Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және Олимп (роман-элегия)

ӘДЕБИЕТ
2408

 “...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”

Абыз Ахмет Иассауи

Түркі данасы


“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”

(халық сөзі)


“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”

(халық сөзі)


Ой зынданы


1

Әрі ойланды.

Бері ойланды. Қалай десе де туған және өскен жері бар. Неше жерден бизнестің майын іштім, енді ешкімнің алдында мәймөңкелегім келмейді десе де, өз елін ойлағанда өзегі үзілердей.

“Осы уақытқа дейін қаракөз қандастарыма қандай ауыз толтырып айтар игі шаруа жасай алыппын? Баяғы данышпан бабалар болса... міне, кең-байтақ жерді мұра етті. Әркім өзіне тартпады, жалпы елдің мұрасы деп қалдырды. Осы күні сол иесіз қалған даланы өзімізше жұлмалап, жеке-жеке тартыспақ ойнай бастағанымыз қаншалық дұрыс?..”

Әріден қиял қозғап байқаса, әрине, қазақ деген әу бастан іргелі ел бола алған халық. Оның тұтастығына хандар мен билер, батырлар мен шешендер тұтқа еді. Бүгінгі күні сондай көреген де көсем бабалардың ұрпағы қандай? Олар кім боп және қалай өмір сүріп жатыр?

Жазушы досының жазбалары осындай терең де кермек қиялға соқпақ салған...

...Оның үстіне баяғыда Балзия айтқан әлгі бір сөздер де талай уақыттан соң, қайталап санасында жаңғыра түскен-ді.

“Рух! Руханият!.. Рухани байлық-қ... Бұның қандай анықтамасы бар, өзі-і...”


* * *

Тап осы бір сәтті аңдып тұрғандай, жылтың етіп Артур кіріп келген.

– Сен неге тым келгіштеп барасың, а?

– Өзім үшін емес...

– Ал, не? Не жағдай?

– Сіз соңғы уақытта тым тұйықталып алдыңыз: әуелі елге жолау­шылап кетіп, одан орала бере үнемі өзіңізбен-өзіңіз қалғанды мүлде ұнатып бара жатқандайсыз.

– Оны кім айтып жүр?

– Кэт...

– Ә-ә, Кэт пе! Рас, ешнәрсеге зауқым жоқ. Адамның бойында мұндай әлсіреу сәттері әркез айналып соғып тұрады...

– Бірақ... – деді Артур. – ...Сіз танымал бизнес өкілісіз. Осалдық танытсаңыз, оны да пайдаланып қалатындар сапырылысып жүр. 

– Жарайды, солай делік.

– Мына жақта үлкен бизнес – жоспарлар жартасқа тұмсық тіреп тұр. Әсіресе, Джон Дэвис қатты алаңдаулы...

Джон атын естігенде қабағы қаусырмаланды. Сол жігітті қатты көргісі де жоқ, кездестің екен, іші-бауырыңа кіріп алып, істемесіңді істетеді, келіспесіңе келістіреді. Осындай мінез өзіне аса ұнай бермейтін.

Аспан бұған көмір көзімен тіктей қарап алды да:

– Соңғы кездесу кезінде бар мәселенің басын ашып алған жоқ па едік! – деді. – Тағы не?

– Енді іске асып жатқан шаруаның да кейбір аралық қиыншылықтары қыстырылмай ма? Сол жөнінде... 

– Ол жағын саған жүктегем, менсіз-ақ де реттей берсеңші! Ақылың жетпей жатыр ма? Бәрін де бес саусақтай білесің ғой.

– Сіз рұқсат етсеңіз...

– Рұқсат! Сендім өзіңе...

Ішінде бірақ, басқа бір ойлар ойнақ салып жатқан, қатты сеніп тұрған да жоқ-ты. Десе де аяғына дейін тексеріп байқағысы келген.


2

Қайтадан қиял кемесіне отырды...

“Бірақ!” деп ойлады Аспан. “Әр заманның өз жүгі, өз салмағы, тіпті өз тұңғиығы да бар. Біз ХХІ ғасыр перзенттеріміз. Әлем мүлде өзгерген. Оны өзгерткен сен де, мен де емес – уақыт! Уақыт өз дегенін жасауда. Осылай қиюласары бар, енді сол уақыт керуеніне ілесу үшін не етпек керек!..”

Көңілінде кілкілдеп тұрған кермек сезімді қазір біржола сілкіп тастауға тырысқан. Неге осынша боркемік болып барады? Жоқ, жарамас. Бизнес адамының сезімшіл-қиялшыл кейіпке түсуі тіпті керек пе? Керек емес! Қажет емес!..

Артурдың айтқан сөзінің жаны бар. Бизнес – боркемік жан­дардың шаруасы емес, бұл істе батылдық, іскерлік, табандылық, тіпті... айла да керек. Айла демекші... Артур – ылдым-жылдымы көп жігіт. Ол осындай мінезін бір емес, бірнеше рет көрсетті. Тіпті ана жолы Джонмен өзің сөйлесіп-тілдесіп көрерсің деуі мұң екен, деп-демде әмпей-жәмпей араласып кетті емес пе! Қалайша жылдам ауыз жаласа қояды екен? Бөтеннің ойы мен өз ойың қабыса кету үшін айлар, тіпті жылдар қажет дейтіні ше? Баяғыда-а... Ронни екеуі енді бизнес-шаруаны бастағанда, екі күннің бірінде, шәлкем-шәліс келіп, айтыса кететін. Өйткені екі кісінің ойы – екі арналы жол. Қабыстыру мен табыстыру аса оңай шаруа емес, әр сәт сайын кедергілер кес-кестеп тұрып қалады.

Бірақ... Артур үшін оның бәрі де түкке тұрмайтын шаруа. Қолға алды – бітті, аяғына бір-ақ шығады. Іскерлік пе? Бәлкім тым жылпостық шығар? Мүмкін, өз кеудесіндегі ой-арманды уақытша құлыптай тұрып, өзгені тыңдап бағар? Әй, дәу де болса, сөйтеді. Аспан олай ете алған емес. Өзін сыйламаса, онда бар арман-мұратын аяқ асты еткені ғой.

...Қайталап, тағы да әлгінде оқыған қолжазбалар көз алдында көлбеу қаққан.

Қайдан ғана жазушының жазбаларына үңіле қалды екен? Оқыма­ғаны, білмей-ақ қойғаны дұрыс па еді! Ал, енді оқып-білген екен, жанына маза бермей бара жатқанын көрмеймісің!

Елді қалай сүю керек? Сүйе білмеу – үлкен кемістік пе? Ол әрбір перзенті үшін аса қажет міндет пе?

Осы жағынан ой толғағанда еріксіз тығырыққа тіреле берері бар.

“...Туған топырағыңның алдында әрқашан парыздарсың, міндеттісің! Оны орындауға ұмтылмасаң, сен де бір шіріген жұмыртқа!.. Осы ма уақыттың демегі? Жо-жоқ, бұны да жазып-тықпалап, еркіңе қоймай қамшылап келе жатқан қиялгерлер – қалам ұстағандар-р... Әй, солар да...”

Тағы бір ойы төтеннен қиялап кеткені.

“...Бірақ, пенде кейпімен жаралдың екен – әке-шешең бар, туған-туысың бар, тіпті үлкейтіп айтқанда ел-жұртың бар – сен үшін осыдан ыстық, осыдан қымбат не болуы мүмкін! Егер туған топырақтың қадір-қасиетін түсіне білмесең, расында да, сен кімсің, а?..”

Үшінші бір ой кеудені кергілеген.

“...Па, шіркін! Туған жер, туған ел... Ау, сол туған топырақ өз перзентін бауырына басып, ыстық демімен емірене білмесе, қай пендеге қандай міндеті бар, а?..”


* * *

Ауыл шетіндегі Сәмбі тал түбінде оңаша кездесіп тұрып та сезімнің әңгімесі емес, елдің жан жарасын тілге тиектеген. Айтайын деген жоқ еді, Лалагүл соған итермеледі. Иіп әкеп, осыған бағыттады.

– Егер Елмұрат тірі жүргенде, біз үшеуміз Шерқаланың басынан кешіп отырған қазіргі қайғы-шерін жеңілдетуді ойластырар едік, – деген.

– Әлбетте! Сөзсіз сөйтер едік! – деді Ханмұрат.

Қыз қылықтана сөйлеп, тағы да терең ойға жетелей түскен.

– Мен осы күнге дейін түсінбейтін бір нәрсе бар, – деді. – Соны айтайын ба?

– Айт. Айта ғой...

– Біз, мен де, сен де – екеуміз бірігіп, жалғыз Елмұрат жасағанды жасай алмайды екенбіз. Өзімнің іштей түйгенім – елді сүю білімділіктен емес, ішкі мәдениет пен мінезден...

