Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «Тәуел...
«Мен жас ақын болған емен бір күн де!..»
«Шын талантты өлеңдер қаламға көп ілікпейді, көзге көп шалына бермейді. Оның есесіне ортақол өлеңдердің пысықай авторлары орынсыз әспеттеліп, орынсыз құрметке ие болып жатады.»
(Темірхан Медетбек, «Қазақ әдебиеті» газеті, №41, 13.10.2006).
«Дүнияуи дәмі үзілгендер, әрине, енді Сізден, бізден ештеңе дәметпейді. Ал аруаққа адалдық, тындырған істерінің қадіріне жету парызы – бүгінгілерге бәрібір сын».
(Зейнолла Серікқалиұлы, «Алтын жамбы», 2001 ж.)
***
Еркің, достым, айтқаныма күл, күлме,
Мен жас ақын болған емен бір күн де!
Білгің келсе,
Қарсымын мен жіктеуге
Ақындарды жасқа, сортқа, түр-түрге!- деп қалам сілтеген ақын Сатыбалды Даумовтың алғашқы кітабы «Жалын-ғұмыр» жарық көргенде, танымал ақын ағамыз Мұзафар Әлімбаев: «Мектеп жасына жеткенше балабақшаға бармай, байырғы замандардағыдай әжесі мен атасының бауырында барша бағалы тағылым алып, үйде өсіп-жетіліп, көппен бірге бірінші класс табалдырығын аттайтын балдырғандар болады. Даумов атты дарынның әдебиет киелі босағаны аттауын мен соған ұқсатамын. Көп оқып, мол тоқып, азамат ретінде қалыптасып, шыңдалып, журналист ретінде республикалық қоғамдық-әдеби «Еңбек таңы» журналының (әлеуметтік қамсыздандыру саласының журналы.) ондаған жылдарғы редакторлығын абыройлы атқару арқылы ысылып барып, поэзия патшалығына тіркелудің айып-шамы қандай!» - деген екен.
Картаға бір түспеген бір аралдай,
Көп іздедім өзімді өзім таба алмай,
Жұмбақ күйде жатты жабық жан дүнием,
Тас бекітіп тастаған бір қамалдай.
Құлыптаулы сейфімді ашар іштегі,
Қарманғанмен кілт қолыма түспеді,
Қамап қойып өз ішіме өзімді,
Салды азапқа белгісіз бір күш мені.
Булығумен,
Бармақты құр тістеумен
Өтті жылдар жанға жара үстеген,
Сөйтіп жүріп
Оңаша өскен жемістей
Көкірегімде көзден таса пісті өлең... –деп жасандылықтан ада, боямасыз жан дүниесін жарқырата жайып салып, «ПОЭЗИЯ» атты киелі әлемнің табалдырығын, шынайы, табиғи таза жырлармен сенімді түрде аттаған ақын Сатыбалды Даумов 1935 жылы қаңтар айында Қазақстанның батыс өңіріндегі бұрынғы Бөкей ордасы маңындағы Қоянды атты шағын ауылда өмірге келген.
«Менің космодромым» атты өлеңінде ақын:
Кішкене ғана Қоянды –
Кіндігі жердің мен үшін.
Белбеулеп жерді орайды,
Тартқан жол содан желісін.
Болса да қораш түрі оның,
Артық ол маған Мысырдан.
Сол менің космодромым
Ұямнан мені ұшырған,-деп елжірей еске алады. Ол өзінің ақындық жолы басталған сол шағын ауылын өз өлеңдеріне жиі арқау етеді.
Көңілімнің көнермеген архиві
Көне күннен шертеді сыр әр қилы.
Түседі еске алыс қалған балғын шақ,
Түседі еске кішкене ауыл алты үйлі.
Көк шалғынға көміп қойып балағын,
Тұрушы еді ол діңгегіндей даланың.
Саясында жатып алып,
Көркінен
Көз ала алмай қаншама рет қарадым.
Сол биіктен елес беріп арманым,
Келер күнге үмітімді жалғадым.
