«Жүз ақынның жүз өлеңі» («Хякунин иссю») – жапон классикалық вака-жырлары

ӘДЕБИЕТ
2407

«Жүз ақынның жүз өлеңі» («Хякунин иссю») – жапон классикалық вака-жырларының жинағы. Бұл антологияны 1235 жылы ақын Фудзивара-но Тэйка (1162-1241) құрастырған. 



1


Император Тэндзи 
(627-671)

Күзгі жаңбыр нөсерлеп,

Тоқылған сабан астына

Шаруаларды тықты анық.

Менің де жеңім, мінеки,

Су-су болды шықтанып.



2


Дзито патшайым
(645-702)

Кетті көктем тағы да

Көшін кері қайырып.

Ақ жібектей жаз келді –

Кагуяма тауының

Баурайына жайылып.



3


Какиномото-но Хитомаро
(662-710)

Шаруа қызға қарасам,

Бұрымдары шыбықтай,

Көзбен ғана ұзаттым.

Жалғыз жатсам төсекте,

Қысқара ма ұзақ түн?


4


Ямабэ-но Акахито
(VIII ғ. басы)

Таго шығанағына

Жаяулатып жүремін.

Аппақ қар боп ашылған

Ұлы Фудзи тауының

Қақпасына кіремін.


5


Сарумару-Даю
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)

Таудағы үйеңкілердің

Шашылған қызыл жапырағы,

Сол жақта бұғы жүреді.

Естілді оның жан дауысы,

Мұңды күз келіп тұр еді.



6


Отомо-но Якамоти
(716-785)

Сауысқандар ұшып жүр

Кемпірқосақтың үстімен –

Аспани көпір секілді.

Жарқ-жұрқ етіп ақ қырау,

Түнді мүлдем кетірді.


7


Абэ-но Накамаро
(698-770)


Микаса тауы үстінде

Аспан сұлуы – Ай тұрды.

Касуга деген өлкенің

Жайнаған раушан гүліне

Ұқсайтыны айқын-ды.



8


Кисэн монах
( IX ғ. бірінші жартысы)


Ормандағы лашығым 

Күйін кешер жетімнің.

Астанада адам көп,

Мекен етіп Мұң тауын*,

Өмір сүруге бекіндім.

Мұң тауы – Удзи тауы.



9


Оно-но Комати
(825-900)

Сұлу гүлдер қураған,

Бояуын жазда қалдырды.

Алаңдаймын өмірге,

Көремін тек бұл күзден 

Ұзақ жауған жаңбырды.


10


Семимару
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)


Дос та, қас та – бәрі де

Келеді һәм кетеді, 

Кездесер һәм қоштасар –

Ана тұрған белесте.

Бұл бір шындық емес пе??



11


Такамура кеңесші
(802-852)

Балық аулар қайығым,

Өзіңмен талай жүзген ем.

Достарыма айт мен жайлы,

Барғанымды көрдің ғой

Аралдарға жүздеген.


12


Хэдзё монах
(816-890)

Уа, аспанның желдері,

Ақ бұлттардың қақпасын, 

Өтінемін, сақташы.

Бір сәт ләззат алайын,

Сен бетімнен қақпашы.



13


Император Ёдзэй 
(868-949)

Таудан аққан бұлақтар

Мина дейтін өзенге

Айналады тегінде.

Терең арна секілді

Махаббатым менің де.


14


Минамото-но Тору
(822-895)

Шатасса да ойларым,

Саған деген сезімім

Өзгермейді мәңгілік –

Митинокулық суреттің

Өрнегіндей жаңғырып.


15


Император Коко 
(830-887)

Ерте көктем болғанда

Гүл іздедім қырлардан –

Саған сыйға беруге.

Су-су қылып жеңімді

Жауған қарлар еруде.



16


Аривара-но Юкихира
(818-893)

Айрылыстық біз тауда.

Инабаның шыңына

Құлақ түре беремін.

Сыбырлайды қарағай:

Саған қайтып келемін.



17


Аривара-но Нарихира
(825-880)

Құдайлардың дәуіріне 

Сенбеймін мен кейде шын –

Тацутаның* айдынындай 

Судан көрген кезімде

Күздің қызыл бейнесін.


