Өтен Ахмет. Қарғыс тиген ауыл (Немесе З.Төлеуовтің «Қызылауыздың қарғысы» хикаятын оқудан туған ойтолғау)

ӘДЕБИЕТ
3689

Көркем прозаның алғашқы сөйлемінен-ақ шығарманың ішкі күш-қуат лебін сезуге болады деген ұғым бар. Мұны біреу қабылдайды, біреу қабылдамайды, әрине. Мысалы, мені Заман Төлеуовтың «Қызылауздың қарғысы» http://www.madeniportal.kz/article/4353 деген хикаятын қолға алып бастап жібергенімде: «Соңғы оншақты жыл, адасқан мал мен жортқан аң ғана жорғалайтын – Жамантас асуы бөктерінде қыбырлаған қос ноқат пайда болды», деген алғашқы сөйлемі бірден ойымды оятып, бойымды дір еткізді. Бұрын ақар-шақар қалың қазақ емін-еркін жайлаған жұрт, қазір ел ауып, құлазып қалған. Бірден ұғасың. Көңіліңе әлдебір жетім сезім кимелеп, жүрегің су ете қалады. Енді мұнда нендей тіршілік, адамдар бар болса, қалай күн көріп жатыр екен деп еріксіз ойланасың. Иә, тау-тас, жықпыл арасы, мұндай қауіпті, елсіз жерге, шынында, ұры-қары немесе қылмыс жасап бас сауғалаған қорқаулар болмаса кім аяқ баса қойсын. Жазушы осылайша таулы өңірдің кешегі ду-думан қызығы кеткен, бүгінгі өзгеше сұсты келбетін суреттей келе оқырманды алдағы қос ноқатқа жақындата түседі. Таныстырады. Арқасы жайпақ, тұрқы зор, жілікті тор бие мінгені Қапар, ертоқымымен қоса сыпырылып түсіп қалатындай болып бүрісіп келе жатқаны Сағынбек. Ат үстінен дүние тегіс секілді көрінгенмен, алда нешеме белес бар, бір шығасың, бір түсесің. Бұл өңірдегі адамдардың өмірі де осынау тау бөктерінің қатпарларындай ойқыш-ойқыш, «әркім өз күнін өзі көрсінге» көшкелі бұрын қуанышта да, қайғыда да бірге болған ағайынның арасы суыған. Бәсеке-бақталастық, көреалмаушылық өршіген. Қапар да жол үстінде кім туралы айтпасын, сүмірейте жамандап, оңбаған етіп шығарады. Біреулер әрең деп қылғына жұтып жармақ жесе, ұры-қарылар езуінен ағыза жылпылдатып ақ май шайнайды.  Осылайша оқырман шығарма кейіпкерлерінің әрбір іс-әрекетінен, естеліктерінен, өзара сөзбен шарпысуларынан, жолай бастан кешкендерінен Ұлы Даланың бүгінгі кейпін көреді. Шекараға тіреле жатқан таулы өлкедегі бір қауым елдің бұрынғы, кешегі, бүгінгі тағдыр-таланы бірден емес, біртіндеп ашыла бастайды. Бұл екеу бір ауылда қатар өсіп, мектепте бірге оқыған еді. Араға жылдар түскенде, оқу қуған Сағынбек  қалалық болып алған, әжептәуір лауазымды шенеунік, атауы ұзын мекеменің атын ұмытып қала берсе де, алдындағы алпысшақты адамды қойдай үйіріп ұстауға ызғары жетеді. Сондықтан кезінде бұлар тайдай тебісіп тең өскен еді десек те, олардың дәл қазіргі әлеуметтік жік айырмасы жер мен көктей. Бірақ соншалықты биіктеп кеткен досының алдында етегін сүйіп жалпақтайтыншы деген ой Қапардың басына кіріп те шықпайды. Сол баяғы арсың-күрсің кеудемсоқтық мінезбен қалаға бауыр басып, даланы жатырқап қалған ескі досы Сағымбекті беймәлім күмәнді сапарға ертіп алған. Мақсаты – Алақарлы асуының көкірегіндегі Қызылауызға жету. Қызылауыз көршілес екі елдің шекарасы үстінен түскен көпір іспетті. Қысылтаң тар жер. Қалың ел бәлшебектерден үдере көшіп қашқанда, Қызылауыз есі шыққан байғұстар үшін тура тозақ оты үстіндегі Қылкөпірге айналса керек. Жансауғалаған қарбалас асығыста талай бейкүнә жан, атадан балаға мирас болған асыл қазына, құнды мүлік артылған аттар