Жадыра Шамұратова. Жалғыз көз (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
12296

Мені мектепте «төрткөз» деп мазақтайтын, сотқар ұлдар осыған кәдімгідей уақыт шығындайтын, қыста, жазда, үзілісте... Ал шынына келгенде жай ғана «қоян» деп атай салуға да болар еді, өйткені алдыңғы күрек тістерім қояндыкіндей еді. Ол кезде ауылда көзілдірікті бала көп емес, шамасы мен диоптриясы – 10, жиегі арзан пластмассадан жасалған ұсқынсыз көзілдірігімді киіп алып сотқарлардың жынына тиетін болуым керек. Көздің бұлшықеті түйіліп қалғаннан ба әлде туа бітті кемістік пе, көзім түйін салған жас қияр тәрізді алға шығып тұрады (миопия дейді), оның үстіне оң көз көру процесіне мүлдем қатыспайды. Екі көз екі түрлі көретін болғандықтан, ми осы бір-бірінен мүлдем алшақ көріністі қабылдай алмай, бір көзге ғана басымдық беріліп, екіншісінің қабілеті төмендейді екен. Медицинада мұны амблиопия дейін көрінеді. 

Бар сенерім жалғыз көзім. Бірақ жалғыз көзді дәу деген теңеу маған келмейтін, бойым қортық, өзім әлжуаз едім. Жалғыз көзді пері деуге де ыңғайсыз, аңыздағы перінің қыздары сұлу болады дегенді естігем. Тіпті сыңар көзі болған күннің өзінде де... 

Қиялшыл баланың әдетімен күндердің күнінде сібір халықтарының ертегісінде айтылатындай адамның торғай тілін түсінетініне, фантастикалық шығармаларда жазылатындай роботтардың адамдарға қызмет көрсетіп, тамақ пісіретініне және марсиандардың жерге жиірек қонаққа келіп тұратынына сенуші едім, бірақ «төрткөздерден» өскенде кәдімгідей дұрыс адам шығатынына әркез күмәнді болдым. Суретке түскім келмейтін, өйткені көзілдіріктің әйнегі камераға шағылысып қалады да сурет дұрыс шықпайды. Айнаға да қарамайтынмын, бәрібір өзі бір уыс бетіңнің жартысын көзілдірік алып тұрады. Оның үстіне мұрным да ешқандай әдемі емес, бұрын-соңды көрмеген бір құстың тұмсығын елестететін. Өзіңе деген осындай сенімсіздіктен кейін тақтаға шыққанда толқымай, дірілдемей қалай сөйлеуге болады? Әйтеуір, «төрткөздер» маған ұнамайтын, зәуде кездестіре қалсам жақындамауға тырысамын. Олардан өзімді көретінмін. Көз жанары әлсіз, қалың әйнекті көзілдірік таққан балалар өз тетелестерімен қуыспақ ойнаған кезде қабырғаға соғылып, мұрнын бұзып жүретін болғасын, не тегіс жерден сүрініп-шалынып, мазаққа қалатындықтан оңаша ойнап үйренеді, біреуді ренжітіп алудан қорқады, әлдекім бетіме ауыр сөз айтпаса екен, жасқана деп өседі. Шулы жерден аулақта, ешкімнің көзіне түспей, кітап оқып отыратын «төрткөздерден» қайдан мықты адам шықсын...