Тацута – өзен аты.



18


Фудзивара-но Тосиюки
(901 жылы қайтыс болған)

Суми шығанағының

Ойнақтайды толқыны.

Тылсым арман ішінде

Саған ғана жетсем деп

Ұшып барам сол түні.


19


Исэ ханым
(939 жылы қайтыс болған)


Нанивадағы* қамыстың

Буыны келте тегінде.

Сондай қысқа мерзімге

Кездеспейміз – кемінде. 

Маған солай дедің бе?


Нанива – Осака префектурасының ескі аты.


20


Мотоёси ханзада
(890-943)

Сенсіз мынау өмірде

Мағына жоқ, маза жоқ.

Кездесерміз ақыры –

Нанива шығанағының

Толқындарында қаза боп.



21


Сосэй монах
(шамамен 816-910)

Ол берген соң уәдесін,

Тосқан едім келер деп,

Уақыт өтті қаншама-ай?

Таң атқанша Айымды

Ұзақ күттім шаршамай.


22


Фунья-но Ясухидэ
(шамамен 885 жылы қайтыс болған)

Жапырақтарды сап-сары
Ұшырады тау желі
Тыныстаса жай ғана.
Жұлғандығын жақтырмай,
«Жойғыш» дейді қаймана.



23


Оэ-но Тисато
(ІX ғ. соңы – X ғ. басы)

Көктегі Айға қарасам,
Жүрегімнің түкпірін
Мұң жайлайды сыз құсап.
Маған ғана келген жоқ
Мына туған күзгі шақ.


24


Сугавара-но Митидзанэ
(845-903)

Тамуке тауы, сен үшін
Мен құрбандық шалмағам.
Бөктеріңді жапырақтар
Қып-қызыл ғып бояды
Сыйдай – Хаққа арнаған.



25


Фудзивара-но Садаката
(870-932)

Төселіпті сабау тал
Кездесетін белесте.
Ғашығыма ол бірақ
Құпия жолды келетін
Көрсетерлік емес пе?



26


Фудзивара-но Тадахира
(880-949)

Бұл Огура тауындағы
Үйеңкілердің жапырақтары
Сезінсе егер жүректей,
Императордың əр сапарын
Күтер еді-ау дір етпей.


27


Фудзивара-но Канэсукэ
(877-933)

Мика алқабы төсімен
Изуми өзені ағады,
Қараймын еркін ағысқа.
Жолығамыз ба біз тағы,
Мен жүрмін неге алыста?


28


Минамото-но Мунэюки
(983 жылы қайтыс болған)

Жүрмін тауда, ауылда
Қысқы мұңды сыз көріп.
Қатып жатыр шөп түгіл,
Кеткен қонақ ізі де
Көз алдымда мұз болып.


29


Осикоти-но Мицунэ
(шамамен 859-925)

Хризантема* гүлдері
Шертеді əсем күйді мың.
Бəрін теріп алар ем –
Жетсе менің дəрменім,
Жүрсе менің билігім.

Хризантема – бақытгүл.



30


Мибу-но Тадаминэ
(ІX ғ. соңы – X ғ. басы)

Болған еді сүйіктім
Ай секілді таңдағы,
Созған қолым жетпеген.
Сəрідегі сəулені
Содан кейін жек көрем.



31


Саканоэ-но Корэнори
(ІX ғ. соңы – X ғ. басы)

Əрең дегенде Ай туды
Жаңа жауған пəк қардай.
Дала жатыр жап-жарық,
Көрінді ауыл ап-анық –
Нұр төккенде ақ таңдай.


32


Харумити-но Цураки
(920 жылы қайтыс болған)


Талдарды жұлып есер жел

Тау өзенінің жолына

Бөгет салудың қамында.

Әлсіз де нәзік жапырақтар

Тоқтау бола алмас ағынға.


33


Ки-но Томонори
(шамамен 845-904)

Алаңсыз мынау көктемде

Аспаным шайдай ашылды.

