Оны ешкім байқаған жоқ

ӘДЕБИЕТ
3673

М.Қойгелдінің газетімізге шыққан соңғы мақаласындағы «мифтік құрылымдардан ажырайтын уақыт жетті» деген сөзі көңіліме сонша жақса да, ғалым ағамыздың «оған интеллектуалдық деңгейіміз жетті» дегенін оқып отырып имандай иланғым келсе де, ондайға түбегейлі дайын емеспіз ғой деймін іштей. Біздің қоғам, әдеби, саяси, әлеуметтік орта болсын, қай-қайсысы да мифке әлі құмар. Бірен-саран адам ғана қолдан пұт жасауымызға қарсы-ақ. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, алдыңғы заман тұлғаларымыздың өмірден өтіп кеткеніне байланысты қазақы жоралғымен «өлгеннің артынан жаман сөз айтудың керегі не?» деген ұстаным. Екіншіден, олар туған топырақтан бірнеше буын қаламгерлер өсіп шықты. Олар да ендігі жерлестерін «меншіктеп», қорғауды өздеріне парыз етіп алған. Мәселен, осындан екі-үш жыл бұрын Сәкен Сейфуллиннің бір қыздың тағдырына әсер еткені туралы мақала шықты. Оған күллі қарағандылық ақындар Һәм сәкентанушылар, Сейфуллин атындағы музей – бәрі жабылып, соңында әлгі мақаланы жариялаған Әдебиет порталы кешірім сұрап тараған. Бұл бір ғана саяси астары жоқ, жеке тұрмыстық яки сезімдік оқиға. Ал дәл сондай оқиға бүгін болмай жатыр дей аласыз ба? Әркімнің өз өмірі бар. Әркім өз ісіне жауапты. Ал оған тірі күніңді былай қойып, өлгеннен кейін де жауап беруіңе тура келетінін осы оқиғалар-ақ дәлелдеген. Енді Мәмбет ағамыз Әуезов пен Мүсірепов арасындағы ұстанымдар қайшылығы туралы жазыпты. Әділ, бейтарап мақала екен.

Тура осы тарихшымыздың мақаласымен мәндес, ұстаным жағынан, «мифтік құрылымдарды талқандаған» Мейірхан Ақдәулетұлының «Пайғамбары көп ел» деген, жиырма жылдай бұрын жазған мақаласы интернет кеңістігіне шығып жарқ ете қалды. Бұл мақаланы кезінде «Алтын Орда» газетінен біршама зиялылар оқып, өз ойларын айтқан да болар. Ал біз сияқты «жаңа өспірім, көк өрімдердің» енді танысып жатқаны анық. 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасында біздің зиялылардың айтқан сөздерін Мейірхан ағамыз тізбектеп шығыпты. Фариза Оңғарсынованың не дегенін толық жазбаса да, сол Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шахановтар айтқан сөздерді айтты деген. Ал бұл кісілер біздің ұғымымызда, қарапайым оқырмандардың санасында қазақ үшін жанын оққа байлайтын біртуарлар емес пе еді? Ал осы оқиға 2011 жылдағы Жаңаөзен кезінде, бұл да желтоқсан айында, қайталанған жоқ па? Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсыновалар 1986 жылы зиялылар айтқан сөзді қайталады. Тарих қайталанды ма? Жоқ! Жай ғана зиялылар өзгерген жоқ. Айналып келгенде, халық өзгермеді. Енді сондай оқиға болса, әрине, беті аулақ, біздің зиялы қауым тура сол сөздерді қайталап тағы айтады. Оған еш күмән жоқ. Бірақ Жұбан Молдағалиев пен Сафуан Шаймерденов сияқты халық жағындағы сөзді айтар азаматтар бұрынғыдан едәуір көп болады. Әрі олардың бәрі кейінгі жастардың қатарынан шығады. 2019 жылдың әдеби өмірін ойлап отырғанда осы екі мақала көңілімді бірден аударды. Қазір де біздің мифтік тұлғаларымыз жеткілікті. Егер одан айырылып қалатын болсақ, тұтас бір романтикамыз жоғалардай күйде отырмыз.