Қанатына мініп алып қиялдың
Қай қиырға самғап ұшып бармадым?!. - деп тебіренеді.
Ол туған Қоянды ауылы әлемге әйгілі ас тұзы алынатын Басқұншақ көлінің, Боғда тауының маңында еді.
Бурадай шөккен сорға жақын барып,
Тау Боғда етегінде жатыр қалғып.
Аспаннан тастаса күн көз қиығын,
Күміс тұз жалт қарайды жарқыл қағып.
Сарғайған сан мүжіліп ауа, желмен,
Аумайды жиектегі дала зерден,
Көл жонын жұлып жеген көп комбайн
Жатқандай қаспақ қырып қара жерден.
Үйілген аққаладай тұнық қардан,
Тау-тау тұз жатыр дерсің шығып қайдан!..
Басқұншақ - туған жердің бір байлығы
Ырыс боп шарасында ұйып қалған!-деп (Басқұншақ көлі) ақынның сөзбен салған жанды суретіне тамсанбау, тәнті болмау мүмкін емес. Алты-ақ үйлі ауылдан шықса да, биік арманға қол созған бала Сатыбалды төрт қыздың ортасындағы, құдайдан сұрап алған жалғыз ұл еді. Әкесі өмірден тым ерте кетіп, жетімдіктің кермек дәмін бала кезінен сезіп өскенімен, ол ешқашан жасқаншақ боп жасымаған жан. Ол өле-өлгенше:
«Тас төбемде – туған дала аспаны,
Шығара алман төбеме одан басқаны!» , немесе :
«Туған жерге табанын нық тіреген,
Мен де өзімше бойлап өскен бір емен»,- деп («Үш тірек – үш тілек») ар-намысын жоғары ұстап, кеудесін ешкімге бастырмай өтті. Қазақтың сәл анайылау естілетін «Болар бала боғынан» деген сөзі текке айтылмаса керек. Болашағынан үлкен үміт күттірген ұғымтал ұл қазақтың талай жақсы-жайсаңдары білім алған әйгілі Жәңгір мектебінде оқиды. Кейін тұрмыс жағдайына байланысты, білімін одан әрі қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Азғыр орта мектебінде жалғастырады. Бала кезінен төңірегіне ойлы көзбен қарап, бәрін жүрек сүзгісінен өткізгенін ақын Сатыбалдының ұзақ жылдар бойы есінен кетпей жүрген бір көріністі жырға қосуынан-ақ айқын аңғаруға болады:
Ару қайың ақ балтырлы, ақ маңдай,
Не жазды екен қарш-қарш балта шапқандай?!
Қалтырадым, бұтақ емес, өзімнің
Қол-аяғым бұтарланып жатқандай.
Алай-түлей дауыл ұйтқып ішімде,
Жаттым сұлық ұқсап жансыз мүсінге.
Кетсем керек бір сәт мызғып...
Жап-жасыл
Ақ қайыңға айналыппын түсімде...
Туған жерге тамыр тартып қайта нық,
Тұр екенмін жапырағым жайқалып,
Кенет...шулап жан-жағымнан анталап,
Келе жатты әлдекімдер балта алып.
Жоқ қашуға, тырп етуге дәрменім,
Жан алқымнан сығымдап кеп алды өлім,
Айғай салып жылап, шошыш ояндым,
Қалған кезде бітуге енді сәл демім...
Жазатайым жазым болса бір шыбық,
Жаным менің қалтырайды түршігіп.