Шие гүлдерінің күлтесі

Беймаза ойлар сияқты

Неліктен жерге шашылды?


34


Фудзивара-но Окикадзэ
(ІX ғ. соңы – X ғ. басы)


Кім қалар ескі досымнан

Қасымда – қарттық келгенде?

Такасаго қарағайлары

Бірге болуға шыдар ед, 

Тек олар – тілсіз шерменде.


35


Ки-но Цураюки
(868-945)

Түкпіріне жүректің 

Терең бойлай алмаспын.

Туған жердің аңқыған

Алшасының қошына

Жас күнгідей қанбаспын.



36


Киёхара-но Фукаябу
(ІX ғ. соңы – X ғ. басы)

Жаздыгүні түскенде

Қараңғысы ақшамның –

Қаңғыр Айға арналған

Бір баспана бар білем

Қойнауында аспанның.


37


Фунья-но Асаясу
(ІX ғ. соңы – X ғ. басы)
    Жазғы жасыл алқапқа

Мөп-мөлдір шық тамшысын

Есалаң жел төккенбе-ей?

Жарқыраған моншақтың

Дәнін жерге сепкендей.


38


Укон ханым
(X ғ. басы)

Тастап кетті ол мені,
Уəдесінде тұрмады.
Алаңдатты – осылай
Өмір бойы ант ішіп,
Опасыздық қылмағы.


39


Минамото-но Хитоси
(880-951)

Түздің қалың қамысы –

Бамбук жапырақтары

Жасырып тұр өзенді.

Саған деген құпия

Махаббатты сез енді!



40


Тайра-но Канэмори
(990 жылы қайтыс болған)


Сезімімді білдіртпей

Жасырсам да болмады,

Жан сырымды ашты бет.

Кездескендер сұрайды

«Мазаң неден қашты?» деп.



41


Мибу-но Тадами
(X ғ. ортасы)

Мендік сезім туралы

Өсек кетті таралып,

Қарық болды бар маңым.

Көршілерге маңызды-ау

Кімді ұнатып қалғаным.



42


Киёхара-но Мотосукэ
(908-990)

Ылғалданды жеңіміз

Көзіміздің жасынан.

Мәңгі болмақ махаббат –

Асау толқын асқанша

Суэ тауының басынан.


43


Фудзивара-но Ацутада
(905-943)

Кездестірдім мен сені.

Шын түсіне білсең ғой

Өмірімді шуақты,

Махаббаттай алғашқы

Көңілімді қуатты.


44


Фудзивара-но Асатада
(909-966)

Біз ешқашан өмірде

Кездеспесек – жүректі

Алар ма едім жылатып?

Бәлкім, бөлек жүрерміз,

Өзге жанды ұнатып.


45


Фудзивара-но Корэмаса
(923-972)


Мені оның мұңы деп

Айтатұғын ешкім жоқ

Айналамда, білемін.

Өз-өзіме ие боп,

Мәз боп қашан күлемін?



46


Сонэ-но Ёситада
(X ғ. екінші жартысы)


Бұл жер – Юра бұғазы,

Теңізшідей жүземін –

Білмейтұғын тереңді.

Білмеймін мен және де

Терең сүю дегенді.


47


Эгё монах
(X ғ. екінші жартысы)

Жүзім талы қоршаған,

Көкшіл тұман қаптаған

Үйіме ешкім енген жоқ.

Күз түседі жыл сайын

Хал сұрауға келген боп.


48


Минамото-но Сигэюки
(1000 жылы қайтыс болған)

Мен толқынға ұқсаймын

Жартастарға соғылған,

Жел толқытып жатты ғой.

Айналады тозаңға

Ол туралы сәттік ой.


49


Онакатоми-но Ёсинобу
(921-991)


Түнгі күзет басында

Жалындаған алаудан

Күл қалады түбінде. 

Оттай жанып-сөнеді

Менің ғашық ділім де.


50


Фудзивара-но Ёситака
(953-974)

Өмірді сақтай алмадым,

Сен ғана – оған себепкер.

Сүргім кеп ұзақ ғұмырды,

Мен енді дұға жасаймын:

«Құдайым, маған медет бер!»



