Төкен Әлжантегі. «Сыйлық» (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5376

Қаладағы еңселі үйлердің бір қалтарысына бой тіктеген, құрылыс жобасы Үндіқытай елдері сәулет кескінін сипаттайтын, әлденеше қат шатырларының етектері қайырыла қиюластырылған, қабырғалары ұлу тектес тастардан өрілген ғимараттың ішіне өткенде өзімді жайсыздау сезінгенімді мойындауға мәжбүрмін. Оған салдар: әрқайсысы бір-бір қаралық люстралардан төгілген жарықтың ішкі жиһаздармен үндестік таба бөлмелерді алтын түстес бояуға қанықтырған ерекше сұлулық сипатынан жасқанғанымнан, сонымен қатар, қаздаң-қаздаң басқан мардымсу мен маңғаздық телегейіне малтыққандардың мысы басқанынан, әйтеуір тізесі ақжемдене бастаған джинси шалбарыма ыңғайсыздана осында келуіме себепкер болған ауылдасымның соңынан бүгежіктей ере бергенім анық-ты. 

Ғажабы сонда, анау-мынауды ішке кіргізбек тұрмақ тесіктен сығалатпайтын иықты, оқтау жұтқандай бойшаң жігіттер Болатайды бұрыннан таныйды ма, алдымызды кес-кестеместен, жымиыстарын жая бізді көздерімен ұзатысып салысты. Ал, бұл көрініске мән бермеген досым басын кекжиткен қалпы екінші қабатқа көтеріліп, ондағы үлкен бір бөлменің есігін ашқан сәтте қалт бөгеле:

- Пәлі! Төрт көз түгел жиналыпты ғой! Ештеңеден қысылма, өз үйіңде жүргендей еркін сезін, - деді маған қарай басын сәл қисайта сыбырлап, - Түсінісе алсаң бұл орта уақыты жеткенде сені де демеп жібереді.

Кіммен де түсінісе білген жақсы-ақ. Ол басы ашық дүние. Дегенмен біреудің көмегіне зәру сияқты емес едім. Сонда демегені несі? Осы жағын пысықтауға үлгермедім, әп-сәтте жанымызда пайда болған домалаңдаған қызылшырайлы жігіт алдымды орап кетті: 

- Оу, Бола, келіп қалғанбысың? Төрлет, бауырым, төрлет!

Ол Болатаймен төс түйістіре амандасты. Әріде «мынау кім?» дегендей мен жаққа ажырая қарағанда ауылдасым жымиды:

- Елден болады. Көріспегелі біраз жылдың жүзі өткен еді, бүгін үйге арнайы іздеп келген екен. Содан «қонаққа баратын едім» демейсің ғой, бір адамды ауырсынбас деп сені өзімсіне ертіп келгенім.

Мынаны естігенде толықтығына қарамастан майлы ішекте лықсығандай лыпыл қағып тұрған жігіт томпақ бетін одан әрмен жасанта, әкесі базардан келгендей ыржиды.

- Жөн-ақ! Сенің жақындарыңды ауырсынсам несіне жер басып жүрмін!? Бірін емес, бірнешеуін әкелсең ләм дермін бе! Алайда... айып етпесең, біле жүргеніміз жөн шығар, бұл замандасты қонақтарға кім деп таныстырғаным дұрыс?..

Болатай езу тартты:

- Кім дебің не, құрдас-ау? Ақын де. Кәдімгі кітабы шыққан, елге танымал ақын деп айт.

Анау алғашында көзі бақырая аңырды, сонсын барып сөз ауанын түсінгендей өз маңдайын өзі алақанымен салып қалды: 

- Е-е, тақпақ жазады екен ғой!.. 

- Иә, тақпақтарыңның түбін түсіреді.

- Түсінікті.

- Түсінсең бопты. Онда мен ана жақтағы жиналғандармен амандасып қайтайын. Әйтпесе жеңгелеріміз өкпелей еріндерін шүртитісіп, ағаларымыз «елемедің» деп ерлерін бауырларына ала тулап жүрер.

- Әлбетте, Бола, әлбетте. Біздің дәл бұлай қауқиып жүргеніміз осы аға-жеңгелеріміздің арқасы ғой...