Қызылауыздың жарығына құлап, жұтылған. Осы аңыз қапарлардың бала кезінде қиялдарын қозғайтын. Барсақ, қазына тапсақ деген қызығушылықтарын туғызатын. Алайда, үлкендер тыйым салып қойғандықтан, олай қарай аяқ аттап басуға жүректері дауаламайтын. Үлкендердің айтуынша, тыныш жатқан аруақтардың мазасын қашыруға болмайды. Қарғысқа ұшырайсың. Тыңдамай көр, сирағыңды сындырсын. Балалар аруақтардан қарғыс алудан қорқатын, үлкендердің қаһарынан қаймығатын. Қазір бәрі басқаша. Мәселе есейгендікте емес, бұрынғы тыйым, ұят деген түсініктердің өзгергенінде. Қауқарың жетіп кен қазасың ба, жоқ болмаса, қолыңа күрек алып көр қазасың ба, еркің. «Есектің көтін жусаң да мал тап» дейтін уақыт. Қапардың ойынша Қызылауыздың жарығында кептеліп талай құнды қазына жатыр. Қалай да соны алу керек. Жоспарының үстіне қаладағы ескі досы келе қалды. Қасына серік табылды. Бір есебі оған баяғы бала кездерінде жүрген-тұрған жерлерді көрсетпек. Ұмытқанын тірілтпек. Әрине, басты есебі Қызылауыздың жырығында иесіз жатқан мол қазынаға қол жеткізу ғой. Оған түсу үшін керекті отыз құлаш арқанды да алдын-ала қамданып ала шыққан. Шығармаға бойлай отырып Қапар мінезінің де біртіндеп жабайылана бастаған мына иен далаға қатты ұқсайтынын бажайлайсың; оның үзіп-жұлып айтатын әңгімесінен, жолдағы көріністерден осы иен даланың аумалы-төкпелі ауыр тағдырын көз алдыңа әкелесің. Шағын хикаятта, жазушы шеберлігі арқасында, бақандай бір ғасырға созылған үш кезең өмір тоқайласқан. Біріншісі, баяғы төңкеріс алды. Мыңғыртып мал айдаған, малымен бірге жаны да қабағат өсіп, тау бөктерлей тұтаса жатқан момын қазақ елі еді. Бәлшебектер келді де, жаңа тәртіп орнатамыз деп, тыныш отырған елдің ту талақайын шығарды. Қашқан елдің арғы бетке өте алғаны өтіп, өте алмағаны атадан балаға деп бар жиған-терген қазына-мүлкімен шашылып Қызылауыздың жарығында қалды. Екінші кезеңде кәмпескеден, аштықтан, жержиһандық үлкен қанқасап соғыстан аман қалған кедей-кепшік, күштеп ұйымдастырылған колхоз-совхозда қара есекше күн-түн дамылсыз жұмыс істей жүріп ес жиды. Баяғы байлардың малынан да асырғандай етіп ортақтың малын өсірді. Өздері де үбірлі-шүбірлі болды. Алынбас, бағынбас дейтін тау жақпары қашалды. Алысты жақындатқан асфальт жолдар төселді. Кеш түссе аспандағы сансыз жұлдыз жерге құлағандай тау қойнаулары самаладай жарқырап тұратын. Ол дәурен де өтті. Даланы қайта түлеткен сол ауыр еңбектен қалған жалғыз белгі – Қапардың ерніндегі жазылмайтын жалақпа дерсің. Қабыршақтана бастағанда Қапар оны астын қызылшақадай етіп қанды іріңін шығара жұлып тастайды. Көрген көзге жиіркенішті-ақ, Сағымбектің жүрегін айнытады. Ондайды елер Қапар емес. Өзіне өзі ота жасағандай жаны жайланып, арсың-күрсің қалыбынан бір өзгермейді. Үшінші кезең, тау бөктерінің қазіргі сүреңсіз қалпы; ана ауылдан мына ауылға жетіп, шудалана шалқып жататын түтін жоқ; бұрынғыдай ана бөктерді, мына бөктерді тұтаса қарпып жайылатын төрт түлік мал қарасы да жоқ. Дегенмен тау іші елсіз емес екен. Шүңкиіп қалған шағын ауылдар, жықпылға жасырынған жалғыз жарым қыстаулар баршылық. Тек бұрынғыдай үлкен ауылдар болып қойындасып жатпағасын Қапар сияқты жолды біліп дәл үстінен барып түспесең, сырт адам бұл төңіректе ел бар-ау деп ойламасы да анық.