51


Фудзивара-но Санэката
(998 жылы қайтыс болған)

Қалайша сөзбен жеткізем,

Жанымда ненің жатқанын?

Ұға ма оңай ол, тегі?

Ибуки* пеші секілді

Махаббат мені өртеді.

Ибуки – бұрынғы қала аты.



52


Фудзивара-но Митинобу
(994 жылы қайтыс болған)

 Көп кешікпей кеш түсіп,

Түн келерін ұғамын.

Бірақ та мен бәрібір

Таңның тұңғыш шапағын

Еш ұнатпай тұрамын.


53


Митицуна шешей
(937-995)

Бас қойсам да төсекке,

Көз ілмеймін, ұйқы жоқ,

Таңмен ояу көрісем.

Түн ханымы – менмін ғой,

Түсінесің бе соны сен?


54


Гидосанси шешей
(963-1010)

Бірнеше жыл өткен соң 

Еске ала ма ол шырақ?

Егер мені ұмытса –

Емексіткен бүгінім

Соңғы күнім болсын-ақ.


55


Кинто кеңесші
(966-1041)

Сарқырама ағыстың

Бәсеңдетті гүрілін.

Жоғалтпады су бірақ

Өзен деген атауды – 

Өзгелерден шулырақ.



56


Ицзуми Сикибу ханым
(976-1034)

Көп кешікпей өлермін.

Көрсем сені соңғы рет 

Кездессем де кеш қалып,

О дүниеге барған соң

Тұрамын ғой еске алып.


57


Мурасаки Сикибу 
(973-1014)

Кездестік сүрлеу жол үсті.

Тығылды бұлттың артына

Әлгінде ғана толған Ай.

Ойланып бір сәт тұр едім,

Заматта ғайып болғаны-ай.




58


Катэко ханым
(XI ғ. бірінші жартысы)

 Екпіні қатты жел соқса,

Арима тауы шулайды

Бамбуктарымен Инаның*.

Өшпестей мәңгі сақталған

Жүректе сенің дидарың.

Ина – қала аты.



59


Акадзомо-но Эмон ханым
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)

Кеткенім жақсы ед ұйықтап, 

Түнімен тыным таппастан

Сағатты босқа санамай.

Үмітпен тұрмын қарап-ай,

Алысқа ұзап барады Ай.


60


Косикубу ханым
(XI ғ. бірінші жартысы)

Икуноға* барар жол

Оэ тауы арқылы

Алыс әрі қиын, ал.

Аспанменен хат жолдау

Қашан маған бұйырар?


Икуно – жер аты.



61


Исэ-но Осукэ ханым
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)

Көне астана Нараға

Гүлдеп тұрған сакура

Хош иісін шашқан күн –

Ауласына сарайдың

Жұпары толар аспанның.


62


Сэй Сенагон ханым
(966 жылы туған)

Қараңғы түннің ішінде

Мезгілсіз әтеш шақырып,

Бізді алдағаны – жеңгені.

Осоки қақпасындағы

Күзетші ғана сенбеді.



63


Фудзивара-но Митимаса
(991-1054)

Алшақтаған ортаға

Хабаршыны салмай-ақ,

Айтқым келген әңгіме.

Ең болмаса қысқа сөз:

«Қош, махаббат, мәңгіге!»


64


Фудзивара-но Садаёри
(991-1043)

Айдынды Удзи өзенін

Тұмшалап тұман тұрғанда –

Шашылып таңның шапағы,

Балықшылардың аулары

Түбіне судың батады.



65


Сагами ханым
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)

Ылғалдатып жеңімді

Көзден жасым ақса да,

Жоқшылықтан торықпан.

Мен тек қана атыма

Кір келер деп қорыққам.



66


Аббат Гёдзон
(1057-1135)

Бөктерінде бұл таудың 

Бар бір жалғыз сакура,

Дәруіштей ол – дара.

Біз кездескен сәттерді

Ұмытпайды сол ғана.



67


Суо ханым
(XI ғ. ортасы)

Мынау көктем түнінде

Иер болсам басымды 

Сол бір жанның қолына –

Мені жастық өлтірер,

Нүкте қойып соңыма.