Бала кезде әкем қалаға апарып жасатқан операциядан қайран болмады. Келе-келе осы кезге дейін мені жетектеп жүрген жалғыз көзім тез шаршайтын болды, ылғи түйіліп ауырып тұрады, түбі шаншиды. Ұзақ отыра алмайтын болғасын бір мақаланы жеті бөліп жазатын болдым. Дәрігерлер жарытып ештеңе айтпайды. Өзі жалғыз көз болса, ол сөніп қалса не болмақ? Өмірде дүниенің дидарын көрмеген адамдар бар ғой, көп болса солардың халін кешермін, бірақ, балалар қайтеді, олардың асын кім пісіріп, жағасын кім түзейді. Күйеуім ше? Әрі-беріден соң жұмысты кім істейді? Уайым кірді. Егер сенің өлімсіреген жалғыз ғана шырағың болса және ол апақ-сапақта сөніп қалса... ағыл-тегіл адам арасынан ешкімді, ештеңені көрмей, нақты, шын өмірдің ішінде келе жатып адамнан да, қоғамнан да бөлектеніп, таяғыңды алдыға созып, өзің басыңды артқа шалқайтып, бәрінен тысқары, қап-қара кеңістікті қақ жарып өз жөніңмен кетіп бара жатар ма едің? Жалғыз. Бұл мүмкін соншалықты қорқынышты да емес шығар. Айналып келгенде адам бәрібір жалғыз емес пе?

Осы жанарсыз адамдар түс көре ме екен деп ойлаймын бір сәт... көрсе ол түсі түрлі-түсті ме, әлде бірыңғай ақ пен қара түстен тұра ма, ол түстерде адамның бет әлпеті мен образы емес, дыбыс, иіс пен әсер ғана болатын шығар. Жанарсыз адамда «алтыншы түйсік» оянатындықтан олар рухани кемелденуге жетеді дейді, ақылгөй Демокрит философияға басы бүтін берілуі үшін әдейі соқыр болыпты деген аңыз бар. Мен көзімді жұмып, өзімді жанарсыз адам ретінде елестетіп көремін, екі қолымды алға созып, мына дүниедегі сөз бе... ән бе... ой ма, бәрін маңдайдағы емес, көкірек көзіммен қабылдап алмақшымын. Осы кезде құлағыма келген әуенді бұрын естіген сияқты боламын. Сөздер де таныс. Ойды ести алмасаң да сезінесің. Көз жанары әлсіз адамдардың сезімтал келетіні содан. Бірақ, осы сәтте сезімтал болғым келмейтінін түсіндім, философияны да ұнатпаймын, оның қатпар-қыртысына бойларлық шама да жоқ, көзің көрмесе даналыққа жеткеннің не мәні бар деген ойлар кимелейді. 

Ішіңдегі арман-мұратыңа оттегі беріп, бойыңа сәт сайын үстемелеп күш қосатын атаққұмарлық адамды алға сүйрейді, адам атағын шығару үшін тау қопарады, ғылыми өнертабыстар жасайды, еңбектенеді, оның жемісін бүкіл адамзат көреді. Жас кезімде мен де ерекшелеу бірдеңе жазсам, оған басқалар таңғалса деуші едім. Келе-келе ол мақсатым түкке тұрмайтын далбаса әрі күлкілі болып көрінді, ешкімге, ештеңеге назар аудармайтын, бәріне немқұрайлы қалып таптым, тіпті өзіме-өзім қызық болмай қалдым. Әділетсіздік дегенге де бұрынғыдай аяқ асты тұтанып қарсылық білдіруді ұмытқам, басқа-басқа, дәл осы әділетсіздік үшін күрестің өнбес шаруа екеніне көз жеткізіп қойғандаймын. Қасын қақпастан мелшиген күйі міз бақпайтын дүниенің саппас келбетіне бауыр басып кеткенім де бар. Бір жерде біреуді басынан балғамен тоқ еткізіп ұрып кетіпті десе де... селт етпейтіндеймін, алды-артыңа қарауға мұрша бермес осы тірліктің балғасын күн сайын өз арқамнан сезінетін сияқтымын. Осылай... қоғамдағы елді алаңдатқан бір мәселеге үн қоссам, менің жазғанымды өзгелер оқыса, біреулерге ой салсам деген мендегі журналистік атаққұмарлықты күйбең тірлік пен алдындағысының бәрін жапырып, жаншып келе жатқан уақыт жеп қойған еді. Маңдайдағы жалғыз шырақтың қуатының бәсең тартқаны ештеңе емес, оқығанда, жазғанда шаршайтыны, түбі шаншып ауыратыны жүйкемді кәдімгідей ширықтыратын болды. Жүйке ауырса бас та ішіне қорғасын құйылған алып шар секілді, жоғары көтеруге ауыр, төмен еңкейсең зірк-зірк етеді. Күнде таңертең өзіме сұрақ қоямын: «бүгін не істейсің?» Өз сұрағыма сол бойда жауап беруге де дағдыланып алғам. «Ештеңе». Сыртымнан қарасаң мойнындағы міндеттерін атқаратын тәртіпті адам секілдімін, ал ішімнен... қыс келгенде терезенің аржағында қимылсыз қалған, уақытша өлген шыбын тәріздімін. Маған ішімдегі тоқтап қалған уақытты жылжыту үшін сыңғырлай қағылатын ғажайып қоңырау керек еді.