Неткен сұмдық, өңің түгіл түсіңде,
Жай түскендей жайрап жатса тіршілік. (Ақ қайың туралы баллада)
Асқақ армандарға қол созған, ақын жанды өрімдей жас Сатыбалды 1959 жылы Қазақ елінің маңдайындағы сол кездегі жалғыз университет –Қазақ Ұлттық Университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы) филология факультетіне түседі. Алайда бастапқы курста оқып жүрген кезінде жалғыз анасы қылтамақ ауруынан көз жұмады. Ол қатар-құрбыларымен бірге студенттік өмірдің қызығына батып, сауық-сайран салмастан, ерте үйленіп, үш баласымен пәтерден пәтерге көше жүріп, оқуын аяқтайды. Алғашқы еңбек жолы Алматыдағы «Қазақстанның ауыл-шаруашылығы» журналында басталған ол, сол журналда әдеби қызметкер, аударма бөлімінің меңгерушісі болып он жылдай істеген соң, республикалық зағиптар қоғамына қарасты «Еңбек таңы» журналында 1995 жылға дейін, 35 (!) жылдай бас редактор болады. Бастапқыда көлемі шағын, екі тілде шыққан биттің қабығындай бюллетенді, көздері көрмесе де көңілдері тетік жандардың проблемаларын жазатын, жігерін жанып, еңбектерін дәріптейтін ереше республикалық журналға айналдыру оңай шаруа емес.
Біреулер жүр бақыт санап байлығын,
Сомға шағып, өмірдің де бар құнын,
Мен де өзімді дәулетсізге қоса алман,
Қосылмаса мейлі айлыққа айлығым.
Біреулер жүр бақыт санап үй-жайын,
Бақ көмкерген жел жағы мен күн жағын,
Ал мен үшін кең сарайдан кем емес,
Өз пәтерім: бөлмелері бір жарым.
Өлшеп біреу жүр бақытын «Волгамен»
Шайқалғанда зорға сиып жолға кең,
Жұмысымнан қайтам өзім жаяулап,
Жұмыртқадай шайқатылып ойда өлең.
(Бақыт туралы баллада)
Оның журналда қызмет еткен жылдары жайлы Қазақ зағиптар қоғамының тарихи-мұражайының меңгерушісі болған Мәкен Әлиасқарұлы: «Көлемі азырақ бюллетенді кәдімгідей журнал дәрежесіне көтеруге күш-жігерін сарқа жұмсады. Сол кісінің қамқорлығы арқасында шикілі-пісілі бірдеңелерді жазсам деп талпынған бір топ зағип ұл-қыздарға ағалық пейілімен, ұлағатты ұстаздай ақыл-кеңесін беріп, ұсынған материалдарымыздың кем-кетігін ерінбей-жалықпай, өзі өңдеп-жөндеп, өлең шумақтарын бастан-аяқ қайта қарап, журнал бетіне құлпырта шығаратын. Жарым жанымызды жасқап жамағандай-ақ, ұшыраса қалсақ, қай-қайсымызға да: «Ойың тәуір, тілің бар», - деген сияқты, қолтықтан демегендей жылы сөйлеп, «ана жазғаның әжептәуір екен» деп қолпаштап қоятыны бар еді. Жарықтық, туған әкеміздей-ақ әлпештейтін сол шәкірттерінің бірі – мен. Қалам ұстағанымыздың жіберген нәрселерін жаман екен деп кері жолдамай, қалайда жариялануына редакциядағыларды жұмылдырып отыратын-ды Қайран кемеңгер ағайымыз. Ой-парасаты биік, мінезі де байсалды, қашанда өз басынан қоғам мүддесін жоғары тұтатын заңғар азамат еді...»,-деп сағына еске алады.
Ал ақын Сатыбалды өмірінің осы кезеңін жалғыз шумақ жырға сиғызыпты:
Өмірдің бір беті – қыс, бір беті – жаз,
Айтқандай бұл заманда кімге кім наз.
Соңында өте шықты-ау біздің жастық
Кәсіптің бейнеті көп, құрметі аз...
Осыдан-ақ, оның әдебиет ауылына бет алған поэзияның салқар көшіне кештеу келіп қосылу себебін ұққандай боласыз. Өзінің төл құрдасы Қадыр Мырза Әлі сияқты қызметтен қол үзіп, бірыңғай өлең жазумен айналысса, Сатыбалды ақынның да шығармашылық тағдыры басқаша болар ма еді, кім білген?!. Алайда, ол өзінің өткен өміріне өкінбейді:
Салауат дейік енді өткен күнге,
Көрдік біз, не көрсек те көппен бірге.