Ел отырмаса, жайнаған тау бөктері де, шөбі шүйгін жазық дала да көңілсіз, жұтаң көрінбей ме. Бұрын қазақты ортақ жайлау, ортақ мал өрісі, бір қазаннан ас ішетін ортақ салт-дәстүр біріктірсе, колхоз-совхоз кезінде мемлекет, қоғам үшін дейтін ортақ еңбек біріктірген еді. «Әркім өзі үшіннің» құдіретін-ай, кешкі апақ-сапақта мал жамырағандай бір қызық болды да, жұрт есін жиғанда, адамдар мыңғырған малдың, самсаған техниканың, жердің шұрайлысының биліктегілер мен билікке жақындардың қолына өтіп кеткенін, бұрынғыдай бас біріктіретін ештеңе қалмағанын бір-ақ білді. Енді үйде отырып кіжініп, мықтылардың байлық жарыс, атақ жарысын өсектегеннен басқа кедей байғұстың қолынан не келсін. Адам адамға дос емес екен, көздері жетті. Ешкімге, ештеңеге сенуге болмайды екен, бәрі күмәнді екен, оны да білді.  Өйткені салт-дәстүр дегендерің де дәнекер болуға жарамай қалды. Ата салтын, жөн-жоралғыны қалтасының қарымына қарай әркім өзінше талдап, біреу байлығымен көзге ұрып, масайрай елірсе, күні қара нан, қара суға қараған байгұс «қазақтың дарақы салты құрсын» деп байларды сөгіп, аузын қу шөппен сүртіп сазарып, ақырында ана жақ та, мына жақ та кешегі мақтаулы ұлттық салт-дәстүрдің әбден берекесін кетірді. Соның бір мысалын Қапардың пантеонға қатысты мысқылынан да білуге болады. Оның сөзінің бәрі астарлы. «Екі жүз миллиондай үндістің екі миллиондай басқыншы тұқымын құртты» дегенді оқыған едім, біз аман қалдық қой, Сәке» деп, уақыт жағынан да, жер-су, тіл, дін, діл жағынан да аралары тым алшақтығына қарамастан, адамзат басында болған, әлі де болар жаманшылық атаулының ұқсастығын шендестіре келіп, «Пәнтион деген мола салып жатыр дейді. Ақша шашқанша әкел де мұздың жарығына тастай сал, ешқашан бұзылмайды», деп бір қайырып тастайды. Қарабайыр халықтық жабайы көзқарас, мешеу түсінік десек те, бәрібір шындықтың қақпасын дәл тұсынан ұрып тұрғаны да рас қой.

Қапар жасында да әңгүдіктеу болатын. Ауылда сиреп қалған аз ағайынның күні бойы салпақтап табын сиырын баққасын қайдан оңсын. Бұрынғысынан да әуейіленіп, тіпті жабайыланып кеткен. Қолында әкесінен қалған қопармалы жиырмасыншы мылтық. Мылтықтан айрылсам, мен де өлемін деп оны жанына балайды. Заң-законы күмәнді жабайыланған далада 