68


Император Сандзё 
(976-1017)

Қараңғы мынау әлемнен

Бүгін-ақ өліп кетер ем,

Өзімді қайтем ақтап құр?

Қысқы түн толған Ай жайлы

Естелік қана сақтап тұр.



69


Ноин монах
(XI ғ. бірінші жартысы)

Мимура тауы жағынан

Есерсоқтана соққан жел 

Қызыл жапырақтарды үзіп-ап,

Тацутадай асау өзенге

Тоған салғаны қызық-ақ.



70


Рёдзэн монах
(1000-1065)

Ол кеткелі мен тұрар

Кіп-кішкентай лашық – тұл.

Айналама қарасам,

Баяғыша әлі де

Қап-қара күз басып тұр.



71


Минамото-но Цунэнобу
(1016-1097)

Күзгі кеште күркеме

Жел мені іздеп келеді.

Кезіп күріш алқабын,

Жайлап есіп жүретін

Досым ғой ол себебі.



72


Кии ханым
(XI ғ. ортасы)

Такаси жағалауында

Тап болдым қара дауылға –

Асау толқынды тулатқан.

Барайын жақын қасына,

Жеңімді талай сулатқам.



73


Оэ-но Масафуса
(1041-1111)

Алыс та алыс таулардың

Шие гүлдейді басында,

Биік бұлттардың қасында.

Сол сұлулықты ғажайып,

О, тұман, менен жасырма!


            

74


Минамото-но Тосиёри
(1055-1121)

Хацусэ атты шіркеуде

Ол келсін деп жалындым.

Қаламаймын бірақ та

Боранды тау секілді

Мұз болғанын жанымның.



75


Фудзивара-но Мототоси
(XII ғ. бірінші жартысы)

Жан береді гүлге шық,

Ал мен сенсіз күн кешіп,

Бір жылды әрең өткіздім.

Келем деген уәдең бар,

Жеткені ауыр тек күздің.



76


Фудзивара-но Тадамити
(1097-1164)

Жүзіп жүрдім теңізде

Желкені бар қайықпен.

Кенет аппақ толқындар

Тереңінен аспанның

Келді құшақ жайып кең.



77


Император Сутоку 
(1119-1164)

Қақ жарып тұр нән қойтас

Тулап аққан ағысты.

Тоқтау білмес суы бар

Екі арнасы өзеннің

Бірақ қайта табысты.



78


Минамото-но Канэмаса
(XI ғ. екінші жартысы)

Айтшы, Сума қақпасының

Алдындағы күзетшім-ау,

Бұзды ұйқыңды қаншама? –

Авадзиден қайтқан құстар

«Қош!» деп ұшып ән сала.



79


Фудзивара-но Акисукэ
(1090-1155)

Самал желі көктемнің

Бұлтты жайлап ысырды.

Қара жерге содан соң

Айдың аппақ сәулесі

Таза нұрын түсірді.



80


Хорикава ханым
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)

Бұрынғыдай сүйе ме,

Әлде сезім сөнді ме? –

Үнсіз кетті ол бұрылмай.

Мендік ойлар шатасты

Қырық қара бұрымдай.



81


Фудзивара-но Санэсада
(1139-1192)


Даусын естіп көкектің

Қарап едім құмарта –

Басқа жақтан көз алып,

Тұр екен тек көктемгі Ай 

Нұр-дидары бозарып.


82


Доин монах
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)

Тағдыр маған қатал-ды,

Өмір сүру қиын-ақ.

Бірақ әлі тірімін,

Тек көз жасым қайғыдан

Етегіме құйылад.



83


Фудзивара-но Тосинари
(1114-1204)

Бұл әлемнен безініп,

Қайда барып тығылам –

Алыстағы тау іші?

Естіледі ол жақтан

Бұғының жан дауысы.



84


Фудзивара-но Киёсукэ
(1104-1177)

Ұзақ өмір жазса егер

Тағдыр мендік маңдайға,

Түсер еді-ау қымбатқа –

Қайғы-мұңым бүгінгі,

Қасіретім қандай да.