Қонақтардың қарасы жиырмашақты адам мұғдары болар деп жобаладым. Дегенмен, дастархан иесі жас көрінгенмен, құралпыластардан да ересектердің басымдығы байқалады. Алды таяқ ұстағандар болса, кейінгілері қырқылжың мен қырма сақалдылықтан асып жығылғандар. Араларында жалтырақтарын тағына жасанып алған әйелзаттары да баршылық. Әзірге бәрі ырду-дырдудан аулақ – еркектер бөлек те, әйелдер өз беттерімен әңгіме-дүкен құрған мамыражай шақ.

Әйелдердің жанынан бас изесе өтіп бара жатқанымызда бір тосындықтың орын алғаны. Қалғандарына қарағанда бойшаң, сида, иығына гүлді орама жамылған ақсары апайдың елді елең еткізе:

- Әй, Болатай, қайным, жетегіңдегің кім, сыйлығың ба? – деп қалғаны. Мынаны естігенде сол маңдағылар таңданыстарын жасырмастан біз жаққа ошарыла қарасты.

Болатай сабырлы.

- Құдай сақтасын, ханым!

- Ол сақтанғанды ғана сақтайды. Ал, бүгінгілер не сақтануды, не сақтай білуді білмейді. Сонсын сұрап жатқаным да...

- Әзірге шеңберден шығып кетпегенімізге иланыңыз.

- Олай болса сұрағанымды айыпқа бұйырмағайсың.

- Ол не дегеніңіз, жеңеше! Біздің тілегіміз сіздердің амандықтарыңыз, сол амандықтың арқасында жадырап жүргендеріңіз.

- Ниетіңе рахмет! Әйткенмен, жадырап жүру үшін де жағдай керек екенін естен шығармағандарың жақсы. Әйтпесе...

Ана кісі сәл іркілгенде араға тағы бір апайдың қыстырылғаны:

- Мына қатын қайтеді-ей!?. Әй, қой! Ойнаймын деп ойыңдағыңды айтып қоярсың енді сөйлесең... – деді ол шиық-шиық күліп. 

Бұған ақсары апай айылын да жимады:

- Е-е, айтса несі бар! Төмен етектіге қайынды не үшін береді? Ағасының жоқтығын білдіртпеу үшін бере салады. Шындығында біз көрдегіні емес, жердегіні айтып жатырмыз ғой, ендеше мысқылыңды маған бағыттамай ышқырыңа қыстыра тұрғаның жөн, - деп оның бетін қайтарып тастады.

Дәл сол шамада сонадайдан бір ақсақал дыбыс салмағанда мына доданың қаншаға жалғасары белгісіз еді, үлкеннен жасқана ақсары апай тілін тістей қалғанда біз төрге қарай жылыстай жөнелдік...


***


«Жетегіңдегің кім, сыйлығың ба?» 

Жастау қонақтарға өзін жеңге деп әспеттеген ақсары апайдың шәлкем-шалыс сұрағына әуел баста мән бермегенмін. Оны жәй бір, қисынсыз жерде айтыла салған өтпелі сөздей қабылдағанмын да қойғанмын. Алайда, әр-әр тұстан құмығыңқы естілген мырс-мырс күлкі көмекейден шыққанның иесі болатынын айғақтап, әрбір айтылғанға абай болуыма ишара жасағандай-ды. Солай бола тұра, қас пен көздің арасында, танымайтын ортада ненің байыбына барғандайсың, елірмеге елікпей, еңсемді түсірмей алға озғаным анық еді.

Бұл көңіл-күйім дастархан басында да өзгермеді. Қонақтар нені жесе содан дәм татып, нені ішсе сол сусынмен шөл басып отырғанымда аяқ астынан дүниенің апай-топай болып кеткені. Бәріне себепкер суретке түсіруге келген егделеу кісінің бір ауыз сөзі.

- Мен сыйлықпын, - деді ол түсіру апаратын ыңғайлаған бетте ана тұстан бір, мына тұстан екі шыға шырт-шырт басумен жүріп, - Жарасқан Жанасылұлының сыйлығы деп білгейсіздер. 

Жүрегім су ете түсті. Міне, гәп қайда! Қарапайым киіміме, сонсын Болатайдың соңынан ерген сықпытыма қарап мыналар мені де «сыйлық» деп шамалап қалған-ау, тәрізі. Әйтеуір, әжік-бүжіктің арасында бәрінің орнына келгеніне тәуба. Оған әсіресе әй-шәйға қарамай тілін безей жөнелер ақсары апамыздың көзі жеткеніне шүкірлік.

