Сағиды сағынған боларсыздар

ӘДЕБИЕТ
2916
Сағиды сағынған боларсыздар. Ол көзі тірісінде ешқандай жүлдені иеленбесе де, қазақ өлеңінің төрінен ойып орын алған аса дарынды ақындарымыздың бірі еді. Менің кітаптарына қайта-қайта үңіліп, жырларын жиі-жиі оқитын ақындарымның бірі де осы Сағи Жиенбаев. Сыршыл ақынның бір топ өлеңін өздеріңізбен бірге оқып көрелік.

Байбота Қошым-Ноғай

Сағи ЖИЕНБАЕВ
(1934–1994)

ОЙМАУЫТ

Бір өзің жайлап жалғанды,
Жатырсың шалғай аймақта,
Жастанып құба жоңдарды,
Шаң мен шудан аулақта.

Төбенің үсті, сай іші,
Даланың жұмсақ саздары –
Көктемгі жаңбыр дауысы,
Көктегі құстың назды әні.

Шайқалып кеткен шалғыннан,
Көгілдір моншақ төгіліп,
Көктемнен қалған айдынға
Жатасың жаздай шомылып.

Жөңкіліп сонау биіктен,
Адырдан қарғып, алды орап,
Барады заулап киіктер
Артына тастап ақ жолақ.

Шолып тұр байтақ даласын,
Аруана қырда желпініп,
Аспан мен жердің арасын
Бір өзі ғана толтырып...

МҰХТАР АҒА

Аспаның да аман, жер де аман,
Ардағым, қалған артыңда...
Баяғы далаң – сол далаң,
Дүние – көрген қалпыңда.

Келеді өсіп ұрпағың
Көктемгі гүлдей қаулаған.
Қия алмай кеткен іңкәрің –
Қарауыл, Шыңғыстау да аман.

Қалт етер емес кәрі құз,
Қырандар көкте жүр шолып...
Көзіңдей көріп, бәріміз
Келеміз жылда бір соғып...

...Осынау ұшан далада
Көрінбейді екен көптігің.
Бір сенің ғана, жан-аға,
Білінді-ау талай жоқтығың.

Ел болып түгел жабылып,
Іздедік теңіз, асқардан.
Бейнеңді сенің сағынып,
Жасадық мәрмәр тастардан.

...Мәз болып байтақ қыратың,
Ортада тұрсың гүл құшып.
Барады сенің ұлы атың
Арғымақтармен бірге ұшып.

Жиналды Шыңғыс бойына
Қиырда жатқан құрлықтар.
Келеді бүгін тойыңа
Әр үйден шығып бір Мұхтар...

Есімің кетер жыраққа,
Еске алар талай далаң да,
Ойсырап қалған бірақ та
Орныңды толтыра алар ма?!

ҚҰЛЫН

Табиғаттың осындай бір қастығын
Көрмейін деп бұлт астына қашты күн.
Жаңа ғана енесіне жай түсіп,
Жапан дүзде қала берді жас құлын.

Нөсер жаңбыр құйылғандай шүмектен,
Осы маңда өршелене үдеткен...
Құлыншақты тербегендей шайқалтып,
Қара жердің кеудесі бір дір еткен.

Одан басқа ешнәрсені сезбеген,
Тек екеуі кейін қалды өзгеден.
Басқа жылқы қырға беттеп барады,
Бұл соларды ұзатып тұр көзбенен.

Жүйткір еді шарлап ойын-төбесін,
Кете алмай жүр шыр айналып енесін.
Шұрқыраған құлын-тайдың дауысы
Шымырлатып барады оның денесін.

Шақырғандай қоғалы көл, гүл-құрақ,
Көз ұшында кетті бір кез бұлдырап.
Орта жолға жете бере жалт беріп,
Кейін қарай ақты қайта құлдырап.

Тағы біраз тыпыршыды талпынып,
Шыдай алмай арлы-берлі шарқ ұрып.
Құлындарға қарап қойып алыстан,
Енесін ол еміп жатты алқынып.

Жаңбырменен дүр сілкініп шықты көк,
Көк шалғынның бетін самал сүртті кеп.
Оятқандай сұлық жатқан енесін,
Тұрды құлын тұмсығымен түрткілеп.

Кеше ғана көрді ғой ол таң нұрын,
Кең даланың көкорайлы шалғынын.
Білмейді ғой, оның сәби жүрегі,
Ажал деген аяусыздың барлығын...

БОЗТОРҒАЙ

Әдейі мынау қыр үшін
Оянып таңның алдында,
Даланың сансыз дыбысын
Көмейге құйып алдың ба?

Самалдың жұтып мөлдірін,
Шаншылып көкке шыққанда,
Далаңның мына кеңдігін
Айтасың ба ақша бұлттарға?