басымды қорғайтын, жанымды сақтайтын мылтығымның шүріппесі, қауіп-қатерге кезелген үңірейген аузы деп ойласа, онысы да қазіргі тіршілік ортасы мен түсінігіне сайма-сай келіп тұрғандай-ақ. Қапардың алған әйелі, Сағымбек - бәрі мектепте бірге оқыған ғой. Сағымбектің оған бір мезгіл көзі түскен болса керек. Қырық жылғысын ұмытпайтын ауыл қазағының мінезімен Қапар соны ауық-ауық Сағымбектің есіне сала береді. Қыза келе бұрын тату дос қазақ жігіттерінің арасында сондай дәстүр болған деп, қаласаң астыңа салып берейін дегенге шейін барады. Қалжыңға қалжыңмен жауап беруге Сағымбек жарамайды. «Керек еді сенің жаман қатының» дегеннен басқа аузына жөнді сөз түспейді. Ауылда туып-өссе де қаладағы отыз жыл өмір мінезін мүлде өзгертіп жіберген. Тым сақ, қорқақ. Тіпті бала күнгі ескі досы Қапарға да сенбейді. Жықпыл арасынан аттарын желдіртіп қастарынан өте шыққан қос ұрының артынан Қапар қуа шығып, мылтық атқанда зәресі ұшқаны сондай аттан түсіп әлдебір жыра түбіне жасырына қалады. Қалада мекеме басқарып, өзінше мемлекет мәселесін шешіп жүрген әжептәуір адам сияқты болғанмен кеше ғана өзі шыққан ауылдың қазіргі сүреңі, адамымен қоса, оған біртүрлі жат, бүйрегі бұрмайды. Шынында, қалада мемлекет жүгін арқалап, мекеме басқаратын Сағымбек үшін ауыл неге сонша қатты тозған, адамдар өзгерген деп ойландыратын жағдайлар жеткілікті еді. Осы сапар үстінде ол ертегілерде айтылатын ұры-қарыға айналған барымташылықтың қайта өршігенін, шық бермес шығайбайлардың қайта туғанын, ұры-қарылар мен шығайбайлардың бірігіп, қорғанышы жоқ момын жұрттың тіртінектеп жиған адал малына қырғидай тиіп жатқанының куәсі болды ғой. Бірақ ол ауыл неге бұлай болып кетті деп ойланбайды. Қала мен ауыл арасының тамыры үзілген. Өйткені ауыл кешегі майын, құртын, соғым етін сағынып өзегі талатын қаладағы ағайынға сеп болудан қалған.

Басқаша болуы мүмкін де емес қой. Екі достың шық бермес Шығайбайдың қосына түскен оқиғасын алайық. Қос дегені Қытай темір шыбықтарынан өрілген әжептәуір үлкен үй. Даладағы ошақтағы қара қазанда былқып ет қайнап жатыр. Үй иелері құдайы қонақтарын ауыздарын қу шөппен сүртіп қарсы алады. Байы да, қатыны да аяқ-кеуделері тұтасып кеткен семіз. Ал шай дастархандарында бірер шақпақ қант, не бір салым май жоқ. Не жеп семірді екен? Бұлар өстіп қу шайды сораптап отырғанда үстеріне жолда көрген еңгезердей екі мал ұрысы кіріп келеді. Осы жерде бүгінгі Шығайбайдың ертегідегі Шығайбайдан айырмашылығы ашылады. Ертегідегі Шығайбай Алдаркөсенің қулығынан қолындағысынан айрылып запа шексе, бүгінгінің Шығайбайы зымиян. Ол ұрылармен ауыз жаласқан. Ауыздарына жылы-жұмсағын тығып, дос болып, оларды ауылдағы «ағайынның» малын қалай олжалауға кеңес беріп, жол көрсетіп жібереді.

Бір шүкірлігі, шығармадан түйгеніміз, «адамның пейілі де, малдың жайылымы да күннен күнге тарылып бара жатқан» ауылда жақсы адамдар да бар екен. Ол - сөйлеу мәнеріне қарай жұрт «Яғұники» атап кеткен Кәкен, Сағымбетің ағасы. Шығайбай сөз болғанда, «өз малын өзінен аяған мүсәпір ғой» деген Кәкен мен жеңгесі Ризагүлдің пейілдері мүлде бөлек. Бәйек боп Қапар мен Сағымбектің асты-үстіне түсіп күтеді. Жеңгем шешем сияқты екен ғой, ауылдың жақсы қасиеттері әлі де бар екен ғой» дегізіп Сағымбектің іште бұғып жатқан жақсы ойларын оятқандай болады. Кәкеннің үйі Қызылауызға барар жолдағы соңғы меже сияқты еді. Тау мінезі құбылмалы. Әп-сәтте өзгеріп жаңбырын төге салады. Күркіретіп найзағай ойнатады. Міне, Қызылауыз жақтан домаланып алтын көшіп келеді. Келген бетте көк серкенің мүйізіне соғылып, серейтіп тастады. Одан өтіп Қапарға таяғанда, ол оны мылтық ұшымен қайырып тастамақ еді. Алтындай құбылған домалақ жай оғы бомбаша жарылып, маңайдың астан-кестенін шығарды. Бір өлімнен қалған Қапар басқа адам боп ес жиды. Ол енді балгер. Алақанының қызуымен алдына келгенді қандай аурудан болсын емдеп жібереді. Жабайыланған жұрт солай ойлайды. «Әркім өз күнін өзі көрсіннің» Қапар үшін керемет көзі ашылды. Ұлы Даланың әр пұшпағында қазір не көп, бақсы-балгер емші көп. Біреу айқайлап, біреу таяқпен тоқпақтап емдейді. Тіпті қаршадай балаға да осындай ерекше қасиет біте қалады. Күнделікті күнкөрістен басқаға ақылы мен қарымы жетпей, білімі суалған қыр қазағы үшін бұл шарлатандық емес, Жаратқаннан келген құтқарушы күш. Бір нәрсеге сенбесе, үміттенбесе, Құдайдан қорқатын адам пенде қалай жер басып жүреді.