Шүкірлікке жүгініп отырғанымда қапияда француз режиссері Франсис Вебердің «Ойыншық» атты фильміндегі оқиғалар есіме сап етсін. Бас кейіпкер бейнесін сомдаған Пьер Ришардың билік пен байлық иесінің баласы қалаған жанды қуыршаққа айналуы, ақырында қамкөңіл баламен мүдде жарастығын тауып екеуінің әділетсіздікке қарсы өз әлдерінше бас көтерулері, сөйтіп қоғамдағы дерттің дауасына септесуге әрекет жасауы – бұл адамдық құндылықтар кейінге ысырылып, бөрілік шеңгел тырнағын батырған уақыт сипатын көрсетуге бағытталған туынды еді ғой. Ойыны осылған тірлікте адамдардың ойыншыққа айналуы оп-оңай екенін жадыға салар фильм көрермендерін күле отырып күрсінуге жетелеген. Жарайды дейік, өмірде кездесер сәттілік талшығына талақша жабысар жоқ-жітікті жанға ілуде бір бұйырар тағдыр тарысы қымбат-ақ болсын, сонда шашам десе нені болмасын шаша алатын, алам десе айды алақанына қондыруға жағдайы бар еріккен бай баласына қырыстыққа не жорық? Сөйтсек,  әр тіршілік иесінің өз күйігі мен қыжылы болатыны мына туындыда анықтыққа соқпақ түсіріпті. Ерке де болса есті бала әкесінің өздерімен бірге тұрмай, өзге әйелмен түтін түтеткеніне қарсылығын өзінше осылай білдіруге тырысыпты. Ол үшін бақ пен бақыт ордасы отбасы ымырасында екен. Ал қалғаны... қалғаны жай әурешілік қана.

Ақыр соңында жылылық пен мейірімге зәру бала өз жоғын ойда-жоқта кездескен «ойыншық» адамынан тапты. Айып па? Бұлай табалауға ешкімнің дәті бармас. Адами ықыласқа қанбаған тұста ұшпаққа шығамын деу кім үшін де ақымақтық. Ал ақымақтық барда алысты орағытуға пейіл беру әлбетте қисынсыздыққа жатады. 

Көрер мен кешерден бас тартпай, үзіліс барысында дәлізге шыққанымда ақсары апаймен қайтадан ұшырастым. Ол қабырғаға қашалған мозайка суретті тамашалап тұрғандай әсер қалдырды.

- Ә, бұл сенбісің? – деді ол мені байқағанын білдіре сонадайдан дыбыс салып, - Кел, қайным, бері келе қал.

Жанына жақындағанымда мойнын да бұрмастан сөйлеп кетті:

- Шырағым! Бордақыда тұрған өгіз не білген? Оттықтағы шөбі мен жемін жеп, астаудағы суын ішуді ғана білген. Ертең қасапшының алдына баратыны жанын қинамайды, өйткені оны түсінуге шамасы жетпейді. Несін жасырайын, кейбір еркектерді дәл осы өгізге ұқсатамын. Ішеді, жейді, ақыр соңында қарнын сипалаудан аспай диванды күзетеді. Әрідегі бар бітіретіндері асүйде жүрген ошақұстарларына жекіргеніне мәз. Сонда деймін-ау, сонда олар өздері не тындырдым деп күпсінеді, ә? Бақсам бақа екен демекші – байқасам Жаратқан ием еркек атаулына астамдықты жазғандай екен. Күш астамдығы, күпініс астамдығы, қала берді күпірлік астамдығы. Сен де солардың қатарынансың, айналайын. Бірақ сенің сәл басқарақтығыңа көзім жетеді. Өйткені ақынсың, ақын болғаннан кейін дүниені қабылдауың өзгелерден бөлекше болуға тиісті. Сондықтан мынаны айта қойшы, осыдан бес ғасыр бұрын салынған Леонардо да Винчидің «Мона Лизасындағы» әйелдің жұмбақ жымиысын қалай түсіндіресің? Кейде, ойланып отырсам, оның астарында мүлдем басқа тұңғиық жатқандай. Сонда ол не? Тылсым тұңғиығына бөккен қандай сыр? Ұғынуға мыйым жетер емес. Кәне, сыбырлап жіберші мендей бейбаққа?