Біз әдебиетті қалай түсініп жүрміз деп жиі ойлаймын. Алдымен ақын, жазушы болсаң, саған бүкіл халық құрметпен қарау керектей, барлық әкім астыңа ат, үстіңе шапан жабу керектей күйде жүреміз. Бір әкім ақынды қабылдай қалса, «әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дейміз. Қандай логика десеңізші. Егер жақсы ұстазды, дәрігерді, шахтерді қабылдаса не болады? Ал ақынды мүлде қабылдамай қойса ше? Ел бақытсыз ба? Жоқ! Мұндай сөзді ылғи әкімдер қабылдаса екен деп, я әкімдерді жағалап жүргендер айта ма деп ойлаймын. Қызық формулировка ғой. Ал әкім қабылдағаннан ақын бақытты боп кете ме? Қаламгердің бақыты оқырман оқыса, кітабы мыңдаған тиражбен тарап жатса, соған лайық әкімі де оқып, құрметтеп жатса, жөні бір басқа. Сол сізді қабылдап тұрған әкім бір кітабыңызды оқыды ма екен? Оған да күмән бар.

Ал жазушыларымыз «халық үшін жаздық» дейді. Осы халық үшін деген пафосқа толы сөзді қойғанда, мифтік құрылымдардан құтылатын шығармыз. Мифтің түбі – пафос. Алдымен әр адам еңбекті өзі үшін істейді. Сіз бір роман жазсаңыз да, алдымен өзіңіз үшін жазасыз. Ал соған қосалқы ертеңге керек, осы кәдеге жараса деген ниет жүреді. Жақсы роман болса, өлең болса, пьеса жазылса, алдымен автор мақталады. Ал ол пенденің көкейіне кірмей тұрмайтын сезім. Ал халық үшін жаздың делік. Оның жақсы шықпаса, ертеңгі ұрпаққа жетердей көркем туынды болмаса, онда халқыңыз оны керек қыла ма? Бұл өте нәзік әрі күрделі дүние. Сондықтан осы «халық үшін жаздым», «мен халықтың адамымен» деген сөзді айтпауды үйренейік. Әрі-беріден соң, ол халық үшін жазылды ма, халықтың адамысыз ба, жоқ па – оны шешетін халықтың өзі. Соған ықтияр беріңіз. Әйтпесе адам өзі туралы солай айтқанда, халық үшін еткен еңбегі зая кететіндей көрінеді де тұрады.

Мифтің бәрін автор бастайтын сияқты. «Дереккөз ұмытылады, ақпарат қалады» деген сөз бар еді ғой. Ал біз соған әр беріп, түрлендіріп, жеткізіп отырамыз.

***

2019 жылы әдебиетіміздегі ең үлкен оқиға ретінде Азия форумын айтуға болар еді. 44 мемлекеттен 100-ге жуық қаламгер қатысқан әдеби форум  қатты талқыланды. Бұл форумға бюджеттен 281 миллион 35 мың теңге бөлінді. Жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ол сөзін: «Азия ақын-жазушыларының алғашқы форумы Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасыНұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасыменөткізілуде», – деп бастаған.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ұсынысын айтып, Азияны әлемдік рухани дамудың орталығына айналдыру туралы сөз қозғады. Қазіргі уақытта бұл қаншалықты іске аса қоятыны белгісіз. Өйткені әр құрлық түгіл, әр халық өз руханияты үшін күресіп жатыр. Оның ішінде Азия халықтарының рухани күресі мүлде бөлек.

Президент «әралуандық үйлесімі» дей отырып, «Рухани байланыстарды кеңейту –жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі... Азия біріге алады» деді. Азияның бірігуі қай сипатта болады, ол жағы айтылмады. Егер бұл әдеби форум болғандықтан, әдебиет жағынан бірігеді десек, тағы қателесер едік. Өйткені үш мыңжылдық тарихы бар қытай әдебиеті, тамыры тереңге кеткен жапон әдебиеті мен бүгінгі қазақ әдебиетін салыстыру тіпті қиын. Одан бөлек, біз әлі білмейтін Азияның кішкентай мемлекеттерінің үлкен әдебиетін айтпай-ақ қоялық.  Қ.Тоқаевтың бұл пікіріне форумға қатысушы кореялық Ко Ын мырзаның сөзі қайшы боп шықты. «Жақында өткен Азия әдебиеті фестивалінің ашылу салтанатында мен Африка мен Азияны, Латын Америкасын «үшінші әлем» деп атауға түбегейлі  қарсы екенімді айттым. Бұл атау Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған еді.  Бүгінгі жағдайды зерделей отырып, Азияның әрбір бөлігі, әрбір елі, мәдениеті өзінің түпнұсқа бейнесін тапса деген ойға келдім. Азия Еуропа сияқты біртұтас емес екені анық. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда, бір дінге бас ұрды. Бірақ біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен туыстасып кетті. Азияда мұндай тұтастық мүмкін емес. Азия – табиғи ерекшеліктердің, тау мен даланың, шөл мен көлдің астасып жатқан әлемі. Осы әркелкілік әдебиетке де тән. Азияның діндері мен философиялық жүйесі де терең әрі күрделі», – деген еді Ко Ын мырза.