Соңғы жылдары бізде қызықты оқиғаны қуалап, тігісін жатқыза әдемілеп айтып шығатын әдебиет пайда болды. Жеңіл оқылады, айтпағының бәрі сөз қазанының бетінде қалқып жүреді. Астар іздеп әуре болмайсың, оңай түсінесің. Осындай әдебиетті ұнататындар мен қолпаштаушылар қатары аз емес. Көркем әдебиеттің уақыты өтті, оқылмайды деп жүргенде, шынымен классикалық әдебиет өліп, ойлануды қажет етпейтін жаңа әдебиет пайда болған шығар дейсің. Басқаны білмеймін, мен үшін әдебиеттің оған қойылар көркемдеу, кейіптеу, астарлау, т.б. барлық талаптары сақталып жазылған үлгісі қымбат, сол талғамдағы адаммын. Өйткені, менің түсінігімде, оқиға неше жерден қызық болғанмен, қуып жазылса, е, солай болған екен ғой дейсің де қоясың. Көркемдік талаптары толық сақталған нағыз әдебиетті бірден түсіне қою кім-кімге де оңай соқпайды. Ондай шығарманың әркімнің өз шындығын ашып, қарама-қайшылықты әртүрлі пікір туғызатыны сондықтан. «Қызылауыздың қарғысын» менен басқа біреу талдаса, оның сөзі менің айтқандарыма мүлде ұқсамауы әбден мүмкін. Ал маған жазушының қазақ ауылының кезең-кезеңмен жүз жылдық тағдырын сиғызған шеберлігі ұнады. Және шығарманың өн бойы көркем тілмен кестеленген. Сөзбен сурет салып отырған. Шығайбайдың кейпі: «Бармақтың басындай ғана танауы – жол жиегінде өскен қау шөп секілді үрпиген мұртқа сіңіп, шағылдай жоталанып, тырсиған екі беттің ортасында жоқ болды». Немесе аспаннан түскен жай оғының кернеу күшін қараңыз: «Мылтық темір жапаға айналған...». Бет-аузы күлмен жуылғандай көкпеңбек болып, шашы, қасы күйіп кетсе де Қапар аман қалды. Бұл қалай дейсің. Қызылауыздың қарғысы ма, жоқ әлде, таза еңбектен мән кетіп тез байысам деген күйкі қазақты, біздің сүйегімізді мазаламасаң болды деп, аруақтардың оған жұртқа ерекше қабілет болып көрінетін, оңай олжаға кенелтетін қасиет беріп жарылқағаны ма? Мистика дей ме, басқа дей ме, әр оқырман өзі біледі. Ал мен Ұлы Даланың әр жерінде шашылып қалған, болашағы жоқ деп жойылуға үкім шығарылған ауылдарды аядым. Қапарды бүгінгі ауылдың мықтысы, Сағымбекті мекеме басқаратын бүгінгі қала мықтысы десек, Қапар тұралаған ауылдың қайта көтеріліп кетуіне тірек бола алмайтынын, «есектің көтін жуып мал табудан» басқаны ойламайтынын көрсетті. Сағымбек қаладағы мекеме бастығының үстелі басында зілді болғанмен, далаға шыққанда ауылды мүлде түсінбейтінін, тіпті оған жат көзбен қарайтынын көрсетті. Осының бәрін санамнан өткізе келе, Қызылауздың қарғысы қазақ ауылдарына түскен-ау деп ойладым. Неге олай ойлағанымды, шынымды айтсам, өзім де білмеймін...

                                                                                              Өтен Ахмет,

                                                                           Мәдениет саласының үздігі.


         

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Шерзат Полаттың туыстарының құқығын қорғайтын адвокат Карина Көшербаева қанды оқиға болған түні дүке...

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Талғардағы Нұрымовтар әулетінің басындағы ауыр жағдайды Ішкі істер...