Жөппелдемеде не айта қойғандаймын, кібіртіктей қалғанымда ақсары апай иығындағы гүлді орамасын түзей ойын әрі қарай сабақтады:

- Бүгінгі жастарға Лизаның жымиысын аңдау неге керек? Қазір көшеге шығып кетсе он, қаласа жиырма қыздың езуінен күлкі көре алады. Солай емес пе? Жарайды, мұны кейінге қалдыра тұрып Перовтың «Асудағы аңшылар» картинасына көңіл аударайық. Ана, атып алған олжаларына қоқиланған үш аңшының суретін айтамын. Олар несіне мәз-мәйрәм?

- ...

- Міне, көрдің бе, шырағым, сендер жансыз мозайкалардың әсерімен жетілген ұрпақсыңдар. Сондықтан жандыдан гөрі жансызға жақынсыңдар, яғни жасандыға үйірсексіңдер. Тыңда ендеше, жұрт Лизаның жымиысынан нәзіктік пен сұлулықты аңдаса мен мысқыл ұшығын көргендей боламын. Өмірге деген, бағанадан бері айтып тұрған еркектің астамдығына деген мысқылды. Ал, ана үш аңшыда мүлдем ұят жоқ сияқты. Түрлеріне қарашы, тоғышарлықтың томыртқасын шайқап ішіп отырғанға ұқсайды ғой, ә?!

Ол мырс ете қалып, артынан орамасының шетімен ауызын баса қойды.

- Айып етпе, қайным. Анда-санда осылай желігіп алмасақ бір сарынды тірлік әбден мезі еткен қатындармыз біздер. Алғашында сені «сыйлық» деп ойлағанмын. Сатып алуға да ниетім ауған. Әйткенмен кейіннен еркіндігіңді көріп райымнан қайтқанымды жасырмаймын. Ертеңің бар, жалпы есіңде жүрсін, «сыйлық» деген біздің айналамыздағылардың ғана алданышы емес, қала байшыкештерінің өздерінше ойлап тапқан бір ермегі...

Апайымыз мен жаққа көз қырын салар емес, түрлі-түсті ұсақ тастардан қиюластырылған суретті тамашалағандай соған қадалып қалыпты.

- Сен осы кімсің: бойдақпысың, әлде борпескемісің? - деп сұрады әлден шамада дауысы тарғылдана.

- Әзірге бойдақпын.

Оқыстан жалт бұрылды.

- Шалбар ауын несіне бостан-босқа дымдап жүрсің, ә?!

Шаңқ еткен дауыстан шошып кетсем керек ақсары апай сәл жымия қабағын керді.

- Мен әйелмін, шырағым. Әйел болғаннан кейін айдай дүниені алақанымнан айырғым келмейді. Сен де есіңді жи, айналайын. Бойдақ болсаң тіптен жақсы. Ана бұрышта отырған үріп ауызға салғандай қызды көрдің бе? Түйсігім алдамаса - әлі бұзылмаған бала. Соны жетекте де кет мына жерден. Неғұрлым тезірек жоғалсаңдар солғұрлым ана қызға да, өзіңе де сауапты іс істейсің. Түсіндің бе?

Ақсары апай бұдан әріде мына жерде аялдаудың жөні жоқ деп тапты ма қонақтар жиналған бөлмеге қарай аяңдап бара жатып, орта жолға жеткенде кенеттен кілт бөгеліс тапты:

- Қайным-ау, жындыхананы бірнеше жыл басқарған адамның өзі де жынды болып кетеді деуші еді, сол рас та шығар. Шашылмай жүргенімізге тәубе дейміз біз. Басқаша жағдайда өлең мен тақпақты айыра алатын едік қой, - деді сонсын жымиып. Онымен де тоқтамады:

«Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,

Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.

Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,

Жұлдызды – жүзік, 

Айды алқа ғып берейін, - деп Мағжан ағамыз үздіккен әйелзатынанбыз ғой, айналайын, айып етпегейсің... - деді тағы сампылдап.

Екеуара әңгімеге нүкте қойылғанын екеуіміз де ұққандай едік...