Бұл жиында әлемдік Нобель сыйлығы сияқты Үлкен Азия сыйлығын тағайындау туралы да айтылды. Бірақ форум аяқталғалы үш айдың жүзі болса да, форумның нәтижесі ретінде ештеңе айтылмады. Бұл сыйлық тағайындала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Форумда бастан-аяқ жүріп, сөздерді түгел тыңдадық. «Жас Алаш» газетінің сайтында форумнан репортаждар берілді. Сондағы бір шу Қабдеш Жұмаділовтің сөзі еді. Ол «Шыңғыс ханды моңғолдардан қайтарып алайық» дегенді айтты. Сонда залда отырған моңғол ақыны Гун Аюрзана ренжіп қалды. Шетелден келген ақын-жазушылар баяндамалар жасап, әдебиеттің мәселесін айтуға барынша тырысты. Ұйымдастырушылардың мақсаты да сол еді. Бірақ сөз алған біздің ақын-жазушылар әдебиет мәселесіне тереңдемеді.

Шахановқа сөз тигенде, әдеттегідей «Ырбигүл мен Жырбибай» деген өлеңін оқумен бастады.  «Өкінішке қарай, бұлар біздің қоғамда қаптап кетті. Оған өзіміз кінәліміз. Әр кезең басымыздан өтті. Осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілін мемлекеттік тіл жасаған мен едім. Мен барлық кезде шындықты айтатындықтан, беделім төмен. Ең құрметті адамдар ТЖ-лар. Мен үндемегенде, қазір барлықтарыңыздың тағдырларыңыз басқаша болар еді», – деді.

Исабековқа сөз алтыншы боп тиді.  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков: «Бүгінгі форум бізге ештеңе бермейді. Осы форумды кешелі бері тыңдап отырмын. Әлемдік мәселе көтерілмеді. Менің қалай жазатыным кімге қызық? Сирияда не болып жатыр? Соларды неге айтпаймыз? Батыста жарылыс болса, бәріміз қайғырамыз. Мұсылмандар қырылып жатқанда неге үндемейміз? Одан да мен соны  айтайын», – деп, Таяу Шығыстағы халықтардың трагедиясын айтты.

Жалпы, бұл форумда бір қалу керек сөз болса, осында жасалған баяндамалар еді. Бір пайдасы тиер болса, сондағы айтылған мәселелер еді. Ал онда ешқандай, біздің жазушылардың тарапынан сөз болған жоқ. Керісінше, Дулат Исабеков сияқты жазушының қалай жазатыны қызықтырақ болар еді.

Форум өтті. Ақша жұмсалды. Қазақ әдебиетін әлем таныды ма, жоқ па, ол енді маңызды емес. Әдебиет олай қанат жаймайтыны белгілі. Ендігі форум қалай өтеді? Қандай форум өтеді? Мәселе сол.

Осы шараны ұйымдастырған Қазақстан жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толды. Сондай-ақ еліміздегі жалғыз әдеби газет – «Қазақ әдебиеті» де осы мерейлі датаға жетті.

***

Қазір біздің әдебиетіміз әртүрлі ізденіс кезеңінде. Енді алар бағыттың қалай болмағы бәрі үшін маңызды. Осы уақытта әдебиетке арналған бәйгелер де жетерлік. Бұған дейін әдебиетке көңіл бөлмеді деп келген үкіметтің де «Алтын тобылғы», «Ұлы дала» сияқты бәйгелері бар. Одан бөлек, «Жас Алаш» газеті ұйымдастырып келе жатқан «Қазақ пен қала» проза байқауы, «Адырна» журналының «Алтын жебе» байқауы, Әдебиет порталындағы «Ауылым – алтын тұғырым» байқауы бар. Оның сыртында, жылда мерейлі даталарға ұйымдастырылып жүрген әртүрлі мүшәйралар мен байқаулар бар. Алматы қаласының әкімдігі де 150 қаламгерге 500 мың теңгеден стипендия тағайындады. «Бірақ осыдан көркейіп кеткен әдебиет бар ма» деп сұрақ қоятындар да табылады. Әрине, одан әдебиет көркеймейді. Әрі бәйге деген дүние де шартты нәрсе. Ол бізде аға-көкемен де шешіліп жатады. Бірақ қаламгерлер ынталанып, жаңа шығармалар жазады. Мәселен, «Қазақ пен қала» байқауына биыл 60-қа жуық шығарма түсті. Алпыстың алтауы ғана жүлдеге іліксе де, қалғандары мүлде нашар деген сөз емес.