-        Бір ғана амал – «факичный йол» деген операция, ол бізде алғаш жасалып жатыр, нәтижесі қалай болары белгісіз. Ештеңеге кепілдік бермейміз. Келіссеңіз, бір миллион теңге төлейсіз, сіздің көз өлшеміңізді алып, Швейцарияға тапсырыс береміз, коллаген арқылы арнайы жасалған линзаны көзіңіздің ішіне саламыз, - деді дәрігер. 

Алғаш жасалып жатқан тәжірибенің «құралы» болу мені шошытқан жоқ. Бәріне де әзір едім. Тек өмір бойы сол көзіме қосамжарласып жүретін, өз бетінше ештеңе көрмейтін «жалқау» көзім не болар екен?

-        Ал, амблиопия көзім ше? Дәрігер үндемей қалды.

-        Ол сізге тек көмекші болады, бірақ, көруінде еш өзгеріс болмайды.

-        Ал оған әуелі лазермен астигматизмін түзеп, сосын барып линза салуға болмай ма?

-        Сізде астигматизм көп емес, сіздікі амблиопия! - деді дәрігер өзі де байқамай даусын қатайтып. 

Оған тап қазір өзіне кіріптар пациенттің білгішсінгені ұнамады. Ал маған екі көздің операциясының ақшасын төлеп, бірақ бұрынғыша жалғыз көзбен ғана қалатыным түсініксіз. 

Дәлізге шығып ойланып отырдым. Бұл жердегі адамдар әртүрлі бола тұра бір-біріне қатты ұқсайтындай. Мұңдары ортақ болғасын ба. Көздері нашар көретін адамдардың жүрістері де ұқсас келетінін осы жолы байқадым. Төбедегі ұсақ шамдар мен еденге төселген аппақ кафельдер шағылысып өзгеше өң берген клиника дәлізінде адамды сабырға шақырар жылы ауа бар. Кабинеттердің ар жағынан осы жердегі айлығына тәуелді дәрігерлердің пациентке сөйлеген мейірімді дауыстары естіліп тұрды, бас дәрігерге тәуелді медбикелер аяқтарының ұшымен әдемі басып, жеп-жеңіл қалықтап жүреді, көз тексерту үшін жұмысынан сұранып шыққан, сол жұмысындағы бастығына тәуелді адамдар кезегім қашан келер екен деп тықыршып, есікке еміне қарап қояды. Бұл жерде адамдардың бәрі әйтеуір біреуге, бірдеңеге тәуелді еді. Бұлардың арасында ертеңгі күніме және тағдырымды шешетін дәрігерге тәуелді мен де бармын. 

-        Қызым, қарап жіберші, көзім қызарып кетті ме, жаңа бір дәрі құйып еді, шыдатпай отыр, - деді дәл жанымда отырған кемпір. 

-        Ия, қызарып тұр екен. 