Біздің де басып кеткен қалды ізіміз
Сарғайған газет-журнал беттерінде,-деп шүкіршілік қылып, кішілігін де кісілігін де көрсетеді. Қадыр аға демекші, ойымызға Сатыбалды ақынның 60 жылдық мерейтойында айтқан оның мына бір сөздері еріксіз еске түседі: «Әр нәрсенің өз өлшемі болады. Мысалы, қашықтықты – шақырыммен, электр қуатын вольтпен өлшесе, ал адамгершіліктің эталоны деп пенделіктен жоғары, адамгершілігі мол абыз ақсақал Әбу Сәрсенбаевты айтар едім. Менің Сатыбалды құрдасым да тап сол Әбекң сияқты жаны таза, жүрегі кең, адал жан» (Сол бейнетаспа Даумовтардың отбасылық мұрағатында сақтаулы тұр.)
Мөлдір бұлақтай таза, түрен түспеген тың жер сияқты Сатыбалды ақынның алғашқы кітабы шыққан кезде жерден жеті қоян тапқандай қуанған тек ақын Мұзафар Әлімбаев қана еді. «Басылым тұрғысынан ғана келсек, бұл автордың тырнақалдысы. Оған қарап жас талапкердің біреуі екен ғой демеңіз. Сатыбалды – әдеби басылымдардың біразында соңғы он-он бес жыл межесінде төбе көрсетіп, көңіл, назар аудартып жүрген қаламгер,» - дей келіп, талантты ақынның өлеңдеріндегі тың теңеулер мен сәтті шумақтарға қызыға талдау жасаған Мұзағаң: «Бейне бір қарияның қызыл иегі». Осы бір теңеу неменге баланып отыр? Сіз не дер едіңіз? Рас-ау, кәне неменеге ұқсайды? Сөйтсек, бұл жалаңаш құмдардың ұзын легіне ұқсайды екен. Атақты Нарын құмын, ежелгі өлке келбетін сомдауға талаптанған автордың кәдімгі бояумен салған суреті!» деп, талантты ақынның әр өлеңіне, әр шумағына, әр жолына, әр теңеуіне балаша қуанған үлкен жүректі жан: «Затты затқа ұқсатудың өзі заңғайырлардың да қиялына іліге бермейтін олжа екені аян, ал дерексіз ұғымды нақтылы, қолмен ұстауға, сылап-сипап сезінуге келетін затқа ұқсату ше?
Өткеніңе үңіл, мейлің үңілме,
Қайта айналып оралмайды ол бүгінге.
Өткен өмір
Батып кеткен кемедей,
Уақыт аттың тұңғиықтың түбіне.
Тіршілікте тоссын қанша сый алдан,
Бал дәуренін бәрібір кім қия алған?!.
Иірімге кетем қойып кетем кейде мен
Скафандр жасап киіп қиялдан.
Мынау шумақтарды оқыған мықты ақындардың өздері де «ақ қызғанышпен» қарар-ақ!» - дейді ақ жарыла. Ақын Сатыбалдының мына бір өлеңі, сірә, Мұзағаның сол пікірінен соң жазылса керек:
Кеш тіксем де жыр жайлауға қосымды,
Атым бірден жыр бәйгеге қосылды.
Бірақта бұл қуанышым кеш келген,
Қуантпады менің кейбір досымды.
Бір саты енді өссе болды мерейім,
Бір-бір достан салық төлеп келемін.
Алғаш рет жоғалттым бір досымды,
Алғаш рет мақталғанда өлеңім... – деп төңірегінен көріп, көңіліне түйген ащы шындықты өлеңмен өрнектеген ол:
Қарап дәйім кешірімнің көзімен,
Түрлі-түрлі мінездерге төзіп ем.
Кешіре алмай кете барды бір досым,
Шоқтығымның биіктігін өзінен.
...Жоғалтармын енді қанша досымды?