***


Ақсары апай меңзеген қызды әуелден аңдағанмын. Қонақ қабылдар үлкен бөлменің бір бұрышына қойылған жеке столда күнұзақты жападан жалғыз тапжылмастан отырған. Ешкіммен араласпай, тек алдындағы журнал ма, әлде кітапша ма, бірдеңені ақтарыстыра қарағанына сайып оны даяшы, болмаса осы жерде жұмыс істейтін бір қызметкерге балағанмын. Сөйтсем, «сыйлық» екен ғой. Мұндайды кім көрген? Көрмек тұрмақ бұрындары естісем керең болып қалайын.

Адам деген де түсініп болмас қызық жаратылыс иесі ғой, бағана ғана елемек түгілі елең етерлік ілтипаттан қашық қызға енді қабақ астынан ұрлана көз тастайтын, тастағанда да ұзақтау қарап қалатын әдет тауып алдым. Біртүрлі жаратылған жан сияқты. Төзіміне ішек тартқандайсың. Орындығына желімделіп қалғандай тыпыр етпейді-ау, тыпыр етпейді. Ең құрымаса жан-жағында болып жатқан қимыл-қозғалыстарға бір мезет елең етсе-ші. Жоқ. Дүние бөлек, ол бөлек. Екі бөлектің бір бүтіндікке сыйыспайтынын дәлелдегісі келгендей тым марғау. 

Жақындасуға ниетім ауды. Жоқты-барды қотарыстырып әңгімелескім келді. Батылдығым ұстап жанына қалай жеткенімді байқамадым. Таныстық. «Айлас әйел – мұңдас» дегендейін мына бейтаныс ортадағы екі оқшау жан тез-ақ тіл табысып кеттік. Жиырманың ол жақ, бұл жағындағы сүп-сүйкімді бойжеткен. Есімі – Назгүл.

- Жұмысқа жаңадан тұрдым ғой, - деді өз жайынан хабар бергенде, - Содан басшымыз: «Мына мекен-жайға, мына кісінің алдына барасың да «мен сыйлықпын» дейсің. Болды. Қалғанын, жағдайға қарай, өздері шешіп алады», - дегеннен кейін келгенмін. Ендігі отырысым осы. Бір адам елеп-екшеген емес. Қызық өздері...

Бесік табы жанынан кетпеген бейкүнә бір жан. Өзін керемет тапсырма атқарып жүрген қызметкер есебінде сезінеді. Ақсары әйелдің күдігі шынға айналып, басына іс түссе қайтпек? Арам қатқаны ғой...

Сөзінен тағы аңғарғаным, қалаға жақында келген. Жездесі мен апасының қолында тұрады. Елдегі колледжді тәмәмдапты. Содан әке-шешесіне қолғабыс жасап жүріп артынан ерген сіңлісі жетілгесін үлкен жерге жеткен. Қазір бір жекеменшік сауда орнына тұяқ іліктіріпті. Барып кел, шауып келдің адамы. Бары осы.

- Мына жерде біреу-міреу көз сүзеді, немесе әлденеге қолқа салады деп қорықпайсың ба? - деген сұрағыма көзі бақырая, түрі бұзыла қарады.

- Ой, ағай, сіз де айтасыз-ау! Мұнда жүргендер, әнеу бір-екеуінен басқасы, әкем, тіпті атам қатарлы жандар емес пе! Ұят та...

Ұят, аятқа сенеді. Жабайы табиғаттағы сияқты бірін-бірі түтіп жеген ашкөздік пен қорқаулықтан мүлдем хабар-ошарсыз. Мұндай да болады екен-ау. Әлде мына қыз жерде қалтылдаған пенде атаулыдан емес, аспаннан салбырай түскен періштелер қатарынан шығар? Ол да мүмкін. Өйткені тым аңғал. «Ана жерде өгіз бұзаулап жатыр» десең «уызға жарыйтын болдық» деп қарап тұратынның нағыз өзі.

Аянышым оянды. Тіпті, одан да бөлек бір сезім жүрек тұсымды түрткілегенін жасырсам өтірікші атанатынымды ұққаным енді ғана.

- Сәлден күдіктенсең маған айт. Ешкімнің басынуына жол бермеймін! - дедім еркінси. Аспанды қос қолыммен тіреп тұрғандай батыл сөйледім. Назгүл сенді. Сенгені ғой:

- Рахмет, ағай! - деді нұрлана, - Мынадай жат ортада сүйенішім, әрине, сіз ғанасыз!

Алақаныма әлем сыйып кеткендей сезімде тұрдым.


