Біз таныған ұстаз: Жанат Әбутәліпқызы туралы

ЕСТЕЛІКТЕР
5689


Ғұмырын ғылымға арнаған Жанат Әбутәліпқызының үстелінде белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевпен бірге түскен суреті тұратын. Осыдан-ақ ұстазымыздың ұлы жазушыны қалай құрметтейтінін түсіндім. Бұл суреттің артында қаншама жылдық Әбіш шығармаларын зерттеген ғалым еңбегі тұрғанын біреу білсе, біреу білмес.

Әдебиеттануға кіріспе сабағында Әбіш шығармаларындағы образдар жүйесін түсіндіру арқылы Жанат Әбутәліпқызы студенттеріне әдебиеттің басты теорияларын ұғындыра білді. Монолог пен көркем диалогтың не екенін бір ғана жазушының шығармаларын талдау арқылы айта білген ұстазымыздың терең біліміне шәкірттері қайран қалғанбыз. Қашан болмасын жүзінен күлкісі кетпейтін ұлағатты ұстазымыз әр студенттің жүрегіне жол таба алатын. Бүгінде мұның бәрі біз үшін естен кетпес естелік ғана... Қаралы хабар көпті есеңгіретті. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жанат Әбутәліпқызы мезгілсіз өмірден өтті. Бар ғұмырын білім  саласына арнаған ардақты ұстазымыз 2014 жылдан бері қара шаңырақ ұстаздар ұстаханасы-Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде абыройлы еңбек етті. Жоғары оқу орнының ғылым бөлімінде  басшылық жасаған жылдары республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі конференциялар ұйымдастырды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүйесін ұйымдастырып, дамыта білген  ұстазымыздың қазасы көпшілікке ауыр тигені рас. Ұстазымыз ғылым бөлімінде басшылық жасаған жылдары ғылыми жобалар бойынша жүлделі орын алған университет студенттерінің қатары көбейді. Бұл ғалымдар мен шәкірттердің, әрі осы жұмыстардың түрлі деңгейдегі байқауларға жіберіліп отырғанын үйлестіре білген Жанат Әбутәліпқызының ұйымдастырушылық қабілетінің арқасы.

Ұлағатты ұстаз сонымен қатар  студенттерге дәріс оқып, жас ғалымдарды тәрбиелеп шығарды. Университеттің ғылыми кадрлық әлеуетін арттыруға ат салысты. Әрі өзі де ғылыми зерттеуден қол үзбеді. Шәкірттеріне ұстаздықтың зор үлгісі бола білді. Алайда сұм ажал ұстазымызды тым ерте алды. Артында қос перзенті қалды. Өлім тұрмақ, өкпеге қимайтын асыл жанның өмірі соңғы демі үзілгенше  күреске толы болғанын енді  түсініп отырмыз.  Өмір жалған екен. Бар шәкіртті баласындай көрген Жанат Әбутәліпқызының ортамызда жоқтығына сенгіміз келмейді...Бақұл болыңыз, ұстаз. 

Бағдәулет Нұрмат,, 

Павлодар қаласы.

Жаңалықтар

Есірткі таратқан астаналық 18 жылға сотталды, деп хабарлайды madeniportal.kz. ОЛ АҚШ-тан сәлемдеме...

Жаңалықтар

Ресейлік ұшақ Анталия әуежайына қонғаннан кейін өртенді, деп хабарлайды madeniportal.kz. Azimut әуе...