Осы байқауға түскен, бірақ жүлдеге ілікпеген Ермек Қаныкейдің «Артық адам», Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде», Нұрлан Қабдайдың «Тәуліктің жалғыз-ақ сәтінде өмір сүру», Есбол Нұрахметтің «Таусылмас түн», Арман Әлменбеттің «Тоғыз жылдан кейінгі кездесу», Санжар Бекжанның «Қараңғы көшедегі шырақ» әңгімелері жастар әдебиеті үшін олжа болған шығармалар деп бағалауға болады. Бұл байқау 45 жасқа  дейінгі жазушыларға арналған. Жастар үшін барынша әділ өткізсек, қалай болғанда да әдебиетке шын ынтызар, дәл осы уақыттарда жалаңаяқ, жалаң бас еңбек етіп жүргендерге демеу болса деген ниет бар. Байқауда қазылар алқасының шешімі бойынша «Аждаһаның жүрегі» әңгімесі үшін 1-орын алған Нұрбек Нұржанұлы,«Тамұқтағы жалғыздық» әңгімесі 2-орынға лайық болған Әлихан Нұрбергенұлы, «Қабылдау кестесі» әңгімесі үшін 3-орынды еншілеген Бекзат Алтынбек, Есенқұл Маманұлы атындағы арнайы жүлдені «Соңғы трамвай» әңгімесі үшін алған Досхан Жылқыбай, ынталандыру сыйлықтарын «Қасиетті ойын» әңгімесімен алған Думан Терлікбаев пен «Қара мысықтың қожайыны» әңгімесімен алған Әлішер Рахат та әдебиет табалдырығын енді басқан жастар. Тақырыпқа салмақты қарай алатын, жазған дүниелері де оқырмандарына едәуір ой жүктейтін бұл жігіттер алдыңғы буынға қарағанда терең мәселелерді қозғауға жүрексінбейтіндіктерімен ерекше. Жазудағы комплекстен ада, барынша еркін ойлауға, еркін көсілуге бейім, тәуелсіздік кезеңінде туған, өскен ұрпақ. Тұрсынжан Шапайдың сөзімен айтқанда, осы бәйгеге қатысқан, жүлдеден үмітті болған, жүлде алған жас жазушылар осы бағыттарынан таймай, тыңғылықты еңбек етсе алдағы он жылда жазушы ретінде әбден өсулері тиіс.

Ал бәйге қорытындысына қашанда риза болмаушылар табылады. Өзіңше әділ өткіздік деп тұрсаң да, талғам тұрғысынан талас көп. Ал «жазғанынан алғаны көп» жазармандар туралы әңгіме бөлек. Оның қандай әңгіме екені де сіздерге жақсы белгілі.

***

Блок айтты дейтін сөз бар: «Ақындардың әртүрлі болғаны жақсы». Ондайда өлең де әртүрлі болмақ. Осы Блок отыздан асқан шағында «Маған өзгеру керек. Мен мұны (өлең жазуды) қатты меңгеріп алдым» дейтін еді. Ал Әбіш Кекілбайұлы «Өз-өзіңді қайталау – тоқырау» деген мағынада сөз айтқан. Осы үш сөздің төркіні бір. Адамға үнемі ізденіс керек.

Соңғы уақыттарда жастардың әдеби ортасында «Солақайлар» деген клуб пайда болды. Өлең жазады, прозасы бар, аударма жасайды. Оның ішінде әртүрлі авторлар, осы күнге дейін біз қалыс қалдырған әлем жазушылары да бар. Аударманың сапасы туралы айтсақ, әрине, ол басқа әңгіме. Бірақ осы жігіттердің үнемі бірдеңе іздеп жүретіндері ұнайды. «Солақай» болу өзіңмен пікірлес емес қаламгерлерді жек көру емес. Мақсат оларды жамандап, жазғандарын түкке алғысыз қылу да емес. Мақсат – бәсеке, жақсы мағынасында. Жазуда озу, оқуда ілгері болу. Бұл, сайып келгенде, ақындардың әртүрлі болуына жол ашады. Қазір біз жастарды бірдей өлең жазып кетті деп кінәлап жатамыз. Бір-біріне ұқсайтын, авторларын алып тастаса, кім жазғанын ажырата алмайтын өлеңдер қаптағалы қашан. Мәселен, ақ өлең жазып жүргендерге қатысты да осы сөзді айтуға болар еді.