***


Сең екінші отырыстан кейін қозғалды. Әуелі қызылсудың жүргенін байқатқан еркектерге тән екеу ара, үшеу ара сыбыр-күбір көбейіп, артынан бүгінгі дастархан иесі әрі мына ғимараттың қожайыны домалаңдаған қызылшырайлы жігіттің пәрменімен қуыс-қуыстың бір бөлігіне жасырынған бөлмеге қарай емпеңдеген қызметкерлер өз істерін тындырып қайтқан мұғдарда қонақтар бір-біріне ым қағысып, содан әріде зерлі таяқ ұстаған үлкен кісіге демеу білдірген бір-екі жан оны әлгі бөлмеге қарай бастай жөнелді.

- Бұқаның өзі қартайғанмен танауы қартаймайды деген осы екен-ау!.. - деді мынаны көргенде Болатай басын шайқай тұрып. 

Селк еттім.

- Танауы несі? Мына шалдың оған не қатысы бар?

Ауылдасым езуін құлақ түбіне жеткізе ыржиды:

- Жас иіс дегенің өлген еркекті көрден тұрғызатынын білмеуші ме едің...

Денем түршікті. Жаным мұрынымның ұшына тығылды.

- Сонда жас иісің анау «сыйлық» қыз болғаны ма?

- Басқа кім деп едің? Ол – сыйлық. Ал, сыйлықты сандыққа салып тастағаннан қызықтаған жақсы.

Міне, мәселе қайда! Ақсары апай осыны білген екен-ау!

Қызға жетуге асықтым. Назгүл ештеңеден хабарсыз. Қос бетіне қос шұңқырын қондырып алып жымияды келіп.

- Тез қарамызды батырайық, әйтпесе жаман болайын деп тұр! - дедім алқынып.

Қыз иығын қиқаң еткізді.

- Жаманы несі? Не жаман?

Басыма қан тепті.

- Енді сәл кешіксең еркектердің қолжаулығына айналасың! 

Сенетін емес:

- Қойыңызшы, қара аспаннан қан жаудырардай не көрініпті... - дейді еркелеген сыңайда, - Мен ешкімге жаманшылық жасамаған сияқты едім...

- Сен жасамасаң олар жасайды, білдің бе!

Ары қарай сөзіміз үзіліп қалды. Жанымызға әлекедей жаланған жігіттер келіп қалған екен.

- Сізді «бос» шақырып жатыр, - деді оның бірі сыпайы.

- «Бос» деген кім?

- Бастығыңыз сізді кімге жіберіп еді – сол адам. Жолығып кетсін дейді.

Назгүл маған қарап жымиды. «Көрдің бе, олар бассыздыққа бармайды», деген астар бар мына көзқарасында.

Қыз бен нөкерлер әріге беттегенде ішімді аш бөрілер тырмалады. «Неге жібердім. Қолдарында өлуім керек еді!» Мұны ойым айтқанымен ықтиярым әрекетке барар емес. Сәл қозғалсам ана жігіттердің шыбын сияқты қабырғаға жапсыра салатынын білемін. Сонда не істесем болғандай?

- Жігіт емес, мігіт екенсің! Саған үміт артқан мен ақымақпын! - Ақсары апамыз ашудан булығады, - Кетіңдер дедім ғой мен сендерге! Қараларыңды батырыңдар дегенмін...

Ауызыма сөз түсер емес.

- Мен... мен...

- Құры әрі!.. Ертеңгі күні біреу сені де тірегім бар деп ауызынан ақ көбік ағызады-ау!..

Ақсары апайдың соңын ала Болатай жақындады. Мына болып жатқандай оқиғаларды көре-көре еті өліп кеткендіктен бе ештеңені уайымдап, ештеңеге бас қатырар сыңайы байқалмайды.

- Әй, бүгіндікке осы да жетеді, енді қайтайық, - дейді қанағат күйде.

Көр-жерін тегіс қотарыстырып боқтағым келді. Батылым жетпеді.

Маған салса қызды күтпегім бар-ды. Бәлкім, бөрі тісі тимейтін шығар деген үміт алыстан ыңырсығандай болған. Бірақ... Басқаша шықса ше? Қыз көзіне қарауға батылым жетпейтінін түсіндім. 

Болатайдың соңынан түн қараңғылығына сіңісе салпақтап бара жатқаным есімде...

Төкен Әлжантегі

author

Төкен Әлжантегі

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...