85

Сюнъэ монах
(XII ғ. бірінші жартысы)

Ұзақ түнде ұйқысыз 

Таң кешігіп көрінер.

Терезесінен лашықтың

Бозарыңқы кілең нұр –

Ай сәулесі төгілер.



86


Сайгё монах
(1118-1190)

Нұр төкті деп мұңыма

Жарық Айды көктегі

Кінәлаймын неліктен?

Бетімде де сәуле бар –

Көз жасымды еріткен.



87


Дзякурэн монах
(1139-1202)

Суық жауын орманды

Толтырды күндіз ылғалға.

Күзгі тұман сездірмей

Самырсындарға лап қойды –

Ана бір жатқан қырларда. 



88


Кокамонъин-но Бэтто
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)

Түн де, міне, қысқарды,

Сол қамыс та орылған.

Біздер бірге болғанбыз,

Жүректі енді мәңгі оған

Беремін бе қолымнан?


89


Сёкуси ханшайым
(XII ғ. екінші жартысы)

Інжу моншақ жібіне

Өмірімді баладым.

Ол бір күні үзілер –

Әлсізденіп жыл сайын,

Сыр сақтамай барамын.



90


Инбумонъин-но Тайфу
(Өмір сүрген жылдары белгісіз)

Оған қалай айтамын

(Түсіндірер туды ой көп):

Осималық балықшылардың

Дымқылданса жеңдері –

Көз жасы емес, су ғой деп.



91


Фудзивара-но Ёсицунэ
(1169-1206)

Қысқы кеште жатамын

Төсегіме киімшең,

Жылу табу – шын қайғым.

Төсеніштің астынан

Шегіртке әнін тыңдаймын.


92


Сануки ханым
(1104-1180)

Су астында жатқан тас

Судан шықпас құрғақтай.

Сол секілді менің де

Жеңім дымқыл болса да –

Отырмын ғой тіл қатпай.


93


Минамото-но Санэтомо
(1192-1219)

Біздің әлем тұрса екен

Баяны мәңгі үзілмей –

Балықшының қайығы

Жаға бойлай жүзгенде

Соңында қалған ізіндей.


94


Фудзивара-но Масацунэ
(1170-1221)

Сезіледі тау жақтан

Ызғырық жел салқыны.

Ескі ауылдың орнынан

Естілгендей болады

Маталардың жалпылы.


95


Аббат Дзиен
(1155-1225)

Монастырьден 

Хэи тауына қарасам –

Сорғалайды көз жасым.

Монахпын, бірақ әлемге

Лайық емеспін өз басым.


96


Фудзивара-но Кинцунэ
(1171-1244)

Ақша гүлдей қар ұшқынын

Жел үйірді құшақтап.

Аспанға ұшып баратқандай 

Сезінемін мен өзімді –

Қарттығымның түсі аппақ.


97


Фудзивара-но Тэйка
(1162-1241)

Тұз өндірер – Митсуэ, 

Бұрау салар – балдыр-ды.

Кездесуге көп күткен

Сүйген қалқам келмей қап,
 Жүректі оттай жандырды.

98


Фудзивара-но Иэтака
(1158-1237)

Нарадағы еменнің

Жапырақтарын жел өпті –

Қасиетті ғұсыл ма?

Көп кешікпей жаз кетер

Бұлдырап көздің ұшында.


99


Император Го-Тоба 
(1180-1239)

Біреу жайлы қайғырдым,

Біреу жайлы мұңайдым –

Көмектесуді қалаймын.

Мен өзімді бәрібір

Бақытсызға балаймын.


100


Император Дзюнтоку 
(1197-1242)

Сарайыма қаланған

Мыңдаған тас – жадымда,

Есіме алдым себеппен.

Қырыққұлақты* шатырдан

Байқап қалдым кенет мен.


Қырыққұлақ – папоротник өсімдігі.


Аударған: Асылбек Жаңбырбай

author

Асылбек Жаңбырбай

АҚЫН

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...

Жаңалықтар

Павлодар облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны салынады. Бұл өндіріс жылына 15...