Кемпірдің үлкен көздерінің ұсақ тамырлары қанталап тұр, жанары болса лай, кір тәрізді көрінеді, тап қазір қолыңа шүберек алып сүртіп бергің келеді. Кемпірдің ар жағындагы көктем шықса да басынан бөркін тастамаған ер адамның «хрусталик салған кезде көруің бірден жақсарады» деген әңгімесінен кейін ғана үлкен кісінің өлі жанарына жан бітіп, жылт еткендей болды. Осы сәтте мен тезірек бір шешімге келмесем бұл кісілердің жасына жетпей қабырға сипалап қалатынымды түсіндім.


***

Дәрігер көзімнің жан-жағынан керіп тұратын арнайы қалып ұстатып бақырайтып ашып қойғанда бұл өте ұнамсыз болса да бір дыбыс шығарғаным жоқ. Көзім дәл қазір төртбұрышты болып тұрған шығар деп ойладым. Жақыннан қарағанда жасы елудің үстіндегі кәріс дәрігердің беті көгеріңкі, қабағы түсіңкі көрінеді. Әйнегі қалың көзілдірік артындағы кірпік қақпайтын көздер балықтікіне ұқсайды. Қызық, деп ойладым операция үстелінде жатып, көзілдірік таққанның несі жақсы, жазда терлейсің, қыста буланады, көз дәрігерлері өздеріне операция жасатпайтыны несі екен, әлде сенбей ме... Дәрігер көзді ашытатын тамшы тамызып, жіп-жіңішке пышағымен қабағымның үстін сызып кесіп, сыртында -20 деген белгісі бар, осыдан үш ай бұрын тапсырыс беріліп, Швейцариядан арнайы жеткізілген линзаны екі көзіме қинап кіргізіп жатқанда да ішімнен секунд санап, осы азаптың аяқталатын сәтін күтіп жаттым. 

Ісік пен жастан көзімді аша алмай, үш сағаттан соң соқыр мысық құсап ілбіп дәлізге шыққанда күйеуім күтіп отыр еді. Көз алдым бұлдырап тұрса да ол маған күліп қарағандай көрінді, жас адамдардың көктем шыққанда жандары құлпырып, бір-біріне осылай жымиып қарайтынын талай байқағам. Маған күйеуімнің жымиысы ұнайтын, тап осы сәтте тек өзім үшін ғана емес, ол үшін де шексіз бақытты болғым келді. Ол маған ашық, бос кеңістікте ілініп тұрғандай түсініксіз сезімде жүрген шағымда жолығып, бұлшық еті бұлтылдаған мықты қолдарымен мені сол ашық, бос кеңістіктен өзіне қарай тартып алған. Сол кезден бастап физиктер беріліп, тамсанып айтатын термоядролық реакцияның әсерінен біздің жанымызда ерекше жарылыс болған. Тап сол сәтте бұл жарылыстың бақытқа әлде басқаға көрінгенін, болмаса түк мәні жоқ мақсатсыз жарылыс екенін ұқпаған күйі біріміз жалғыз көзімізбен, біріміз тосаңы бар құлағымызбен өзара ұғысып, бір соқпаққа түскенбіз. Міне, ол мені тағы жетелеп келеді.

Ертеңінде оянғанымда көзімнің кешегі мың сан ине қадалғандай ауырғаны басылыпты. Терезе алдына бардым. Біз тұратын бесінші қабатқа жетеғабыл ағаштың жапырақтары біркелкі өскенін байқадым, бір ағаштың жан-жаққа тарбия біткен бұтағында осыншама қаулаған ұсақ-ұсақ жапырақтар болатынын алғаш көруім... жол шетінде былтырдан қалған қураған, шіріген жапырақтар мен супермаркеттердің қызыл-жасыл буклеттері шашылып жатыр, әріректе іші қабысқан мысық кетіп барады, қарсы беттегі үйдің терезесінен бедері толқын тәріздес жұқа шілтер, сәнді аспалы шам, терезе алдында жапырақ жайған гүлді көрдім. 