Бұл жігіттер жақсы сұхбаттар мен мақалаларды аударады. Жалпы, қазір осындай аудармалар молайып келеді. Бұл жастар ортасында пікір алуандығы үшін қажет-ақ. Осы «Солақайлар» сияқты тағы бірнеше топ қызу жұмысқа кірісер болса, едәуір жұмыс атқарылып қалар еді. Осы топтағы Абзал Сүлеймен деген жігіт Элиоттың «Шөлін» қазақшалап шықты. Үлкен еңбек. Оған барудың өзі үлкен білім мен ерікті қажет етеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қалау Сәлеметбайұлы деген ақын аударамын деп жүрген-ді. Аударды ма, жоқ па, білмеймін. Ал Абзалдыкі еңбек! Бұл, өзі, энциклопедия сияқты, әр тармағын, әр сөзін түсіндіріп отыратын, соның өзін білу үшін мол оқуды қажет ететін туынды. Борхестің бір новелласын түсіну үшін де қатпарларындағы мыңдаған шығармаларға үңілу керек болатынындай дүние. Әдебиетте еңбек қалады. Бірін-бірі даттаған, өсектеген пыш-пыш сөздің әдебиетке түк керегі жоқ. Бірақ ол әдеби ортаға қажет. Бірде Серік Асылбекұлы жазумен тек классиктер айналысса қызық болмайтынын айтқан еді. Халтурщиктер де осы әдеби ортада жүреді. Сонысымен де ол әдеби орта. Жазғаны жоқ, айтқаны көп болатын жігіттердің ертең «Едігесіп» жүргені ұмыт болады. Бір кездері осы ортаңызға дүркіреп небір қисық-қыңыр сөзімен, жазуының «ерекшелігімен» келген қаламгерлер көп болған. Бірақ қазір жоқ. Сондықтан ұзақ шабысқа дайын болу керек. Ол үшін әртүрлі пікірлер бізді өсіріп, жетілдіретіні сөзсіз. Ал тыңдау-тыңдамау – өз еркіңіз.

***

Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» атты романы шықты. Орта жасқа таяған қаламгерлердің ішінде, соңғы жылдары жазуға берік отырған жазушының қаламынан туған шығарма 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына негізделген. Екі жігіттің тағдыры арқылы жыршы мен қоңызды параллель алып отырып, мұнайшылардың тағдырын жазған.

Роман бірыңғай диалогтан тұрады. Жазудағы ең қиын нәрсе осы – диалог. Ырысбек Дәбейге осы жағы қиындық тудырғандай көрінді. Ал жыршы мен қоңыз көркем деталь ретінде беріледі.

Бұл – әлеуметтік роман. Оқиғасы журналистерге жақсы таныс. Романның көркемдігі әлі сөз болар. 2019 жылы шыққан кітаптардың ішінен осы романды ерекше атауға болады деп ойлаймын.

P.S. Қазақстан жазушылар одағының съезі болған кез. Наурыз айы. Күн алабұртып тұрғанымен, жауын жоқ. Алматының өзіне тән сұрғылт тұманы еңсені басыңқырап тұр. Абай атындағы Опера және балет театрынан құжынап шыққан қаламгерлер әр алуан көңіл күйде. Жаңа төраға сайлап шықты. Жиналыстан шыққан соң, үйіріліп тұра қалатын әдеттерімен қаламгерлер фонтан айналасында топ-топ болып тұр. Жасы 95-ке келген Әбдіжәміл Нұрпейісов таяғына сүйенген қалпы жалғыз өзі жоғары баспалдақтан төмендегілерге көз тастайды. Бір дәуір келесі дәуірді бақылап тұрғандай. Өтіп бара жатқан ұрпақ келер ұрпақты сынап тұрғандай. Өз уақытын сағынатындай. Осы уақытты қимайтындай. Бір-біріңді бағалаңдар дейтіндей. Аяйтындай. Аялайтындай. Бірақ оны ешкім байқаған жоқ.

Фото: Әлеуметтік желіден.

Бағашар Тұрсынбайұлы

author

Бағашар Тұрсынбайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...