Қарайлап төмен сонда да,
Көзіңді жерден жазбайсың.
Өзің де кенет сорғалап,
Құйылып кете жаздайсың.

Тынбайды жырың толастап,
Осынша қайдан бітті күш,
Табиғат өзі о баста
Далама берген құтты құс?!

Жанымда бір күй дірілдеп,
Тұрдым-ау, балғын сезімде,
Кеудеме сіңген бір үнді
Қайталап айтқан кезіңде.

Төгілте шырқап әніңді,
Бозала таңнан құлшынып,
Кеттің-ау, қозғап қанымды,
Күнәсіз құйттай тіршілік!

ҚАБАҒАН ИТ

...Дөң басында бір ақ боз үй тұратын,
Жолаушы атын соған қарай бұратын.
Өз үйіне келгендей-ақ мәз болып,
Кірген адам көңілденіп шығатын.

Қарты бар-ды кеудесінде күйі көп,
Үлкен-кіші сырласатын жиі кеп.
Бұл шаңырақты бүкіл ауыл сыйлайтын –
Қазақтың бір қасиетті үйі деп.

«Кенжеміз», – деп қызын жақсы көретін,
Кейбір қулар соны көзбен өбетін.
Біреу қарттың көңілі үшін оралып,
Біреу қызды көру үшін келетін.

Қара күшік жүретін бір сабалақ,
(Пәтшағардың ұсқыны да жаман-ақ)
Күндіз-түні жағы сембей сорлының
Көрінгенге шәуілдейтін абалап.

Өсе келе білмейтін бір ыққанды,
Алып ұрып, қаймығып, сәл бұққанды,
Айдалада кездессе егер, шынымен
Адам жейтін алпауыт боп шықты әлгі.

Қан қақсады біреулердің жалғызы,
Біреулердің толықсыған ән-қызы.
Бір пендеге жазығы жоқ менің де
Аяғымда төрт тісінің қалды ізі...

Дақ салмайтын бір адамның жанына –
Момын ауыл зар иледі жабыла.
Арсылдаған мына бәле ешкімді
Жолатпады үлкен үйдің маңына.

Әркімнің-ақ кеудесіне кек толып,
Оны көрсе, қаны қызды өрт болып.
Құйттайынан асыраған өзінің
Иесі де кетті содан жек көріп.

Қалмады елде ол қаппаған жас-кәрі,
Барлығын да бір аунатып тастады.
Дәл өзіндей азуы бар ит екеш
Иттерге енді аузын сала бастады.

Ит болғасын қайдан білсін парықты,
Біреуінің тамағынан алыпты.
Бір топ төбет талапты да өлтіре,
Бір құлағын жұлып алып қалыпты.

Сонда да ол сала берді қиғылық,
Ауыл ішін шыр айнала бүлдіріп.
Тағы да сол төбеттермен таласып,
Қайтты бір күн қабырғасын сындырып.

Көп ұзамай ақ боранды қыс келді,
Қысылатын кез де басқа түсті енді.
Қабаған ит жүрді біраз қаңғырып,
Қарлы мұздан аяғы да үскен-ді...

Арсылдаған алпауыттан күй кетіп,
Жүрді содан бір жамбасын сүйретіп,
Қалған күні қорлықпенен өтсін деп,
Қарамады ешбір оған үй де түк.

Қанды ауыздың қорлығы әбден өтіпті,
Қорасын да тас қып одан бекітті...
Бір түнде оны аш қасқырлар жеп алып,
Тек құйрығын қарға шаншып кетіпті.

Қабақ шытқан жан болмады бұл үшін,
Содан былай еркін алды ел тынысын.
...Адам болсын, айуан болсын қашан да
Қадірсіздің көрген күні құрысын!

ІЗДЕДІМ СЕНІ

Ұстатпай кеткен саусағын,
Сен менің тәтті түсім ең...
Іздедім сені қанша жыл
Қаптаған жұлдыз ішінен.

Қайтсем де саған жетем деп,
Жығылдым қанша орларға.
Алданып көңіл бекерге,
Адастым талай орманда.

Көрінген көзге елеңдеп,
Жаттым мен үнсіз жағада.
Тоқтамай өтті төбемнен
Теңізден ұшқан шағала.

Таппадым бірақ жоғымды
Талай жыл мені сарсылтқан...
Қандырдым кейде шөлімді
Қайдағы жылым-шалшықтан.

Ішінде қалдым жалынның
Денемді тасқын сел көміп,
Жанары талай арудың
Арбады мені сен болып.

Шақырып сиқыр қойнына
Сүйреді мені күңгірт бақ.
Кей күні балдың орнына
Уландым ессіз уды ұрттап...