Жүрек шіркін әлденеден шошиды.
Шошытады жан дүниесі кей достың,
Еске салып қаңыраған бос үйді.
Қарапайым тілмен (қарабайыр емес!), сондай шынайы жазылған ойлы өлең еріксіз ойлантады. Аяқ аттаған сайын пенделікпен, іштарлықпен, қызғанышпен бетпе бет кездесетін қаламгерлердің қай-қайсысына да таныс хал... Әдебиет атты қасиетті шаңырақтың киелі табалдырығынан сеніммен аттаған таланты ақынға лайықты ілтипат, ықылас білдірген тірі жан болсайшы!.. Мұзафар аға айтқан «ақ қызғаныш» емес, кәдімгі қызғаныштың қызыл мысығы талайлардың жан-дүниесін дар-дар айырды ма, бәрі үнсіз қалды. Сол үнсіздік ұзаққа созылды. Тым-тым ұзаққа... ««Жалын - ғұмырдан» соң дүниеге келген «Тауқыметті тағдырға» да, «Атырау ақын-жазушылары кітапханасы» сериясымен жарық көрген оның «Сатыбалды» жыр кітабына да селт еткен сыншы болсайшы?!.
Ол тек сыршыл сезімге бай жаны нәзік ақын ғана емес, сан қырлы талант иесі еді. Оның үлкен жүректі публицист, білімі терең зерттеуші екендігіне республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген зерттеу мақалалары дәлел. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ішінен шыққан алғашқы ревоюционер қыз Алма Оразбаеваның тауқыметті тағдырындағы көпшілік біле бермейтін күрделі де күрмеулі кезеңдерді шөмеледен ине іздегендей ерінбей-жалықпай зерттеуінің өзі оның табандылығы мен еңбекқорлығын көрсетеді.
Орыстың патшаларын дәріптегенімен, қазақтың хан, сұлтандарының бәрін халыққа жау қылып көрсеткен, кешегі кеңестік кезеңде қызыл идеологтар Махамбеттің өлеңін көлденең тартып, халық үшін, ел үшін жасаған жақсылықтарын көпе-көрнеу көзге ілмеген Жәңгір хан есімін жаңғыртуға, оның игілікті істерін ақтауға үлкен үлес қосқан жандардың бірі - Сатыбалды Даумов еді. Бөкей ордасы, Жәңгір хан мен оның төңірегіндегі тарихи тұлғалар жайлы тың деректерге толы зерттеу мақалаларының басын қосқан «Сонау бір тұрған Нарында» кітабын қарапайым оқырман қолдан-қолға түсірмей, іздеп жүріп оқығанымен, сыншы, әдебиетші ағайындар оның ұланғайыр еңбегіне лайықты баға берген жоқ. Тағы да мелшиген үнсіздіктің тас қабырғасына барып тірелді.
Сол ұзаққа созылған үнсіздік те, кеңестік кезең бұғауынан босап, тәуелсіздік алған жылдардағы түрлі «прихватизациялар» мен «оңтайландырулардан» соң, шаңырағы ортасына түскен шалғай ауылдардан қалаға келіп, пойыздарда ала қапшық арқалап, қара базарларда жүк арба итеріп жүрген қазақтардың ауыр тұрмысы да, кеңестік әскерилер атом бомбалар сынағы өтетін ашық алаңға айналдырған кіндік кесіп кір жуған атамекенінің экологиялық жағдайы да жүрегі нәзік, сезімтал ақынға ауыр тисе керек. «Оңаша ойларында»:
Сыртым бүтін
Ішім менің көк түтін.
Жан дүниемде сау тамтық жер жоқ бүтін.
Іштей жанар двигатель сияқты,
Мен өзімді іштей мүжіп жеп біттім.
Сыртым күліп,
Жылайды ішім зар илеп,
Жүрегіме әжім түсті сан ирек.
Тірі жанға тіс жара алмай,
Ақ жуып,
Мен сырымды көмдім ішке әрулеп.