Ханмұрат бас изеді. Бас изеп тұрып, не қостарын, не қарсы шығарын білмеді.

– Білімсіз адам не істей алады! – деді тілінің ұшымен күбірлеп.

– Білім, – деді қыз. – ...Әр кісіге аса керек зат. Бірақ, білімді болу мен білікті болудың арасы тым алшақ.

– Сонда-а...

– Сөзімді бөлме. Ойымды аяқтайын. Біліктілік – елжандылықпен үндес. Әттең, біздің кәсіпкер, ақшалы ағаларда осы елжандылық мүлде жетісе бермейтін тәрізді. Сол өкінішті...

Тыңдап тұрып, бір жағы бұл әңгіменің ұшы өзіне келіп тиіп жат­қанын шамалаған Ханмұрат бұдан әрі ләм дей алмай, өз деміне өзі тұтықты.

Қыз соңынан үнсіз салпақтап еріп отырды...

Жол үстінде келе жатып, неге екені белгісіз, өткенде Жасхан ағасы айтқан бір әңгіме көңіл терезесін қаққылап ала жөнелген.

Ол айтты:

– Талай-талай замандар өткен. Атақ-даңқы асқақтап-ақ, менмін деп шалқыған ақшалы, дүниелі, өте бай кісілер де фәниді артқа тастап, бақиға озған. Адал, арлы ғұмыр кешем деп тірсегі соғысып, өз күнін әзер көріп жүріп, жантәсіліммен тұз-дәмі таусылған жандар да аз емес-ті. Бірақ, мына уақыт, ойлап қарашы, кімдерді еске салады? Кімдерді құрметтеп, ардақ тұтады? Байлар ма – ұмыт! Кедейлер ме – олар да ұмыт! Ал, естен кетпейтіні – елжандылар мен ұлтжандылар! Осындай кісілер мәйінпейіл халқымен мәңгі бірге жасай берер, сірә!..

Ұран-сөздей көріп еді сол сәтте! Артынан салмақтап-саралап қараса, о шіркін, кеудеге әртүрлі ой салар жөні де бар. Сірә да, осы жазушы бар ғой, ай, тегін жаратылған жан емес шығар-ақ!

Қайталап ой ілгектеген.

“...Сенің шын орның қайсы, Бизнес-адам? Тірліктегі тағың биік пе, жоқ аласа ма? Қиял түбіне жетем деп аласұрған Ойқазандар неге, неліктен өздеріңді өндірлеп ұната бермей жатады, Кәсіпкер ағалар?!.”

...Сосын ұрланып, қызға көз салған. Ол екпіндеп, әлденені әлі де айтып келе жатыр еді...


3

Сөз бар ма, әркім өз соқпағымен жүріп отырады да, көңіліне қала­нып қалған өз дегенімен әрекет етпекші!

Мәселен, жазушы қиялындағыны қиыннан қиыстырып, өзге жүрекке жетердей етіп сөз қиюластырып жазбаса кімге керек? Оның бар мақсаты да сол емес пе! Кітап жаз, баспа арқылы бастырып шығар, елге тарат – міне, оның ми қатпарын жаулап алған басты миссиясы осындай қарекетпен ілгектесіп жататыны айғақ.

Әрине, қиял қуған жандар, яғни ой тереңінен маржан сүзгендер қоғам үшін керек те қымбат деседі, ел санасына қозғау сала біледі, солар ғана өткен тарих пен бүгінді ұштастырып отырады, ұрпақ санасын сілкілейді дейді.

Алайда... кәсіпкерлерді байлықтың батпағына қара басын қасқайта тығып алған деп, мүлде елемей, аяқ асты етуге, тіпті керек десең, қорлауға кімнің хақы бар?

Ол осыны әу баста түсінуі тиіс еді. Түсінбей келе жатқаны өкінішті...


4

Кешелі бері көңіл сарайында төтенше сезім әуені ойнақ сала бастаған-ды.

“...Қанша жерден ойшыл, ғұлама болсаң да, саған ең алдымен керегі – қаржы! Қалтаңда көк тиының жоқ екен, бос қиял неменеге керек? Ол нан орнына жүре ме, тамақ секілді тойдыра ма?..”

Демек, бизнес жолына түсіп, сол тайғақты сапарда бірді жоғалтып, бірді тауып жатса, оның еш сөкеттігі байқалмас. Түптің түбінде тапқан бар байлығы өз еліне бұйырады. Солай етуі тиіс те.

Бірақ... бүгінгі заман осылай тұра берсе, бұның туған жерге оралу деген арманы қиюласа қояр ма? Ел бұны қажетсіне ме? Керегі бар ма?

Қабыш қарияның ана жолы айтқан сөздері қайта жаңғырып, есіне еселеніп сыналаған.

– Қайда кетеміз, түбі елге ораламыз! – деп ақсақал көңіліндегі арманды дөп бастым ба дегендей, жүгіне-үміттене қарағаны есінде. Сонда қария: 

– Елге келерсің-келмессің, ол маңызды емес, ең үлкен шаруа – туған топырағыңды мәңгі ұмытпау! – демеп-пе еді. – Кіндік қаның тамған кішкентай топырақ қан жұтып жатса, сенің асып-тасып, шалқып ғұмыр кешкенің қаншалық мәнді? Ол қандай бақыт?..

Ой ізіне ере түсіп, өзінен өзі күбірлеп қоя берген.

“Әй, ақсақал-ай! Көңіліме қарап сөйледіңіз білем, әйтпесе бұл сіздің шынайы бейнеңіз бе? Елден шыққандар сөзсіз елге оралуы әбден керек. Бұл да лақтырған жеріне қайта қайырылатын бумеранг заңы іспетті. Әйтпесе, замана аласапыранға ұласып, өмір астаң-кестең келбетін алдыңа тоспас па...”

Сосын тағы да ой жалғады. 

“...Бизнес, кейбір керауыздар айтатындай, байлық үшін жаныңды қинап, барыңды салу емес. Бизнес – ішкі мүмкіндігіңді барынша сарқа пайдаланып, өз биігіңе көтерілу жолындағы жанкешті еңбек...”

Міне, бизнес деген бұралаң жолдың осындай тайғақты тағдыр­лары мен кермек асулары тағы да бар...

...Ал, бабалар жайы басқа! Әр адам өзінің өткенін білмесе, білгісі келмесе – онда кім екен? Тарихты білмейтін ұрпақ – тұл! Менің сөзім бе? Жоқ, кешегі ғұламалар айтып кеткен мұны. Солар түйіп кеткен түйіншек...

...Біз жазушы екеуміз әлі-ақ кездесуге тиіспіз. Оған айтарым да, тапсырарым да аз емес...

...Ой-толғаныс толастар түрі жоқ!..


* * *

...Төсекке көңілсіз ғана қисайған. Бұған дейін де, тіпті тап қазір де ешкімді көргісі жоқ. Тек.. өз қиялымен ғана оңаша қалуды арман еткен түрі еді.

Адамның басында мұндай жағдайлар әредік болып тұруы заңдылық,

Кенет... Ханмұрат есіне орала берген.

Орнынан тұрды да, телефонға қол созды. Дереу қоңырау шалып еді, арғы жағынан інісінің қоңыр даусы саңқ еткен.

– Алло, аға, тыңдап тұрмын сізді!

– Өзім қоңыраулатпасам, ағаңды тіпті ұмытып бара жатсың ғой, ә! Ізімнен ерген інім деп жүрсем...

– Жоқ, неге ұмытамын. Тек...

– Тағы не?

– Ауылдан шығып кете алмай...

– Түсінемін. Жанмұраттың жаны жабырқап жүр ме? Сені, әрине, аға тұтады. Десе де, енді жолға жиналғаның мақұл.

Ханмұрат үнсіз қалды. Енді оның мына мінезіне түсінбеген.

– Ау, бұл қалай? Сен мүлде өзгеріп барасың...

– Аға, – деді енді Ханмұрат. – ...сіз махаббатқа сенесіз бе?

– Сенем!

Соны айтты да, артынша:

– Ә-ә, енді түсіне бастағандаймын, қу бала ауыл жақтан бір сұлуды тауып алғаннан саумысың? – деп күлген. – Ертерек сезсемші...

– Білмеймін. Әзірге ештеңе дей алмаймын.

– Әрі қарай айтпай-ақ қой. Бәріне де уақыт төреші...

Сосын телефонды өшірді. Басында сан түрлі сезім салалары лық-лық еткен.

“...Әттең, баласының есейіп, жігіт кейпіне келіп, қызға қырын­дағанын көре алмай кетті-ау, қайран Томас... Әйтпесе, тап осы күндері бақыттан басы айналып, шат-шадыман күйге бөленіп, қандай қуанар еді-і...” 

Содан соң, ақырын аяңдап, өз өміріне қарай ойыса бастаған.

“Әй, балақан, балақан! Маған “махаббатқа сенесіз бе” дейді. Неге сенбейін. Сенгенде қандай...” 

Баяғыда-а... тіпті жас күнінде, осынау құпиясы басымдау шаһарға алғаш келген кезінде, бұйра бас, белі қылдырықтай, сары қызды құлай сүйіп еді-ау! Күндіз ойынан, түнде түсінен шықпай қойған. Ол бойжеткен – Томас әкейдің офисінде қызмет ететін-ді. Бір күні тіпті оның жүрегін жаулай әрекеттеніп, өзіне қарай икемдеп, киноға да кіргізген. Кино көріп отырып, іштей тәтті қиялға беріліп, болашақ туралы ойға кеме салған. Сөйткен қыз... сол күнгі кеште-ақ сыр беріп қойғанын қайтерсің. Жігіт ішкі жан сырын қалай әдемілеп жеткізуді сан құбылтып жоспарлап, іштей күбірлеп жүргенде, жаңағы бойжеткен: 

– Қашан төсекке жатамыз? – дегені. – Әңгіме әңгіме, ол таусыла ма? Түбі жоқ қой...

Аспанның жүрегі су-у ете түсті. 

Кездескен күні-ақ бәрі төсекпен аяқталса, арғы жағында не күтіп тұр? Тәтті сезіммен бойды баурайтын шоқтай ыстық махаббат қайда?.. 

Алғашқы да, соңғы да киноға баруы сол еді.

Кім біледі, онан соң да өз сұлуын жолықтырып, тағдыр жарас­тырар ма еді – осы тұста мұның өміріне қайталап Ронни араласып кетті. Ронни, жалпы алғанда, жаман жігіт емес-ті. Өз қиялымен ғана өмір сүргенді ұнатты, әрине! Қызығы – егер оны аяқ астынан тоқтатып алып, дереу қалтасын қарай бастасаң, басқаны қайдам, әйтеуір екі-үш сұлу бикештің суреті және екі жүз граммдық жалпақ бөтелкеге құйылған виски шығатын-ды.

Сол досы бір жолы айтты:

– Тілімді алсаң, ешбір ұрғашыға еркіңді билетпе! Тіпті өліп-өшіп, жақсы көріп тұрсаң да, сыртыңмен білдірме. Қысқасы, нағыз бизнес адамы болғың келсе, алдымен қара басың азаттық алсын, содан соңғысы өзіңе байланысты. Үйленбей де өте тамаша, ғажайып тіршілік кешуге бек жағдай бар...

Танысының әңгімесін тыңдау үстінде тағы да баяғы кезді – ауылдағы күндерді жадында жаңғыртып ала жөнелген. Есіне Балзия орала берген. Оның тұп-тұнық қара көздері бұған тесіле қарап тұрған. Жо-жоқ, олай емес, мейірім шаша, өзіне тартып бара жатқан-ды.

“Осы мен... Балзияның қадірін білмедім-ау деймін. Оның ішкі жан-әлеміне қалайша бойлай алмадым екен?..”

Қанша басын шайқаса да, сезімнің құпия қоймасы өзінің дегеніне ұйыта берген-ді.

“...Махаббатқа сену керек пе? Уа, қалай сенесің? Оның шын құпиясы қайда тығылып жатыр екен, а?..”


Ең үлкен кемшілік


1

Қазақпен ежелден көрші – Қырғыз елінде бірқатар аты белгілі бизнес өкілдерінің бас қосуы жоспарланып қойыпты, Аспан сол сапарға жиналып жатқан. Әуелгіде барғысы да жоқ еді, өзінің орынбасары Артурды жібере салып, тып-тыныш отырса да есебі түгел-ді. Алайда, жеме-жемде жабағы жүні көтеріліп, асығыс жолға әзірлене бастады. Бұған орынбасары да аң-таң. Түсіне алмай дал.

Осы жиын туралы бір ай бұрын сөз қозғалғанда, тіпті аяғына дейін тыңдамастан, Артурға мойын бұра қалып:

– Сен жолға әзірлене бер! – деген-ді. – Барып қайтасың...

Артур, әрине, қай кезде де мұндай сапарға өте құмбыл. Оның үстіне басқа жақ емес, Қырғыз еліне баруы тиіс. Ал, ол жақта...

Өткен жолы оңаша тілдесу кезінде Джон Дэвис бұған былай деген.

– Менің бизнес бағытындағы әріптес-достарым Қазақстан мен Қырғызстанда баршылық. Егер қарсы болмасаң, оларға сен туралы арнайы ақпар беріп қоямын. Жолың түсіп жатса, кездесіп, алдағы іс-әрекетімізді пысықтап алуларыңа да қарсы емеспін. Пайдасына – өзің де ортақсың...

Оның сөзін елгезек жігіт, әрине, құп көрген.

– Сөз бар ма! – деген. – Ол жаққа жиі-жиі барып тұрам. Туған жерім ғой.

Ай бұрынғы әңгіме Артурды да барынша қанаттандырып, тіпті арасында бұл сапар жайынан Джон мырзаға да ақырын ескертіп үлгерген. Енді, міне, бәрі де аяқ астынан өзгергелі тұр.

Жорта сөйлеген сыңаймен, өзінің де ықыласы барын сездіре, әңгімені тиектей бастап еді, бастығы:

– Түсінікті! Барғың келеді, ә! Ендеше екеуміз де жолға шығамыз! – деп бұған оп-оңай нүкте қойған.

Ал, Аспанның қиялы мүлде басқа әлемді кезіп жүрген-ді.

Ол Қырғыз еліне табан тіреп алған соң, арғы жағынан туған топыраққа соғып, бірер күнге аялдап, ретіне қарай қайтарда Ханмұратты ала қайтпақшы-тын.

Одан да маңыздысы бар: көп уақыт өтіп кетіпті, бизнес деп, шаруа деп жүріп, өз әкесі мен шешесін де мүлде естен шығарып алғандай.

Баяғыда-а... анадан аяқ астынан айрылып, кішкене қазақы үйде тек әкесі екеуі ғана қалған кезде, ішінен тынып, оңашада көз жасына ерік беріп қоятын. Шешесі мешелдіктің азабын көріп, екі жыл төсекке таңылды, қандай ем жасаса да, аяғына тұра алмады, сол күйі көз жұмды. Әкесі етік тігетін, Шерқаланың бар адамы аяқ киімін арқалап, жөндетіп алу үшін, жиі-жиі келе беретін. Неге екені белгісіз, қарияның үсті-басы күйе-күйе болып, пысылдап етік жамап отыратынына іштей намыстанатын.

“...Басқа жұмыс істесе қайтер еді, а? Осы әдеті – не әдет!..”

Кейінгі бір уақытта қария:

– Балам, қашан үйленесің? Үйге келін кірмей, береке де ұялай қоймас, – деп құлағының құрт етін жейтін.

Үйлену туралы еш ойланған да, бас қатырған да емес. Оған ауылдағы бірде-бір қыз ұнамады, ешқайсысы көңіліне шоқ тастаған жоқ. Бәлкім, анасының балаға деген махаббатын аз сезініп, содан да кеудесінде салқындық қонақтап қалды ма – әйтеуір бұл шаруада тым тартыншақ бозбала еді. Жалғыз ғана Балзия... Бірақ оның өзі де бұның көңілін аяқ астынан қалдырып алған-ды.

Артынша өмірі аяқ астынан өзгеріп шыға келген...

...Қырғыз еліне жол жүрерден бірер апта бұрын, тап таң алдында, өзінің етікші әкесін түсінде көрер ме! Ол баласына барынша ренжулі еді...

Осы жолғы сапарға соншалық ынталылық байқатып тұруының түпкі себебі де, міне, осында жатқан.

Артур Қырғызстандағы форумда аяғына дейін қала береді, әрине...


* * *

Әнеукүнгі телефондағы мөлтек әңгіменің жалғасын Шерқалаға келіп, көзбе-көз отырып жалғастырғанды жөн деп шешкен. Қалай десе де, ендігі жерде Ханмұратқа аға да, әке де – өзі! Қандас бауыры екені бір басқа, ал өмірдегі ұстазы Томастың соңғы өлім аузында жатып айтқан аманаты тағы бар. Ауылдағы қазақ қызын ұнатып қалған екен, несі бар, жасы да келіп тұр, үйлендіріп жіберсе өте құп іс емес пе! Үй болмай, күй болмасы тағы да рас. Оны өз басынан да кешкен. Көп өкінішінің бір саласы – осыған келіп тіреліп жататын. Томастың да жеке бас тағдырынан мол хабардар. Былайша, екі тағдырдың ұқсап бара жатқанын қарашы!

Осының бәрін де ойқазанда қорыта келе, Қырғыз елінде өтетін форумға аса бір ықыласпен құлшына, асыға аттанып бара жатқан.

Жол жүрер алдында Артур айтты:

– Жаныңызда үнемі оққағар Ханс бірге жүргені мақұл, кім біледі, қырғыз еліне әлемнің түкпір-түкпірінен әртүрлі адамдар жиналып жатыр екен, кісі аласы ішінде... – деп тоқтаусыз сөйлеп тұрғанда, Аспан оның аузын басты.

– Қорықпа, достым! Қырғыз елін мен бес саусақтай білемін. Онда достарым да молынан бар. Бізді бірге туған ел дейді, соның мәнісін осы күнге дейін білме­генің бе?..

Бірақ Ханс ермесін, қала берсін демеді. Оның да жолға әзірлене бергеніне қарсылық жасамаған.


2

Бәрі де өз ойлағанындай қиюласып жатты.

Ұшып келген соң, қырғыз топырағындағы екі-үш күндік кездесудің бастапқы шарасына қатысты да, ертесіне Шерқалаға ат басын бұрып, шұғыл тартып отырған. Самолет емес, сусып тұрған сылаң қара көлікпен шықты. Артур қол бұлғап, шығарып салды.

Өз аулының төбесі көрінгенде алдынан ой таластырғыш танысы – Жасхан күтіп тұрған-ды.

– Қош келдің, жерлес! Ат-көлік аман ба?

– Аман-саумыз. Өздерің ше?

– Біз де аманбыз. Тек...

– Ал, не? Не мәселе? Өткен жолғы телефондағы сөзіңді айтам...

– Е, ол ма! Ауыл іші сірә да бүліну жолын бастап кетті білем! Халық топ-топқа бөлінуді шығарғаны сұмдықтың үлкені.

Екеуі автокөліктің артқы жағына отырып алып, Хансты алдыңғы орынға жіберіп, күбірлеп қана, жарты дауыспен шүйіркелесіп келе жатқан. Аспан осы жолы Жасханды бұрынғыдан бетер, етене жақын тани түскендей. Өткендегідей емес, ел мен жұртқа шын жанашыр ниетін де сезініп қалған жағдайда еді.

– Бөлінгені қалай? Алақандай қала...

– Бәрі де сол есірткі деген пәлекеттің кесірі, – деді Жасхан. – Қарап жүрмей, газетке мақала жазбаймын ба? Сол сойқанның зияны жайынан қаттырақ тіл безеп кетсем керек. Сөйтсем... қатты алжасып, бәлкім адасып жүрген секілдімін.

– Алжасқан жан сен бе сонда?

– Оның артында тұрған кісілерді атасам, о достым, сенің де төбе шашың тік тұрады.

– Ана жолы сөйлескенімізде – есірткі саудалаушы топтың белсендісі бұрынғы әкім Тасқара ағайдың келіні Күлайша деп едің. Сонда ол дерек өтірік ақпар ма екен? 

– Өтірік демейін. Бірақ... арғы жағын салмақтай алмаппын.

– Түкке түсінбедім. Дұрыстап баяндашы. Ұқтыршы маған...

– Ол былай: мен газетке мақала жазған соң, бүкіл Шерқала халқы гу-у ете түсті. Халық шулады. Балаларымыздың болашағына алаңдаймыз десіп, әр-әр тұстан үн қатысты. Содан бір күні мені қалалық полицияға шақыртты. Бір тік мұрт айтты: “Жазғаныңызға терістеп мақала беріңіз!” Мен аң-таңмын. “Не үшін?” Қызыл жағалының үні өктем. Не жазасыз, не болмаса біз сізбен айналысамыз! Сөздің тоқ етері – осы. Аз ойландым, көп ойландым – ақыры жазбайтынымды мәлімдегенмін. Сол-ақ екен, қыр соңыма түсушілер көбейді. Артымнан аңдитын әдет шығарды. Қысқасы, қазіргі өмірім-өмір емес, тозаққа айналып кеткендей.

Аспан таңдана қарап, ішкі ойын жасыра алмай:

– Билік қайда? Әділдік қайда?.. – деген. – Ау, мына заман қалай-қалай бұлғақтап барады, а?..

Жасхан басын шайқады да, үндемеді. Ернін жымқырды...


* * *

– ...Сосын не болды? – деді Аспан екеуара оңаша қалған сәтте. – Не дейді әлгі Тік мұрт?

– Не десін! Әлі де кешірім сұрап, аяғына жығылуымды талап етеді.

– Кімнің? Полицияның ба?

– Жо-о-қ, ана Тасқараның келіні – Күлайшаның алдына барып, бас иіп, кешірім сұрауға тиіс екем.

– Бұл енді тым артық кету емес пе! Аты бар білдей жазушыны қайдағы бір есірткі саудалаған әйелдің алдына жығып бермекші ме?

– Ашығын айтсам, қорқайын дедім. Мына қоғам ішіндегі іріткі әрекетпен жалғыз-жарым жүріп күресудің аса қауіпті екеніне көзім толық жете түсті. Америка жағында қалай өзі?..

– Американы қоя тұр. Біздің ауылға не жорық? Бұлары несі?..

Жасхан ауыр күрсінді. Басын ұстады. Не дерін білмеген жандай, қатты қинала түскен.

Қайталап, тағы да Аспан сөз тізгінін ала берген.

– Енді не істемексің?

– Білмеймін.

– Үнсіз қала бермексің бе?

– Қайтемін, енді не жағдайды да, күтіп алдым. Ең ары кеткенде, шыбын жанымды қиып тынар. Басқа не істей алады бұл ант атқырлар-р...

– Тік мұрт дейсің бе? Тік мұрт дедің, ә!.. – деп Аспан ойлана сөйледі.


* * *

Осы екі арада Доспанмен тілдесіп, бұл да ойдағы шаруа еді, Балзия жайынан кеңірек білуге ынтығарлық ниет байқатқан. Інісі мүлде асығар емес. 

– Оны қайтейін деп едіңіз? – дейді көңілсіз ғана.

– Сенің шаруаң болмасын. Сол келіншек қайда?

– Е, осында ғой. Қайда кетуші еді.

– Өзіне жолыға алам ба?

– Неге! Не үшін! – Доспан шошына сөйледі.

– Жай. Тілдессем деп ем.

– Ол келіншек қазір ауруханада. Әл үстінде.

– Қалайша?! – Аспан қылғына сөйлеген. – Не болды оған?

– Қайсыбір күні осы ауылдың бұзақылары тапа-тал түсте соққыға жығыпты. Сүйегі сынған дей ме?

– Қайда? Қай ауруханада? – деп енді барынша аласұрды. – Мені дереу алып бар сонда...

Сосын інісі екеуі ауруханаға шұғыл аттанып кеткен.

...Балзия азып кетіпті. Баяғы от шашқан жанар ішке тартылып, сөне бастаған. Аспанды көрген бетте көздері оқыс жасаурап, жылап жіберді.

– Көрдім бе! Жолықтырдым-ау, әйтеуір... – деді.

– Бұл қалай? Кімдер соққыға жыққан? Ауылдың бұзықтары ма?

– Олай деп ойламаймын, – деді Балзия. – Бұның артында ықпалы мықты біреулер тұр...

– Ал, кімдер сонда?

– Оны оңаша айтуым керек.

Доспан сыртқа шығып кеткен сәтте Балзия ағытылып сала берген.

– Сенің көмекшің... – деді. – Артурды айтам. Осы аймақтағы әйгілі алаяқ Шербек дегенмен ауыз жаласып алған. Шербек байлық үшін туған бауырын да сатып жіберетін көзтоймас бір жан. Олар ата-бабасымен солай. Оны бүкіл ел жақсы біледі, іштей ұнатпайды. Екеуі елдегі ең семіз сиыр мен қойды арзанға сатып алып, шетел асырып жатыр. Елдің ертеңі қалай болады – онда бір тиын шаруа­лары жоқ. Байқағанымды айтам деп, міне, ақыр аяғында таяққа жығылдым...

– Соны айтқаның үшін ғана ма?

– Одан да тереңірек жағдай бар. Артурдың осындағы сенген адамы Шербекпен бірігіп алып, қой мен сиыр етін есірткіге айырбастайды екен. Мұны да астыртын әңгімеден естіп-білдім.

– Апырмай, сонда біздің Артур... Есірткі деймісің? Сене алар емеспін.

– Ойлан, Аспан! Бұның аяғы қиынға бастайды әлі...

Әңгіме барысында түсінгені: Балзия әлі күнге тұрмысқа шықпапты; бір ұлы бар екен, оны кімнен тапты – ол жағын ашып айтпады; өзінің көңілі әлі де Аспанға теріс емес сияқты...

Соны сөз саптасынан байқаған Аспан да іштей сезім күйзелісіне түсе берген. Бірақ онысын сыртымен байқатпауға тырысты.

Салқын қабақпен әңгімені аяқтай берген-ді...


3

Аз күн ішінде ел ішіндегі қандай құпияны үңгіп біле қойсын, оның үстіне өзінің де ынтасы аса зор емес еді, Аспан дереу Америкаға қайтуға жинала бастаған. Бір жағынан бұлай етуіне інісі Доспан да тікелей себепкер. Ол айтты:

– Ақылымды алсаңыз, бұл іске шатылмаңыз. Бұның аяғы үлкен дау-дамайға ұласқалы тұрған сияқты. Бәрін де былықтырған – ана Ойқазан...

– Неге Жасханды аса ұната бермейсің? – деп күлді Аспан. – Менің ойымша, ол жаман жігіт емес...

Доспан сонда да алған бетінен қайтпай, қайсарланды.

– Жазғышбектер өте әсем сөйлейді, жүрегіңді жылытады, – деді. –
 Бірақ жеме-жемде жалт ете қалатын да солар. Тым жақындап кеттіңіз...

Ағасы ойлана тұрып:

– Ауылда есірткі саудасы қызып тұрғаны рас па? – деген. – Осыған батыл тосқауыл қою үшін бір кісі белсеніп шықса жаман ба! Демек, Ойқазан дұрыс бағыт ұстанып отыр...

– Есірткі саудалау бүгін ғана басы қылтиған шаруа емес! – деді Доспан. – Ол бұрын да жүріп жатты ғой.

– Қалай?

– Мен ес білгелі естіп келемін. Көрші қалаларда есірткі сатушылар ұсталыпты деп газеттерге қайта-қайта жазып жататын.

– Ол басқа. Ал, енді Шерқалаға сол сұмдық жыланша жылжып, жетіп отырғаны ақиқатқа айналыпты. Жасхан тек қағаз шимайлап отыра бермей, мынадай тамырлы кеселмен күресті бастағаны құптарлық...

– Аға, – деді Доспан. – Бұнымен бір-екі адам күресіп, жеңе алмасы анық. Бүкіл халық жұмылып, тосқауыл қоймаса бәрі де бекер. Демек, өкімет өз қолына алуы тиіс...

– Қайран, адамдар! – деді Аспан. – Өзіңе-өзің көр қазып жүргеніңді білемісің? Әй, біле алмай келесің-ау...

Осыны айтты да, басын шайқап-шайқап алып, сосын інісіне бұрылып:

– Ұлттың түбіне жететін ұлы кемшілік – ұрпағының тағдырына атүсті қарау! – деді. – Біздің ел тап осы уақытта сондай бейшара күйге ұшырай бастағаны ма, қалай? Осыдан қорқайын дедім, інім-м...

– Әлемдік деңгейдегі мәселе деп неге айтпайсыз, аға! – деп Доспан шыж-быж. – Осының бәрі де сіздер жақтан, алыстан келіп жеткен сұрқия сұмдық деп неге сөйлемейсіз, аға-а...

Ағасы үнсіз еді...


* * *

Ауыл кеші де түсіп келе жатқан. Табақтай ай дөңгелеп барып, батыс беттегі ұясына әні-міні деп, енді ғана кіріп кетуге асыққан сәт. Аспан үшін осы кез аса қымбат! Қымбат дейтіні – батар күннің қызыл, жасыл, сары реңі есіне көп нәрсені түсіреді, жанына ойтүрткі салып өтеді. Ой ауыр демесең, жаны бір сәттің ішінде рахаттанып қалатындай. Қандай рахат – соны өзі де түсіне алмайды!..

Күн қашан көкжиекке сіңіп, жоқ боп кеткенше далада тұрып алған. Тіпті жанында сөз күтіп, емексіп тұрған Ханмұратқа да ләм деп тіл қатпады.

Содан соң ғана үйге бас сұққан...

Кешкі мезетте інісі Ханмұратты оңаша әңгіме-дүкен отауына кіргізіп алған. Оны қатты сағынғанын байқата, тіпті ет жүрегі елжіреп тұрып, бауырына басқан-ды. Сол сәтте бүкіл тұла бойы ток жүргендей дір-р еткенін көрмеймісің!

“...Апырмау, бұл не өзі? Ханмұрат өз ұлымдай, өз ұрпағымдай құпия әсерге бөлеп бара ма, қалай?..”

Інісі де аға омырауына сүңгіп кетіп, ұзақ уақыт тұрып алды. Содан соң ғана құшақ ажырастырып, оның жүзіне тіктеп қараған, сөйтсе көзінде жас...

– Ой, інім, мұның не? Сен осындай ма едің?..

– Аға, – деді Ханмұрат, – ...мен ой сергелдеңіне түсіп кеттім.

– Қандай сезім? Нендей сергелдең?

– Мен ғашықпын.

– Ә-ә, – деп күлді Аспан. – Білдім. Білгем ана жолы-ақ. Сүйген қызың қайда? Неге онымен таныстырмайсың?

– Әлі ойымды ашық айта алғаным жоқ, – деп күмілжіді Хан­мұрат. – Бірақ, ендігі жерде онсыз өмір жоқ екенін анық бастан кешулімін.

– Онда ойыңды ашық айт!

– Жоқ, қазір емес.

– Енді қашан?

– Өзім білдірем, жақын уақытта...

– Ендеше мен Америкаға барып келейін. Келесі жолы келгенде, той өткізу шарасын қолға алалық. Келістік пе?


* * *

...Әке басына барып, оңаша құран оқыды. Тіпті жанынан бір елі қалмай жүретін оққағары Хансты да алысқа қалдырды.

Екі төмпешікке ұзақ-қ көз салып тұрып, көптен бері бірінші рет көз жасына ерік берген.

“...Әке! Әкетай! Сізді бәрібір түсіне алмағам екем. Қадіріңді білмей-ақ өсіп, шетел асып кете барыппын. Етікші деген соншалық қымбат та қажет кәсіп екенін сол шақта бағалап-білсемші. Мені... мына ақылсыздау ұлыңызды кешіре алсаңыз кешіргейсіз, жан әке!.. Басымды иіп кешірім сұрап тұрмын, міне...”

Көз жасын тежей алмады...

Кенет... басын қақшаң еткізіп, тез көтеріп алды да:

– Мен бе екем! – деді. – Бәріне кінәлі жеке басым емес. Тағдырым осылай қиюласса, маған не дейсіңдер? Тағдыр! Ит тағдыр...

Даусы шығып кеткен екен, байқаса, оққағары Ханс жанына жүгіре жетіп үлгеріпті.

– Сізге не болды, шеф?..

– Түк те емес! Бәрі дұрыс-с...


* * *

Аспан Америкаға жол жүріп кеткен күні Тік мұрт полиция қызметкері Жасханды шұғыл шақырып, жан-жақты қыспаққа алып жатқан-ды.

Үстінен сала құлаш арыз түсіпті. Ондағы жазбаны оқысаң, төбе шашың тік тұрады...


Олигарх және жалғыздық

(бесінші желі)


Бұл ел – қандай ел?


1

...Туған елдің түтінін сағынып тұрып та, кей сәтте жалт етіп, оған өгей көзбен қарап алып, басыңды кекжитіп, алысқа, тым алысқа қаша жөнелгендей сезім тұңғиығына шым батасың да, шыға алмай малтисың кеп, малтисың кеп...


* * *

Кейінгі уақыттағы серігі – кермек ой!

Тіпті күні кешеге дейін бар жанын сала, бүкіл күш-жігерін жұмсап келген бизнесі де тап осы күндері аса қызық болмысын жоғалтып бара жатқандай. Ойдың негізгі діңгегі – адам. Адам болғанда, өзінің қандастары. Сорлаған сорлы қазақ...

“...Ойпыр-ай, онкологиялық сырқат бір жағынан алқымдаса, енді есірткі деген пәле екінші жағынан жәукемдеп бара ма? Осыны көріп-біле тұра, аузына су ұрттап алғандай, үн-түнсіз жатып алғаны қалай бұл халықтың?.. Ау, тірімісің, әлде өліміcің?..”

Қайта-қайта дауыс шығара, өзінен-өзі қорланып, айқайға басып алатын сәттері де көбейген...

Қызметкерінің ішіндегі кісі қызығарлығы да, бетінің қызылы бары да, тіпті жанына жақын жар секілденіп жүретіні – кәдімгі Кэт. Бұның үстіне батыл басып кіріп келе алатыны да әзірге сол ғана. 

Бұрын Кэт екеуінің арасындағы қарым-қатынас жайынан аса көп ойлана бермейтін. Туған топыраққа барып, Ханмұраттың таңғы шықтай таза махаббаты жайлы әңгімесін тыңдап алған соң, самолет үстінде өзі де қиял кемесіне мінген-ді. 

“...Менікі не осы? Неге және не үшін ешкімді сүйе алмадым? Қолым қысқалық етті дермін бе? Әлбетте, жоқ! Біреулер бетімнен қақты ма? Тағы да жоқ. Ау, сонда?..”

Одан соң екінші қырына аунап түсіп, ойды әрі қарай сабақтай берген.

“...Әсте, менің жансарайымда сезім деген сұлулық, махаббат деген мөлдірлік қонақтамаған ба? Бар арман-мақсатымды тек бизнес жолына құрбан еттім бе, қалай?..”

Тағы да ой қанатын жаза түсті:

“...Мүмкін, осындай тағдырға ерік беруіме Роннидің әлгі бір қыңыр әңгімесі себеп соқпақтады ма? “Бизнес дегеніміз – бас азаттығы” деп пе еді! Әй, сол Ронни де... Оны неліктен көп тыңдадым екен сол шақта!..”

Өз ойының зынданына өзі түсіп кетіп, шыға алмай, әбден шаршаған...

...Тап қазір өз кабинетінде отырып алып, әлдебір кермек ойдан арыла алмай, басы қатып, миы аши түскен. 

...Кэт кіріп келіп: 

– Күн ұзақ тысқа шықпадыңыз, тамақ та ішпедіңіз? – деп қылымсиды.

– Тәбетім жоқ.

– Ол дұрыс емес! Медицина тілімен айтқанда...

– Медицинаңды қоя тұр. Иығым қатты ауырып, шыдатпай барады. Массаж жасап жіберші...

Кэт Аспанның мойнының жіңішке тұсынан бастап, ақырын сипалап, уқалай бастаған. Сөйтіп тұрып та тіл ұшында тұрған сөзін тежеп қалар емес.

– Сіз ... соңғы кезде тым салқын болып кеттіңіз! Не себеп?

– Салқын деген не сөз? Кімге салқын екем?

– Бизнесті айтпаймын. Мына бізге... Әйел затына...

– Е, сол ма? Соны маған айтып тұрсың ба?

– Сізге, мырзам! Өзіңізге деген ынтық көңілімді білмеуші ме едіңіз...

Аспан оған көз тіктей қарады да, сауалына сауал ретінде сөз ілгектеді.

– Біз бір-бірімізді шынымен-ақ сүйеміз бе? Ал, сүю... ол не? Оның анықтамасы бар ма?

Басшысының кішкене босаңсып, жылы ниетпен сөз тиектегеніне қуана түсіп:

– Сіз... сыр бермей жүрсіз, ал мен... мен өлердей ғашықпын! – деген.

– Рас па? Сенейін бе?

– Мырзам, неге осынша күдік келтіре бересіз?

– Күдік! Күдік дедің бе? – деп қабағын қайтадан қатуландырды да:

– Жоқ! Мен саған да, басқаға да, тіпті білгің келсе, өзіме де толық сене бермеймін, – деген.

– Олай демеңізші! Бұл тым қаталдық-қ... – деп Кэт мойнына қылымси асыла берген.

Ол дереу Кэтті қолынан ұстады да, ары қарай серпе итеріп жіберді. 

– Бара бер...

– Мырзам...

– Бара бер дедім ғой.

Тағы да жалғыз қалып, ой теңізіне батып, жанын сыздата қиял әлеміне кіріп бара жатқан. 

“...Менде махаббат бар ма? Әй, қайдам... Кімді өліп-өшіп сүйіппін? Сүйе алдым ба әуелі? Иә, алғашында жаңағы бойжеткен біршама ұнаған сықылды еді, енді міне, оған деген көңілім сап-салқын. Тіпті көргім де келмейді...”

Тағы да ойланды.

Осыдан соң, неге екені белгісіз, баяғы бұйра шаш, белі қылдырықтай сары қыз көз алдына көлбеңдеп келе қалды. Оны, жасыратыны жоқ, іштей ұнатып, түндер бойы арман бесігінде тербетілген кездері болмады емес, болды. Бірақ... 

Қазір ойлап қараса, өзінікі дұрыс емес пе деді. “Төсекке жатпаймыз ба” десе, онысы жатып алып сырлассақ қайтеді дегенді аңғартпақ ниеті ме? Неліктен шоршып кетіп, басын ала қашты екен! Неге... қыз жүрегіне терең бойлауды ішкі міндетіне санамады? Обалына қалды ма сол бір бейкүнә, сорлы қыздың...

“Жә, жап-жас басымен өзі бастап төсек туралы айтуы жарасар ма? Неге ойланып сөйлемейді! Асылы, маған дейін-ақ беті ашылған шығар. Сосын да...”

Енді елден кете алмай, ұзақ-қ жатып алған інісін көз алдына әкелген. 

“...Маған қарағанда Ханмұрат барынша бақытты. Ол өзі сүйген, өз жүрегі қалаған махаббатына жолығыпты...”

Осы ойға табан тіреуі мұң екен, өзі де елдегі Балзия бейнесін еселеп есіне түсірді. Ол туралы ұзақ-қ қиялға берілді. 

“...Мені шын пейілмен, бар болмысымен сүйген әйел заты – тек сол ғана-а...”


* * *

Өз халқын өзі танымайды екен. Тануға талпынып көрмепті. Осы күнге дейін өзін “қазақпын” деп келгені – ұят. Ұялатын жағдай. Қандай қазақ бұл?

Ең бірінші кемшілігі – өзі туған елдің өткені мен кеткені, тау-тау асулары барын білуге талпынбағаны. Шетел десе болды аузын аша қарап, өз топырағын тым төмен бағалап келіпті. Тіпті, ашығын айтқанда, шын бағасына жете алмапты. Неткен бейшаралық!

Тарихты зерттеп-зерделемепті. Бетін қалқып жүре беріпті.

Сөйте тұра қазақпын деп кеуде қаққаны, о тоба, расында да күлкілі.

Жә, жер жүзінде ұлтсыздану тенденциясы барынша бойлап, бой көрсете бас­тағаны да рас. Көріп те, естіп те жүр. Алайда... ұлттың ұлы өз ұлтынан бас тартса – ол қандай ерлік! Кімге керек ерлік?

Адам неге өткеніне ой жібере алмайды?

Тағы да жазушы Ойқазан есіне түскен. Ол айтып еді: “Байлық деген жеке адамға емес, халыққа қызмет етуімен бағалы! Егер ұлт бай атанса, адамдары да бақытты тұрмыс кешеді.”

Дауласа кетуге әзір-тұғын. Сол кездесу сәтінде. Енді ол ойынан айныған. Өз кемшілігіне – өзі төреші!

Жекелеген кісілердің баюы, айналып келгенде, бүкіл елдің байығаны емес. Әрине, Олигарх көбейе бастаса, сол ел жаман өмір сүрмес те. Бірақ, олигархтың да олигархы бар. Бәрі бірдей ұлтты сүйе ме? Шын сүйе ме? Жан-тәнімен жақсы көре ме?

Жоқ! Ұлтты әлдеқашан сана сызығынан сызып тастаған бай-олигархтар да бар. Олар – өз қиялымен!

Қалай пайда тапты? Қайдан шықты? Қалай қалыптасты? Ойлана ма?

Қай Олигарх бас қатырып жүрген шаруа екен осы? Әй, қайдам! Ол үшін бұл мәселе аса маңызды емес. Кеуде кеңістігінде орын жоқ оған!

Олигарх атану – бір кісі арман еткен арманның шарықтау шегіне жету екені белгілі. Басқа балама анықтамасы жоқ!

Рас, адам өз болашағына өзі алаңдауы заңдылық. Бүгін ғана емес, ертең де ойландырары ақиқат айнасындай. Алда не күтіп тұр? Қандай қиындықтар кес-кестейді? Қайтсе қорлық көрмейді?

Мұны ол күні бұрын ойластырады. Әрбір ақша-тиынын есептеп, салмақтап, еселеп, өсіріп, тіпті болашақ табысына дейін таразылап, алдын-ала жиған-тергеніне өзі иелік етпесе, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетер!

Сонда ол – бизнесмен бе? Жоқ, ондай жандарды шын бизнес өкілі деуге келе қоймас.

“Олигарх – бизнестің ең биік шыңына ақыл-парасатымен сатылап көтеріле алған адам!..”

Мақтанса мақтанғандай. Өзінің азын-аулақ дүниесін екі еселеді.Жүз еселеді. Сосын барып миллионер, миллиардер атанды. Бірақ...

Неліктен өз қаны, өз тегі ұмыт бола бастаған?

Ана жолы елде аз-кем аялдағанда байқағаны – кейінгі жас ұрпақ тағдыры жергілікті атқамінерлерді қызықтырмайды, қалай өссе, солай өсе берсін деген бойкүйез сезім. Есті қоғам осыған жол беруі тиіс пе еді? Жоқ, әрине! Ұрпағы азғындаған халықтың барар жері белгілі. Болашағы бұлыңғыр.

...Есірткі саудасын қыздырып тұрғандар да адамдар, ал олардың алдағы өмірден үміті жоқ па сонда? Ең берісі – өзі өсіріп отырған ұрпағының тағдырына алаңдамай ма?

...Онкологиялық сырқат неге осынша көбейіп бара жатыр? Оның шығу-туу себебі қайсы? Бұл жағы қазіргі ғалымдар мен дәрігерлерді қалайша алаңдатпайды? Өздерінің ұл-қыздары да осы кеселді жұқтырып, көз жұма берсін дегендері ме сонда?..

...Мына заман – қай заман?


* * *

Шерқаладағы Ханмұратқа телефон шалған. Арғы жағынан інісі аптыға сөйлеп тұр. 

– Аға, енді қашан келесіз?

– Немене, шешілді ме?

– Нені шешуім керек, аға? Түсінбедім.

– Оу, махаббат жайын айтамын. Бойжеткен көнді ме деймін...

– Жоқ әлі. Кездесіп жүрміз, бірақ...

– Ой, жүрексіз жігіт екенсің ғой сен. Бүгін белінен құшақтап ал да, сені сүйемін, маған тұрмысқа шық де.

– Үлкен басыңызбен, осыны қалай ұялмай айтып тұрсыз? Лалагүл ондай қыз емес. Ол барынша нәзік...

– Е, қыздың бәрі де әуелгіде нәзік...

– Лалагүл жөнінен сіз ештеңе де білмейсіз әлі. Сосын да тым сенімді бола бермеңіз...

– Жақсы! Жақсы! Қойдым...


2

Ауыр ой Аспанды үнемі мазалай беретін күйге тап келгелі қанша уақыт! Күндіз де, түнде де... (Неліктен осындай күйге тап болды?..)

Соңғы уақыттарда өз халқының тарихы мен мәдениетіне барынша ынталы бейнеге ауысып, кітаптан бас алмауға айналған.

Оған тағы бір себепші жан – Ханмұрат. Ол кейінгі кезде Аспан ағасына жиі-жиі хабарласып тұрды.

– Ағатай! – деді соңғы хабарласқан сәтінде. – Мен Шерқаладан көп кітаптар таптым. Енді соларды оқып жатырмын. Біздің халық шешендіктен алдына жан салмайтын сияқты. Не деген түйдек-түйдек сөздер...

– Әрине, шешен халық! – деді Аспан. – Баяғы заманда бар билікті билер мен шешендер айтып, солар шешім қабылдап отырған.

– Сонда сот, прокуратураны білмеген бе біздің елде?

– Заң мекемелерінің бүкіл қызметін билер мен шешендер атқарған. Көрмейсің бе, қандай ақылды ел!..

Бозбала ойлана түсіп, тағы да сұрақ берген.

– Ендеше, біз неге басқа елде жүрміз? Осында біржола көшіп алсақ дұрыс емес пе!

– Бизнес қой, балақай! Бизнес үшін жүргеміз жоқ па!

– Оны Шерқалада отырып та жалғастыруға кім кедергі?

Расында да... туған топырақтан осынша ұзап кетіп, жер түбінде отырып, бизнес шаруасын шалқытқаны кімге керек? Тек өзі үшін бе? Қарақан басы үшін жасағаны ма?

Әнебір жолы осы провинциядағы ең үлкен мейрамханаларының бірі – “Наурыз” аспаздық орны аяқ астынан отқа оранғаны. Оған бас-көз болып жүрген Артур Хаземетке сол жолы қатты өкпелеп, жерден алып, жерге салған.

– Сенгенім сен едің, ал мынау не? Өрт қайдан шықты? Себебі қайсы? – деп алқымдап алып еді. Артур саспады.

– Менің кінәм қайсы! – деген. – Өрт шықса, оның басты себебі – электр желісінан табылып отыр. Оған сол мейрамхананың электр жағын қарайтындар жауап бермей ме?

– Сонда... – деп күйінді Аспан. – ...сонда сен үшін бәрібір ме? Бизнес екеумізге ортақ жұмыс еді ғой. Жаның ашымайтын болса...

– Жо-жоқ, о не дегеніңіз! – деп Артур деп-демде бұлаңдап ала жөнелді. – Жалпы жауапкершілікті өзімнен оп-оңай ысырып тастап отырғаным емес бұл. Енді өте сақ болуға уәде етем... Бақылауға алам...

Алайда... осы “Наурыз” мейрамханасының шаңырағы ортасына түсіп, күлі ғана қалғанында нендей сыр бар? Өрт болды деді де, көп дүние-мүлікті сонымен жаба салды. Стол, орындық, жиһаз, кілем, кілемшелер – бәрі де бір күнде жоқ болды. Есептеп шығарылды. 

Әуелде үлкен тексеріс жүргізуді ойластырған, артынан Артурдың ант-су ішкен сөзіне соң, ол ойынан айныған-ды. Тағы да сенімсіздік танытқандай бола ма?

Сол жолы дұрыс істеді ме? Әлде... дұрыс емес пе?..

Қалай десе де, осы күндері Артурдай өзге сенері де қалмағандай...

...Аспан ойланып отыр. Бала жігіттің әлгіндегі сөздері жүрегін сыздатып жібергенін қарашы!

Ой кеңдігі. Жер кеңдігі. Қайда бұрылса да таусылмас түпсіздік!

Тағы бір сөз арасында Ханмұрат айтты:

– Осы күні ауыр науқастан көз жұмған Қабыш ата мен досым Елмұратты үздіксіз, ұзақ-қ ойлай беремін. Еріксіз ойлаймын. Арманым – Шерқалада ата мен немересіне арнап ескерткіш орнатсам деймін.

Кәсіпкер ағасы елең еткен.

“...Шын ойы ма екен? Көкейдегі асыл арманы ма бұл?..”

Жоқ! Шынайы бейнесін байқады. Ханмұраттың даусында жалғандықтың ізі де сезілмеген.

Ойын тағы да жалғап әкеткен.

“...Ал, мен болсам... қолымнан жетелеп әкелген, сөйтіп бизнес әлеміне емін-еркін мидай араластырып жіберген Томас Трамсқа әлі де тиісті құрмет жасаған жоқпын. Кітап та жазылмады. Тек... сөз күйінде қалды...” 

Осы ойын оқып қойғандай дөп баса, Ханмұрат дереу сөйлей бастады.

– Сіз Томас әкей туралы кітап шығарам деп едіңіз, ол шаруа қашан бітеді? – деді.

– Кітап жоспарда тұр. Оны сөзсіз шығарамын. Орындалады серт сөз...

Осылай деді де еңсесін тіктеп алып, алғы күндерге үлкен арман жүгін арта түскен.


* * *

Көкшіл телефоны безіл қақты. Бұл жолы телефондап тұрған – Артур. Екі күн бұрын сөйлесіп еді, тағы не демекші. Тұтқаны көтерді.

– Тыңдап тұрмын! 

– Алло, шеф, бүгін де Қырғызстаннан ұша алатын емеспін. Жағдай соған мәжбүрлеп тұр. Енді тағы екі күн... Қалғанын барған соң өзіңізге кіріп түсіндірермін.

– Е, аса қажет екен, амал қанша? Әйтеуір оралатын шығарсың Америкаға?

– О не дегеніңіз? Сөз жоқ, келемін. Мұндағы шаруаларды шешіп алған соң...

– Жарайды. Күтем!

Трубканы өшіре салды. Содан соң Артурдың Қырғызстанда осынша көп аялдап қалғанын ойша салмақтай бастады.

“...Мұнысы несі? Бұрын-соңды мұндай әдетін байқамаушы едім! Әй, жарайды, таныстары бар, достары көп дегендей, солар жібермей жатқан шығар-р...”

Бұлай күдік ойлауының өзіндік себебі де бар.

...Ана жолы Кэтті қатты еркелетіп, бөлмесінен жібермей, таң атқанша сыр-әңгімені сырғыта лекіткен сәтінде айтып қалып еді:

– Сіз, мырзам, қазіргі кезде тым сенгіш бейнеге ойысып барасыз, ол жақсы қасиет емес, – деген.

– Сенсем көрінгенге емес, мына сендерге сенем. Ол жаман ба?

– Білем. Алайда, ана Артур...

– Ол не бүлдіре бастапты?

– Қырғызстандағы дос-таныстарымен тым жиі сөйлеседі. Екі күннің бірінде... Өзінің сізден жасырған бөлек бизнесі бар ма деп ойлап қалам.

– Болса ше! Бола берсін. Ол жаман ба? Маған одан келіп-кетер не зиян бар, а?

Кэт тілін майыстыра, еркелей тіл қатқан.

– Өзіңіз айтушы едіңіз ғой, бизнес деген мәңгі тайталас деп... Артур да бір күндері сізбен тайталасқа түсіп кетсе...

Аспан күліп жіберді. Күліп алды да:

– Оны өзім өсірдім, өзім адам қатарына қостым. Менің алдыма түсіп кетеді деп ойламаймын да, – деді.

Бұдан әрі қарай Кэт те үндемей, еркелік қалпын ұстап, тоқтап қалған-ды.

Аспан өз ойымен өзі арпалысып ала жөнелген...

Жаңа Артур телефон соққан соң, сөйлесіп болып, алдымен Кэттің әрбір айтқан сөзін нүкте-үтіріне дейін есіне алған-ды.

“Маған қарсы жұмыс істеп, тайталас мінез шығаруы мүмкін бе? Әй, ондай деңгейге жете алар ма мұндай жалаңаяқ-қ...”

Содан соң... есіне Балзия айтқан әңгімені қайтадан жаңғырта бастады.

“Бизнестегі бәсекені қойшы! Бірде озып, бірде артта қалармыз – ол қайғы емес. Уақыт өте бәрі де жөнделер. Ал, егер Балзияның аузынан шыққан әлгі бір әрекет расқа айналса, онда сұмдық! Елге есірткі тасуға тікелей себепші Артур болса, онда менің де оңбай сүрінгенім...”

Өз ойынан өзі шошыды. Тап осы жолы әлгіндегі тұйық ойға мүлде сенгісі келмей, үркітіп әлек болғаны...

Артурды, қалай десе де, ешқандай жаманшылыққа қиғысы жоқ. Оған қатты сенуші еді...

Тіпті кеудеге ұялаған төтен күдіктің өзін де әредік серпіп тастап отыратын...


3

Ой – шексіз! Ой – мұхит!

Әсіресе, Алла-тағала бұның қандастарына ой-теңізін аямай-ақ бере салған. Әрбіреуі қиял әлеміне берілсе, ешкімге қара көрсетпес.

Ой тереңдігі, айналып келгенде, философияға бастау салады.

Демек, бұл халық – философ. Туа бітті философ. Өмірден тоқығаны мол философ. Ал, философ – халықтың әлсіз бейнесін көрсетуі мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Алайда, сондай алғыр елдің ұрпағы бола тұра, бүгінгі қандастарының өз қадірін өзі білмеуі қалай? Өзінде барды көрмей, өзгеге жалтақтай беретіні несі? Білместік пе? Кім білген!.. Өзі мол қазынаның үстінде отырады да, өзгенің ат төбеліндей байлығына жәутеңдейді.

Неге солай?..


* * *

Ата-бабасы ой кеңдігін ғана емес, жер кеңдігін де сыйлап кетіпті. Қайда тұрам, қалай жүрем десең де – өз еркің. Қандай байлықты аршып алам десең де, жатыр көмулі. Талпын! Ұмтыл! Қаз! Зертте! 

Неге жалқау болып кетті! Кімге еркелейді? Кімге арқа сүйейді?

Ұлы бабадан қалған кең жер кеңістігін қалайша тарылтып жүр?

“Ел болам десең, бесігіңді түзе!”

Осылай деп өсиет етіпті кешегі есті бабасы! Неге олай деді? Астары қалай?

Әлбетте, әр елдің болашағы бесігінен бастау алары асыл шындық! Жер-анаға шыр етіп келген сәбиді әуелгі күннен өз халқын, өз жерін, өз ұлтын сүюге үйретпесе – түбі опық жегізеді. Елі бүлінген жерде – бірлік туралы айту да әбестік. Ұрпағы дүбараланған жерде нұрлы болашақ туралы сөз ету – білместік.

...Қайтсе ел болып қалады?


4

Жер бетінде әу бастан маңдайының соры бес елі болып, бақытсыз жаратылған халықтар аз емес!.. 

Бақытсыздықтың белгілері өте көп: он, жиырма, тіпті отыз миллион халқы бар да, бірақ өз мемлекеті жоқ; тап сондай саны бола тұрып, өз ана тілінен ажырап қалған; айта берсең, бармақ бүгіп, ұзақ сөйлеуге даңғыл жол дайын тұр...

Неге? Сонда олар неге бақытсыздық қамытын мойнына ілген?

Оны кейбіреулер Алла-тағаланың маңдайға жазуы деп жатады. Тағы біреулер сол елдің ниет-ойының таза еместігімен де байланыстырады.

Қайсысы шындыққа жақын?

Оны дөп басып айта алар кім бар?

Жоқ! Оны ешкім де білмейді.

Ал, бақытты халық дегеніміз... Бұл, енді, ұзақ әңгіме. 

...Тағы да есіне Шерқаладағы жазушының – Ойқазанның айтқаны түсе берген.

– Қай елдің де жаратылысынан, бақытты болуы ең әуелі Жаратқанның оларға деген ізгі ниетінен! – деген. – Алла бермесе, ештеңені де тартып ала алмайсың.

Алғаш естігенде оның осы сөзіне бар болмысымен қарсылық көрсетіп, тіпті ашуын да бүгіп қала алмаған.

– Адам мүсәпір ме сонда? Жер бетіндегі ең ақылды жаратылыс соншалық қауқарсыз дегің келе ме?

– Пенде белгілі деңгейде ғана ақылды. Ал, жаратылыс одан да жоғары. Жаратылыс бір Алладан...

– Тап осы сөзіңе еш қосылмаймын. Неге ақылды адамның мүмкіндік – деңгейін шектеп көрсетуге құмарсыңдар осы?

– Кім шектеп жүр?

– Мына сендер! Жазушылар, философтар...

– Мәселе бізге тіреліп тұрса, бүгін-ақ жол бере салар едік-ау! Бірақ, оның түп тамыры әріде, тым тереңде жатқан жоқ па!

– Тағы да ойды ойнату! Бұлай бөстекі сөзді өрбіте берсек, сен де, мен де жеңімпаз деген ауылдан мүлде адасып кетеміз. Өйткені, адам ойы тым шексіз...

– Дұрыс! Ой шексіз, бірақ мүмкіндігі шектеулі. Осыған көнетін шығарсыз, кәсіпкер мырза?

Барлық ой-арманына жетіп тұрса да, көкірегінің арғы түкпірінен азынап суық ызғар соғатынын аңдады. Өзі шынымен бақытты ма? Соны түсінбейді.

Бақыт деген не нәрсе өзі, а?


* * *

...Біреу есік қағып тұр. “Тағы кім болды екен” деп ойланды да:

– Кір! – деді.

Хатшы қызбен жағаласа дәу қара жігіт өңмеңдеді. Хатшы қыз:

– Мен кіріп айтып шығайын десем, сөзіме құлақ асатын емес... – деп сызылды. Әлсіздігін байқатқаны.

Дәу қара жігіттің екі көзі қанталап кеткен.

– Ағасы, күте тұруға уақыт тығыз...

– Сен кім едің!

– Мен бе! Мен... Жалбызбаймын. Өткен жылы өзіңіз жұмысқа алған жоқсыз ба! Қазақ елінен көшіп келген жігітпін. Сіздің “Киіз үй” деген кафеңізде аспазбын.

– Е, есіме түсті. Бұл сен бе! Жалбызбай екенсің ғой. Жарайды, бері жақында.

Рас, бұл өзі кекеш жігіт екен. Ана жолы алдына келіп: “Мен қазақ елінен келген қазақпын, қызым осында оқуға түскен соң соңынан ілесіп жүрмін, оқуы бітсе елге қайтам” деген. “Қызым басқа елге келін боп кетіп қала ма деп қауіптенгеннен жүрмін...” Оның осы сөзі Аспанның жүрегін бұлқынтып жіберген.

Хатшы қыз “уф” деп дем алып, шығып кетті. Енді Жалбызбай ентіге сөз бастады.

– Өзім келіп ауызба-ауыз айтайын дедім. Біздің кафеге ел жақ­тан жетіп жатқан ет сапасы бұрын жақсы еді, қазір олай емес.

– Қалайша?

– Мен ет танимын. Қазіргі ет не қойдікі, не сиырдікі емес...

– Сонда қандай ет?

– Қай күні бір америкалық келіншек тіпті арыз кітабына ащы-ащы сөздер жазып кетті. Күннен-күнге келушілер де азая бас­тағандай. Себебін түсініп тұрған шығарсыз...

– Түсінікті! Бұл жағдайды, Артурға, жоқ басқа біреуге тапсырам. Тез арада тексерту керек екен.

– Сөйтіңіз. Әйтпесе... сазға отырамыз. Араға ешкімді араластырмай, өз аузыммен айтқым келгені де сондықтан...

Ол осыны айтты да, Жалбызбай есікке қарай беттеді...

Аспан осы жігіт туралы аз-кем ойға берілді. “Қаным қазақ, қазақ үшін жан берем” деп жұлқынғаны ше!

Апырмай, бүгін кекештенбеді ғой тіпті... “Нағыз қазақ болсаң – тап осы жігіттей бол!..” деп ішінен күбірлеген.

(Жалғасы бар)

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Cиноптиктер ертең, 25 қарашада еліміздің он екі облысында ауа райына байланысты ескерту жасады, деп...

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...