Әуелі көзге көрінбейтін біреу келіп қытықтағандай сақылдап тұрып күліп жібердім. Тура есі ауысқан адамда болатындай есірік күлкі. Шамасы осы сәтте миымның өзі осы көрген суреттерінен бір сәтке шошып қалған болу керек, өйткені мен жарық дүниені тап осылай жақыннан, жарқыраған күйінде алғаш рет көріп тұр едім. Қорыққан мен қуанған бір, келесі сәтте жылап тұрғанымды байқадым. Жүректің қабына сыймай тасып төгілген көл-көсір шаттықтың ашық түсті энергиясы тұла-бойымды жаулап, мен арқылы бүкіл пәтердің ішіне жайылды. Ешқандай ритмге бағынбай арбаң-арбаң етіп билегім келді. Миымнан таралған шаттық толқындары ақыры пәтерге сыймай терезеден шығып, одан көшеге таралып жатты. Сол бойы баспалдақтан жеп-жеңіл аттап, секіріп түсіп, үй артындағы ашық алаңқайға шықтым. Өзімнің тап осы сәттегі күйіме мас едім, қарашығыма сыйып кеткен қаланың ауасы мөлдір, алдымдағы жол шексіз, осы сәт мәңгі, айнала дүниенің бәрі аты жоқ мерекені тойлап жатқандай көңілді көрінді. Сөйтіп, сәуірдің ашық күнінде жалғыз көзбен-ақ бақытты бола салдым. Ал егер екі көзім бірдей шырадай жанып шыға келсе не істер едім деймін. Құдай өзі сақтады, онда көл-көсір шаттық пен ағыл-тегіл қуаныштан жүрегім жарылып кетуі мүмкін еді. Сондықтан тек бір көзімнің ғана пайдаға асқаны да дұрыс болған шығар дейді бір ойым. 

Бұрын сұлулықты көрмейтінмін, дәл қасына тақалып келгенде барып ептеп шырамытатынмын. Ал, ішкі мазмұнға мән беру қиын емес, оған сезімталдық керек. Шын мәнінде сұлулық дегеннің табиғаттың өз шеберлігіне көңілі толып отырған шақтағы күйі, ерекше салтанаты екенін қазір ғана түсінемін. Айнаға мұқият қарадым, бұл кезде мен әлі кәрі емес едім, бірақ отыз сегіз  жаста адам біраз есейеді, жастықтың бұлалығынан еш із қалмайды. Сонда да айнадан қарағанда көзімде бір өзгеріс бары анық байқалып тұрды. Ол не өзгеріс дейсіз бе? Бұған дейін менің көзімде шаршау мен немқұрайлылық тұратын. (Адамның көңілсіз ойлары мен сезімдері көз арқылы оның ішіне енеді, орта жолда көз жазып, жоғалған армандары мен бастапқыда сенім бергенімен түбі ақталмаған үміттері туралы ойлары жанын жарақаттап, жүрегіне тыртық қалдырады. Психиканың ерекшелігі – егер сен қаласаң ол өткенді ұмыта алады, ал еске алып жүрсең ол естеліктің өмірін ұзартасың). Ал тап осы сәтте менің көзімде енді қайтып жалт бермейтіндей, өзгермейтіндей бақыттың ұшқыны тұрды. Өмір дегенің солай менің көз алдымда жасанып шыға келді. Көз арқылы. 