Армансыз қудым, маралым,
Қайтпадым іздеп тапқанша...
Жанымда болсаң – жарадың
Жұлдызым көктен аққанша.

ТҰЛЫП

Көкжиектен күн де күліп шығады,
Күллі жанға жетіп жатыр шуағы.
Бірақ сонау сұрапылдың кезінде
Болған бір жай көз алдымда тұр әлі.

...Барша жұрттың жүрегі онда жаралы,
Күзгі бұлттай түсіп кеткен қабағы.
Қанды соғыс бұл жақтағы елдің де
Қабырғасын қайыстырып барады.

Бүкіл елді жайлап алған тапшылық,
Бізге әлі жоқ жақындайтын жақсылық.
Ептеп-ептеп жетеміз де көктемге,
Еңсемізді көтереміз ақ шығып.

Мына соғыс от-жалынын жайғалы,
Өзекті де суық ызғар жайлады.
Көңілімізге медеу болар жалғыз-ақ –
Күрең қасқа сиырдың бір айраны.

Солған гүлдей сарғайтты да жүздерді,
Кеудемізге сұрғылт неше күз келді.
Таусылмайтын кеніміздей – төрт емшек
Төрт жыл бойы асырады біздерді.

Қараймыз тек соған ғана үмітпен,
Қалғаны сол бар дүние-мүліктен.
Әжем сөзі рас болса, бұл сиыр
Әкеміздің таңдайын да жібіткен...

Күтіп жүрдік, ұмытып бар қайғыны,
Ауызымыз аққа тиер ай-күнді!
Күрең қасқа сиыр біздің сол жылы
Туа сала бұзауынан айырылды.

Содан кейін неше күн нәр татпады,
Естіледі түнде ыңырсып жатқаны.
Ауыл ішін зыр жүгіре айналып,
Ақыр оны ешкім іздеп таппады.

Бізден келер дәрмен де жоқ, әл тайып,
Жаттық ұзақ жағамызға жантайып,
Бір-ақ күнде бұлағымыз тыйылып,
Бір-ақ күнде қалды ауызымыз аңқайып.

Содан кейін ашулы боп алды да,
Маңайына жолатпады жанды да...
Тұлып жасап терісінен бұзаудың
Бір күні апам апарды оның алдына.

Жасқа толып жаудыраған жанары,
«Жас бұзаудың» маңдайынан жалады.
Қайта-қайта айналдыра иіскеп,
Тұла бойы дір-дір етіп барады.

Бұзауым деп ойлады ма кәдімгі,
Босатты ма ол алпыс екі тамырды.
Бар денесі еріп бара жатқандай,
Бауырынан сүті саулап ағылды.

Ұмытқандай кеше көрген қайғысын,
Көңілі босап, көкірегін жайды шын.
Бұзауым деп алдындағы теріні
Алданғанын білмеді ғой байғұсым.

Сәби едім кеудесінен күн күлген,
Сол бір жайды ұзақ ойлап жүрдім мен...
Ол кездерде адамдардың өзін де
Кейде өмірдің алдайтынын кім білген!..

Жоғалтқанның орны қайта толмаса,
Мейірленіп тұрмас еді ол да аса.
...Қайран өмір, қызық болар ма едің сен
Кейде осындай алданышың болмаса!..

* * *

О, туған жер, барымның
Сәттілері сенікі.
Балы болса жанымның
Тәттілері сенікі.

Жүрегімде жыр болса,
Наздылары сенікі.
Көкейімде күй болса,
Саздылары сенікі.

Менің тұла бойымның
Бұлан күші сенікі.
Қияға ұшқан ойымның
Қыран құсы сенікі.

Озып келсем бәйгеден,
Орамалым сенікі.
Қақ алдыңа жайдым мен...
Қалағаның сенікі!

АУЫЛ ҚАРТТАРЫ

Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет –
Қарттарым, аман-саумысың?

Өздерің болсаң жанында,
Ел іші жомарт,
Еңселі,
Дән иісі жүрген қанында
Даламның бір-бір бөлшегі.

Арада жылдар жөңкіліп,
Алыстап кеттім біртіндеп,
Айта алмай ауыз толтырып
«Ассалаумағалейкүм!» – деп.

Өзге бір менде жоқ тілек,
Өздерің көзбен баққаным,
Жайлы жер іздеп кетті деп,
Жазғыра көрме, қарттарым.

Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым белге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң,
Даламда
Әулие қарттар жүргесін.

Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат, дем берсін.
Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің.

Алдында жүрші көзімнің,
Асылым, алтын қазынам.
Ауыра қалсам, өзіңнің
Пейіліңмен-ақ жазылам.

Сағынтып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші!

author

Байбота Қошым-Ноғай (Серікбаев Байбота)

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...