Сыртым көл де,
Ішім – аптап шөл менің,
Шөл қысқанда, іштім қосып шерге мұң,
Өлгенде де керек емес көр маған,
Мен өзімді өз ішіме жерледім..-. Ешбір ақын айтпаған, тұла бойды түршіктірер тың теңеулерге толы осынау өлең – тілмен айтып жеткізгісіз ақын қасыретінің шырқау шыңы екен!.. «Өзін өз ішіне жерлеген» ақын 2005 жылы фәниден бақиға көшті.
«Енді оның екінші өмірі басталды, өлеңдері мәңгі өлмейді» десті Жазушылар Одағының ғимаратында өткен қаралы жиында бас қосқан әріптестері... Сатыбалды ақын өмірден өткен соң, Жазушылар одағының кең залында өткен еске алу кешінде оның шығармашылығы жайлы алғаш рет егжей-тегжейлі баяндаған белгілі ақын Сейфолла Оспан: «Маған Сатыбалдының адуынды қарқынын Хамит Ерғалиев ағасы, ал даналық жағын Әбу (Әбу Сәрсенбаев) ағасы бәсеңдетіп ұстағандай болып көрінеді. Өйткені ол өзінің көзі тірісінде сол ағаларымен аралас-құралас сыйластықта жүргендігін айнала ел жақсы білсе керек. Оның үстіне өмірдің ащы-тұщы жақтарына да әбден қанығып өскен жан сияқты. Онысын біз өзінің әрбір сөзді шашау жібермей, айтар ойын шашыратпай, жырларында болсын, зерттеу мақалаларында болсын өте ықшамды түрде жинақы әрі мазмұнды жазуынан аңғардық. Және өзінің бойға біткен талантын кеш сезінгенімен, соны нық сеніммен бастайтындығы бізді таңқалдырды», - деп ағынан жарыла ақтарылды.
Қолға қалам алмадым
Шарқ ұрса да ой тынбай,
Кенже қалдым алманың
Кеш пісетін сортындай, –деп өзінің психологиялық портретін дәлме-дәл сипаттаған ақын Сатыбалдының жыр шумақтарынан алма-кезек мысал келтіре отырып, баяндамашы: «...нық сеніммен жазылған жырлары, біздің кәзіргі «мен мықтымын» деп жүрген ақындардың жырларынан еш кем түспейтіндігін» айтты. Ол кеткенімен өмір өз ырғағынан жаңылған жоқ. Ескі үйлер бұзылып, жаңадан зәулім үйлер тұрғызылуда. Кей сәтте Сатыбалды ағамыздың мына бір жыр шумақтары көңілге оралады:
Үй орнын жаншып-таптап табанымен,
Бульдозер қалш-қалш етіп алады дем.
Таңырқап қарап қапты зәулім сарай,
Жап-жарық жүз терезе жанарымен.
Оның саусақтан сорып, қинала құрастырған ешбір шумағы жоқ. Өлеңдері өмірдің өзінен ойып алынған. Ол өмірден өткелі он жыл өтсе де әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Жоймайды да. Сенбесеңіз, оның жырларын қайтадан оқып көріңізші:
Сенде тудым, қурап сенде сүйегім,
Күлге айналып,
Топырағыңа сіңемін.
Өлгенде де
Өз бойымдай бір құлаш
Жатам қорғап Даламның бір сілемін!..
Ол жатқан Көктөбедегі Кеңсай жаққа қараған сайын, Сатыбалды ақынның өлгеніне көңілім сенбейді.
Жердің шарын көп доптың бірі деме,
Ортақ тұғыр ол өлі-тіріге де,.
Орбитада самғасын,
Ракета емес,
Тіршілікті тиеген Ұлы кеме!..- деп, күллі тіршілікті тиеп алған Ұлы кемеміз – жер Шары аман болғай деп, тірілердің түгел тілеуін тілеп жатқан үлкен жарықты тамаша ақынды ұмытуға бола ма?
(«Қазақ әдебиеті» газеті, 2014. 2-8 мамыр)