Адам жақсы нәрсеге тез үйренеді. Басқалар үшін бұл айтуға тұрмайтын әңгіме болуы мүмкін, ал мен үшін ғажайып оқиға болғанын байқап отырған шығарсыз. Рас қой, есіңді білгелі алыстан көріп жарытпайтын жалғыз көзбен жүресің, -5,10,15, 20... болып көзілдірігің қалыңдай түседі, ауыр көзілдіріктен мұрныңның сүйегі ауырып жүреді, көзің кеміген сайын уайымың көбейеді, ал бір күні үміт үзген жалғыз көзің жарқырап шыға келгені керемет емес пе! Осы оқиға менің өмірімді өзгертті, тамаққа зімбір, сарымсақ, әртүрлі бұрыштардың дәмі бар кимчи соусын қосқандағы сияқты, әр күніме ерекше дәм, түр берді. Осыдан кейін жанымда еркіндік пайда болғанын сездім. Өзіме ғана тиесілі, басыбүтін, толық еркіндік. Бұл адам баласының өзінің қалыпты, басқалармен бірдей екеніне, іс-әрекетінің дұрыстығына сенгендегі еркіндік еді. Бұған дейін жан-дүниенің осыншалық еркіндігін сезінбегеннен де миым көптен бері ештеңеге риза болмайтын, ештеңеге көңілі толмайтын гормон ғана бөліп үйреніп қалғандықтан да мен бүкіл жан дүниеммен, өзімдегі бар ең титтей жасушаларыма дейін барынша, ең соңына дейін қуануды ұмытып қалған екенмін. Бастапқы кезде қызылды-жасылды ғажайып түстің ішінде жүрген сияқты сезім болды. Адамда бәрі жақсы болған кезде ол мейірімді болады, басқаларға да тек жақсылық болсын дейді. Менің өзім сезінген осы бақытты осыдан төрт жыл бұрын сатып алып киген көк түсті джинсы шалбарымның қалтасына, күртемнің ішкі қалтасы мен қойнына және өзімнің күнде жұмысқа ұстап жүрген қара сөмкеме сықастырып салып алып, барған жағымның бәріне апарып таратқым келетіндей. Бақыттың тап өзі болмаса да оның жылуын таратқанның да ләззаты бар екен. 

Жалғыз көзім маған сенім берді, ішімдегі көптен мелшиіп тұрған балауызға тамызық болды, оңашада әңгіме жаза бастадым. Әр жазған сайын бала кезімде үлкендердің әрекетін сатқындық деп қабылдаған кездерімді, «мені анам бар махаббатымен жақсы көрмейді» деген өкпемді, әкемді іздеп жүйке аурулары ауруханасына барғандағы жан-дүниемде болған қопарылыс пен тамағымды ашытқан өксікті... ойша өртеп отырдым, өйткені тап осы сәттерде өзімнің қаншалықты өзімшіл, кінәмшіл, тіпті мұрнының ұшындағыдан басқаға ой жібермейтін тайыз болғанымды мойындадым. Тәйірі, өмірде бастан-аяқ бақытқа мелдектеп белшесінен батқан адам болушы ма еді, шындап келгенде әркімге бірдеңе жетпейді емес пе... Бала шағында «жақсы көрілмеген», мейірі қанып «сүйілмеген» қанша адам жүр... Алыстан дұрыс көрмеу кемістік, ал мен кеміс адам ретінде тек көз алдымдағыны көріппін, алыстағыға көзің жетпегесін көңіліңе де әсер етуі қиын, содан шығар айналамдағы қайсыбір жақсылықты байқамаппын, өйткені көп адам өзіне биіктен қарай алмайды, бәрін өзінің бойымен өлшеп көреді (ал бойымның шамасы белгілі). Әр сөйлемді жазған сайын өзімді де кешіріп, біртіндеп жеңілдей бастадым. Әр сөйлемді жазған сайын ішімдегі о бір жылғы жинаған мұңнан, сенімсіздіктен, сырт көз байқамайтын мазасыздықтан арыла түсетін сияқты сезім болды. Өзіме керекті тапқандай едім. Жалғыз көзіммен...

Жадыра ШАМҰРАТОВА

author

Жадыра Шамұратова

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Оқыс оқиға Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған. Намаз кезінде «әмин» дұғасын...

Жаңалықтар

Ақын Ордабайұлының кезекті жаңа кітабы оқырманға жол тартты Жуырда Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлт...