
Дозақтың ер қызметшісі. Тың дүние болса игі еді...
Дозақтың әйел қызметшісі. Бізден таяқты қағып әкеткен әлгі екеу есіңізде ғой... Сіздіңше, олар қай затқа айналар екен?
Дозақтың ер қызметшісі. А-а, аналар ма?
Дозақтың әйел қызметшісі. Таяққа емес пе екен?
Дозақтың ер қызметшісі. Таяққа болмаса да, резеңке құбыршекке ұқсас затқа да...
Дозақ қызметшілері солға қарата кетеді.
Таяқ (Өзді-өзімен). Бақытты?.. Мына мен бе?.. Көйлегі – көк... тамағы – тоқ... қамсыз жан... баласын тастап, шатырдан құлай ма екен?
Сахнаның түпкі жағында Дозақ қызметшілерінің сұлбасы көрінеді.
Дозақтың ер қызметшісі.
Пенициллинмен көмескіленген батпақ түстес аспан,
Сызды да суық, ластанған жерде,
Өзді-өзін... өз бет-бейнесін жоғалтқан тағы бір адам,
Таяққа айналды.
Дозақтың әйел қызметшісі.
Растау қабылданды.
Тіркеуге болмайды.
Таяққа айналған,
Оның бақыты – бақытсыздығында.
Таяқ (Өзімен-өзі). Жоқ, бірде-бір рет бақыт құшпаппын. Бірақ, таяқтан бөлек, кім болғым келер еді? Расында да, бұл әлемде бәрі тек таяқты ғана қолданады!
Дозақтың ер қызметшісі.
Растау қабылданды.
Тіркеуге болмайды.
Таяқ пішіндес адам,
Орнынан қозғала алар емес және
Көңілінде – алаң бар.
Дозақтың әйел қызметшісі.
Егер дене қышыса,
Не істеу керек?
Дозақтың ер қызметшісі.
Әлемде,
Арқасын қаси алатын,
Таяқ жоқ қой.
Дозақтың әйел қызметшісі.
Сонда да, алаңдама, қапа болмағын,
Жалғыз емессің.
Дозақтың ер қызметшісі (Алға озып, көрермендерге қарап). Сені қоршаған, таяқтардан құралған орманға қарашы, әне. Осы момындардың ешқайсысы таяқ емес, өзгеше болам деп бірде-бір рет ойланып көрген емес. Әрқайсысының бір ғана арманы бар, бұл – ерекше таяқ болу. Адамдар, бұл – таяқтар, олар оттан да, соттан да, жазадан да қорықпауға тиіс... (Кенеттен даусын құбылтып, көрермендер отырған залға секіретінсіп.) Жоқ, кекетіп-мұқатудан аулақпын... және әдепсіз де көрінгім келмейді. Тіпті... (Күлгенсіп) Мен қарапайым шындықты, жауып-жасыруға келмес шындықты айтып тұрмын...
Дозақтың әйел қызметшісі (Таяққа айналған Адамның жанына жақындап, жалбарына сөйлеп). Иә, дұрыс. Сен жалғыз емессің. Сенің досың көп... олар да өзің секілді таяққа айналған...
Шымылдық
*Хиппи – 1960-жылдары АҚШ-та пайда болған субмәдениет.
**Сэнсэй – жапон жұртының құрметті жанға я өзінен жасы үлкен кісіге айтылатын сөзі, қазақтың «мырза» дегенімен мәндес ұғым.
***Иен – Жапонияның ақша бірлігі, әлемнің негізгі резервтік валюталарының бірі.
****Галантереялық дүкен – ұсақ-түйек заттар сатылатын арнаулы орын.
Орыс тілінен аударған:
Әлібек Байбол.
Ескерту: аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында.