Голи Тарағи, Иран жазушысыМеһрабад әуежайы, №726 әуе рейсі. Air France.Түнгі сағат екі. Бұл түнімен...
ЭРИК КАРЛФЕЛЬДТ - ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛМАҒАН ҰЛТЫНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ
Халқының саны 10 миллионнан сәл ғана асатын Швеция мемлекетінің күні бүгінге дейін сегіз қаламгері әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері атаныпты. Солардың бірі 1931 жылы осы атақты құрметтің қошеметіне бөленген - ақын Эрик Карлфельдт.
Карлфельдтке Нобель сыйлығы ол өмірден өткеннен кейін берілді. Мұндай оқиға Нобель комитетінде бұрын-соңды болмаған екен. Өйткені, осы мұраны тағайындаған Альфред Нобельдің қалдырған өсиетіне сәйкес, оны қайтыс болған авторларға беруге қатаң тиым салынған. Соған қарамастан Швед Академиясының тарихында екі рет осындай оқиға орын алды. 1961 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Даг Хаммаршельдке де қаза тапқаннан кейін Нобель сыйлығы берілгені мәлім. Осы екі автордан басқалардың еңбегінің өлгеннен кейін Нобель сыйлығымен марапатталған оқиға Швед Академиясының тарихында тіркелген емес.
Белгіленген тәртіп бұзылып, дүние салғаннан кейін швед ақынына әлемге әйгілі марапаттың берілуі сол уақыттары қоғамда үлкен наразылық пен дау-дамай туғызды. Атақты марапатты Карлфельдке беру туралы шешімді шығарған сарапшылар оның себебін бұл сыйлыққа ақын еңбегінің көзі тірісінде ұсынылғандығымен түсіндірді. Алайда, ақын Нобель комитетінің төрағасы қызметін атқарғандықтан көзі тірісінде Карлфельдтің оны ала алмайтыны айтпаса да түсінікті әңгіме. Сондықтан да ақын көзі тірісінде одан бірнеше рет бас тартты.
Скандинавия елдерінен шыққан қаламгерлердің ішінде Кнут Гамсун сияқты шығармашылығы әлемдік деңгейде мойындалған таланттар аз емес. Ал Карлфельдт өз өңіріне ғана белгілі талант болды. Ақын жырларындағы таза ұлттық сипат оның әлемдік деңгейде мойындалуына көп кедергі келтірді. Сондықтан да шығармалары басқа елдердің тілдеріне аса көп аударылмады. Шведтердің өздерінде болмаса, ақын творчествосын талдаған зерттеулер мен еңбектер әлемдік әдебиеттану ғылымында жоқтың қасы. Дей тұрсақ та Карлфельдтке Нобель сыйлығын алғанда туған халқының қуанышында шек болмады. Өйткені, ол шведтердің нағыз ұлттық ақыны болды. Және ақынның қарапайым ғана шаруаның отбасында дүниеге келіп, бір елдің зор мақтанышына айналуы расында да үлкен жетістік еді.
Жыр сүлейінің өнердегі жолы да тақтайдай тегіс болған жоқ. Тағдыр тауқыметін тартып, қайыршылықты да, қиыншылықты да, жоқшылықты да көп көрді. Бірақ ақынның қолы атақ-даңққа жеткенде, бағы жанып өнердегі жолы бірден ашылды. Алғашқы жыр жинағымен-ақ ол оқырмандарын тәнті етіп, ел құлағын елең еткізді.
Ақынның сол кездегі шағын томындағы өлеңдері әлі күнге дейін швед әдебиетінің классикасы болып саналады. Әйткенмен, сол уақыттары осы кітаптың елу данасы ғана сатылыпты. Үш жылдан кейін ақынның тағы бір жыр кітабы жарық көріп, ол сол дәуірдегі швед әдебиетінің ең үздік басылымдарының біріне айналды.
Жалпы Карлфельдтің барлығы бес-ақ өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Ол өлең жазуға өте сараң ақын болды. Ақынның соңына қалдырған әдеби мұрасының көлемі бір томдай ғана. Бес мың данамен шыққан ақынның соңғы кітаптарын оқырмандар бір аптаның ішінде талап әкетті.
Әлемге аса қатты танылмаса да көзі тірісінде ол Швецияның басты ұлттық ақынына айналды. Сол кездері өмір сүрген Еуропа ақындарының ешқайсысы да өз елінде тап осындай құрметке бөлене алған жоқ. Бір жағынан Карлфельдт адамзаттың ақыны болуға аса қатты ұмтылмады да. Ол өз Отанын ерекше сүйіп, ұлтының қуанышы мен қайғысын жеріне жеткізіп жырлады. Негізінен романтиктерге ғана тән осындай сипат неромантизм дәуірінде қайтадан халық сұранысына ие бола бастады. Міне, осылайша Вернер вон Хейденстамнан кейін неоромантиктердің дәуірі басталып, Фрёдинг, Сельма Лагерлёф пен Карлфельдтер осы бағытты дамытқан негізгі өкілдері болды.
Әрине, Карлфельдт поэзиясы қазақ әдебиеті үшін әлі ешкім түрен салмаған тың тақырып. Нобель сыйлығын алғанына қарамастан, өркениетті елдердің өздерінде шығармалары аса көп аударылмаған және өте аз насихатталған ақынның бірде-бір туындысының қазақ тіліне тәржімаланбағаны таң қаларлық жағдай емес. Тіпті, әлем әдебиетінде болып жатқан жаңалықтарды қырағы бақылап, назардан тыс қалдырмайтын Ресей мемлекетінде де Карлфельдтің бірнеше өлеңі ғана орыс тіліне аударылды. Солардың ішінде Изабелла Бочкареваның швед тілінен жасаған тәржімасы өте сәтті шыққандай болып көрінеді маған.
Таза ұлттық сипаттағы өлеңдер басқа елдің тіліне аударылғанда өзінің ұлттық қалыбын жоғалтып, көптеген асыл қасиеттерінен айырылып қалатыны ешкімге де құпия емес. Соған қарамастан Бочкарева өз аудармасында ақын өлеңдерінің рухын өте жақсы бере алған сияқты. Бұл өте маңызды. Мысалы, Абайдың әлем әдебиеті классиктерінің қазақ тіліне тәржімалаған шығармаларын алайықшы. Оларды біз таза аударма деп айта алмаймыз. Түпнұсқамен салыстырсақ талай-талай өзгешеліктерді, көптеген айырмашылықтарды, онда мүлде кездеспейтін теңеулерді табамыз. Бірақ ең бастысы ұлы Абай әлем ақындары туындыларының рухын терең сезіп, оны өте шебер бере алған. Алайда, Пушкин, Лермонтов пен Гете жырларының рухын, Герольд Бельгердің сөзімен айтқанда кейде тіпті, тұпнұсқадан да асырып жіберген Абай аудармаларын таза аударма дегеннен гөрі ұлы ақынның шығармашылығы десек қателеспейтін шығармыз. Өйткені, әдеби аударма туралы әңгіме айтылғанда, «оның таза шығармашылықтан айырмашылығы неде?» деген заңды сауал туындайды. Бір терінің пұшпағы сияқты болып көрінгенімен, аударманың шығармашылықтан түбегейлі айырмашылығы бар. Поэзия ең алдымен ақынның лирикалық менін, яғни, өз болмысын танытуға ұмтылысы. Ал, аудармашының мақсаты мүлде бөлек, ол тәржіма жасағанда өзінің менінен толық бас тарта алуы тиіс. Филология ғылымдарының кандидаты, Ресейдегі Әлем әдебиеті институтының ғылыми қызметкері Андрей Коровиннің айтуынша, осы тұрғыдан алғанда Изабелла Бочкарева тұпнұсқадан ауытқып кетпей, Карлфельтдің шығармаларын орыс тіліне өте сәтті аударған. Швед әдебиетін егжей-тегжейлі білетін кәсіби маман болғандықтан біздің Коровиннің пікірімен келіспеске амалымыз кем....
Құрметті достарым! 1931 жылы Нобель сыйлығын иеленген швед ақыны Эрик Карлфельдтің өмірі мен шығармашылығы туралы толығырақ білгіңіз келсе, бүгін 14 сағат 35 минутта Қазақ радиосындағы «Әлем әдебиеті» бағдарламамыздан берілетін хабарымызға назар аударыңыз